Мерейгер

Адам баласы өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Өмірінің мәнді де, сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Атақты педагог-ғалым В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық — бұл адамтану, адамның күрделі де, қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» — деп ұстаздық өнерге ерекше баға берген.
Атырау өңіріне белгілі, еңбегімен көптің құрметіне бөленген ардагер ұстаз – Дүйсенғалиева Шолпанның асқарлы 60 жасқа аяқ басар шақта өмір жолының қиын да қызық жемісті кезеңдеріне шолу жасауды жөн көрдік. Бұл жылдарда ол туған елге деген сүйіспеншілік арқылы білікті де парасатты ізбасарларын тәрбиелеумен қатар дарынды ұйымдастырушы қырынан да көріне білді. Әріптестері апайды ғұмырын халқымыздың болашағына арнаған зиялы азаматша ретінде құрметтейді. Өмірден мол тәжірибе жинақтап, жас мамандарды тәрбиелеп, еңбек жолына бағыт беріп – ақылшы, көмекші бола білді.
Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен (ақындық өрені өз алдына бір төбе), өнер-білімге құштар, қорқыныш пен жасқануды білмейтін, өжет, өз ісіне шын берілген. Ұстаз еңбегінің қыры мен сырын терең ұғынған, қиында жауапты істерде тайсалмаған, өмір майданында мойымаған, өзі үлгі көрсете отырып, басқадан талап ете білген, жаңа істердің жаршысы бола білген, қоғамдық ісімен, жас мамандарға өзінің кесімді пікірімен, өмірлік бай тәжірибесімен жол көрсете білген білгір де білікті, ұстаз Шолпан осындай жан.
Ол еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, бастауыш сынып оқу ісінің меңгерушісі болып 20 жылдай абыройлы қызмет етіп, құрметті демалысқа шықты. Бар білімін баланың, қала берді әріптестер бойына сіңіріп, әр тәрбиеленушінің үлкен өмірге білімді, жан-жақты азамат болып аттануына зор үлес қосты. Бойындағы қажымас қайрат, тынымсыз еңбек, шексіз жауапкершілік алдынан кездескен талай қиындықтарды жеңуіне себеп те болды.
Отбасының асқар тауы, берекесі, өмірлік жары Сайлаубай аға қатты науқастанып жатқан кезде де мойнындағы жауапкершілік жүгін ұмытпай оның дертіне ем, жанына дауа, тәніне шипа іздеп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен қарап, өмірге деген құлшынысын арттырып, ерінбей қасынан табылды.
Бір данышпан: «Керемет үй болмайды, үйді керемет ететін-сол үйдің әйелі» — деген екен. Олай болса осынау сөз ана, ұстаз, сүйікті жар Шолпан Дүйсенғалиқызына арналғандай. Ол – мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқумен спортты қатар меңгеріп талай жеңістерді де қанжығасына байлаған жеңімпаз. Оқуда қандай алғыр болса спортта да ешкімге алдын бермеген нағыз спортшы.
Өз бойындағы шығармашылықты өмірімен тығыз байланыстыра біледі. Терең ойлы көптің арасында оқ бойы озық тұрады. Оның ақындық, сөз өнеріне келуіне ата-анасы, қала берді ұстаздарының ықпалы көп болды. Айтпақ ойым, сезім сырын осы өлең жолдарымен өрнектеуге әуестенушілік жас кезінен қалыптасты. Өмірге келген алғашқы немересіне есім беруде де Шолпан апайымыз «Жақсы сөз, жарым ырыс» — деген қанатты сөзді қаперіне алып «Асемнұр» қоюы да тегін емес
Бүгінде Сайлаубай ағамыз бен Шолпан апамыз Томарлы селосында 4 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере қызығын қызықтап, ата-әже бақытына кенелуде. Шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде, түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Шет елдерде жүріп білім алғандары қаншама?! Ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермесі анық. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек ұштастырылуы қажет деп есептеймін. Біздің Шолпан Дүйсенғалиқызы осындай жан..!

Өз тілшіміз