(«Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2020 жылғы 10 тамыздағы №30-31-32-33[1309] нөмірінде жарияланды)

Елде болса ерінге тиеді
Ұзақ жылдардан тұратын журналистік сапарларымда өзім туып өскен Құрманғазы ауданын өне бойы аралап, адамдармен жиірек кездесуіме тура келді. Сонда үлкеннің де, кішінің аузынан еститін сөзім: «Біздің жерде мұнай жоқ, Атырау облысы бойынша өндіріліп келген қара алтынның қайырын өзге аймақтар көруде. Өйткені бұдан түсетін қаржыны түп түгелімен орталық сыпырып әкетеді. Ал, біз баяғыша өз күнімізді өзіміз көрудеміз. Мұнай өзгелердің шекесін шылқытып жағдайын түзегенімен бізге беріп отырған ештемесі жоқ. Әрине, жұрттың бәрі бірдей тап осылай ойлайды деуден аулақпыз, бірақ аудан тұрғындары арасында мәселенің байыбына барыңқырамай, жеңілірек көзқараста жүргендердің шоғырын аз деуге келмейді.
Тәй басқан тәуелсіздігіміздің аяғынан тік тұрып, еңсе көтеруіне қазақ жерінің, оның ішінде Атырау облысының қойнында бұлқынған қара алтынның тигізген ықпалының ұшан-теңіз екендігі әлем бойынша мойындалған ақиқат. Оны жоққа шығару — бірлігіміз бен ортақ тірлігімізге кепілдік берген асыл қазынамыздың қадірін түсіргендік. «Бөлектенгенді — бөрі жейдінің кепілі».
Ал өз ауданымыз -Құрманғазы мұнайдың игілігін көріп отыр ма? — деген мәселеге келсек, онда аудан әкімі Қайрат Талапұлы, оның орынбасары Жандос Мнафихұлы болып өткізген қысқаша сұхбатымызда бұл сұрақтың жауабын тапқандаймыз.
Олармен өте тығыз байланыста жұмыс жасайтын Жандос Бектеміров:

Біздің жерімізде үш серіктестік «ТөбеаралОйл», басшысы Нұрлыбек Майфокұлы Хамитов, «СветландОйл», басшысы Шмаль Иосиф Иосифович, «Аскермұнай», басшысы Абай Темірұлы Өтепов мұнай өндірісімен айналысады. Бас ауырып, балтыр сыздағанда дегендей, аудан өмірінің тосын жағдайларында шұғыл қаражат көмегін қажетсінген тұстарда осы үш серіктестікке дабыл қағамыз. Бюджеттен әр жылға қаралған мақсатты қаражат сол өз керегіне ғана. Кішігірім облысқа пара-пар ауданда тосын жағдайлар болмай тұрмайды. Сау болсын, тұйыққа тіреліп тұрғанымызды айтқанда бас тартып қалған ешқайсысы жоқ.

«ТөбеаралОйл» ЖШС-ін мысалға алып, әңгімемізді одан әрі өрбіте түссек,-дейміз ғой аудан экономикасының жілік майын шағып үйренген інімізге.
«Елде болса, ерініңе тиеді» дегендей ата тегі құрманғазылық «ТөбеаралОйл» ЖШС директоры Нұрлыбек Майфокұлы «қандай көмек керек, қысылмай айтып тұрыңыздар, заңға сыйымдының ешқайсысынан тартынбаймыз» — деп біз хабарласпай қалсақ, кей реттерде өзі телефон шалып жатады. Су тасқыны кезінде, ана бір жылдары шалғайдағы Азғыр өңіріне қыстағы қатынас қиынында көліктерін талай рет көлденең тартты.
Міне, әлем үстіне қатер төнген сындарлы шақта да қолдарынан келген бар көмектерін ұсынуда. Өткен 2017-2018 жылдары «ТөбеаралОйл» ауданға қаншалықты көмектерін жасапты?- деп алып, Жандос Мнафихұлы қағаздарын қопарыстырып, үлкен тізімді тауып алдымызға тастады. Қарап отырсақ, Жұмекен ауылы, Еңбекші округінің жыл сайын жыртығын жамасыпты. Спорттық-мәдени шараларға 300-400 мыңнан тұрақты көмек жасалынған. Ауданның 90 жылдық мерейтойын өткізуге деп 3 млн. теңге қаржы аударылған. Осы ауданда өткен халықаралық спорттық турнирлердің басты демеушісі. Мүгедектер мұқтажын түгендескен, ардагерлер өтінішін аяқасты қалдырмаған. Жеке адамдардың қол қысқалығынан тозыңқы құбыралары сәнді үйлерге айналған. Ауданның «Мейірім-шапағат», «Игілік», «Жайдарлым» қоғамдық-қайырымдылық қорларын шұғыл қажет кезінде демеп отырған.
Аудан округтері мерзімдік баспасөзге жазылу кезінде де көмек сұрайды екен. Мәселен, 2017-2020 соңғы үш жыл ішінде Еңбекші, Мақаш, Кудряшов округтерінің тұрғындарын аудандық «Серпер», облыстық «Атырау», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттеріне жаздыруға ғана 1 млн.200 мың теңге қаржы бөлген. Серіктестік 2018 жылдан бергі уақытта құрманғазылықтардың әлгі айтылғандай және басқа қажеттері үшін 6 921 002 теңге қаржылай демеушілік көмегін жасаған.
Мұндағы мұнайшылардың дені осы Құрманғазы ауданынан. Сандаған адам вахталық әдіспен жұмыс жасап, отбасын асырап отыр. Міне, қара алтынның игілігі бізде айналып өтуде деген ұшқары пікірге берілер орнықты жауап.
«ТөбеаралОйл» қандай серіктестік?
Жетіқат жер астынан мұнай сорып, бюджетке тиісті берешегімен уақытылы есептесіп, қала берді тапқан пайдаларының шетінен жырып, тұрғылықты жердің мұң-мұқтажына ұдайы көмек қолын созып отырған «ТөбеаралОйлды» барша құрманғазылықтар біле ме екен өзі?
Бұл «Теңізшевройл» сияқты атағы әлемді дүрілдеткен алып компания емес, бар болғаны серіктестік. Бірақ, осы серіктестіктердің ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Соның бірі — «ТөбеаралОйл» деуге әбден келеді. «Теңіз тамшыдан құралатынының» лайықты кепілі. Біз қара алтын қазынасы жайлы сөз қозғағанда осындай жақыннан дорбалап отырғандарды айналып өтеміз де, көбіне-көп азуын айға білеген алып компаниялар, олардың қаһармандарынан ауыспай жататынымыз шындық ғой. Ортақ қазанға табысты бұлар да тамшылата құйып отыр. Ебіл-себіл еңбек етіп, елін ойлайтындар бұларда да жетіп артылады.
2001 жылы 14 қазанда «Oil le Roy» («Ойл Ле Рой») ЖШС құрылды, бүгінде ол үлкен компания. Ал, «ТөбеаралОйл» 2002 жылдан оның еншілес кәсіпорны, өз алдына бөлек серіктестік. Алғаш құрылып, серіктестік ретінде тіркелгенде «Oil le Roy» қарамағындағы әкімшілік және өндірістік құрамның Қазақстанның мұнай бизнесіндегі коммерциялық және техникалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол болатын. Уақыт өте келе ол мүмкіндіктері кезең-кезеңімен дәлелденді де. Өндірілген өнімдерін Атырау мұнай өңдеу зауытында өңдегеннен кейін, 2003-2008 жылдар аралығында 80 мың тоннадан астам қара алтынды шет елдерге экспорттады. Мұнай скважиналарына 2003-2005 жылдары жүргізілген күрделі жөндеу өнім көлемін одан әрі арттыруға себепші болды. Компания Құрманғазы ауданының жерінен өздерінің мың тонналық мұнай қорын сақтау базасын тұрғызды. Алдағы күндерде бұл базаны 10 мың тонна мұнай қабылдай алатындай жағдайға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Демек, мұнай көлемін өндіруді ұлғайтудың жоспарлы шарасы жылдан-жылға артып отыр деген сөз. Бұл міндеттерді ұжымды ұйыстырып жүзеге асырып келген «Oil le Roy» компаниясы құрамының 2019 жылдың 12 маусымында өткізілген жиналысында директорлығына сайланған тәжірибелі де білікті маман мұнайшы Нұрлыбек Майфокұлы Хамитовтың өмір жолымен оқырмандарды сәл кейінірек таныстырамыз.
Ал оның қарамағындағы жеке «ТөбеаралОйл» серіктестігі жоғарыда айтып өткеніміздей өзі құрылғаннан бері үлкен аудан – Құрманғазының тірлігіндегі түйткілді тұстарды тарқатып, түйінді мәселелерді шешумен тынбай айналысып келеді.
Серіктестік Құрманғазы ауданының жерінде орналасқан. Аудан орталығынан 40 шақырым, Атыраудың өзінен 220 шақырым арақашықтықта. Темір жол қатынасын айтқанда Афанасьево бекетіне (8 разъезд бұрынғы) тиіп тұр деуге келеді. Октябрь, Забурын, Сазанқұрақ кен орындарымен көршілес жатыр. Атырау-Астрахань автокөлік жолы да маңайынан мен мұндалап тұр. Жер аумағынан Мақат-Солтүстік Кавказ газ құбыры, Теңіз-Новороссиск мұнай құбырлары өтеді.
Төбеаралдағы мұнай және газ қорының мүмкіндігі Қазақстан Республикасы пайдалы қазбалар қорын анықтау бойынша 2016 жылғы 22 желтоқсанда құрылған мемлекеттік комиссияның №1758-16-У хаттамасымен одан әрі пайдалануға деп бекітілген. Күні бүгіндері серіктестіктің жер көлемінде мұнай өндірісі қарқынды жалғасуымен қатар барлау жұмыстары да қатар жүруде. 2017 жылдың басына дейін «ТөбеаралОйл» серіктестігі арқылы өндірілген сапалы мұнай 150 мың тоннаны құраса, теңіздің тамшыдан құраларының шындығы осы емес пе?
Бірлік-береке басы
Бірлік бар жерде тірлік бар. Бірлігі барды жау алмайды. Ұланғайыр елден бастап, ерінбеген ерлерге дейін осы қағидатты нысана тұтқан. «Төбеарал Ойл» серіктестігінің директоры Нұрлыбек Майфокұлы да берекенің бастауында бірлік тұратынын өз ұжымына ұғындыруымен табысқа жетіп келеді. Бұл мәселеде тәжірибелі, ел сыйлаған аға буынның өнегесі мен ақылын алға шығарған. Серіктестіктің алғаш есігін ашқанның бірі — Есекен Идаят Сәрсенұлы. Бас технолог ретінде шешуші тізгін қолына тиісімен-ақ өз міндетіне сергек қарауымен үлгі көрсетті. Отыз жыл тынбастан мұнайшылық жолдан өткен сарбаздан кейінгі буынның үйренгені көп. Бүгінде құрметті демалыстағы оны әкелері ретінде ортаға шақырып, ізгілік-ілтипаттарын көрсетуден жаңылған емес. Серіктестіктің алғашқы күнінен мұнай өндіру шебері лауазымына алынғанның бірі Жаманқұл Өтемісов. 2005 жылдан учаске басқару сеніміне ие болып еңбектену үстінде. Осы кен орнының геологиялық зерделенуіне, басталған жұмыстың нәтиже көрсетуіне тәжірибелі маман ретінде көп еңбек сіңірген ұжымның ағасы. Мұнай өндіруден межелі көрсеткішке ай, тоқсан сайын қол жеткізілсе, онда Жаманқұл Өтемісовтің де өлшеусіз үлесі бар екенін білуге болады. Жиырма жылдық еңбек тәжірибесі бар мұнайшы күнделікті қызметінде озық технологияларды қолданады. Электронды қызмет, интернет желісінің тиімділігін әріптестеріне дәлелдеп келген бесаспап маман. Кен орнының қаражат директоры Горяев Андрей Викторовичті де ұжымдастары аға буын сапына қосқан. Әр күн, апта сайынғы жұмыстарға ғылыми тұрғыда экономикалық зерделеу жүргізіп, ағаттық неден, жетістігіміз қайсы сауалдарымен ұжым алдына жиі шығады.
Өңірімізге танымал азамат, белгілі заңгер Мерген Байболұлы директордың оң қолы, яғни кеңесшісі. Заңдылықтардың сақталуын, кәсіпкерлік тірліктеріне өзге біреудің жөнсіз араласпауын жіті қадағалайды. Мұнайшылардың мәнді демалысы, облыс, аудан аумағындағы кейбір мәселелерге қатынасу, ұсыныс-тілек шешіміне көмек ету Мерген ақсақал арқылы жөнімен үйлесімін тауып жатады. Ұжымға келгеніне көп болмаса да күні кешегі Еңбекші округінің күркүреген әкімі Қамат Ғаббасов та Құрманғазы ауданымен арадағы дәнекерлік міндетін мігірсіз атқарып келеді.
Серіктестіктің алғашқы күнінен мүшесі, автокран жүргізушісі болып бастаған Қожабай Имашев бұл күндері бас механик. Техника тілін жетік білуі, өндірісті сауатты ұйымдастыра алуының арқасында «Жыл маманы-2016» ұлттық сертификатының иегері атанды. Күрмеулі тұстарда ізделетін, шұғыл шешім алатын іскер азамат. Мамандар менеджері Гүлжан Майфокқызы Хамитова да ұжым арасында өз міндетін жауапкершілікпен атқаруымен зор беделге ие. Ортақ істің олқы тұстарын қаліпке келтірудің кәнігі шебері. Техникалық директор Савко Владимир Стахович те ұжым мақтанышы болып келді. Осы сияқты механик Кенжеғалиев Қайсар Тілекқабылұлының, мұнай өндіру операторлары Рашитов Мереке Насухұлының, Ибримов Бейімбет Дәржанұлының, Әміров Ерген Өтегенұлының, жүргізушілер Өтепқали Нұрғалиевтің, Нұрлан Хайруллиннің, офис менеджері Зульхия Қашқынбаеваның, техникалық директор Асылбек Жүнісовтің, директордың орынбасары Аманбек Хамитовтың, заңгер Марат Ермековтың, бас есепші Бибігүл Қаражанның, экономист Нұрболат Абасбекұлының, есепшілер Ұлман Қалиеваның, Алмагүл Қашкенованың, геолог Айнұр Дәулетованың, эколог Марат Аленовтың, өндірісті жабдықтау базасының директоры Нәдіржан Әлиевтің, программалаушы Денис Карминскийдің, мұнай өндіру шебері Жәнібек Қайдаровтың, іс жүргізуші Лиза Горяеваның, тағы басқа мамандар мен мұнайшылардың ауызбірлікпен атқарған үлгілі істері «ТөбеаралОйл» серіктестігін сеніммен алға жетелеуде. Бұлардың қай-қайсысының да мұнай саласының үздіктері, т.б. төсбелгілердің, министрліктің, облыс әкімі, облыстық Мәслихат, Құрманғазы ауданы әкімдігі, мәслихатының грамоталары, алғыс хаттарының иегерлері. Көпшілігі дерлік офис алдындағы Құрмет тақтада суретімен тұр.
Осындай ұйымшылдықпен атқарған жұмыстардың нәтижесінде 2013 жылы 12540 тонна қара алтын өндірілсе, 2014 жылы 12281 тонна игерілді.
2018 жылы 23000 тонна, 2019 жылы 19000 тоннадан астам мұнай өндірілді. Ішкі рыноктағы үлес 5 пайызды құраса, қалған негізгі бөлігі шет елдерге экспортталады.
Кен орнында өндіріс қуаттылығын арттыру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Оның ең бастысы – жаңа бұрғылау скважиналарын іске қосу. Өндіріске келген жас мамандарды қосымша мамандыққа оқытудың тиімділігіне көз жеткізілді. Вахталық қалашықтың айналасы түгел дерлік көгалдандырылған. Тек соңғы екі жылдың өзінде 150 терек өскіндері отырғызылып, қазіргі шақта жайқалып бой алып кетті. Сумен жабдықтау, күтімге алу түгел шешімін тапқан мәселелер. Серіктестік басшылары мұнайшылармен, мамандармен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажына, отбасы жағдайына жиі көңіл бөледі. Мерейтойлары атап өтіледі. Мемлекеттік мерекелер атаусыз қалмайды. Өндіріс озаттары дәріптеледі. Зейнетке шыққандарға, сырқаттанғандарға, отбасындағы өлім-жітім, той шараларына қаржылай көмек көрсетіледі. Мұның бәрі ұсақтай көрінгенімен көңілдерге жылылық ұялатар ұлағатты көрініс.
Білікті мұнайшы – бірегей басшы
Қара алтын қазынасын игеруде өз қосынын құрып, өзге жұрттан кем қалмай еңбек етіп, қиын салада қиюын келтірер тірлік, үлкен ұжымда бірлік қалыптастырып берекелі биіктерге бастай білген Нұрлыбек Майфокұлы Хамитов кім, енді оқырмандарға осы тұрғыда әңгіме өрбітейік.
Ата-тегі осы Құрманғазы топырағынан тамыр тартқандар. Алматыдан заң институтын бітірген Майфок Хамитов ағамыздың 1976 жылға дейін аудандық прокуратурада абыройлы еңбек еткенін көнекөздер жақсы біледі. Ал, жұбайы Хамитова Шұға ана Абай атындағы орта мектепте мұғалім болған. Ел-жұртқа сыйлы ата-ананың бауырынан өрбіп, лұғатын бойға сіңіріп, ұлы көшке ергендер аудан көлеміндегі тәрбиелі, зиялы жандар қатарында өмір сүруде.
Ал бүгінгі әңгімеміздің басты себепкері Нұрлыбек Майфокұлы Хамитов 1963 жылы 8 наурызда дүниеге келіп, осы аудан орталығындағы Абай орта мектебін түгескен. 1982 жылы Гурьев политехникалық техникумын бітіріп, Прикаспий бұрғылау басқармасында бұрғылаушының көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. 1982-1984 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп, 1985-1988 жылдары «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің инженері, лаборатория меңгерушісі болады.
Ал 1988 жылдан 1992 жылдар аралығында «Гурьевнефтегазгеология» тәжірибе-әдістемелік экспедициясының бұрғылау технологиясы партиясының аға инженері, отряд бастығы, бас инженері болып жұмыс жасады. 1991 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» факультетін бітіріп, кен инженері мамандығын иеленді. 1993 жылы Ұлыбританияда, 1995 жылы Түркияда білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасу курстарынан өтті. Сол жылы «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының инженер-бұрғылаушысы болып, 1999 жылдан бастап «Казнефтехим» ЖШС-нің Атыраудағы өкілі, филиал директоры, департамент директоры, бас директордың орынбасары болып 2001 жылға дейін жемісті еңбек етті.
2001 жылы сөз орайында айтқандай «Oil le Roy» («Ойл Ле Рой») ЖШС-ін құрып, оның директоры болды. Сол жылдан бері бүтіндей компанияға айналған осы «Oil le Roy» – директорлар кеңесінің төрағасы. 2002 жылдан «ТөбеаралОйл» ЖШС-нің директоры. Отбасылы. Зайыбы Фарида екеуі үш ұрпақ өмірге әкеліп, адам-асыл етіп, бүгіндері алты немереге ата-әже.
Ұзақ жылдар Атырау өңірінде мұнай қорын іздестіруге жаңа көміртек шикізаты кен орындарын ашуға, оны пайдалануға және дамытуға зор үлес қосып жүрген мұнай-газ саласының бірден-бір майталман маманы деп танылып Нұрлыбек Майфокұлы 2014 жылы Үкіметтің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. 2018 жылы «Жер қойнауын барлаудың үздігі» атанды. Тұрғылықты жердің кем-кетігін түзесіп, адамдарының мәдени-тұрмыстық ахуалына ұдайы көңіл бөлгені үшін сол 2018 жылы құрманғазылықтар оған «Ауданның Құрметті азаматы» атағын лайықтады.
Атақ-абырой елім деп емірене білген азаматтарды түптің түбінде өзі іздеп табады. Қарапайым, қазақтың ай маңдай азаматы Нұрлыбек Майфокұлы Тәуелсіз еліміздің туабітті жанашырындай келбетті кейіпте. Отан тағдыры, елдің ауызбірлігі, туған жер киесі хақында өрісті ой ұзартып, сол жолда жанын үзіп беруге бар. Сол үшін де оны әріптестері төредей сыйлайды, өз ұжымы — «ТөбеаралОйл» төбелеріне көтереді. Алға тартқан нұрлы жолы Нұрлыбекті уақыт өткен сайын даралай түсуде, ұзағынан болғай!

Таңатар Дәрелұлы,
«Sakhara» газетінің
штаттан тыс тілшісі