Еліміздің барлық аймағындағы ХҚО бөлімдерінде қызмет алып, жаңа құжат рәсімдеп жатқан аналар мен зейнеткерлерге құрмет көрсетіп, сый жасап жатқан мамандарды көзіңіз шалған болар. Бұл — Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа дәстүрі.
Мұндағы мақсат – пандемия кезінде жабырқап қалған халықтың жанына жалау болып, олардың маңызды күнін жағымды естелікпен есте қалдыру.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» Ақтөбе облысы бойынша филиалы мамандары ерекше себеппен қызмет алуға келген азаматтарға шағын естелік сыйлық табыстап жатыр. Өз кезегінде қызмет алушылардың да бұл шараға деген ықыласы мол. Жылы қабылдап, алғысын жаудыруда.
«Тұрғындарға сапалы қызмет жасау біздің негізгі борышымыз. Әрбір азамат алғашқы жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін, жаңа туған сәбиіне құжат ресімдеген күнін естен шығармаса керек. Сондықтан, осындай маңызды сәттерді жағымды естелікпен есте қалдыруды ұйғардық. Бұл бастаманы ұйымдастыру барысында қызметшілеріміздің де жұмысқа деген құлшынысы артып, ХҚО ішінде жағымды атмосфера қалыптасты», — дейді “Азаматтарға арналған үкімет” Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Руслан Ерғалиев.
Жаһанды жайлаған індеттің салдары адамзатқа ауыр тиіп жатқаны баршаға аян. Осы бір қиын да күрделі сәтте ел азаматтарының көңілін көтеру мақсатында жасалып отырған бұл бастама зор қолдауға ие болуда. Елдің іргесі бір болғанда ғана мығым болмақ. Жақынымызға жанашыр болып, қолдап жүрейік.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз қызметкері Сәуле Хамидолла