(«Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2020 жылғы 10 тамыздағы №30-31-32-33[1309] нөмірінде жарияланды)

Тәуелсіздігіміздің киелі босағасын бекіткен тұста жәудіреп қараған қалың қазақ елінің берекелі бірлігін қалыптастырып, өзге жұртқа жаутаң көз болмай ортақ қара қазанның қайнауына бірден-бір себепші болған мұнайымыз екеніне ешкімнің шүбәсі болмас. Төрт түлік малының қамымен сайын қыр, сары далада құмымен бірге көшкен қара қазақтың ертеңгі күнінің қамына деп қара алтын қазына сақтаған Тәңіріге қанша табынсақ та артық емес. Сол бір барлы-жоқты алмағайып күндерде шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар құрып, жаңа жобаларды іске асыруға нартәуекел кіріскеніміз жаңа, еркін елді елең-алаң шақта ес жиюға жетеледі. Сөйтіп, мұнайы мен газы Қазақстан экономикасының қуатты тірегі, экспорт пен импортымыздың жетекші тетігіне айналды.
Бүгіндері қара алтын қазынасын игеретін кен орындары 172 бірлікке жетіп, республика жер көлемінің 62 пайызын алып жатыр. Соның сексен шамасы белсенділікпен игерілгеннің өзінде Қазақстан «қара алтынының» қоры көп 15 мемлекеттің қатарынан ойып орын алады. Тәуелсіздік жылдары тәуекелге бел буып атқарған ісіміздің ең маңыздысы деп осыны айтуға тиіспіз. Мұнайы мол мемлекеттердің ұйтқысына айналған ОПЕК халықаралық ұйымы көзін ашып қарап, Қазақстанмен алдыңғы лекте санасатын болды.
Өйтпегенде қайтеді? Әлемдік мұнай қорының үш пайыздан астамы Қазақстанның меншігінде. Жер жаһанда өндірілетін «қара алтынның» 1,8 пайызын біз өндіреміз. Республикада тәулік сайын 1,7 млн. баррельден кем емес мұнай өндіріледі. Әр жыл сайын республикада 90 млн. тонна шамасы мұнай игеру меже тұтылады. Мұнай қорының 90 пайыздан астамына иелік етіп жатқан Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кенбай, Кеңқияқ, т.б. ірі кеніштеріміз уәде үдесінен шығуға үдемелі үлестерін қосудан танған емес. Өндірілген мұнайымыздың негізгі үлесі халықаралық келісімдер бойынша шет жұртты табады. Түскен табыстан ұлттық қор қомақты қаржы иеленеді.
Әлемді шошындырған дағдарыстан еліміз аман-сау, бірлігін қашырмай бүтін күйде, өзгеге жалтақтамай, өз күш-қуатымен шықса, қазағының бағын ашқан «қара алтынының» арқасы деп бір қойыңыз. АҚШ Энергетика министрлігінің ресми ақпараттық бөлімшесі «Қазақстанның мұнай экспорты ел экономикасының іргетасы болып табылады және нақты ішкі өнім көрсеткішінің соңғы жылдары жоғары деңгейде қала беруін қамтамасыз етті» деген пікір таратса мұнай өндірісіндегі әріптес елдің мүмкіндігін шынайы зерделеп, бағалағандығы.
Еліміз ұстанған ашық саясаттың арқасында инвесторлар келуіне шектеу қойылмады. Солардың арасынан «Шевронды» жоғарыға қоямыз. Әлемге әйгілі корпорация мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа сай өмірге келген «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздің еңсе тіктеуінде алар орны ерекше. Компания құрылуының ширек ғасырлық тойына кезінде Елбасының өзі қатынасып, «Компаниялардың көшбасшысы» деп баға берсе, ол тарихи шындыққа сәйкес келетін. Тек сол ширек ғасырлық ғұмырында Теңіз кенішінде 392 млн. тонна мұнай мен 122 млрд. текше метр газ өндіріліпті. Бірлескен кәсіпорынның аймақтың әлеуметтік ахуалын сауықтыруға қосып отырған үлесі де айтарлықтай. Осы жылдар ішінде Жылой ауданы мен Атырау қаласында ондаған білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандары салынды. Қаратон кенті қанат жайып, Сарықамыс ықшам ауданы өмірге келді.
Республикада өндірілетін барлық мұнайдың үштен бірін беріп отырған компания бүгіндері құны үш триллион долларлық ірі жобаны сәтті жүзеге асыру үстінде. Теңізде барланған мұнай қорының 3,2 млрд. тонна екендігін ескерсек, кеніштің келешегі әлі де зор деп бағалауға болады.
Осы сияқты НКОК компаниясының Каспий қайраңынан алынған мұнайының әлемдік жоғары сұранысқа ие екендігін де айтпай кетуге болмайды. Соңғы елу жылға тарта мерзімде әлем бойынша ашылған ең ірі кеніш – Қашаған Күржіманұлы атындағы кен орны. Геологиялық мұнай қоры шамаен 4,5 млрд. тонна. Бұған қосымша 52 трлн. текше метр газы бар. Мамандар зерделегеніндей, әлемдегі ең қымбат әрі күрделі жоба осы саналады.
Еліміздегі үшінші ірі жоба – Батыс Қазақстан облысының Бөрлі мекеніндегі Қарашығанақ кен орны. Ол Орал қаласынан шығысқа 150 шақырымда орналасқан. Еліміз бойынша мұнайдың 16, ал табиғи газдың 45 пайызы өндіріледі.
1979 жылы ашылған кеніш, Тәуелсіздік жылдарында бастап игеріліп, өз байлығымыз өзімізге бұйырды.
Мұнайымен шырайы келіскен еліміздің «Тәжтажал» әлемге тырнағын батырған тұстағы жағдайы нешік?- деген алаң көңілдердің сауалына нақтылы ақпарат көздерінен алынған мына мәліметтер арқылы жауап берсек: Қазақстан экономикасы мұнайдың ағымдағы бағасын сақтай отырып, жылына 2,3%-дан, 2,7%-ға дейін жоғалтады. Бірақ бұл жағдайда да, Қазақстанның жинақталған халықаралық резервтері ұлттық экономиканы 15 жыл бойы қолдауға мүмкіндік береді. (zakon.kz finreview.info-ға сілтемеден).
Қазақстан экономикасы үшін мұнай-газ секторы маңызды сала болып қала береді. Елде көмірсутек ресурстарының айтарлықтай қоры бар-мұнай қорларының жалпы көлемі шамамен 30 млрд. баррельді немесе әлемдік қордың 1,7%-ын құрайды. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Таяу Шығыс, Латын Америкасы елдерінен, сондай-ақ Ресей мен АҚШ-тан кейін әлемде 12-орында тұр.
Өнеркәсіптік өндірісті ұлғайтуда соңғы үш жылда біраз жобалар жүзеге асырылды. 2017 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское кен орнында жаңа мұнай кен орындары табылды. Екіншіден, Жарқұм кен орны пайдалануға берілді, ол үш онжылдық ішінде Жамбыл облысына газ жеткізе алады. Бұл елдің оңтүстік аймақтарының Өзбекстаннан импортқа тәуелділігін азайтады. Үшіншіден, 2018 жылы Атырау және Павлодар облыстарындағы, Шымкент қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталды.
Бұл жобалардың экономикалық тиімділігі 2019 жылы байқалды. Сонымен мұнай өндіру 2017 жылмен салыстырғанда 33%-ға артып, 90,5 млн. тоннаға, ал ақшалай түрде 12,3 трлн. теңгеге жетті. Бұл елдің ЖІӨ-ге саланың үлесін 13,6%-дан 14,4%-ға дейін күшейтуге, бюджетке салықтық түсімдер мен төлемдерді 44%-ға жеткізуге және ішкі нарықты өзіндік отынмен толық қамтуға мүмкіндік береді.
Алайда, 2020 жылы коронавирустық пандемия өнеркәсіптік өндірісті шектеді. Әлемдік ірі тұтынушылар АҚШ пен Қытайдың белсенділігін төмендетті. Жыл басынан мұнайға сұраныс тәулігіне 20 миллион баррельге, ал оның құны 70 пайызға төмендеді.
Осы қиындыққа қарамастан 2020 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мұнай өндіруді 2,4%-ға, ал тасымалдауды 5%-ға арттырды. Қазақстандағы өнеркәсіптік өндіріс статистикасы 2019 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісінің көлемі 2020 жылдың үш айында 2,4%-ға өскенін мәлімдеуде.
Оны өндіру көлемі 23,6 млн. тоннаны, ал ақшалай түрде 2,6 трлн. теңгені құрады. Сондай-ақ, Қазақстан мұнай тасымалдау көлемін 5%-ға арттырды. Каспий Құбыр Консорциумы арқылы – ең ірі халықаралық каналмен – 16,9 млн. тонна мұнай экспортталды.
Әлемнің барлық елдеріне ортақ қиындықтар Қазақстанға да бірдей. Егер мұнайды тұтыну қалпына келмесе және оң динамиканы көрсетпесе, төмен бағалар жалғасады. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін қаржының азаюына әкеліп соқтырады. Осыдан келіп өндірісті дамыту бағдарламаларын қаржыландыру төмендейді. Әрине, инфляция жоғарылайды. Мұнай компаниялары уақытша өндірістік кідіріске ұшырап, қызметкерлер саны қысқаруы жалғасады. Инвестициялық кіріс одан әрі төмендей түседі. Бұл әрине жаһанға ортақ жағымсыз жаңалық, оны жасыруға болмайды.
Десек те, мұнайдың бағасы баррельге шамамен 20 АҚШ доллар деңгейінде ұзақ уақыт сақталса да, елдегі қазіргі экономикалық жағдайдың өзінде, шамамен 30 миллиард АҚШ долларды құрайтын халықаралық резервтердің арқасында Қазақстан ұлттық экономиканы 15 жыл бойы тұрақты ұстап тұра алады деген қорытынды бар.
Мұнай кеніштерінің дені еліміздің батыс бөлігінде орналасқанын еске салсақ, Атырау аймағы әрине, көш бастайды. Облысымыздың 940 млн. тонна өнеркәсіптік санаттағы қорымен 80 шамасында кен орны бар. Тәуелсіз Қазақстанның басты доноры ретінде мойындалған өңірдің мамандары Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен көмірсутегі қорының жаңа көздерін іздестіріп, зор жетістіктер иеленуде.
Қандай қиындықтарға қарамастан белгіленген бағдарламалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәселен, күй өңірі – Құрманғазы ауданының өзендерінде түп тереңдету, Астрахань-Атырау тас жолының, халыққа қажетті жаңа нысандар құрылысы, ішкі жолдарды жаңарту, таза су келтіру т.б. жұмыстар іркіліссіз жалғасуда. Демек, «қара алтыны» жер кеудесінде бұлқынған қара қазақтың ырысы ортаймайды, еңсесі түспейді, деп наныммен айта аламыз.

Таңатар Дәрелұлы,
Қазақ журналистикасының қайраткері