Үкіметтік делегация
«Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында Атырауға үкіметтік делегация: ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ, Білім министрі Күләш ШӘМШИДЕНОВА, Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ келді. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының лық толы залында олар шағын баяндамалар жасап, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Вице-премьер Г. Әбдіқалықова осы жылдың мамыр айынан бастап аз қамтылған отбасыларға арналған арендалық тұрғын үй беріле бастайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту үшін 577 медициналық нысан, соның ішінде 10 аурухана салынбақ. Бұдан басқа, «Ауыл — ел бесігі» атты жаңа бағдарлама бойынша еліміздегі ауыл жолдарын салу мен жөндеуге 30 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Ал Б.Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмектің қалай есептелетінін айтты.
- АӘК есептеу кезінде ескерілетін отбасылық табыстан біз 3 түрлі жәрдемақыны алып тастадық. Жаңа әдіс бойынша атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап беріледі және бұрынғыдай қағазбастылық болмайды,-деді ол.
К.Шәмшиденова балабақша тәрбиешілерінің, әдіскерлердің, әлеуметтік педагогтардың және техникалық қызметкерлердің жалақысы 30%-ға көтерілетінін хабарлады. - Білім беру саласында ең маңызды нәрсе – оқыту мен мұғалімнің біліктілігінің сапасы. Жақын арада 144 мың мұғалім, 82 мың психолог, 15 мың колледж және 2,4 мың жоғары оқу орындарының оқытушылары біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Үш тілде білім беру кезеңімен, тиісті кадрлардың даярлығына қарай енгізіледі, — деп атап өтті білім беру министрі.
Медициналық қызметкерлердің де жалақысы өседі. Е. Біртанов хабарлағандай, медбикелер, фельдшерлер мен санитарлардың ғана емес, «жоғары» буын мамандарының: емхана дәрігерлері, акушер-гинекологтар, педиатрлар және жедел жәрдем дәрігерлерінің де жалақысы көбейеді. - Егер бұрын дәрігерлер орта есеппен 108 мың теңге алатын болса, енді олардың қолына 140 мың теңге тиеді, ал медбикелердің жалақысы 70 мыңнан 99 мың теңгеге дейін өседі, — деді Біртанов. Оның айтуынша, алдағы 3 жылда Атырау облысында 18 жаңа медицина мекемелері, оның 90%-ы — ауылдық жерлерде ашылады.
Инвестиция және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВТІҢ айтуынша, жыл сайын арендалық тұрғын үй құрылысына 3 жыл ішінде 50 млрд теңге бөлініп, оған 42 мың пәтер салынады. Олар аз қамтылған отбасыларға арналған және биылғы мамыр айынан бастап жылына 2% мөлшерлемемен 20 жылға беріле бастайды. - Әр әкімдік мамыр айында 150-200 пәтер беруі тиіс, — деді Жайымбетов.
Содан кейін қатысушылар министрлерге және облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Сұрақтардың көпшілігі баспана, көмек алуға қатысты болды. Көп балалы аналар да сұрақтар қойды.
Жайық өзенінде балық қырылуына қатысты жиі қойылған 10 сауал
Жайық өзеніндегі өткен жылдың желтоқсанында болған балықтардың жаппай қырылуына байланысты жиі қойылған сауалдарға жауап берілген видеоролик жарияланды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жайық өзеніндегі балық өліміне байланысты жиі қойылған 10 сауал
- Балық қашаннан бастап қырылды?
Балық қырылуының алғашқы дерегі 2 желтоқсан 2018 жылы тіркеліп, 9 желтоқсан 2018 жылға дейін жалғасты. - Қазір балық өліп жатыр ма?
Жоқ, қазір балық өліп жатқан жоқ, жаңа ауланған балық арасында өлі балық болмады. - Балық неге қазір қалқып шығып жатыр?
Желтоқсанда өлген балық мұзға жабысып қалған, жылылық түскесін қалқып шыға бастады. - Балық өлексесін жинаумен кім айналысады және бүгінге дейін қанша тонна балық қырылды?
Бүгінгі есеп бойынша жалпы алғанда 108 тонна балық жиналды. Оның 103 тоннасы екі бекіре өсіру зауытынан, қалған 5 тоннасы Жайық өзенінен. - Жайық өзенінен су сынамалары қаншалықты жиі алынады және қандай сынамалар?
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, экология департаменті, «Қазгидромет» мекемесі аптасына екі рет су сынамасын алып отыр. Су көрсеткіштері нормаға сай және тұрғындар мен өзен фаунасына қауіп тудырмайды. - Балық сату нүктелерін кім және қалай қадағалайды?
Полиция мен ветеринарлық қызмет сауда нүктелерін бақылауда ұстап отыр. Балық тек тиісті құжаттармен сатылады, барлық базарларда сатып алған балығының сапасын тексергісі келген әр адамға ветеринарлық зертхана тегін қызмет көрсетеді. - Өзен өлі балықтардан қалай тазартылады?
Тазарту жұмыстарына «Арнаулы автобаза» ЖШС, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, еріктілер тартылған. Жақын күндері, өзендегі мұз толық ерігесін, су айдынын тазартумен арнайы жабдықтары бар балық аулайтын кооперативтері айналысады. - Өзен балық популяциясын өздігінен қалпына келтіре ала ма?
Мамандардың айтуынша, Жайық пен Қиғаш өзендерінің арналары арқылы көктемгі, жазғы уақытта балықтар уылдырық шашады, ол табиғи популяцияның қалпына келуіне мүмкіндік береді. - Балықтың осылай қырылу оқиғасы бұған дейін болды ма? Жайық өзенінде мұндай жағдай өткен ғасырдың 80 жылдары болған, ол кезде анықталмаған заттардың өзенге құйылуы балық өліміне соқтырған. Сондай-ақ қалың мұз бен қардың салдарынан балық қырылған. Өзен көктемгі уылдырық шашу кезінде балық популяциясын қалпына келтірген.
- Оқиғаға кінәлі кім екені қашан айтылады және залалды кім өтейді?
Балық қырылу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүруде, кінәлілер анықталатын болады. Полиция қызметкерлері мен ветеринарлар балық өнімдерін сату нүктелерін қадағалауда ұстап отыр. Балықтан, судан улану деректері тіркелген жоқ.