Әлемді дендеген аты жаман індет қазақ елін айналып өтпей талай дүниенің бетін ашып, орны толмас олқылықтар орын алғанын айқындап, тіпті кей отбасыға қасірет боп қайғы артқаны сізге де бізге де аян. Ахуалды жіті бақылап отырған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да короновирус ең тез таралатын елдер қатарына Қазақстанды қосқаны тағы бар.
Ал, Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Маңызды міндеттің бірі толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету.Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді.Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады.»,- деп жіберілген қателіктерді сынға алғанын білеміз.Әлбетте бұл ретте, халық арасындағы карантиндік режимнің дұрыс сақталмағаны да өзімізге соққы боп тигені жасырын емес. Ал, одан бөлек дәріхана, емхана жұмыстарының (көпке топырақ шашпаймыз)айтарлықтай деңгейде болмай, дертке дауа іздеп шарқ ұрғанын көзбен көруіміз «көрінбейтін жаумен» күресуге тиісті деңгейде дайын болмай шыққандығымызды дәлелдеп берді. Тіпті, жаның шүберекке түйген жұрт емханадан орын таппай, дәрі- дәрмектің бағалары шарықтап, дәріхана табалдырығын тоздырып «тән жарасы жан жарасына ұласып» сенделген шақта ақ халаттылар «бейбіт күннің» майданы алаңында тізе бүкпей анттарына адалдықты мақсат тұтуы, адам жанына араша болу жолында жасап жатқан еңбектері өлшеусіз. Еміне шипа іздегендерді аяқтан тұрғызып, «көрінбейтін жаумен» алысқан сәтте білім- біліктерін танытып, абыройлы міндеттерін кіршіксіз арқалап келетін қызметкерлері барын дәлелдеп, емделушілерінің 100% дерттен аман алып қалуға себепкер болған ауруханалардың бірі һәм бірегейі — Атырау облысының, Қайыршақты селолық округіндегі «Сәлімжан және К» жанұялық-дәрігерлік амбулаториясы.
1998 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетіп келетін жекеменшік емхананың негізін салған Аманғалиев Сәлімжан Паритұлы болатын. Әу бастағы қиындықтарға қарамай, соқтықпалы- соқпақты жолдарға төтеп берген мекемеде алғашында 8 қызметкер, яғни 3 дәрігер, 4 медбике, 1 санитарлық қызметкер 4600 ге тарта халыққа қызмет көрсеткен. Ал, бүгінгі таңда ауқымы кеңейген емханада 70 адам еңбек етіп, қала маңындағы Томарлы, Бесікті, Талғайраң, Стандарт ауылдарының, Көктем ықшам ауданының 12000 аса тіркеуде тұрған тұрғынына дәрігерлік көмек көрсетуде.
Олардың қатарында еңбек жолын енді-енді бастап жатырғандармен қоса өз саласының майталмандарына айналып үлгергендер бар. Әйткенмен, емхана басшысы өз сөзінде орталықта жалпы тәжірибе дәрігерінің екеуі жетіспегенін, бір маман жақында қызметке алынатынын, акушер- гинеколог маманның зейнетақы жасына жеткенін, орта медициналық қызметкер 100% қамтитынын, әрі олардың арасында өздерінде тәжірибе алмасқан биылғы жылдың түлектері барын тілге тиек етті.
Тәжірибелі мамандардың бірі Ақжамалова Жаниба Көбенқызы да мамандығы бойынша 43 жылдан бері қызмет етіп келетінін, еңбек жолын хирург -анестезиолог болып бастағанын, 1980 жылдан 2018 жылға дейін Қызылқоға ауданында дәрігер- анестезиолог, әрі он бес жылдың көлемінде бас дәрігердің емдеу сауықтыру жөніндегі орынбасары болғанын, қазіргі таңда «Сәлімжан және К» жанұялық-дәрігерлік амбулаториясында дәрігерлік- консультациялық комиссия төрайымы екенін және ауызбіршілігі мол ұжымдастармен, парасатты басшымен бір арнада қызмет етіп жүргенін мақтанышпен жеткізіп, карантин кезінде де жекеменшік аурухана болғанына қарамастан жұмысты тоқтатпай, «отбасы ошақ қасынан» жырақ ел игілігі үшін қызметке белсенді кіріскендерін айтты.
Бұл туралы дәрігерлік- амбулаториялық орталықтың дәрігерлерінің көмегіне жүгінген ем қабылдаушылардың айтқан риясыз пікірінен, жаудырған ақ алғыстарынан-ақ білуге болады. Қайыршақты селолық округіндегі Томарлы-2 ауылының тұрғыны зейнеткер ұстаз Мусагалиева Роза Рамазанқызы: «Еліміз қиын уақытты бастан өткеріп, індет көптің жан- тәнін ауыртты. Менде маусым айының басында қызуым көтеріліп өзіміз тіркеуде тұрған «Сәлімжан және К» жанұялық-дәрігерлік амбулаториясындағы отбасылық дәрігеріміз Неталиева Нұргүл ханымның көмегіне жүгініп, ақысыз компьютерлік томографиядан өтуге жолдама алдық. Дерттің бастапқы деңгейінде екенім анықталып, емімді қабылдадым. «Дәрігер дәрімен емдемейді, Тілімен емдейді» демекші дәрігеріміздің ауырған жанымызға шипа болып күн сайын кешке қалтафонымызға қоңырау шалып «уайымдамаңыз, апа, бәрі жақсы болады, көңілді жүріңіз» дегені бойымызға күш-қуат сыйлап аурудан айығуымызға үлкен септігін тигізді. 2- 3 күннің ішінде қызуым түсіп, өзімді жақсы сезіне бастадым. Дерттен айыққаннан кейін Неталиева Нұргүл Маратқызы мен фельдшер Абилхаирова Гүлмира Жеткергенқызы қосымша дәрігерлік кеңестерін аямай, пайдалы жаттығуларды жасауды да ұсынып тұрды. Жүздерінен мейірім шуағы төгілген дәріхана қызметкерлері және басшымын деп кеуде кермей әрбір емделушісінің алдында иіліп тұратын азамат Аманғалиев Сәлімжан Паритұлының еңбектеріне жеміс тілеп, алғысымды білдіремін»,- дейді.
Халықтың махаббатына бөленген мекеме ұжымы вирусқа күдікті деп танылған тұрғындар үшін 3 мобильдік топ құрып, оларды дерттен айықтыруға асығып күніне кем дегенде 40-50 ге тарта шақыртуларға барған. Сонымен қатар Неталиева Нұргүл Маратқызы секілді білікті маман емделушілерді екі айдан аса уақыт ішінде сүзгіден өтуге дамылсыз қабылдаған. Адал төгілген тердің арқасында дәргерлік амбулаториядан ем қабылдаған барлық науқастар аурудан құлан таза айыққан. Дәрігерлер ауыр кезеңді бастан өткергеніне қарамастан жоспарлы жұмысқа кірісіп, балаларға екпе салуды бастап, мекеме жұмысын кеңейтуді мақсат етіп отыр.

  • Бүгінгі таңға дейін өз күшімізбен һәм “көп түкірсе көл” демекші жанашырлардың қолдауымен заңды түрде мекемені жандандырып, халық денсаулығы үшін қызмет етер арнайы аппараттарды сатып алып отырдық. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай дәрігерлік- амбулаториялық орталықтың ауқымын үлкейтіп құрылыс жұмысын бастауды, қаражаттың жетуіне байланысты оның айналасына асфальт төсеуді және емхананы медициналық аппараттармен одан әрі толықтыруды жоспарладық.Қазіргі таңда құны 30- 35 млн теңгені құрайтын плазмафарез және эксперттік узи сынды аппараттарды алсақ деп отырмыз,- дейді емхана басшысы.
    Сонымен қатар, аурухана қызметкерлері: «алдағы уақытта оңалдыру жұмыстарын күшейтіп реабилитациялық бөлім ашу мақсатымыздың бірі» — деп ойларын ортаға салды.
    Ұзақ жылдан бері, яғни 1980 жылдан бастап медицина саласында еңбек етіп жүрген Зулхашева Тамара ханым «қазіргі таңда халық арасында қант диабеті, жүрек қан тамырлары, жүректің ишемиялық аурулары, стенокардия секілді диагнозбен ауыратын тұрғындардың саны көбейіп тұрғанын жасырмай, дерт асқынып, жан алқымнан алмас үшін диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды үш ай сайын бақылаудан өткізіп, дәрілерін беріп, дерт асқынбауын қадағалап отыру мақсатымызды айқындап, жауапкершілігімізді арттыра түсті. Әрі олардың дерттен тез және құлан- таза айығуы біз үшін үлкен қуаныш»- дейді.
    Дәрігер сөзін «халық айтса, қалып айтпайды» демекші, ауруханаға шипа іздеп барған тұрғын Мұсағалиева Гүлбану ханымның айтар алғысы қостап тұрғандай:
  • Пенде болғасын басымыз ауырып, балтырымыз сыздап жатса медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметі мен қамқорлығына зәру болатынымыз шындық. Денсаулық сызат беріп, «Сәлімжан және К» емханасына жатып ем алуға тура келген. Дәрігеріміз Шолпан Уапихқызы біліктілікпен ем тағайындап, әлсін-әлі жағдайымызды тексеріп жылы сөзін аямады. Сонымен қатар, медбикелер Гүлнұр, Анар, Жанар уақытылы ықыласпен емшараларын жасаса, кіші қызметкерлер мезгілімен дәмді тағамын ұсынып, емделушілердің сауығып кетуіне барлық жағдайды жасады. Осыған орай, емхана басшысы Сәлімжан Паритұлына және медициналық қызметкерлерге атқарып жатырған қызметтеріңізге сәттілік тілей отырып, риясыз алғыс айтамыз,- дейді.
    Бәзде, өмірдегі ең басты құндылық – денсаулығымызды күзетіп жүрген ақ халатты абзал жандардың, ләйім, арқалағаны алғыс болсын дейміз!
    Ниязбаева Асылай