Тілден айырылсақ, ұлттық қасиетімізден айырыламыз. Барша тәрбиені бала бойына дарытатын баға жетпес құралымыз да — тіл. Ұрпақ қамын ойласақ ана тіліміз балаға құрсақта жатқанда сіңетіндей жағдай жасауымыз керек. Жақында бір кітаптан Американдық ғалымдардың жүргізген зерттеулеріне зейін салдым. Мәселе мынаған саяды. Жүкті әйелдің құрсағындағы 3-4 айлық шақалаққа ғылыми талдау жасап көріпті. Сонда жаңағы кішкентай шақалақтың өзі рок музыкаларын ойнағанда кірпідей жиырылып, әлденеден қорыққандай бүрісіп қалады екен де, Моцартты ойнағанда бостандыққа шыққандай жазылып, рахаттанғандай кейіп байқатады екен. Өйткені ол ананың клеткалары арқылы сыртқы құбылыстарды қапысыз қабылдайтын көрінеді.
Демек, қазақ тілінің тағдыры, баянды болашағы, бірінші кезекте, аналарға тікелей байланысты. Сол себепті де, «Қыз бала — ұлттың күре тамыры» деп бекер айтылмаған.
Өкінішке орай, бұл тұрғыда біздегі қазіргі жағдай өте күрделі. Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, қыздардың, жас келіншектер мен ересек әйелдердің, тіпті әжелердің басым көпшілігі бір-бірлерімен, балаларымен, немерелерімен тек орысша сөйлесуге дағдыланған. Бұлай кете беретін болсақ, ұлт ретінде сақталып қалуымыз екіталай.
Осы орайда Оразақын Асқардың мына бір шумақтары еріксіз еске орала береді:
Ойлан, қазақ! Ойлан, ойлан, көп ойлан
Ойсыз қалай бола қойсын қолайлы ән.
Ана тілін білмейтін ұл, қызың көп,
Немерең кім болып туар, соны ойлан!
Сондықтан арымыз, намысымыз, қанымыз, жанымыз — ана тілімізді ардақтай білейік.
Қазаққа ұлттық артықшылық емес, керегі — теңдік. Ендеше, Ұлт саясаты Тіл саясатына ауысқан жөн.

Кенжеболат Жолдыбай