Жыр-шашу
Қырға көшіп келеді елім менің,
Малын жайып, салатын төріне егін.
Наурыз туып, жан бітті дүниеге,
Жасыл нұрға малынып төңірегім.
Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам,
Бақыт құсым кеудеме қондың қашан?
Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын,
Қуаныштан көңілім болды масаң.
Ән айтамын ақырын тұнық таңда,
Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба?
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан,
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда.
Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын,
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін.
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа,
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін.
Кеш оралған көктемнің ерке құсы,
Осы екен ғой көктемнің еркелісі.
Осы екен ғой атамның аманаты,
Осы екен ғой әжемнің ертегісі.
Щолпы тақты алтын күн қайыңға әсем,
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым,
Не айтасың ақын қыз жайында сен?
Марфуға Бектемирова