Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, голландиялық марихуананы өсіретін зертхананы анықтады, деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев. -«Атырау қаласының 1970 жылғы тұрғыны өзінің жатын бөлмесінде желдеткіші бар,сонымен қатар температурасы мен жарық жағдайлары сақталған шағын жылыжай жабдықтап, құрамында есірткі бар өсімдік өсірумен айналысқан.Үй ішін тексеру барысында, төрт ыдысқа отырғызылып, өсіп тұрған өсімдіктер табылды. 50-жастағы азаматтың айтуынша, есірткі өсімдіктерін сату үшін емес, өзі қолдану үшін өсіріпті». Бұл азамат сараптамадан өткізіліп, нарколог-дәрігердің қортындысымен оның қанының құрамында есірткі бары анықталды. Қылмыстық кодекстің 300-бабы — «құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру»бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Үйінде есірткі өсірумен айналысқан «агрономның» өсімдіктің тұқымын қайдан алғаны және «өнімдерін» сатып, қылмыстық бизнеспен айналысты ма, жоқ па тергеу барысында анықталатын болады.