Ақан серінің “Балқадиша” əнін білмейтін қазақ жоқ шығар?! Бұл ән сол кезде жасы алпысқа таяп қалған Ақанның шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды болды. Ал кеңес заманында тіптен бағы ашылып, қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды. Тек бір әттең-айы – осы күні оның әншілердің орындауында қате айтылып жүргені. Яғни, ондағы: «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген сөздің тарихи шындықпен қабыспайтыны. Шынайы өмірде Балқадиша ешқандай да шалға тұрмысқа шықпаған еді. Бұған композитор-жазушы Илья Жақановтың «Аққулар қонған айдын көл» деген кітабындағы «Балқадиша» атты эссе-элегиясы дәлел. Осы туындысын жазарда Ілағаң Көкше өңірін жиі аралап, Зеренді жағындағы Кеңөткел, Сандықтау деген ауылдарға дейін барып қайтқан. Осы аталған ауылдарда тұратын Балқадишаның қыздарымен де кездеседі. «Балқадиша» әнінің тарихына әбден қанығады. Сонда Ілағаң Көкшенің қай түкпіріне барса да, кезінде Ақан серінің көзін көрген қариялар: «Ильяжан, осы әнге «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген сөзді кім жамап жүр?» деп назаланады екен.
Тағы бір айтар жайт – осы әнді көп орындаушылар: -«Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша» деп бастайды. Дұрысы – «Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша». Өйткені өзі сүйген қызының әкесінің есімін «Ыбырай» деп бақшитып айту қазақ баласының әдебіне тән емес. Оның үстіне Ыбырай өзі туып-өскен өңірінде өте құрметті адам болған.
Ал Балқадишаның күйеуі тіпті де сексен бестегі шал емес, керісінше, өзімен жасы шамалас, сол Көкше өңірінде беделі зор Масабай деген кісінің Сүлеймен есімді баласы. Осының бәрін Илья Жақанов жоғарыда аталған эссе-элегиясында нақты деректермен дәлелдеп, әрі көркем сөзбен кестелеп жазады.
Әрине, ән тарихынан бейхабар жас әншілерді жазғыруға да болмас. Қазір жұрт кітап оқуды тым сиретіп кетті. Оның үстіне адам қанша кітап сүйгіш болғанның өзінде кей кітапты оқымаған болуы да мүмкін ғой.
Сондықтан, бабадан қалған асыл әнді бұрмаламайық, оны бұрмалау арқылы Балқадишаның өмірбаянына да қиянат жасамайық дегіміз келеді.
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі