«Аққу күйі» атты дастанның авторы ҚАДЫР ЖҮСІП –

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан педагогика ғылымының академигі, Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі. Тұңғыш Жұмекентанушы, Қабдоловтанушы, Әбіштанушы. Бірнеше монографиялық ғылыми еңбектер мен жыр жинақтарының авторы. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы.

Домбыра

Алланың сыйлығы ма өнер деген?

Бабалар қасиеті ол көнермеген.

Домбыра шежіресіне үңілгенде,

Теңіздей тарихында не көрмеген.

Басталып дана түрік ғасырында,

Адамға сүйеу болған асылында.

Беймәлім замандардан айналыпты

Қашалып өшпейтіндей тас ұғымға.

Тербеткен дүниені, әлдилеген,

Тараған тамырына бар күйменен.

Сазына күн билеген, түн билеген,

Әлемге сәуле шашқан таң билеген.

Шайқалып күйге жайлау, орманы да,

Табиғат үн таңдаған талғамына.

Желі де, дауылы да әуез болып,

Адамның қосылыпты арманына.

Өзені, буырқанған көлдері де,

Сусын боп құмның қанған шөлдеріне.

Аспанның би биледі жұлдыздары

Сән берді жерде гүлдей өңдеріне.

Теңселіп Арал-Каспий толқындары,

Ашылды әуенімен қыр құндағы.

Тұлпардың тұяғынан адуынды

Даланың жаны кіріп бұрқылдады.

Баяғы нәзік үнмен жаралғаннан,

Дыбысы дүниеге таралғаннан

Жанынан қалдырмаған сүйеніш қып,

Қазағым әуезінен нәр алғаннан.

Домбыра жарқылдатып жанарыңды,

Ашады бұлттан таңғы арайыңды

Домбыра қиялыңды аспандатып,

Домбыра жаңғыртады сарайыңды.

Таңдағы күй

Селт еттім домбыраның күмбірінен,

Сағада сұңқылдаған сыңғырымен.

Қос ішек – екі бұлбұл шанақтағы

Жарыса сөйлеседі бір-бірімен.

Үндердің бір алуан мағыналық,

Жүрегім тербелісін қағып алып,

Шұбырған керуен жылдар дыбыстарын

Құлағым естігендей шалып анық.

Тұманды ізі — шуы ғасырлардың,

Қаһары шайқасқан ер-жасындардың.

Күйшінің көз ілеспес саусағынан

Төгілді зар-замандар жасырған мұң.

Құдірет күмбірінен көк тербеген,

Сөз сақтап тілдестірер өткенменен.

Жалынды от пердемен шалқып бірі,

Бірінде адуын күш кек кернеген.

Әп — сәтте мұңдастырып адамдайын,

Дәуірлер аттап жеткен бабамдайын.

Ғажайып оқиғаға кенелгендей,

Оранып сезімдерге қалам дәйім.

Шанақтан төкпектетіп жыр-дастанын,

Жанымның шайдай ашып нұрлы аспанын,

Осылай заманнама аралатты,

Күйлерім – сиқырлы үнді сырластарым.

* * *

Айгүл ғой мына күйді дүрілдеткен!

Қағысы жан жүйеңді күлімдеткен.

Төгілген он саусақтан самал сазы,

Әкелген пайғамбардың гүлін көктен.

Алдына теледидар отыра қап,

Бұрышы үйіміздің сахна нақ.

Құшағым менің шалқар жазылып кең,

Сұлуды күй төгілткен бақылап ақ.

Күй қандай жанымызды жадыратқан,

Әркімнің тылсым ойын, ділін тапқан.

Адамның жүйкелері иіп керім,

Арайын аңсарының тынымдатқан!

Сүйсінткен теледидар сәні болып,

Музыка сүйер елдің таңы болып.

Үйіме сыймай кетті күй күмбірі,

Бейне бір саз үйірген залы болып.

Осылай таңды атырдым күй үнімен,

Сезімнің ақтаңгерлік биігінен.

Әсем күй тартты Айгүл «Таңшолпанда»

Ағылған күйдің шоғыр үйірінен.

Адамда қасиет мол өреленер,

Талайды тамсандырып келе берер…

Сөйлеткен қос ішекті Айгүлімнің

Байлығы – жүрегінде кемел өнер!

Ғажайып концерт

Жаңа ғасыр жазының арайында…

Алматы. Республика сарайында

«Айгүлдің күй кеші» боп хабарланып,

Дүрлікті ой құштарлардың талайында.

Сарайдың сыймай іші толған халық,

Билетін алған әркүн таңнан барып.

Бұл бір кеш сұрағанға болмайтұғын,

Бұл бір кеш әрбір қазақ армандарлық!

Айгүл аты! Көтермек ойларында.

Айгүл жүзі! Көз жанар оймағында.

Ғажайып күй концерті бола бермес,

Күй атты шалқар мұхит аймағында.

Ұлы сәт – әр адамның арманындай,

Ұлы сәт – күй-арманның таңдарындай.

Ұлы сәт – күй деп соққан жүректердің,

Ғарышкер ұшқан биік заңғарындай!

Әр адам қолы ұсынған бақытындай,

Сұлудың омырауда жақұтындай.

Тамырда дүрс-дүрс соққан махаббаттың,

Дәл жаңа даты келген уақытындай.

Айгүл, Айгүл! Әр адам лебізі…

Айгүл, Айгүл! Күй шерткен жүрер ізі…

Айгүл, Айгүл! Ғасырда жаңа туған,

Жаңғырған даналықтың бір егізі.

Сарайды халық ерек кернегендей,

Минутын жоғалтуға келмегендей.

Көрермен отырған әр орындарға

Ерекше қасиеттеп төрлегендей.

Зал тыныш. Үні сөнген қозғалыстың,

Естілмей сыбыры да бір дауыстың.

Теңіздің тымық күнгі жағасында,

Тынғандай сылдыры да нар қамыстың.

Сахнаның кеңдігі – ат шаптырым,

Айгүлге арнағандай сақтап нұрын.

Жарқ етіп шықты міне Айгүл-арман,

Сөйледі ұсынғандай баптап гүлін.

Жәннаттан шыққандайын Айгүл сұлу!

Толысқан келбетіндей айдың сұлу!

Зал толы көрерменге иіп басын,

Гүліндей етті сәлем майдың сұлу.

Кең залды шолып өтті жүзі жайнап,

От жанды ажарында қызып ойнақ.

Жүздердің суреттей түзілгенін

Жадырап жанарымен сүзіп ойлап…

Табиғат саф маржанынын сыйлағандай,

Сәулесі дүниеге сыймағандай.

Қызыққан жанарлардың ұшқындарын,

Үйіре бір фокусқа жинағандай!

* * *

Паһ, шіркін! Күй – періште сахнада,

Қарай қал әр қимылын бақыла да.

Аққудай ұшып келген айдын көлге,

Қанаты бұлттай аппақ заты дара!

Құшады домбырасын бауырына,

Құштарын балқытып ел қауымына.

Қолпаштан мың көгершін ұшқанындай,

Қосылып қошеметтің дауылына.

Мыңдап көз аққу күйді сағалауда,

Дарынды дайындалып бағалауға.

Толқынын кешуге күй теңізінің,

Келгендей тамашалап жағалауға.

Ақ саусақ аралады пернелерді,

Қимылдан күй-сурет өрнегі енді.

Айгүлім құдіретті гидке айналып,

Әлеумет күйден тұнған көрмеге енді.

Шықты алға Құрманғазы адуындап,

Жарқылдап қағыстардың жарығын ап.

Зал тұнған өткен ғасыр мінбесінен,

Ұсынған заңғар күйдің тәлімін ап.

Биікке шықты шырқап «Төремұрат»,

Заманның алуан сырлы дерегін ап.

Бабалар рухына бас игендей,

Қол соқты ел нұрлы күйге өле құлап.

Кезекте «Адай» шықты арқыраған,

Сақтаған батырдайын халқын аман.

Зал түгел толқығандай орынында,

Осынау шыдай алмай шалқымадан.

«Сарыарқа» — сары даланың кеңдігіндей,

Құдірет сыйға тартқан теңдігіндей.

Адамдар егіндейін бейне толқын

Идірген дән салмағы желді күндей.

Төгілді «Ақсақ киік» күй мұңындай,

Қазаққа тарту еткен сыйды мұндай.

Әр адам толғанысы осы күйде,

Ұйлықты тебірене ұйлығудай.

Рухпен «Қайран шешем» биіктеді,

Қарыса қайсарлықты иіп тегі.

Осы саз тереңінде күңіренген ой,

Күйшінің жүрегінде күйік пе еді?!

«Алатау» асқақтады, қайсарланды,

Мақсат қып әр пендеге жар салғанды.

Тіледі қол жетпестей биіктігін,

Тіледі езіле өрлей тамсанғанды.

«Аман бол, шешем …» жұртты үзілдірді,

Жандарға сағынышты сезіндірді.

Бала боп әркім ере балбыраған,

Ер біткен жаулықтарға жүзін бұрды.

Сөз алды Дәулеткерей бипаздана,

Шанағын домбыраның сипап жана.

Ішектің назды үнін құбылдырып,

Сияқты мың иілген бір саз жаңа.

Үзіле сұлулықтан «Көркем ханым»,

Көрсетті кербезденген салқам халін.

Әспеттеп күйіменен бергенін-ай

Сипаттап мөлдірете дархан дарын.

Елестеп сұлу күйден сұлу ханым,

Сезесің тұла бойың жылынғанын.

Отырған сонау шетте көркем қызға

Көзіңмен байқалады қырындағың.

Пай, пай, пай! Күйдің күйі-ай жаңа келген,

Сазымен іңкәрлікті ала келген.

Сол сұлу қандай екен сәулеттенген,

Сол кезде Дәулеткерей дана көрген!

Сыланды «Ақбала қыз» аппақ болып,

Көрінген күй үнінен сақтап көрік.

Иілді «Жеңгем сүйер» әдемілеу

Шай құйған шәйнегінен шап-шақ келіп.

Теректің бұтағынан көрінгендей

Шырқырап «Бұлбұл» құс та төгілгендей.

Шаттана өрепкіген көңілдерде

Гүл болып алуан түсті себілгендей!

Салалы іліп-қағып саусақтары,

Секілді күңгірлеген тау шатқалы.

Динаның «Өттің, дәурен» деген сөзін,

Сезініп көзден тамшы моншақтады.

Кім асар қаһарлы «Ана бұйрығынан»,

Алысқа қыл құйрығын түйді құлан.

Жалт етіп қарағанда саз жанары,

Шаңқ етіп қос қанатын түрді қыран!

Сызылды «Он алтыншы» жыл дүбірі,

Күңгірттеу тарағандай көңіл нұры.

«Жігердің» адуынды серпуінен,

Кергендей әркім шірей тебінгіні.

Қазақтың ұлан-байтақ той қайнауы –

Даланың таусылмайтын бай жайлауы.

Домбыра күмбірімен жайнатқандай

Аймақты Тәттімбеттің «Саржайлауы».

Балқыды Сейтектің де «Балқаймағы»,

Оятып құштарлықты қай-қайдағы.

Жарқырап көк жүзінен шашылғандай,

Аңсаған жапырағын жайған бағы.

Тыңдашы «Жантазаны» салып жаның,

Тамсана татқандайсың нәрін-балын.

Күш алып екпінінің қуатынан,

Келеді лапылдағың, жалындағың.

«Торы аттың» жойқын бар ма шабысындай!

Қол созым жақын қылар алысыңды.

Қимылы сәйгүліктің арындаған,

Тарпына тілегендей жарысуды.

Үздіксіз қанатымен себеледі,

Есбайдың селт еткізер «Бөгелегі».

Алғандай тынышыңды бұл сәтінде

Даланың мазасыздау көбелегі.

Елжіреп Қазанқаптың «Балжанымен»,

Шынайы ғашықтықтың талғамымен.

Сүйікті қасыңдағы нәзік қызды

Барыңмен, өбектейсің маржаныңмен.

Кім қалар «Шалқымадан» шалқымаған,

Сүгірдің шалқарына балқымаған.

Тебірене зал теңселе жөнелгендей,

Бүл күйге жан болар ма толқымаған.

Махамбет жарқылдады жырларындай,

Бейнелеп туған жерін құм Нарындай.

«Өкініш» ақтарылып даласында,

Заманға айтылмаған сырларындай.

Жөнелді Абыл күймен жамыраған,

Өткенді бейнелеген қаңыраған.

Ескермей ата-баба аруағын,

Қалайша зар күйлерін сағына алам.

Қауеннің «Сәнауын-ай» үлбіреген,

Көз тартқан бағы жайнап гүл-гүл елең.

Үзіліп нәзіктікпен кетпесе екен,

Жүзімен әр жанардан нұр күреген.

«Ақшолпан», «Ақшолпан» деп күйші Мәмен,

Күйіңді «Ақшолпандай» құйшы, Мәмен.

Сұлулық не екенін сөзбен осы,

Сымбатын шынайылық түйсін әлем.

Науша, Боғда, Әлікей, Есір, Арал,

Әбікен, Төлеген де көсіле алар.

Айгүлдің елге тартқан сыйларындай,

Әр қазақ замандарды есіне алар.

Көрермен күй нұрына шомылғандай,

Әуезден әсем перде жамылғандай.

Шапалақ тоқтамады жапалақтап,

Ғажайып аққу –күйге табынғандай.

Овация. Гүл шоғы жауды аспаннан,

Тізіле бір-біріне жалғасқаннан…

Айгүлге осынша ел мақтанышы

Артықша арналған жыр бар дастаннан.

Мереке аяқталар байқалғандай,

Орнында зәулім сарай шайқалғандай.

Айгүл де домбырасын икемдеді,

Әлде де толғанысын айтар жандай.

Кем емес төгілткенде кемел жырдан.

Жаралған күй сымбатты терең нұрдан.

Безілдеп Есбайдың «Ел айрылғаны»

Жүрегін жұлып жұрттың елең қылған.

Толқынға батырғандай саналарды

Алаштық сырға толы дала мәнді.

Өткеннің шежіресін күй баяндап,

Дәл менше тебірендірген әр адамды.

* * *

Ғажап күй мынау залда күмбірлейді,

Терең үн құлағымда күңгірлейді.

Күмбірлеп, күңгірлейді тербеп жанды,

Туатын жүрегімнен жырды үрлейді.

Бұлақтай құлағыма құйылғандай,

Дәм болып сезіміме бұйырғандай.

О, қоңыр домбыраның ақ шанағы,

Кеудемді тебіренткен сыйың қандай?!

Сен мені жетеледің қалай қарай,

Қиялым жұлқынады қалай-қалай?!

Барады өткен уақыт аңғарына,

Қазіргі ғасырға да қарайламай.

Бейнесі бұлдыр заман, бабаларым…

Сөздерін, дауыстарын шамаладым.

Көш пе әлде азынаған азан-қазан,

Аңырап зарлағандай аналарым.

Ақылгөй жыр тербеген абыздарым,

Бебеулеп жеткізеді жан ызғарын.

Естіліп о бір күндер бораны да,

Сезіндім ақпандардың ақ ызғарын.

Беймәлім мезгілдердің жылауларын,

Жылдардың ызғары өткен қырауларын.

Кейінгі ұрпағына уілімен,

Жеткізген осы күймен сұрауларын.

Өтелмей өкіндірген парыздарын,

Қалдырған болашаққа қарыздарын.

Домбыра күмбірімен ата-баба,

Кейінге жіберіпті арыздарын.

Тербелдім осылайша қиялыммен,

Көз салдым өткендерге күй-ағынмен.

Ғасырлар шежіресі қалайынша,

Ішегіне домбыраның сыя білген?!

Күйші отыр ой тұтқындар күйіменен,

Тыңдарман таңқалуда ұйып ерен.

Көздерін тебіренеді жұмып алып,

Соғысы жүректердің жиілеген.

Тынбастан қол соғылды сүйсінгендей,

Тереңін ғасырлардың түйсінгендей.

Әр қазақ тамырына қосыла ағып,

Тылсымның жүлгесімен нұр сіңгендей

Қиялы мына әлемге сыймай қалып,

Маздаған ошағында қидай жанып.

Домбырасы, саусағы, бар болмысы

Кеткендей күмбірлеген күйге айналып!

Түрегелді зал тастап орындарын

От ойнап бойларында небір жалын.

Түсінді күй — падиша бауырлардың

Тағы да бір күй тарт деп жалынғанын.

Нұрғиса! «Аққу» күйі! Шәрбаттана,

Шанақтан сұңқылдады жайлап қана.

Қанатын қомдағандай күйші Айгүл,

Ғажайып ойға батып қайраттана.

Сурет. Көлдің беті жайнағандай,

Шымырлап майда толқын қайнағандай.

Аққулар жүзіп жүрді тізбектеле,

Тұрақты бұл мекенді жайлағандай.

Сұп –сұлу созып ұзын мойындарын,

Сызыла жүзді бастап ойындарын.

Аңсаулы аналары қанаттарын

Ашқандай балапанға қойындарын.

Тіркесе дөңгеленді су бетінде,

Бейбіт жай әрқайсының келбетінде.

Қаңқылдап сөйлескендей бір-бірімен

Келгендей ұйымдаса үнге, тілге.

Басшысы жүргізгендей өз билігін,

Ажырап кейбіреуі жүзсе қырын.

«Қаңқ» етіп көл аймағын күйге бөлеп,

Желпиді қанатымен сүзе бұрын.

Көз керек көрініске судағы аппақ,

Аққулар сызған шеңбер ыждағаттап.

Асады бір-біріне мойындарын

Моншақтай көздерінде нұр қонақтап.

Қосыла бір сәтінде қаңқылдады,

Жазыла қанаттары жарқылдады.

Тізіле шырқап биік көк жүзіне

Сөндіріп ұшты көлдің жарқын бағын.

Қосыла шығып бірдей дауыстары,

Созыла бірте-бірте алыстады.

Аппақ боп айналды да бір нүктеге,

Жұлдыздай кетті ағып ғарыштағы.

Шапалақ қайта-қайта дүбірледі,

Көрермен жүректері күлімдеді.

«Жаса, Айгүл!» деген зор дауыстардан

Республика сарайы дірілдеді.

* * *

Күйімен жарқылдады атқан таңдай,

Айгүлім балбырады аппақ маңдай!

Аппақ күн, аппақ, аппақ, бәрі де аппақ.

Айгүлім пәк көңілді аппақ қардай?!

Риза ол досына айнымаған,

Тарихын ұғындырар жайлы далам.

Ішектің үйірілген қайырмасын,

Өзінше қабылдайды ойлы ғалам.

Адамдар күйге қанша бөленгені!

Тұңғиық сырды ұқты тереңдегі.

Жырламай шежірені лебізбен

Шанақтан байыптап-ақ көрер ме еді?!

«Домбыра – нағыз қазақ» дегеніңіз,

Қадырдай тауып айтқан кемеліміз.

Дәлелдеп соны айқын шыққанындай,

Айгүлдей Падиша күй – өреніміз?

Ойы бұл осы отырған әр қазақтың,

Ойы бұл мың ғасырда бар қазақтың.

Ойы бұл жарқырайтын болашақтың,

Ойы бұл қас кемеңгер нар қазақтың!

Өткіздік қандай ғажап көзімізден,

Бейнелеп бере алмайтын сөзімізбен!

Жүрекке сақтап алып жүр екенбіз,

Күй деген құдіретті өзімізбен.

Қанымен тамырларда араласып,

Тасқындай құйылыпты жағаласып.

Қалайша құпияны сезбегенбіз,

Келгенше осы жасқа сананы ашып.

Күй деген әрбір басқан қадамдарда,

Жазуға алған қолға қаламдарда.

Күй әркім жүрегіне салған өрнек,

Құбыла талай өткен замандарда.

Мыйлардың клеткалы түйірінде,

Келетін секундта иірімге.

Күй әрбір адамдардың сенімінде,

Әркімнің бүлкілдеген бүйірінде.

Айтамыз мұны жарлап ана атынан,

Қазаққа қорған болған дала атынан.

Жіберген пенделерге құдіреттің,

Жаратып қарлығаштың қанатынан.

Айгүлге

Айгүлім-ай! сүйріктей саусағыңнан,

Баршаны жаздырмаған тамсанудан.

Әр күйің сенің тартқан желпіндіре,

Қандырды аңсарларды нәр сағынған.

Далаңа бердің қанат ұмсындырып,

Байладың өнеріңе құлшындырып.

Жібіттің тамырларын өңіріңнің,

Кеберсі құйқасына нұр сіңдіріп.

Жан қалмай ырғағыңа теңселмеген,

Көне көз ақ жаулықтар кемсеңдеген.

Еріксіз сақалдардың саулап жасы,

Еріткен сазыңнан ба, көрсең неден…?

Төгілген күйің ғажап жырдан өткен,

Қазақтың көңілінен нұр дәметкен.

Үн қатып ғасырлардан замандарға,

Құйылған құлақтарға сырға бөккен.

Не деген қос ішегің шешен еді!

Көгерткен сезімдерден көсегені!

Жеткізген бабалардың сағынышын,

Төгілген ақыл-оймен көшелі еді?!

Айгүлім, тамсандырды-ау шеберлігің,

Білмейді дархан дүние не дерлігін.

Сен бағбансың заматта жайқалдырып,

Көкейге қилы-қилы егер нұрын.

Жеміске шөл даланы төгілдірген,

Емессің айналайын тегін дүрден!

Жанна Д Арк сияқты енжарлықты

Талқандап күйіңменен шегіндірген.

Шадыман жайқалдырдың ну орманды,

Қаусаған жібіттің -ау қуаңдарды.!

Жалауын шаттығыңның желбіретіп,

Ерттің өнеріңе ұландарды.

Суреттеп құйғандай қилы мүсін,

Жүргізіп дүниеге билік ісін.

Қуаныш сыйласын деп бұл әлемге,

Алланың елге берген сыйлығысың!!!

Түйін

Өмірге не керектің санап бәрін,

Аямай табиғаттың далаптарын.

Ұсынған Айгүлдей күй падишасын,

Не деген шебер еді Жаратқаным!

Көрмеген ешбір адам түсінде де,

Пайғамбар кеудесінен түсірмеген.

Мен мына табиғатқа табынамын,

Айгүлді дархандықпен мүсіндеген.

Алғысын арнап оған боратады,

Аялап туған қазақ алақаны.

Дүниеге айтқандай ықыласын,

Сәулесін шашты жомарт дала таңы!