Қалижан Еркеназ Еркінқызы 1998 жылы 4 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылында дүниеге келген. «Мен жастарға сенемін» атты V республикалық патриоттық байқаудың поэзия аталымы бойынша II орын иегері. «Жарқыл» кітабының авторы.

Сәт

Табаным тезірек таймауын тілегем,

Тұсаған тәтті әлем.

Мендегі жанарды аяумен жүдеген

Ұяға күнім де батты әрең.

Ессіздеу елегзір жанымды емдеген,

Көшуде құйғып ән.

Қауышу бақытын қондырған кеудеме

Қоштасу қайғысын қалайша сыйдырам?!

Бұл әлде түс пе еді ғажайып мен көрген,

Тербеген таң нұры?!

Тек әттең, оятып жіберді гүлімнің сен берген

Қолымды тілгілеп қураған қалдығы.

Жұттым деп жұпыны сезімнің кермегін

Күмәнді – тұтас бір тағдырды кінәлау.

Шыдамға шек болмау үшін де шаттықтың шеңбері

Шағын да шығар-ау.

Сығалап қарай ма сәулесі сынық түн,

Жарығын жат үйдің?!

Мен солай сәт үшін ғана өмір сүріппін

Мәңгіге татитын.

*****

Көзімнен көшеді кешегі кездерім,

Сезбедім…

дәл бүгін басымнан не өтіп жатқанын.

Мен бәлкім, ешкім де таба алмас беймәлім жақтамын.

Ішімде қайнаған баяғы арпалыс,

Жетпейді жырақта жақыннан жан дауыс.

Опам деп оқитын бұл күнде жыр да ауыр,

Мен – бүгін бейне бір қанаты қырқылған қырғауыл.

Самал жел баяу кеп бір сазын сыбырлар,

Ол да өкпе айта ма алдамшы ғұмырға?!

Тек ыстық сезімсіз қалудан қорқамын,

Екіге бөлініп кетер ме жол тағы?!

Елес те елітер гүл ала жүгірген,

Аспанға қараймын тал бойым дірілдеп.

Бір жұлдыз аққанда екеуміз қоса айтқан

Тұрамын тілекті ішімнен күбірлеп.

*****

Торыға берем, таусылып барады амалым,

Ұшырып алдым көңілдің шағалаларын.

Жабығып сен де жүрмісің, жанды таба алмай

Алыстан ғана бұлғайтын ақ орамалын?!

Күрсінтіп кейде ойымның көп тұсалғаны,

Кеудемді күллі ғаламның өпті салмағы.

Сарыла күткен сәт санап бір хабарыңды

Кеш келген мына көктем де жеткізе алмады.

Дүние — дүрмек, толқулар түрін көремін,

Жөн шығар мүмкін жүзіне үңілмегенім.

Қиялмен ғажап аралды құрап ап, сонда

Өзіңе арнап сағыныш гүлін теремін.

Үмітім нәрсіз ұқсайды күзгі терекке,

Адасып кеткен бақыт-құс бізді жетектер.

Сезімнің соңғы сертіндей ақ орамалға

Бір тамшы жасым үзіліп түсті кенеттен…

Сыр

Жабыстырып жаныма жалған шерін,

Сая кезіп сабылып аңғал сенім.

Жабыққанда жүрегім жарылардай

Жаңарыңа үңілем қалқам сенің.

Қалқам, сенің үңілем жанарыңа,

Мұң төгіліп домбырам шанағынан.

Сөзімді еске ап жар болған жаралыға,

Досымды еске ап оралған балағыма.

Солай, күнім, сіңемін нұр ішіне,

Жолды байқап ілгері жүрісі кем.

Кеш өткерген сүйініп бір ісіме,

Өзекті өртер күйінем мың ісіме.

Мен бағымнан мүмкін көп тосылармын,

Бірақ, сені дұғама қосып алғы.

Шүлдірлеймін шаттықтан шықса екен деп

Кірпігіңді сулаған жасың әрбір.

Мөлдірім-ау, шығындай лала гүлдің,

Бойтұмары секілді бала күннің.

Жаз көңілім баз кешіп кетпеу үшін

Сен сөндірме жарқылын жанарыңның!..

Жұбаныш

Тағы да өзіңе табаным тиді құм шағыл,

Қойнауың әлі құсасын тұр-ау құрсанып.

Желікпе сезім желкенін керіп жат жерде

Сезбеппін сені сағынғанымды мұншалық.

Пейілден шаршап шырайын бермес жымысқы,

Бал деп ұсынған сусыннан талай у іштім.

Санамда қалған салқындықтан шын сілкілеп,

Құшағыңа алып жылытшы мені ып-ыстық.

Беу, шағылдарым, жазира самал, жыр-мекен,

Қара нарым-ау жанарың неге мұңлы екен?!

Жоталарымды жұмақтан болғыр әжемнің

Аңсары үзілмей, аруағы кезіп жүр ме екен?!

Аспаным да үнсіз, көзінен кетіп ыршып мұң,

Қолдарым өбіп иесіз қалған ұршықты.

Шарасыз қалып қайтадан шыңдала алмасам,

Кешірме шағыл, шаңыңа мені тұншықтыр.

Басылар көңіл, керіден мүмкін шытынар,

Туғанмын сенен кезім жоқ енді тұтылар.

Соңғы рет бүгін жасымды төгем жасырмай,

Куә боп жалғыз жаныңа мәңгі жұтып ал.

Жарықтық!..

*****

Жаңбыр жауды, еститін ел бармысың?

Шіркін-ай, жанға қандай аяулы еді!

Оның құшып, сүюге әр тамшысын

Төсеніш қып жүректі жаяр ма едім?!

Бұл сәт ойда қалайша қалғымаспын,

Бір тамшыда жатқандай ғұмыр мәні.

Есіңде ме жаздыкүн жаңбыр асты

Сенің асқақ кеудеңе тығылғаным?!

Мен сол кезде Құдайға анық үнмен

Тілек еттім мөлдірлік жүз өпкенін.

Сенің ыстық шарпыған жалыныңмен

Табанымнан сезбеппін сыз өткенін.

Жаусын жаңбыр, бар әлем құлшынуда,

Сезімге бой тағы да тұншығып ал.

Төксін жаңбыр, оның әр тырсылында

Сенің асқақ кеудеңнің дүрсілі бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *