Наурыз – сонау түркі дәуірінен келе жатқан арда халқымыздың жаңа жылы. Дін мен дәстүрді ұштастырған ұлттық мерекеміз. Ұлт болып ұлықтайтын бұл мереке туралы Ислам діні не дейді? Осы орайда ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы МАНСҰРОВПЕН сұхбаттасқан едік.
- Наурыз – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Осы ретте Ислам діні бұл мереке туралы не дейді? Сұхбатымызды осы сұрақтан бастасақ…
Наурыздың жыл басы ретінде тек қазақ халқы ғана емес, шығыс жұрты үшін де қадірлі мереке атану себебі бір Алла Тағалаға мойынсұнып, оның жаратылысына құрмет білдіруден туындаса керек. - Наурыз – Абай атамыз айтқандай кешегі кәрлі қыстың сызын ұмытып, «күннің де ата-анадай елжірейтін» кезі. Осындай уақытта қазақ даласындағы тіршілік келбеті қандай десеңіз, оның бейнелі суретін хакімнің «Жазғытұры» өлеңінен таба аламыз:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Ұлыстың ұлы күні – көгіндегі көк аспанындай өр, жеріндегі кең жазира даласындай дарқан ұлтымыздың ұлттық болмыс-бітімінің айғағы. Сол себепті халқымыз Наурыз тойында таң атқаннан кеш батқанға дейін ұрпағым ұмытпасын, мәңгілік ұлықтасын деп ұлттық салт-дәстүр жоралғыларын жасаған. - Наурыз көже – Наурыз мерекесінің белгісі, символы іспетті қадірлі сусын. Осы сусынның шығу төркіні Ислам дінімен байланысты екенін де білеміз. Бізге Наурыз көженің шығу тарихы туралы айтып берсеңіз.
- Шынында, Наурыз көженің шығу тарихы Ислам дінінде жатыр. Тарих көзімен қарасақ, оның бастау негізі сонау Нұх (ғ.с.) заманына тіреледі. Нұх (ғ.с.) топан су тартылып, қауымымен кемеден жерге түскен кезде қалған-құтқан дақылдарды пісіріп, «Ашура тәттісін» (көже) жасаған екен. Бұл кейін мұсылмандардың «Ашура» күндері бір-бірін «Ашура тәттісімен» қонақ ету дәстүріне айналған. Міне, әдет-ғұрпы Ислам дінімен біте қайнасқан халық салтындағы наурыз көже пісіру дәстүрі де осыған ұқсайды. Яғни, халқымыз наурыз мерекесінде қыстан қалған дорба түбіндегі дәнді-дақылдар мен сүр еттен (қазы) көже дайындап, бір-біріне дәм таттырады. Наурыз көже дайындау дәстүрінің бір шаңырақтан түлеп ұшқан ағайындармен қатар, тума-туыс, көрші-қолаңға дәм таттырып, ризық берген Алла тағаланы еске алып, шүкір ету. Жаңа жылда ақтың мол болуын, ризық-берекенің сарқылмауын тілеу. Осы орайда халқымыз наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген түсінікті жастардың санасына сіңіріп, наурыз көжеге құрметпен қарауды білдірген.
- «Көрісу» салты да Ислам дініне қайшы дәстүр емес сияқты…
Дұрыс айтасыз… Біздің дініміз сәлемінің өзінде-ақ амандықты үгіттеп, бірлікке, кешірімді болуға шақырады десек, бір ғана көрісу дәстүрі осының барлығын қамтып жатыр. Мәселен, еліміздің батыс өңірінде күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» дәстүрі бар. «Көрісу» наурыздың 14-де тойланады. Дәстүр бойынша қыс көзі қырауда, шаруа жайымен жүріп қалған ағайын көктем шыға малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейгеннен кейін амандық-саулық сұрасып, бір-біріне сәлемдесе барады.
Жасы кішілер үлкендердің үйі-отбасына қарай ағылып, құшақтасып көріседі. Және сол шаңырақ дайындап қойған дастарханнан дәм ауыз тиіп, туыстық, қандастық қарым-қатынасты арттыратын игі тілектерін жолдайды. Ақсақалдар жастарға ақ батасын беріп, емен-жарқын қоштасады. Осы ретпен ауылдың ішінде бір-бірімен көріспеген адам қалмайды. - Наурыз мейрамында наурыз көже жасалып, ұлттық ойындар назардан тыс қалмайды. «Күрес», «Көкпар», «Арқан тартыс», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Бағанға өрмелеп, жүлде алу» секілді ұлттық ойындардың осы мерекеде ойналуы тегін емес. Оның қайсының да достықты арттыруда атқарар маңызы зор.
Еліміз Наурыз мерекесінде отты жағуды үрдістен шығарып тастаған. Себебі, дініміз бойынша отқа табыну – Аллаға серік қосу болып табылатын үлкен күнә. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл қыстан аман-есен шыққан елдің көгеріп, көктей бастаған табиғатпен бірге еніп келе жатқан жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде құшақтасып көрісу, игі тілек айту салты кеңінен орын алады.
Наурыз тойын парсы жұртындай тойлау Исламға қайшы. Халқымыз Ислам дінін Қарахан мемлекеті кезінде қабылдаған. Наурыз мерекесі қазақ елімен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатқа қайшы келмейді. Ұлыстың ұлы күнін тойлау – ежелден түркі жұртында бар дәстүр.
«Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің Исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тастал-ған.
Қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар тартып, ат шаптырып, балуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Амалдар ниетке байланысты», – деп айтылған. Біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу», — делінген.
Міне, Наурыз мерекесімен бірге халықтың қонақжай, бауырмалдық та қасиеттері көрініс тауып, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуда. Осы ретте наурыз мерекесінің тәлім-тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өту керек. Әрине, наурыз діни мереке емес. Дегенмен, Ислам шариғатымен астасқан ұлттық мереке десек, артық айтпағанымыз. Яғни, наурыз мерекесінің тойлаудың мәні Ислам діні, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен мұра болған кешірім ету, туыстық қарым-қатынасты нығайту, бауырмалдық таныту, үлкенді құрметтеп, ізгі тілектер (дұға) тілеу сияқты адамдық қасиеттерді қамтып жатыр.
Олай болса, ұлтты ұйыстыратын халықтық мерекелерімізге, ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тұрмауымыз керек. Наурыз мерекесін тойлаудың дінде жоқтығын желеу етіп, Исламға жат (бидғат) санап жүрген кейбір діндар жандарға айтылар уәжіміз – осы. Себебі, Алла Тағала қасиетті Құранда «Бір-бірлеріңді танып-білулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстар етіп жараттық» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят), — деп, ұлт болып өмір сүрудің Ислам қағидасына қайшы келмейтінін ескерткен.
Сұхбаттасқан
Гүлбану НҰРЫМҚЫЗЫ