Еліміздегі азаматтардың еңбек қатынасына, жұмыспен қамтылуына, еңбек ету уақыты мен демалыс мерзіміне, жалақы мөлшеріне байланысты туындаған бірқатар мәселелерді шешуде тыңғылықты еңбек етіп келе жатқан кәсіподақ бірлестігі — қоғам дамуының ажырамас бөлігі. Халықтың өнімді еңбек етуіне жағдай туғызу бірінші кезекке қойылған қоғамда кәсіподақтың атқарар шаруалары ұшан-теңіз. Қашанда заман талабына орай елдің әл- ауқатын көтеруге, қиын шақта демеуге, үнемі ізденісте болуға “Атырау облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметкерлері ат салыспақ. Сөзіміздің дәлелі,жылдар бойы атқарылып келе жатырған орасан еңбектің нәтижелері болмақ. Сонымен қатар, еліміз ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін оңай соқпаған пандемия мезетінде де, есеңгіремей еңбек еткен облыстағы кәсіптік одақ ұйымдарының атқарған жұмысын атап өту орынды. Мәселен, біздің болашағымыз һәм елдің ертеңі жастар дейтін болсақ, өскелең ұрпақтың оқып, ізденуі жолында қажырлы еңбек етіп келе жатырған ұстаздарды қолдап «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі білім саласындағы басты мәселе карантин кезіндегі мектеп, колледж, балабақша қызметкерлерінің еңбекақысының сақталуын, жұмыс берушілерге қызметкерлерді қолданыстағы еңбекақы көрсеткіштерімен қамтамасыз етуін, оларды ақысы төленбейтін демалыстарға жіберуге жол бермеуін, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беруін және қолдану кезінде заңдылық режимін қамтамасыз етуін талап етіп, Үндеу жасады. Және осы мезеттерде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы» ҚБ әлеуметтік серіктестігі Атырау облыстық Білім беру басқармасымен арада жасалған 2018 – 2020 жылдарға арналған облыстық келісімге сәйкес білім беру қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бұзылмауын қатаң қадағалады. Ондағы мақсат қызметкерлердің еңбекақыларын 100 пайыз сақтау еді.
Салалық кәсіподақ төтенше жағдай және карантин режимі кезінде жұмыс берушілердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер жүргізді. Облыстық ұйым мамандары жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылған қызметкерлерге ақы төлеу, демалыстардың барлық түрлерін беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелерін шұғыл түрде әзірлеп, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялады. Ватсап, Телеграмм, Инстаграм және Фейсбук сияқты әлеуметтік желілер арқылы кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтау және оларды тез арада жою мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Сәуір және мамыр айларында аптасына 7 күн демалыссыз облыстық ұйымының аппараты кәсіподақ мүшелері мен жұмыс берушілерге телефон соғып, туындаған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын қарастырды. Осы аралықта электронды почта арқылы 311, «Ұстаздық еңбек» газеті арқылы 54 педагогке кеңес беріліп, 57 318 639 тенге көлемінде қаражатын қайтарып берді.
Тек мектеп мұғалімдерінің ғана емес, балабақша қызметкерлерінің мәселелері өз дәрежесінде шешілуіне көмектесіп, 40 миллион қаржы қайтарылды. Махамбет ауданында ұстаздардың ақылы еңбек демалысына шыққанда берілетін сауықтыру жәрдемақысының тиісті көлемінде төленбей отырғаны, сонымен қатар, қосымша білім беру ұйымдары педагогтеріне жалақының қаңтар айынан көтерілген 25%-ы төленбей отырғаны анықталып, нәтижесінде З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің қызметкерлеріне 6 448 000 теңге, «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубының» педагогтеріне 1 416 000 және аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинет әдіскерлеріне 1 377 000 мың теңге барлығы 9 млн. 241,0 мың теңге ақша педагогтердің қолына қайтарылды. Сондай-ақ, О.Көшеков атындағы агроколледждің әкімшілігі де Ұжымдық шартқа орай 71 931, 61 теңгені кәсіподақ мүшелеріне қосымша төледі. Осы тұста сол кездегі аудандық филиалдың төрайымы, қазір арамызда жоқ, корнавирус құрбаны Индира Нұрланқызы Альмурзинаның еңбегін атап кеткеніміз жөн.
Елімізде кеңінен етек алған короновирусқа қарсы күреске «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ жүйелі шаралар жасақтап, оның жүзеге асуына бір кісідей атсалысты. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап барлық орта білім беру және мектепке дейінгі білім беру мекемелері аурудың алдын алудың жолдарын қарастырып, «Бірлігі күшті ел озады», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Біз біргеміз!», «Жылы жүрек» акцияларын ұйымдастырды. Пандемияның алғашқы күндері Жылыой ауданындағы барлық мектептердің ұстаздары 200-ден 400-ге дейін бетперделерін тігіп, күнкөрісі төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға таратты. Алға орта мектебінің кәсіподақ ұйымы ауылдағы күнкөрісі төмен отбасыларға азық-түлікпен көмектесті. Жалпы, облыстың білім беру саласы бойынша кәсіподақ белсенділері ерікті түрде 3860 бетперде тігіп, тегін таратты. Оларға қажетті материалдарды бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз бюджеттері есебінен шығарды.
Облыс білім беру мекемелері кәсіподақ ұйымдары бастамасымен құрылған Еріктілер тобы «Жақсылық жаса!» акциясы аясында Исатай, Индер және Махамбет аудандарында аз қамтылған 18 отбасына түрлі азық-түліктер мен дәрі-дәрмектерді тегін апарып берді.
Бүгінгі таңда құрамында 55 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар( 34-і мәдениет, 21-і спорт салаларының мекемелері) «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпараттар қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық Бірлестігі Атырау облыстық филиалы да пандемия кезінде ұжымдарда еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарын жүргізуде, қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу, қашықтан жұмыс жасау тәртібі т.б.туралы құқықтық көмектер көрсетті. Мекемелерге қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету үшін сақтандырғыш құралдарын таратты.
Өңіріміздің спортшыларынан құрылған еріктілер облыстық ауруханадағы науқастарға оттегі баллондарын тасып, әр елдерден дәрі-дәрмек тиеліп келген фура-көліктердің жүгін түсіріп, қоймаларға тасыды. Шілденің аптап ыстығында әріптестерге көмек қолын кәсіподақ созды. Оларға ауыз су жеткізілді.Ауруханадағы еріктілерге филиалдың есебінен қаржы бөлініп, шұбат сусыны жеткізіліп отырды.
Осы індетке байланысты еліміздегі «Біз біргеміз» акциясын қолдау мақсатында бетперделер тігіліп таратылды. Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры, Мақат аудандық мәдениет бөлімі аз қамтылған отбасыларға азық-түлік корзиналарын жасап,таратты.
10 қазан — Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында Кәсіподақтар үйінде филиалға қарасты мәдениет және өнер саласының бастауыш кәсіподақ ұйым жетекшілерімен бірлескен салтанатты жиыны болды. Жиында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының XXVI сьезі қорытындыланып, 2020-2025 жылдарға қабылданған Стратегиясына басты назар аударылды.Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестікке, еңбек және кәсіподақ заңнамасына, лайықты еңбекақы мен өндіріс орындарындағы қауіпсіздікке, кәсіподақтың қызметіне жаңа серпін беретін үрдістерді еңгізуге тікелей байланысты тақырыптар қозғалды. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін кәсіподақ белсендісі К.Суханғалиеваға салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Мерекелі жиында басқа да кәсіподақ жетекшілері салалық кәсіподақтың «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.
Еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке 16 желтоқсан -Тәуелсіздік күніне орай облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің ұжым мүшелеріне салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгілері, «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» тапсырылды.
Құқықтық көмек көрсету, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын оқыту мақсатында Whats App желісі, электронды пошта және телефон арқылы құқықтық көмектер көрсетіліп, мекеме басшыларымен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасалуда. Атап айтар болсақ, Ұжымдық шарты бойынша Жұмыс беруші мен Жұмысшының міндеттері, бастауыш кәсіподақ ұйымының іс-қағаздарын рәсімдеу, жұмысқа уақытша жарамсыздық парағын есептеу тәртібі, жарнаны дұрыс жұмсау т.б. сұрақтар төңірегінде үнемі көмек берілуде.
Адамзатты дүрліктірген қиын шақта алғы шептен көрініп, жиырма төрт сағат бойы қызмет қылған медицина қызметкерлері. Олардың еңбегінің өлшеусіз екенін түсіндіріп, қашанда қолдау көрсететін «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты Атырау облыстық филиалы десек артық айтқандық емес.
Індет ешкімді де аямай, көп отбасын ойламаған жерден қайғылы оқиғаға ұшыратып жатқанда, облысымыз бойынша 1073 медицина қызметкерлері ауруға шалдықса, оның ішінде 958 қызметкерлер біздің салалық кәсіподақтың мүшелері, 17 медицина қызметкерлері қайтыс болды.Пандемия кезінде ауырып немесе қайтыс болған жағдайда мемлекет басшысының қолдауымен ҚР ДСМ-гі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бүұйрығына сәйкес 2 млн тг ауырғандарға және қайтыс болғандарға 10 млн тг төлемақылар берілгені өздеріңізге мәлім. Осы бұйрыққа сәйкес өңірлік әкімдердің өкімімен жергілікті комиссия құрылып,сол комиссияда бұйрық талабына сай берілді. Біздің облыс бойынша 803 медицина қызметкерлері 2 млн теңге көлемінде төлемақы алды. Ал, 270 қызметкер бұйрық талаптарына сай келмегендіктен төлемақы ала алмай қалды. Сол сияқты 17-қайтыс болған қызметерлердің ішінен талапқа сай келмеген 4 қызметкерге ақы төленбеді. Осы тұста облыстық филиал тарапынан Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының қолдауымен бірнеше мәрте бизнес өкілдеріне, мұнайлы кәсіпорындарға, жергілікті бюджет есебінен жергілікті әкімдіктерге демеушілік көрсету туралы сұраныс хаттар жолданған болатын.
«Ембі мұнайгаз» АҚ-ның шешімімен 2020-жылдың 25-желтоқсанында пандемия кезінде еңбек еткен медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 60 млн тг демеушілік қаржы бөлінген болатын. Сол демеушілік қаржы облыс бойынша төлемақыға ілікпей қалған 4 қызметкерге 2 млн теңгеден, 270 қызметкерге 192592 теңгеден төленді.
COVID-19 пандемиясы кезінде облыстық филиал тарапынан, №2 олыстық аурухана, облыстық фтизиопульмонология орталығы, облыстық жедел жәрдем станциясы, №1,7 қалалық емханалар, «Медикер- Жайық Qamgor-2» филиалы, облыстық кардиологиялық орталығы, облыстық балалар ауруханасы, мамандандырылған балалар үйі, Дамба, Еркінқала ДАларына 550 бір реттік, 1550 көп реттік бетперделер таратылып берілсе, №2 облыстық аурухана, облыстық фтизиопульмонология орталығы, АГУ-нің жатақханасы мен кіші өнер академиясы жатақханасында карантиндік стационарларда жұмыс жасаған қызметкерлер азық түлікпен, таза сумен, жеке гигиеналық құралдармен, монша халаттарымен, маскалар және палаталарға қажетті тұрмыстық техникалармен, термопот, қысқа толқынды пештер, шәугімдермен қамтамасыз етілді.
23 емдеу сауықтыру мекемелері облыстық филиал тарапынан инфрақызыл дене температурасын өлшейтін термометрлермен қамтамасыз етілді.
Осы індетпен күресте медицина қызметкерлері аянбай өз кәсіби міндеттерін атқарды, кейбіреулері осы індетпен ауырды. Кәсіподақ тарапынан №2 Облыстық аурухана, облыстық фтизиопульмонология орталығы, №4 қалалық емхана, Геолог емханасы, Жылыой АОА қызметкерлеріне 100 мың теңгеден ақшалай қолдау көрсетіп, осы бағытта медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында облыстық кардиологиялық орталық, қалалық перзентхана, Құрманғазы, Исатай, Мақат, Қызылқоға АОАларының 7 қызметкеріне 150 мың тг көлемінде әлеуметтік қолдау сертификаты табысталды. Сонымен қатар, 10 қазан кәсіподақтар күніне орай, пандемия кезінде ерен еңбектерімен көзге түскен кәсіподақтың 16 мүшесіне ҚР кәсіподақтар федерациясының 50% жеңілдігіиен бөлінген жолдамаларына облыстық филиал тарапынан қолдау көрсетіліп, Жаңақорған, Мерке, Манкент, Ақ жайық, Көктем, Щучинск, Сосновый бор емдеу сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар беріліп денсаулықтарын түзеп қайтты.
Бұндай қолдаулар биыл да өз жалғасын таппақ. Облыстық филиалдың бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отыра биыл да демалыс орындарына алдымен пандемия кезінде жұмыс жасаған қызметерлер жіберілетін болады.
Адамзаттың тарихында өшпес із болып қалатын карантин мезеті ешкімге де оңай соқпағаны хақ. Бірімзге бұл сәттер сабақ болса, бірімізді жақыннан айырып, кесел кесірін тигізіп, дерт дегенін жасады. Бұл шақта халықтың әл- ауқатында да, қызметінде де түрлі өзгерістер белең алып жатты. “Атырау облысы кәсіподақтар орталығы” да түрлі саладағы қызметкерлердің мәселелерін заң жүзінде оңтайлы шешуге қол ұшын созып карантинде үздіксіз жұмыс жасап, басты мақсат еңбек адамының құқын қорғау екенін тағы бір дәлелдеді.(жалғасы бар)
Ізтұрған БАЙМҰҚАНОВ,
«Атырау облысы кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы