Алаштың ардақты қайраткерлерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың: «Наурыз – табиғат мейрамы. Наурыз – діни мейрам емес, тұрмыс мейрамы, шаруа мейрамы» дейтіні бар. Бұл, байырғы қазақтың ұғымында Наурыз – ас ішіп, аяқ босатудың емес, өткеніне есеп беретін, тұрмыс-тіршілігінің келесі сатысын бағдарлайтын айтулы кезең екенін мегзейді. Қазіргі сәнге айналған тіркеспен айтар болсақ жылды қорытындылайтын уақыт. Ендеше, наурыздан наурызға дейінгі уақыт аралығындағы еліміздің ішкі және сыртқы жағдайына тоқтала кеткеніміз жөн болар.
Әркімнің өз игілігіне орай жайлы жағдайда өмір сүргісі келетіні құпия емес. Дегенмен, кез келген адамның мұндай салиқалы тұрмысты орнықтыруға қабілеті жете бермейтіні де анық. Ол үшін адамның көп нәрсені үйренуі қажет. Кезінде көне гректер мұны «экономика», яғни «үйді басқару, шаруашылықты басқару» деп атаған. Сондықтан, халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттің күш-қуаты экономиканы тиімді ұйымдастыруға, ұтымды басқаруға тікелей тәуелді. Яғни, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күн тәртібінің өзекті мәселесі болып қала бермек. Осы ретте есепті кезең Қазақстан үкіметіне оңайға тимеді.
Жалпы ішкі өнім 4,1 процент болып, өнеркәсіптік өнім, әсіресе өңдеуші сектордың үлесі, инвестиция көлемі біршама өсіп, кедейшілік, жұмыссыздық, инфляция деңгейлері межелі көрсеткіштерге дейін төмендегенімен, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату ісінде үкімет қауқарсыздық танытты. Елдегі әлеуметтік жағдай Астанада ағымдағы жылғы 4-ші ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жекеменшік тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққаннан кейін ушығып кетті. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2013, 2015, 2018 жылы туылған бес баланың мәйіті табылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналары ол кезде жұмыста болған. Көптеген қазақстандықтың пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал түнгі ауысымда жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға мәжбүрлік болмағанда бұл қайғылы оқиға орын алмас еді.
Осындай әлеуметтік шиеленіс кезінде үстіміздегі жылғы 21-ші ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті тарату туралы шешім қабылдады. Ол өзінің шешімін: «Жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді», — деп түсіндірді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Сағынтаев басқарған оныншы үкіметті таратты, оның жаңа құрамын жасақтап, оған үлкен әлеуметтік нақты іс-шараларды үш бағытта жүзеге асыру міндетін жүктеді, олар: табысты көтеру, ең аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау. Екінші, табысы өте аз отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі және денсаулық, білім салаларының сапасын арттыру. Үшінші – өңірлік даму. Яғни, жаңа үкіметтің алдында Елбасы белгілеген әлеуметтік қамқорлық шараларын «майдан қылшық суырғандай» ептілікпен орындау міндеті тұр. Мәселен, осы жылғы 1- сәуірден бастап көмекке аса мұқтаж табысы аз азаматтар, көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекті алуы тиіс.
Әрине, өмір болған соң дүние бірде шөл, бірде көл. Шүкіршілік, біздің де басқаларға үлгі етіп тартатын үрдістеріміз бар екені даусыз. Келімді-кетімді шетелдік әріптестеріміздің айтатын ортақ пікірі осындай. Қазақстан шежіресі үшін өтіп бара жатқан жыл жетістіктерден кенде емес. Біріншіден жаһандық әрі геосаяси күн тәртібін белгілейтін әлемнің ең ірі халықаралық ұйымының басты органы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне біздің елдің төрағалық етуін айтқан жөн. Бұл өз Тәуелсіздігін бар болғаны 26 жыл бұрын алған мемлекеттің оны басқару мүмкіндігіне ие болуы – ілуде бір кездесетін жағдай. Жалпы, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіміз еліміздің белсенді және жауапты халықаралық ойыншы ретіндегі беделін мейлінше нығайтуға, қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, өңірлік мәселелердің шешімін табуға жаңа екпін беруге, отандық дипломатияның кәсібилігін сапалық жаңа деңгейге шығаруға, мамандарымызды БҰҰ құрылымына ілгерілетуге, аса маңызды халықаралық проблемалар жөніндегі жедел ақпаратқа қол жетімділік алуға мүмкіндік берді.
Қазақстандағы айтулы жаңалықтың екіншісі – Шымкент қаласының республикалық маңызға ие болып, Түркістан облысының құрылуы болды. Бұл – демографиялық саясат жағынан да, экономикалық тұрғыда да тиімді шешім, аймаққа инвестиция тартуда да өз пайдасын тигізері анық. Түркістанның бүкіл түркі әлемінің рухани ошағының бірі екенін ұмытпау керек. Осы орайда, ұлт болашағы үшін күрескен Алаштың қайраткері, қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың:
«Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен» деген өлең шумақтары еріксіз ойға оралады. Иә, Түркістан – елдің ең танымал әрі этномәдени бренді. Біз оны ары қарай дамытып, туристер үшін ғана емес, түркі әлемінің зерттеушілері және тарихшылары үшін де кеңінен танымал ете түсуіміз қажет.
Үшінші маңызды оқиға – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы. Осы конвенция Каспий теңізінің жағасындағы бес мемлекеттің 25 жылдық келіссөзіне нүкте қойды. Бұл құжат аталмыш елдерге Каспий теңізі ресурстарын қолданып қана қоймай, ең алдымен Қазақстанның халықаралық шекарасын бекемдеуге мүмкіндік береді. Осынау тарихи құжат Қазақ елінің келешек буыны үшін аса ауқымды мұра ретінде қалады деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Өтіп бара жатқан жылдың айшықты белгісінің енді бірі, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың төлтумасы саналатын елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы екендігін айтқан жөн. Тұңғыш Президенттің Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу жөніндегі идеясы іс жүзінде қуатты экономикалық ірі жобаның бастауы болатын. Ал, бүгін Астана жан-жақты дамыған, мәдени ошақтары көп, қалалық қызмет көрсету деңгейі тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы, ел экономикасының бас қайнары ретінде әлемнің үздік қалаларының біріне айналды, «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген сөз тіркесі бүгіндері ел жүрегіне сіңіп, нақыл сөзге айналып үлгерді.
Елеулі оқиғалар қатарына Қазақ жерінде өткен кезекті VI Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін жатқызу орынды. Бұл жиында әлем бойынша өзекті дін мәселесі жан-жақты талқыланып, нәтижесінде көптеген көкейкесті сұрақтар өз шешімін тапты. Келесі съезд 2021 жылы өтетін болды. Сонымен қатар, біздің елімізде Орталық Азия басшылары бас қосты. Мұндай оқиға бұрын соңды болмаған еді, енді аталмыш кездесу жыл сайын өткізілетін болып ұйғарылды. Осы ретте Орта Азия елдерінің басын қосатын бұл маңызды жиынның келер жылы Ташкентте өтетінін айтқан жөн. Ал әлемдік саясаттағы маңызды оқиға Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея басшыларының кездесуі болды. Ким Чен Ын 65 жылдан бері алғаш рет оңтүстікпен арадағы шекарадан өтті. Ізінше, ҚХДР басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Корей түбегін ядролық қарусыздандыру келісіміне қол қойды. Бүгінде Корей түбегі екі арадағы теміржол саласын жандандыруды, қарулы бекеттердің көзін жоюды қолға ала бастады. Сондай-ақ, 2018 жылы АҚШ-та ең қымбат Конгресс сайлауы өтті. Одан бөлек Ангела Меркель Германия канцлері сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді. Францияда ең ауқымды наразылық шарасы өтті.
Ит жылының талқыға түскен саяси жаңалығы Түркия мен АҚШ болды. Тамыз айында Анкара мен Вашингтон дауласып қалды. Мұндай жанжалды НАТО-да күтпеген еді. АҚШ Түркияға санкция жаудырды. Тиісінше Реджеп Тайип Ердоған әлемді АҚШ долларынан бас тартып, еуроға көшуге шақырды. Дегенмен, бұл жыл тараптар үшін жағымды жағдаймен аяқталды. Ең қызығы екі тарап енді айнымас дос. АҚШ пен Қытайдың арасындағы сауда соғысы уақытша болса да үзіліс алды. G20 саммитінен соң Бейжің мен Вашингтон келісімге келіп, 90 күнге сауда соғысын тоқтатты. Ал, бүгін тіпті екі тарап арасындағы ахуал жақсарып, келісім аясында нақты жұмыстың басталғандығы мәлім болды. АҚШ-тың тарифты өсіруді доғарғаны Қытай тарабын қуантып отыр. Өз кезегінде Қытай да америкалық көліктерге салынатын тарифтерді арзандатты. Бұл да мәмілеге келудің белгісі.
Иә, бейбіт өмірдің маңызын әрбір ел жіті қадағалап, ауадай қажеттілігін сергек сезіне отырып, қоғамның қымбат қазынасы ретінде сүбелі үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұған негіз де жоқ емес. Білікті мамандардың арнайы зерттеулеріне сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемде 170 рет соғыс өрті тұтаныпты. Қазір де төрт құрлықта 24 жерде соғыс сипатындағы қақтығыстар орын алуда. Алаңдатарлығы сол, Ресей мемлекетімен АҚШ және Батыс елдері арасындағы текетірес бүгінде ушыға түсуде, мұның арты әлемдік деңгейдегі қарулы қақтығыстарға ұласып кетуі бек мүмкін. Осындай жағдайда Қазақстан үшін қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып қала бермек. Осы ретте азулы мемлекеттермен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою мәселесінде де бұл жыл табысты болды. Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесулері елде қауіпсіздікті нығайтуға, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге ықпалы болғанын айтқан жөн.
Сөз жоқ, басты құндылығымыз — тәуелсіздік пен елдің тыныштығы. Осы екеуінен айырылсақ — бәрінен де айырыламыз. Бізге соғыс пен бүліктің керегі жоқ, ат төбеліндей аз қазақ эволюциялық жолмен өсуіміз керек. Сондықтан да Президент Назарбаев биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстанда жаңа даму кезеңінің басталғанын әрі осы алдымыздағы он жылдың 30 дамыған елдердің қатарына кірудегі шешуші жылдар болатынын атап өтті. Ал бұл шешімді іске асыру жаңарудың басы саналатын, табиғат атаулының тіріліп, өмірге жаңаша бір құлшыныспен қадам басатын, еліміздің бірлігін сақтап, туған-туысқанның басын қосып татулыққа, бауырластыққа шақыратын Наурыз айынан бастау алатынын жақсылықтың нышанына балаған жөн. Олай болса, Қазақстан жылдан жылға дамудың табан жолынан даңғыл жолына өте отырып, өркениеттің төріне шығарына сенім мол.
Кенжеболат МАХМҰТҰЛЫ,
меншікті тілшіміз,
Астана қаласы.