Қытайдың ойшылы Конфуцийдің: «Адамгершілігі барлар басқаларға тірек болады, басқаларға жетістіктерге жетуге көмектеседі, өзі де сол жетістікке жетуді қалайды» деген ғибратты сөзі бар. Елдің еңсесінің түспеуіне өздерінің биік адамгершілігі, табандылығы әрі алмас қылыштай әділдігімен керемет әсер ететін маңдайы даладай жазық, жүрегі сол даладай кең нар тұлғалы азаматтар қашанда болған. Солардың арасында орны бөлек Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақтай адал қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық абзал азамат тал түске баланған алпысқа абырой биігінде жетіп отыр.

Алпыс деген ақ орданың алдына кеп өзінің атын байлаған Әкім Ысқақтың бекзаттық болмысын, салдық сымбатын, есімі маған беймәлім ақынның мына бір өлең шумақтары толық ашып тұрғандай:

Жүрегіңде бір кішкентай күн барда,

Болысасың миллиондарға, мыңдарға,

Жүріп өткен жолдарыңа өкінбе,

Өкінсең де жылдам өткен жылдарға.

           Сенің жолың жырлы жол да, мұңды жол,

           Жалт қаратпай қойған емес кімді де ол.

           Шапқан аттай арындасаң, аяулым,

           Сенен алар кейінгіге үлгі мол.

 Иә,жақсы адамдардың өмірі – ұрпаққа өнеге. «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн дана айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету парызымыз. Өйткені, қазақ азаматтарының парасаты мен шапағаты, намысы мен пайымы, мейірімділігі мен қайырымдылығы зор болып келсе, ұл-қызымыз ұлағатты болып, ұлтымыздың маңдайына шаң тимейді. Сондай-ақ, адам баласын алға жетелейтін де, елі мен жұртына кеңінен сыйлы етіп төрге шығаратын да адал еңбек екенін есте ұстаған абзал. Өтемін ешкімнен дәметпей-ақ, маңдай теріңді сорғалатып жүріп жұмыс жасасаң, атақ пен абырой түптің түбінде сені өзі іздеп табады. Адал еңбек етер жанның бақыттың биігіне көтерілетініне Әкім Ысқақтың өмір жолы анық дәлел.

Ұлттық рух нәзік, оның терең жұмбақ сырын ұлттың перзенті жас кезінен сіңіреді. Әкімнің балдәурен балалық шағы ел жүрегі, жер кіндігі Ордабасының етегінде өтті. Қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдырған сол киелі тауға қарап бой түзеген ұл рухани келбеті ақылы мен біліміне сай, сөзі мен ісі үйлесімді, төзім мен сабырға келісті пішілген, дархан жүректі, тазалыққа жаны құмар, достыққа адал, сыйластықтың қадірін қастерлей білетін азамат болып ержетті, қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани көрікті жерінде намыстың отын жақты, жүрекке жігер, бойға қуат алды. Жалт етпе жастық дәуреннің ең бір елеулі де, қалаулы тұсы осы болар бәлкім.

«Терең теңіз тартылмайды, терең білім сарқылмайды» деген тәмсілге ден қойған Әкім бірінші Шымкент педагогика институтының физика факультетін, ал кейінірек Алматы  мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіреді. Ең алғашқы мамандығын ұстаздыққа арнауы Әкім үшін кездейсоқ шешім еместігі түсінікті жайт. Өйткені, ананың сүтімен өрілген, әкенің мейірімімен берілген тамыры терең тәрбие оның қанында, оның жанында. Осылайша текті жердің тебінінде, көргендінің көрігінде өскен ұл талай бұлақтың көзін ашты, арнасын кеңейтті. Сөйтіп, түріктің ойшылы Мәуләна Румидің: «Әділдік дегеніміз не? Гүлге су құю. Жауыздық дегеніміз не? Тікенге су құю» дегеніндей, иманды, тәрбиелі, білімді, ізетті, адамгершілік қасиеттері мол ұрпақ өсіру жолында тер төгіп, Әбдіқайымдай әкесінің ізгілікті кәсібін жалғастырған ата салтына адал перзент, жүздеген шәкірт тәрбиелеген тамаша ұстаз екендігін дәлелдеді.

Заңгер ретіндегі қызметі де қиындыққа төзімділік пен шыдамдылықтың, еңбекқорлық пен ізденгіштіктің ғажайып үлгісі бола алды деуге толық негіз бар. Осыдан ширек ғасыр бұрын баламалы негізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған сәттен бастап, ол адамның сөзі мен ісінің бір жерден шығуы, рухани байлықтың негізі боп есептелетін адамгершілік тамырының қандай тереңдіктен түзіле келе нәрленетінін жақсы түсіне отыра, қиналғанға қол ұшын беруге, сүрінгенді демеуге қашанда әзір тұрды. Ең бастысы, Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы түрде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы ретінде Әкім Ысқақтың аты тарихта мәңгіге сақталып қалды. Заңның миллиондаған қандастарымыздың елімізге оралуына септігі мол болғаны да анық. Сонымен бірге депутат Әкім қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, ана тілімізді мемлекеттік тіл ретіндегі заңды тұғырына қондыру, шетелдіктердің асырауына берілген қаракөз балаларымыздың мәселелерін көтеріп, оң шешу бағытында аянбай еңбек етті. Жаны жайсаң азаматтың кімнің болса да тез тілін тауып, араласқан адамын баурап алатыны, өзгенің шаттығына ортақтаса отыра өзінікінен де бетер қуанатыны тағы бар. Жалпы, қайбір отырыстың да қошын келтіретін тапқыр әзілімен, жібек мінезімен, жайдары көңілімен ол дүйім елдің қалаулы адамына айналды. Міне осыдан соң: «Адам жасампаздық қабілетімен әдемі», деп бекер айтылмағанын мойындауға тура келеді.

Бір сөзбен айтқанда, кемел ойдың, кестелі тілдің иесі жұрттың жанына нұрлы сөзбен нәр беріп, ұрпақ санасын саралап, халқымыздың дана даралығын танытып, ұлттық келбетін сақтап қалуға, рухын шыңдауға белсенді атсалысып жүрген зиялылардың бірегейі. Негізі табиғи тума дарын, ерекше қасиет пен қабілет – өте сирек қайталанатын құбылыс. Қайталануы сирек, андыздан қана жаратылар дарындар арасында Әкімдей жүзіне иман, жүрегіне жыр ұялаған азаматтың орны ерекше. Әсіресе, талантты шығармаларымен қазақ қауымын тәнті етіп келеді. Сиқырлы қаламгерлік әлемінде ол көсемсөз бен көркемсөзді қатар өрбітіп өнегелілік жолында күрескерлік танытуда. Сан қырлы таланттың шоқтығы биік жиырмаға жуық шығармалары адамның жан тебіренісін, ішкі жарасымдылық пен сыртқы сұлулықты шұрайлы тілмен, көркем оймен, асқақ сезіммен суреттеп бере алатын құдіретке ие күрделі өнер деп қабылданатына сенім мол. Мәселен, Әкімнің жүрек қылын тербейтін сыршыл өлеңдері мен жыр жолдарынан, оның  зор шабытты, кең тынысты, нәзік сезімді ақын екенін аңғарамыз. Сөзі жібектей жеңіл, ойы қорғасындай ауыр – сыны мен сырын, қуанышы мен мұңын қатар өрбітіп отыратын өрімтал ақынның өлеңдерін оқып отырып, өмірдің өзіндей күрделі – кең дүниенің құшағына еніп кеткендей боласың.  Халық жазушысы Мұзафар Әлімбайдың: «Әміршіге ел «Хан ием» деген, ал ақынға ел «Әулием» деген» нақыл сөзімен ақындықтың киелілігін қастерлеуі бекер болмаса керек.

Иә, ақындық Алланың адамға берген үлкен сыйы. Сондай-ақ, әр адам өз өмірінің суретшісі. Бұл жөнінде Әкім өзінің «Ой — шырағдан» атты кітабының алғысөзінде былай дейді: «Менің өмірім мен дәптерім егіз сияқты. Жанымның асыл қазынасы – сыр сандығымдағы ойларымның оюлы өрнектері – мен кешкен сан түрлі көңіл күйдің, сергек сезімдердің, толғанған сәттердің куәсі. Оны жоғалтсам, өзімді жоғалтып алатындай күй кешем.

Көрікті ой – жүрек пен ақыл нұрынан жаралатын рухыңның шырақшысы. Ол өміріңе жарық сыйлайды, жаныңа жылу береді, тіршілік мәнін ұқтырып, санаңа сәулесін төгеді. Өлшеулі ғана ғұмырымызда рухымыздың шырағы өшпесе екен!».

Әлбетте, Әкімнің өмірге көзқарасы шығармаларының өзегінен ақиқаттың ақ шұғыласы болып шашылып тұр. Ал мұның өзі, түптеп келгенде, қазақтың жаңа замандағы ақыл-ойы мен санасының қалыптасуына, ел үшін еңбек ететін жастарды тәрбиелеуге, дұрыс бағытқа салуға игі әсер етері сөзсіз. Қазір, атап айтқанда, Әкімнің «Абзалдық әліппесі» атты кітабы бірқатар университеттер мен мектептерде пән ретінде оқытылуда. Сонымен қатар, пәлсапалық тәлім-тәрбиеге негізделген «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты эссе – кітаптары, «Көңіл қымбат», «Досыма» атты ән — альбомдары, «Жүректегі жазулар» атты DVD жинағы тәрізді өзге де көптеген шығармалары ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне жол ашып отыр.

Өз кезегінде, ел үшін тер төгіп жүрген жанкешті еңбегі орынды бағасын алуда. Әкім Ысқақ 1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты (1985), С.Ерубаев атындағы Шымкент облыстық Жастар сыйлығының лауреаты (1992). 1997 жылы «Жыл адамы» атағын алған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ, ол жоғары үкімет наградаларымен — «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астана» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталды. Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің иесі аталды және Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі деп танылды.

Дегенмен ең басты марапаты және оның үлкен бақыты – жерлестерінің, туыстары мен жақындарының сүйіспеншілігі. Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақ – Түркістан облысындағы Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. Шаңырағы қашанда көпшіл, бұл үйдің қазаны оттан түспеген, есігінің алдынан қонақ кетпеген үй. «Сұлу үйдің түтіні де түзу» осыларға қаратып айтылғандай. «Адам ұрпағымен бақытты» дейді дана халқымыз. Жан жары Ұлжан екеуі бүгінде ұл — қыздарын жеткізіп, немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын — сазгер, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ өзінің алпыс атты ауылына кірген сәтінде нағыз бабында. Бұл өмірдің соқтықпалы, соқпақсыз асуларында көптің бірі болмай, көш басында аға болуға тап тұйнақтай әзір. Олай болса, Әкімге табысыңыз да, шабысыңыз да ешуақытта баяуламасын, өрге өрлей беріңіз дей келе, мақаланы сөз басында келтірілген өлеңнің соңғы шумағымен түйіндегенді жөн санап отырмын:

Қиқуларда алда шапқан қаракөк,

Жүрегіңде мейірімді бір жанады от.

Алпыстан да, жетпістен де, сексеннен

Жанған оттай, жарға соқпай аман өт.

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *