Қуанышев Абылайхан Асылбекұлы 1998 жылы БҚО, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің түлегі. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. «Мен жастарға сенемін» форумының лауреаты, «Алматы қаласы ақындары» мүшәйрасының бас жүлдегері. Өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарық көрді. «Құм құшағындағы қарғыс», «Түртпек», «Шекспир» сынды прозалық шығармалары да жарық көрген. Қазіргі таңда М.Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың магистранты.

Түн кешу
Адамның басы Аллаға доп па,
Алла да көзін ашып қарасын.

Ұлықбек Есдәулет

Ақиқаттың азалы үнін тыңдар кім?
Ар алдына сор сіміріп мың бардым.
Мұңдарынан сезіктенем ғасырдың,
Жылуына күмәнім бар жылдардың.

Құдіретке қан сорғалап тұрды ұдай,
Қара түнге кім жұтылмад сұмдық-ай.
Мұңсыздарға пайғамбарың түк емес,
Табыт үшін туғандар да кіл Құдай.

Уақыт-ұлы. Ұлылыққа сала бер,
Күнәсі көп тағдырды ұстап барады ол.
«Көп кешікпей қауышармыз» дегендей
Миығынан күліп жатыр қара жер.

Түнді сүйем. Білем, жаным, күйікті ол
Жұлдыздардың жанарынан жиып шер.
Жарық түскен жерді сүю түк емес,
Мықты болсаң, түнектерді сүйіп көр.

Түнектерден тым тасырлы тұнады ой,
Тажал иісін иіреді тұла бой.
Түннің жұтқан пенделері қаншама
Түнді сүймеу күнә ғой.

Жүректерден жұлып алып бар әнді,
Кімге апарып кісінетем наламды.
Адалдықтың арлы үмітін жерлеп кеп
Біз қашанғы жек көреміз ғаламды.

Көңілдердің көз жасынан толы Ай да,
Түнектерден қанды қайғы борайды, ә?!
Тірілерді жүрегім де қалап жүр,
бірақ,
Құдайларды сүю деген оңай ма?!

                        

Айға ұқсап кейде ғұмырсыз кеткен,

Күнге ұқсап кейде жоғалған.

Тағдырлар төнді бір үнсіз көктен.

Алданыштарға тоналған.

Жаныңды сүйреп кие қонбайтын

Құдайдан дедік түнекті.

Тұл тағдырына ие болмайтын

Қайтерсің сорлы жүректі.

Жалғыздық жалғыз жыламағанда

Тірлікке төнсін сый қайбір.

Адамзат сыйған мына ғаламға

Адалдық неге сыймай жүр.

Жанымнан жұлып парақ сыйладым

Сүртер деп қолын барша адам.

Молдаға ғана шарап құймадым

Жұмағын күтіп шаршаған.

О, менің далам, бітімі бөлек

Сүйгенім едің сен де бір.

Хор бикештердің күтімі керек.

Шөліркер жанды емдегір.

Айға ұқсап кейде ғұмырсыз қалған

Тағдырдың көбі жан бағыс.

Ертең де туар бір үнсіз жалған

Қасына ертіп алданыш.

Аңсау

Аңсағаным ба өткенді, білемін нені?

Қамалмаған ба қасірет жақтан оқ-сыңар.

Мен соңғы сезімді сарқыдым жүрегімдегі

Онан соң ғұмыр жоқ шығар.

Жолдар үстінде мұң сүріп бақсырағаным,

Құтылар үшін құм жұтып тұрған көңілден.

Мына соқпақтың соңы да бақсыға мәлім.

Не күтіп жүрсің өмірден.

Жоғалған жырдан сезім мың жанымды емдеген

Ол күздің желі тым өзге бізге бал ашқан.

Сол сәтті сүйдім қаттырақ Тәңірден де мен

Сол үшін бәлкім адасқам.

Тұңғиығындай тыншиды Көкке тынысым

алагеуімде көктемді аңсау бар мұңда.

Мен өле салар ем жаным-ау өткенім үшін

Қабірім тұр ғой алдымда.

Мен жұтқан жырмен өлшенсе Күздің өлшемі

Тасыр-тағдырдың күмілжуі ме араным?

Жүрек дегенім жол құртқан мұздың бөлшегі

Қайғы жұбатқан жанарын.

Сыйдыра алмап ем өткеннің еш жерге бәрін

Жабыққанымда жер жұтып қойды есімнен.

Сіңіп кетейік құм жауған кештерге жаным

Қоңыр күз бәрін кешірген.

Жол. 2019.

  Адасқақ

Сәттер сұлу бола ма? Сезінбедім.

Жалғыздықты кім көрді көзімдегі?

Түн артынан тыныштық сығалайды,

Жоғалтқандай жасырдым өзім нені?….

Мен білемін

Кім күлді шам ішінен.

Ғайып келді сәулесін сәл ішіп ем.

Жүрегімде жоғалған жанар жатыр

Ажал жұтып қойғандай түн ішінен.

Түн ілінді үркіген кірпігіме

Көз жасымның күнәсін сілкіді де.

Жалғыз ақын мен бе осы қайғысынан

Мұңын үнсіз көметін күртігіне?

Мен жоғалғам біржола түн ішіне

Тұмандардың жол таппай жүрісінен

Мұңнан қашып жүрем де

Ең шарасыз

Сәтімді өртеп отырам мұң ішінен.

Сеземісің?

Жылдарымның жасырмай сөзін іште

Тағдырдың күнәсімен көз іліспей

Жанарыңды ақырын мұңға бөлеп,

Құмға сеуіп келемін өзім іштей.

Алматы, 2018

Кәрі мұңдар

Мен оралсам кезіп жүр жолымды әлі.

Сорым бәрі! Түсінем…

Тарам-тарам күнәсі оның бәрі

кері оқылған Құранның қолындағы.

…Тағдыр жылап барады өз ішінен…

Сағынған ба?…

Мен өлтірген жүректің тазалығын.

Сағымдардан

бір бейкүнә бикештің аза мұңын

сіңдіріп ап, жанымды жұтып қойған

Ең аяулы сезімге назалымын.

Біздер неге?

Түн моласын таба алмай бізден бөтен,

қасіретті шарабын қанға малып,

бақырлардай баз кештік күзден көкем.

Жесірі көп жылайтын анау түннің

қарғыс тамған құтысын жұтына алмай

жұлдызы жоқ тұманға сіңіп кетсек.

Іздер ме екен?…

Біздер неге?

Ажал тамған ақ қардан бақыт кештік.

Шаттық өлген бермейді уақытты ешкім.

Мәлім. Білем!

Күнәларға тоналттым тәнімді мен;

Жанымды мен жоғалттым, Бәріңді мен.

Жүрегімнің жанарын жаба қалсам

Інжіл ұстап отырған Тәңір көрем;

Қыздың жасы көмкерген қабір көрем.

…Сормен үнсіз сырласты сағым неге?…

Кәрі мұңдар

Мен оралсам кезіп жүр жолымды әлі.

Сүрлеуі көп соқпақтың соңындағы

Талайымның қайда екен орындары.

P.S Қолындағы

жүрекке Аят оқып, сор ымдады.

Қос қасірет жас тамған түнді кешті

Пенделік деп түсініп оның бәрі.

Кеш…

Сәт

Тым аяулы сәтімізді құрбан ғып,

Ақын болдық Құдайы жоқ ғасырға.

Жалғыздықта жылап тұрған сырды аңдып,

Тамшымызбен түнге ағызып жібердік,

Сайқалдығын жасырған.

Көше кезген тағдырлардың күмәншіл

мұңын ішіп, уын ішіп тасып ек.

 Сосын барып түн қойнына тығылдық,

Жұтып тұрып, жұтылу да қасірет.

Сәт ішінен сағым күлді. Біздерді

сағынышқа жерлейтұғын тым аңғал.

Сарғаюмен сағынбаспын күзді енді

Жастан да ауыр күнәм бар.

Тым көңілсіз, түсініксіз кездердің

Жұлдыздарға айнала ма бар мұңы.

Біле білсең жұлдыз деген, жарқыным,

Ақын ішкен қайғылардың қалдығы.

Мен ішпеген сырлар қанша?! Белгісіз…

Мен сүрмеген тағдырлар да мың тарау.

Ақын деген ғасыр емес. Өз мұңы

өз иесін өлтіретін жылдар-ау.

Жүректерден жылап шыққан сорадан

Өз қаныммен тамызайын кімге өлең?!

Күнәмді ішіп мәңгілікке жоғалам,

Ең соңғы рет жұлдыз аққан түнде мен…

Кеш…