Әлемді шарпыған індетпен күресте аянбай тер төгіп жүргендердің қатарында СЭС қызметкерлерінің еңбегін ерекше айта кетпесе болмас. Олардың осынау күрделі шақта жасап жатқан жұмыстары жөнінде сол мекеме мамандарынан сұқбат алуды жөн көрдім. Алдағы жүретін сұқбатта Атырау қаласының тауарлармен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Мәлікұлы Хамзин мырза менің сұрақтарыма жауап беретін болады.
— Жаһандық пандемия кезіндегі жұмыстарыңыз жайында айтып берсеңіз.
— Covid-19 инфекциясы әлі күнге дейін тіркеліп келуде. Біздің мамандар күн демей, түн демей ауру ошақтарына барып, қатер үстінде қызмет етті. Ауырып шыққан адам кіммен байланыста болғандығын, қайда жүргендігін анықтады. Қазір жағдай тұрақталғандықтан демалып жатыр. Ал ең бірінші ауру шыққанда, наурыз айында ешқандай тыным болмады. Өйткені жаңа аурумен қалай күресу керектігін білмедік. Мамандарымыз қатты шаршады. Қазіргі уақытта олардың көбі демалып жатыр. Үкіметтің қарастырған қаржылай көмегін де алды.
— Қанша қызметкер жұмыс жасайды?
— 26 қызметкер, соның 12-і эпидемиологиялық бөлімде жасайды, қалғаны санитарлық бөлімде. Бірақ санитария мен эпидемиология бірге жүретін салалар ғой, екеуін бөліп қарастыруға болмайды. Санитарлық жағдай нашарласа, эпидемиологиялық жағдай да өршіп кетеді. Мысалы, дезинфекция шаралары жасалмаса, инфекция қозып кетеді. Ол қалай? Қолыңды антисептикпен тазаламасаңыз, біреумен амандасқанда оғанвирус жұғып, ол басқа біреуге таралып кетеді деген сөз. Санитарлық дәрігерлердің айтқанын орындап, шығарған қаулыларына бағынсақ, бұны жеңеміз деген ойдамыз.
Жұмыс жайын нақты айтсам, жаңа атап өткендей, ауру ошақтарын табу, науқаспен байланыста болғандарды табу, заң бұзушылықтар тіркелсе, сәйкесінше жазалау, профилактикалық жұмыстар жүргізу болып табылады. Карантиндік ережелерді сақтамаған адамдарға жағдайына қарай, ескерту жасап, қайталап бұзған кезде айыппұл салып жазалаймыз. Көбі бетпердесін сәл шешіп қояды, оларға түсіністікпен қараймыз. Кейбіреулерге үш-төрт рет ескертеміз, сонда да бетпердені толық, дұрыс тақпайды. Оларға айыппұл салынады.
Сосын бәріміз мемлекеттік қызметкер болғандықтан, тапсыратын есептеріміз бар. Оны айына, күніне тапсырып отырамыз. Халықтың көзіне көрінбейтін шаруаларымыз көп. Көбі ойлайды: СанЭпедСтанция тек айыппұл салады деп. Солар ең алдымен аурумен күресіп жатқан біз екенімізді білмейді. Мысалы, наурызда Амстердамнан келген ұшақты күтіп алған біздер. Ол кезде ауру жайында көп мәлімет білмейміз.
— Өздеріңіздің қызметкерлеріңіз жұқтырған фактілер болды ма?
— Өзіміздің қызметкерлер де ауырып шықты. Жалпы саны алтау. Біреуі басшы.
— Олар толықтай емделді ме?
— Иә, толық емін алып шықты.
— Қазір жұмыс жасап жатыр ма?
— Иә, өз қызметтеріне кірісіп кетті.
— Қай мемлекеттік мекемелермен байланыстасыздар?
— Әкімшілікпен, Полиция департаментімен, денсаулық сақтау департаментімен өте тығыз байланыстамыз. Атырау облыстық ауруханасымен де байланысымыз берік. Карантин уақыты болғандықтан кәсіпкерлік тоқырап жатыр ғой. Сол сала «Atameken» кәсіпкерлер палатасымен қолдау алып отыр. «Инфо Қазақстан» деген портал бар ғой. Кәсіпкерлер жұмысын жалғастыру үшін сонан рұқсат алады. Бұл Atameken-нің өзінің жобасы. Біз бірге сол кәсіпорындарды тексеріп қайтамыз.
Кәсіпкерлер өздері тексеруге ұсыныс жібереді. Біз бес адамнан бір топ жасақтап жібереміз. Әкімшіліктен бір адам, Atameken-нен біреу, бізден бір маман, тағы басқа құзырлы мекемелерден мамандар келіп, арнайы тексеріс жасайды. Қарап шығып, ескерту болса береді. Сол ескертуді түзетуге уақыт бөлінеді. Екінші рет тексеруге барғанда тапсырма орындалып тұру керек. Ескертуімізді елеген болса, ашылуына рұқсат беріледі.
Дина базарындағы жағдайды білесіз ғой. Олар біздің талаптарды орындамай жатыр. Біз айыппұл салған соң халықтың бүкіл негативі бізге қарай бұрылып жатыр. СЭС-тің кесірі дейді. Былай қарап отырсаңыз, біз тек халықтың жағдайын ойлап отырымыз, солар ауырмасыншы деп дұрыс жағдай қалыптастыруын талап етеміз.
— Халық ауырып жатқанда, олар бірінші сіздерді кінәлайды, иә? Неге осылар қарамайды деп. Ал ауырмасыншы деп карантинге жапсаңыздар, біздің кәсібімізге кедергі жасап жатыр деп шығады. Кім үшін істеп жатқандарыңызды түсінбейді.
— Иә, жағдай солай болып тұр.
— Негатив пікірлер, мемлекетке сенбеу, ауруды жоққа шығару қайдан шығады деп ойлайсыз?
— Қазақ десең, өзіңе тиеді. Қазақтың өзінен де бар. Адамға сенбеушілігі, теріс пікір қалыптастыруы. Ауру өзінің туысы, ағайынынан шықпайынша сенбейді. Басында, бір-екі адамнан шыққанда сақтаныңдар деп айттық. Жасырары жоқ, өзіміздің ағайыннан да сенбегендер болды. Қазір атыраулықтардың әрқайсысының бір ағайыны ауырды деп айта алам. Сондықтан халық сене бастады. Бірақ халықты да түсінуге болады, сенгенімен күн көріс керек қой, карантин нормаларын бұзуына тура келеді.
— Қаншалықты өлім-жітім болып жатқанын біліп отырасыздар ма?
— Біліп отырамыз. Мүрдені тасымалдау үшін рұқсатнаманы бізден алып кетеді. Біз сол кезде санын тіркеп отырамыз. Өзіміз сенбі, жексенбі демей, адамдарға рұсатнаманы беруге тырысып үй көрмей кеткен кездеріміз болды.
— Covid-19-дың статистикасын кім жүргізеді?
— Оның барлығын біздің мамандар жасайды. Байланыста болған адамдардың телефон нөмірлерін алып, оларға соғып, қал-жағдайларын сұрап отырады. Симптомдары байқалса, үйден шықпауын ескертеді және дәрігерлерге хабарласып, ауруханаларға орналастырады.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, пандемияны толық жеңуге әлі екі жыл керек екен. Сіздерде осы жылдарға жоспар құрылады ма? Әлде одан да бұрын жеңеміз деген ой бар ма?
— Бұл ауру болғандықтан, қалады ғой. Бір күні шығып, екінші күні жоқ болып кетпейді. Бұл халықтың арасында жүретін ауру. Сол үшін вакцина жасау бірінші талаптың бірі. Қазақстан да сол вакцина жасауға тырысуда. Вакцина қалай шығады, ауру қазіргі грипп сияқты маусымдық ауру болып қала ма белгісіз. Бір құдайдың қолында. Жағдай қалай өрбитінін вакцина шыққан соң көре жатамыз. Ауру толықтай зерттелмегендіктен, нақты жоспар құрып, мынау былай болады, сосын былай болады деп айта алмаймыз.
— Халықта алғашында Covid-19-ға сенбегендей мына жасалып жатқан вакцинаға да сенбеушілік бар. Сіздіңше, вакцинаны міндетті еткен дұрыс па, әлде халықтың өз еркінде болғаны дұрыс па?
— Мен халықты анаған міндеттеу, мынаған міндеттеу дұрыс емес деп ойлаймын. Дегенмен вакцинаны бәрі алғанын жөн көремін. Алдымызда грипп маусымы келе жатыр. Оған да халықтың вацина ектірткені дұрыс. Неге десеңіз, қазіргі коронавирус бар, оған грипп қосылса, екі ауру бірігіп, салдары жаман болып кетуі мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, шілде айынан бастап коронавирус пневмония деген аурумен бірігіп кетті. Қаншама адам ауырып, қаншама адам көз жұмды. Вакцина не үшін керек? Адамда кішкене болсын иммунитет пайда болады. Аурумен күресуі де жеңіл болады. Ауырса да симптомсыз өтуі мүмкін. Коронавирусқа вакцина ойлап табылса, мемлекетіміз оны қолжетімді бағада қояды деген ойдамын. Өйткені адамдардың жағдайлары әртүрлі ғой. Ешкімге міндеттемей, өз еркімен алдырған жөн болар. Денсаулығына қатты уайымдайтындар міндетті түрде вакцинациядан өтеді. Біреулердің уақыты, біреулердің қаржысы жетпеуі мүмкін. Біреулер бар, теріс діни ағымда жүргендер. Олар осы вакцинаға түбегейлі қарсы шығады. Оларды да міндеттей алмаймыз ғой.
— Телеарналарда көрсетіліп жатқан Covid-19 туралы ақпараттарды кім береді.
— Біздің өзіміздің комитет бар. Солар бізге ақпараттарды жібереді. Сол ресми ақпараттарды халыққа таратуға жұмыстанамыз. Фейсбук, Инстаграм, қалалық телеарналар, газет-журналдарға ақпараттарды таратуға береміз. Инфо Қазақстанмен бірге рейдке шыққанда да айтып жүреміз. Адамдардың бәрі бірдей емес, біреуі түсінеді, біреуі түсінбес. Біздің мақсат жалпыға түсінікі, шынайы ақпарат жеткізу.
— Атырау әкімдігі телеграмм желісінде чат ашқан болатын. Сонда СЭС мамандары бар ма?
— Иә, бар. Күнделікті, тұрғындардың сауалдарына жауап беріп отырады.
— Дина базарында нақты қандай мәселе туындаған еді?
— 12 жабық повильонның 8-де желдету жүйесі жоқ. Алғашқы тексеріс жүргенде басшылықтарына сұрақ қойылып, ескерту жасалды. Қатемен жұмыс жасауға 10 күн уақыт берілді. Олар 10 күннің ішінде бәрін түзейміз деп қол хат жазып берген болатын. 10 күннен соң қайтып барғанда толықтай жасалмағанын көрдік. 4 нысанды ғана дайындап қойған.
— Маршруттық көліктердегі сақтық шараларының сақталуын кім бақылайды?
— Қаулы бойынша, бұны жол потрульдік полициясы бақылайды. Олар бізге көмек ретінде видео дәлелдерін жібереді.
— Жолаушыларға не айтар едіңіз?
— Денсаулық ең бірінші адамдардың өздеріне керек. Маршруттардың іші толып тұрса, оған мінбей, егер ол маршрут адамдарды толтырып алып жатса, олардың басшылығына хабарласып, манандай нөмірлі маршрут заң бұзып жатыр деп хабарласу керек. Халықтың өзінен сондай ерікті әрекеттер шығу керек. Мысалы, заңсыз өткен тойларды да көршілері айтып жатады. Менің түсінбейтінім, той иелері неге өз басын ойлайды? Менің үйімде той өтіп кетсе екен деп өзгелердің жағдайын тыс қалдырады. Тойға 20 адам келсе, оның біреуінде Covid-19 болса, қалғандарының бәріне жұқтырады.
— Сұрақтарым аяқталды. Халыққа өзіңіздің айтар тілек жолдауыңызды айта кетсеңіз.
— Халыққа ең басты тілегім – денсаулық. Ауырмаңыздар, денсаулықтарыңыз зор болсын. Сұрайтынымыз – санитарлық талаптарды орындаса екен, кім болса да карантин ережесін бұзбауға шақырамыз. Сұрақтары болса, біздің мамандар әрдайым көмектесуге дайын. Індетті жеңу үшін бәріміз талаптарды бұлжытпай орындауымыз керек. Бірлігіміз жазылмаса, бәрін жеңеміз!
— Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбат құрған – Ізбасаров Есенбай
Дұрыс айтады.