Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді. Бұл шараға ҚР қоғамдық даму министрі Дархан ҚАЛЕТАЕВ, облыстың бұрынғы әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, бұрынғы бірін-ші орынбасарлар – қазіргі сенаторлар Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ келді.

Атырау облысында өткен жы-лы аз жұмыс жасалмағаны жіпке тізгендей айтылды. 47,2 миллион тонна мұнай мен 23,6 миллиард текше метр ілеспе газдың өндірілгені мәлімделді. Облыс әкімінің айтуынша, 5686 тонна балық өнімдері экспортталған. Әйтсе де әкім желтоқсан айында Жайықтағы балықтардың жаппай қырылғаны туралы көп қозғамай, тек осы факт бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқандығын, полиция мен бақылаушы органдардың уланған балықтардың сөрелерге түспеуін қадағалау жұмыстарын жасағанын айтты. Жүз тоннадан асқан бағалы балықтың қырылуы облыста түк болмағандай?!

Түрлі салалар бойынша өткен жыл ішіндегі басқа цифрлар мен көрсеткіштерді атаған Н.Ноғаев 2019 жылдың жоспары туралы да айтып өтті. Атап айтқанда, 11 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар салу жоспарланған. Тек өткен жыл ішінде өңірде 112 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған, сондықтан «бізге жаңа полигондар ауадай қажет».

Сонымен қатар, ол мұнайлы астанадағы қоғамдық көліктің электрондық билет жүйесі туралы тақырыпқа тоқталды:

— Бұл жұмыс өткен жылдың қазан айында басталды, әлі жалғасуда. Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарының жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз төлей алуы және тасымалдаушылар кірісін ашық ету, — деді.

Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ есеп беру жиынында көп уақытты алған облыс әкімін мақтаулар болды. Әрине, сұрақтар да қойылды, бірақ, көтерілген мәселелер әлдеқайда аз болып, әркім өзінің жеке басы мәселелерін алға тартты.

Қала тұрғыны Ғұбайдолла ШОЛАҚОВ Тайсойғанда қытайлар мұнай іздеп жатыр. Атышулы «жер» митингтерінен кейін билік қазақтың бір қарыс жері шетелдіктерге берілмейді деген еді ғой. «Қақпақты қара қазан» атанып, кезінде полигонға айналған Тайсойғанымыз қытай-ларға берілді деген әңгіме желдей есіп тұр. Ол қаншалықты рас? — деп сауал тастады.

Облыс әкімі: — Ол жерде мұнай-газ кен орны болуы ықтимал деген болжам айтылуда, оны «Қазмұнайгаз» мекемесі зерттеп жатыр, мердігері – қытайлық компания. Бұл жөнінде бұрын да түсінік берген болатынбыз. Бізде жыл сайын он мың шетелдікке жұмыс істеуге рұқсат етілген. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы заң аясында заңсыз келгендер болса кері қайтарумен айналысамыз. Бұған қобалжудың қажеті жоқ, — деп түсіндірді.

Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылының ақсақалы Бақтыгерей СЕЙТҚАНОВ: — Азғыр өңірінде газдендіру жұмыстарының бел-сенді жүргізіліп жатқаны үшін көп рахмет. Бірақ проблемалар әлі көп. Бұрын азық-түлік алу үшін бізге жақын ресейлік Харабали қаласына баратын едік, бірақ жақында бір адамға 36 келіден аспау керек деген шектеу енгізілді. Ресей аумағына көлікпен жүруге де шектеулер бар. Ал азғырлықтар үшін бұл өте маңызды мәселе.

— Мен бұл мәселені білемін. Бірақ бұл жерде мәселе мемлекетаралық қарым-қатынастар туралы болып отыр. Бұл Ресей тарапынан енгізілген шектеулер. РФ мен Қазақстан арасындағы келісімдерге өзгерістер енгізу керек. Осы жерде сенаторлар отыр, осы мәселе бойынша көмектеседі деп ойлаймын, — деді Нұрлан Ноғаев.

Минал КЕЗЕКОВТЫҢ өкініш пен мысқылға толы сөзі залды бір сілкіндіріп алды: — Өткен жылы Атырау облысы Астанаға 6 миллиард теңгеге көпір сыйлады. Осы жылы да астанаға бірдеңе сыйлауға тағы «өтініш» білдіре ме деген қауіп бар. Алға қарай мұндай сыйлық жасамайықшы, үнемделген ақшаға көпбалалы аналарға көмектесейікші… Залда Атырау облысынан сайланған сенаторлар Дүйсембаев пен Еңсегенов отыр. Бұлар елге жиі келіп, біздің проблемаларымызбен айналыссын. Олар АҚШ доллары сияқты, көп көрмейміз. Тағы бір сізге өтінішім: жер митингісінен кейін Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды. Талғат бостандыққа шықты, бірақ Макс әлі қамауда. Ал қазына қаржыларын миллиардтап ұрлаған жемқорлар бостандықта жүр. Президент пен Жоғары сот төрағасына шығып, Максты босатуды сұрауыңызды өтінеміз.

Облыс басшысы, министр Дархан Қалетаев, қос депутат та Макс Боқаевты бостандыққа шығаруға қатысты ұсынысты естісе де естімеген сынай танытты. Тіпті астаналық мәртебелі меймандардың біреуі ел алдына шығып жауап қатпады. Ноғаевтың есебі болған соң әкім үнсіз қала алмады. Бірақ ол тек Астанаға жасалатын қымбат сыйлыққа қатысты ғана жауап берді.

— Биыл Астанаға сый тарту мәселесі көтеріліп отырған жоқ, бірақ, жаңадан құрылған Түркістан облысына тарту жасауымыз мүмкін, — деді Нұрлан Ноғаев.

Келесі бір әйел көзіне жас алып, жақында болған жол-көлік оқиғасы кезінде полиция келгеннен кейін қаза болған бауырының күртесі мен телефоны жоғалған сұмдық оқиға туралы айтты. Ноғаев бұл іс Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаев пен облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловтың тікелей бақылауында болады деп уәде берді.

Тұрғын үй құрылысын жалғастыру үшін жалпы көлемі 1400 гектар аумақ бөлініп, жаңа ықшам аудандарда 25 мың пәтерлік 430 көпқатарлы үй салу да жоспарланып отыр. Есепті жиында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев бұл жұмыстар биыл жасалатынын атап айтты.

Есеп беру жиынының соңы қалыптасқан «сценарийден» ауытқыған жоқ. Нұрлан Ноғаевтың жұмысына сәттілік тілеп, оң ықыласы мен пейілін білдіргендер аз болмады. Жиырмаға жуық атыраулық әкімді жеріне жеткізе мақтады-ау…

Атырау облысы әкімінің есебін әр газет әр қырынан жазуда. Мемлекеттік газеттер мақтауын жетістіріп жатса, коммерциялық басылымдар сын тұрғысынан баға беруде. Мәселен «Мой город» сайты журналисі әкім есебі «Жартылай бос залда өтті» деген тақырыппен жазған. Әкім есебі биыл үшінші жыл қатарынан Атырау университетінің «Жайық» мәдени кешені залында халыққа жету ыңғайсыз, көп адам таба алмайтын жерде өткенін, жастардың аз, көбі баяғы кеңестік дәуір шенеуніктері болған ардагерлердің шақырылғанын айтқан.

Ал «Жас алаш» газеті «Атырауға қытайлардың келуіне болады» деген тақырыппен айқайлатып беріпті. «Осылайша… әкім есебі алғыстармен аяқталды. Былтыр Нұрлан Ноғаев 4 сағат 46 минут есеп берсе, биыл 46 минутқа қысқарды»,-деп жазады газет.

Т.САЛАМАТОВ,

Өз тілшіміз.