Бақыттың құпиясын білесіз бе? Ешқандай да құпиясы жоқ! Бақыт – өз өміріңнің дәмін сезіп өмір сүру. Бәрінің: сөздің, дыбыстардың, құшақтардың, оқиғалар мен сезімдердің. Дәмі қашан да тәтті болады деп үміттенбе! Бар қызығы өз өміріңді “дәмді” дайындай білуде жатыр. Жалпы осы он сегіз жасымда түсінгенім: өзіңді іздеп емес, құрастырып алу керек екендігі. Ақыл айтатын жаста болмасам да, берер кеңесімді іште сақтап қалғым келмейді. Негізінде, өзіңді жасап алу деген алғашқыда оңай нәрсе секілді естіледі. Алайда, оның бір сәттік емес, толық өміріңе татитын жұмыс екенін іске шындап кіріскенде ғана ұғынасың. Яғни, бұл дегеніміз, ерте демей, кеш демей әрдайым даму үстінде болу. Дамимын деп шешкен адамға бірінші “Даму үшін не істеуім керек?” деген ой келері сөзсіз. “Даму деген қалай сонда?” деп те түсінбей қалатындар болуы ғажап емес. Менің ойымша даму – ол біріншіден өзіңді қор қылмау. Иә, сіз дұрыс оқыдыңыз. Бұл ғаламдағы әрбір адамның бойында жоқ дегеннің өзінде бір дарын бар. Ал өз ішіңе дұрыстап үңілетін болсаң, бірдің бірнешеуін тауып алуың мүмкін. Ғаламда біршама адам өз арманындағы өмірге жете алатын мүмкіндіктерді елемей, “маған осы да жарайды” деп өмір сүріп жатыр. Бұл әрине қынжылтатын жайт. Сонымен, дамуға күш салмай, өзін қолға алмай жүрген адамдарды — өзін бағаламай жүрген жандар деуге болады. Даму деген сонымен бірге уақытты босқа өткізбей, тиімді жарату. Даму жолында саған көптеген есіктер ашылып, адам сенгісіз жетістіктерге жетеріңе кепілдік бере аламын. Сіз өмірде барсыз, тірісіз. Қалғанының бәрі өте оңай. “Әуелі тазалап ал іштің кірін, болмасын сыртың сұлу, ішің ірің” деген Ақмолда ақының сөзі бар. Айтқалы отырған ойыммен үндеседі екен. Алдымен, іштегі керек емес қоқыстарды жойып, түпсанаңызды, жүрегіңізді, жан сарайыңызды тазалауыңыз керек. Барлығын, тіптен, сізді қатты ренжітіп қойған адамды да кешіріңіз. Сіздің ренішіңіз өзіңізден басқа ешкімге де кедергі жасамайды. Байқап қарасаңыз, кез-келген біреуге өкпелеп жүрген жанның бойында бір ауруы болады. Міне, сол ауру біздің түпсанамызда кішкентайымыздан бері орнығып келе жатқан өкпе-реніштерден пайда болады. Сіз түсініп үлгергендей, ең бірінші психологиямен жұмыс жасау керек. Ол бір рет кешірдім дегеннен бола қоятын зат емес. Қайта-қайта жасаңыз. Бәрін есіңізге алып тұрып, саналы түрде түсініп, кешіре салыңыз. Өзге үшін емес, өзіңіз үшін. Сонымен қатар жоғарыда айтып кеткендей, біз түпсанадағы тек өкпе-реніштерді ғана емес, қорқыныштарымызды да жеңуге міндеттіміз. “Жұрт не дейді, жұрт не ойлайды” деген секілді ойлар көбіміздің өміріміздегі басты кедергілердің бірі. Осындай паразитті ойлардан арылуымыз қажет. Қорқынышқа жауап беретін нейрон біздің миымызда тек 1 пайызды ғана құрайды екен. Сол 1 ғана пайыз бізге үлкен қылып слайд көрсетеді. Енді ойлап қараңыз, осындай қорқынышымыздың кесірінен қаншама мүмкіндіктерімізді жіберіп алдық. Жұрт не ойламайды дейсіз? Басқа адамдар сіз туралы не десе де, не ойласа да кейін оны өздері ұмытып кетеді. Сіз ғана есіңізге сақтап, өзіңізге ауыр жүк қылып алып жүресіз. Әділ емес қой? “Әлемде шекара жоқ, шекара тек біздің миымызда ғана”. Енді бізге өткенге өкінгеннен гөрі, дәл осы сәттен бастап өзімізді қолға алу – ең дұрыс шешім. Қорқынышты жеңу үшін әрқайсымыз жеке тұлға екендігімізді және әрқайсымыз өз өмірімізді өзіміздің қалауымызша, мүмкіндігімізше, өзіміздің ыңғайымызға қарай сүруге толық құқылы екендігімізді түсінуіміз керек. Қандай жағдай болса да біреуді де, өзіңізді де кінәламаңыз. Тек сабыр сақтап, өз өміріңізге жауапкершілікті өз қолыңызға алыңыз. “Уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық – ұшасың да кетесің”. Қазақта қаншама біз мән бермей жүрген инсайдтар бар, иә? Тәуекел етіңіз. Сәтсіздіктен, құлаудан қорықпаңыз. Кез-келген бір қадамды жасадым деп өкінгенге қарағанда, жасамадым деп өкінген қаттырақ ауыр тиеді. Қазақта “Жақсы сөз айт, болмаса үндеме” деген де тамаша сөз бар. Даму жолындағы тағы бір маңызды мәселе осы. Ойыңызды негативті ойлардан тазартып, назарыңызды, көңіліңізді  тек қана позитивті ойларға бөліңіз. Барлық адамдардан, барлық нәрседен тек жақсыны көруге тырысыңыз. Былайша айтқанда, әр нәрседен керегіңізді алып, керек емеске жай ғана мән бермеңіз. Жақсы сөздерді көбірек айтып жүріңіз. Себебі біз не ойласақ, не айтсақ соны өзімізге тартамыз. Яғни, сол нәрсе шынында да өмірімізден орын алатын болады, сеніңіз. Келесі сауалымыз “Даму үшін не істеуім керек?” Сіз қазір осы жерге қиын тапсырма жазып қояды деп отырсыз ғой, солай ма? Жоқ, даму үшін біз бәрін кішкентай әрекеттерден бастаймыз: Негізінде адамға нағыз керек ұйқы 23:00-5:00 аралығы. Ал сіз күн сайын таңертең күндегі тұрып жүрген уақыттан бір сағат ерте тұрыңыз. Таңғы уақытта жерден көп мөлшердегі энергия бөлінеді. Ерте тұрып таза ауада серуендеп, жүгіріп немесе жай ғана армандарыңызды тыныш жерде ойыңызға алып, сол арманға жетіп жатқаныңызды елестетіп алсаңыз тіптен жақсы болар еді; Кітап оқыңыз. Алғашқыда кітап оқуға 15-20 минутыңызды бөлсеңіз болғаны. Өзіңізді қинамаңыз. Бастысы кез-келген жасаған ісіңіз  жаныңызға жай таптыруы керек; Таңғы жаттығулар жасаңыз. Солай жеңіл әрі қарапайым жаттығуларды жасап-ақ күні бойына жететін қуат жинап аласыз; “Шүкір етсеңдер арттырамын”. Шүкіршілігіңізді арттырыңыз. Айналаңызға көз салып қойып, сізде бардың барлығы үшін “шүкір”-деңіз жаратқанға; Өзіңізді қалай барсыз, сол қалпыңызда қабылдаңыз, жақсы көріңіз. Не қалайтыныңызды түсініп алыңыз және т.с.с. Мен мұнда қарапайым тәсілдерді атап өтуге тырыстым. Ал ары қарай өзіңіздің қалауыңызға байланысты: тіл үйреніңіз, қолыңыздан келетін өнерді дамытыңыз, шыңдаңыз. Тіпті, өнеріңіз арқылы ақша табыңыз. Бұл жерде адамға керек басты қасиет дисциплина, яғни, тұрақтылық. Егер адамда тұрақтылық, ерік-жігер, еңбекқорлық болса алмайтын асуы, бағындырмайтын белдері, шықпайтын шыңы және жетпейтін жетістіктері болмайды. Ешқандай әсірелеу емес, рас әңгіме. Сіз қанша жерден скептик адам болсаңыз да, осы айтқандарға құлақ асып, өзіңізбен жұмыс жасап көрсеңіз, міндетті түрде түбінде нәтижесін береді. Алайда, сізді дамуға итермелейтін біреудің сөзі емес, сіздегі ынта. Сондықтан, дамимын деп шешкен болсаңыз — тоқтамаңыз, еш қиындыққа сынбаңыз. Осылайша әр күніміздің бекер өтпеуін қадағалап жүретін болсақ, бақыттың кілті тек өзіміздің қолымызда екенін түсінеміз.


Жұмалиева Шаттық

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің студенті

         

Өмірде өзіңді табу деген жоқ, өзіңді тек құрастырып аласың: 12 комментариев

  1. Жаным бауырым артымнан ерген сіңілім еңбегің бейіктерден көріне берсін, денің сау басың аман болсын. Талай бейік шыңдарды бағындырып керемет маман иесі бола біл. ♥♥♥♥♥♥♥♥

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *