Елімізде «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғанына бірер айдың жүзі болды. Жақсы жаңалыққа көпшілікпен бірге зейнеткер мұғалім мен де қуанатындардың бірімін. Аталмыш заң мұғалімдерімізге кәсіби қызмет ерекшеліктеріне байланысты бірқатар игіліктер әкелді, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Сонымен қатар ол, сөз жоқ, мұғалімдер алдындағы міндеттер салмағын,жауапкершілік жүгін еселеп арттыра түсті деп ойлаймын. Армандаған заң қолымызда. Абай хакім айтқандай: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!»
Енді мәртебелі мұғалім туралы ойлануға тура келеді. Себебі, қандай ма жетілген заң да мұғалімге мәртебені қолына ұстата салмайды.
Қалай дегенде де мәртебе – кім-кімге де «өз уақытын аямаған; өзгенің бақытын аялаған; (Зейнолла Қабдолов), «ақырын жүріп, анық басқан; ұстаздық қылған жалықпастан» (Абай) ұзақ та мағыналы бейнетке толы еңбекпен келер игілік, дәреже деп білем.
Сонымен Еліміздің бүгіні де, болашағы да – өмір ағысына ғана ілескен жай мұғалімге емес, мәртебелі мұғалімге байланысты екенін түсінетін уақыт жетті.
Бұл сөздің мағынасы: мұғалім мамандығын таңдаған әрбір қоғам мүшесі мәртебелі мұғалім болуға ұмтылып, осыны мақсат қоюы-мемлекет қауіпсіздігі мен Тәуелсіздігінің кепілі деген сөз.
Менің көзқарасымда мәртебелі мұғалім қалыптасуының мынадай сатылары бар.

  1. Қоғамның,жұртшылықтың мектепке деген көзқарасының түбегейлі өзгеруі.

Мұның мәнісі: жергілікті басшылар,қоғам белсенділері, зиялылар, БАҚ өкілдері мұғалімдердің тыныс-тіршілігін жақсы біліп, кемшіліктері болса, оларды ақылмен түзетуге көмектесіп, жетістіктерінің одан әрі өрістеуіне барынша ықпал етуге атсалысқандары-уақыт талабы. Мектеп мұғалімдерінің тыныс-тіршілігі қоғам назарында болғаны абзал. Жұртшылық мектепті біржақты сынаудан арылғаны дұрыс.

2. Қоғам, жұртшылық көзқарасы түбегейлі өзгеруі үшін мектеп, мұғалімдер де оларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертулері тиіс.

Мұның мәнісі: мұғалім өзі тәрбиелеп жүрген, сабақ беріп жүрген оқушының жақсы жақтарын да, кемшіліктерін де анық біліп, осыларды: жақсысын дамытып, жаманын түзету үшін оның ата-анасын сенімді жолдас, көмекші етуге мүдделі; сондықтан оларды бір жақты сынаудан арылып, екі жақ баланың болашағы үшін бір бағытта әрекеттенгенде ғана ортақ мақсат оңға басады деуге болады.

3.Педагогикалық ЖОО-ларда, колледждерде мұғалімдер даярлаудың мемлекеттік стратегиясы

Мұндай мемлекет Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін түпкі мақсатында ұстайтын бағдарлама мынадай басымдықтарға ие болуы керек.
а) Педагогикалық оқу орындарына үміткерлер шынайы біліммен, сауаттылықпен қаруланғанына көз жеткізіп қабылдануы; әсіресе, болашақ бастауыш мектептің мұғалімдері болатын үміткерлердің сауаттылығы мен білімділігіне баса назар аударылғаны дұрыс. Себебі, бастауыш-білімнің, тәрбиенің іргетасы. Бір елемеуге болмайтын жәйт: қазіргі ҰБТ жүйесі білімді толық бағалау әдісі бола алмайды;
ә) Шынайы білімді балалар педагогикалық оқу орындарына көптеп баруы үшін, мемлекеттік қолдау (мемлекеттік грант) да күшті болғаны дұрыс. Әсіресе, шынайы білімді, бірақ қаржылай мүмкіндіктері жоқ аз қамтылған, жетім, жартылай жетім балалар осындай қамқорлыққа зәру.
б) Бүгінгі мектептер бастан кешіп отырған бір мәселе-ер мұғалімдердің тым азаюы. Осы себепті ер балалар үлгі-өнеге алатындай, соларға ұқсағысы келетіндей ахуал қалыптаспаған. Негізі бұл мәселеге атүсті, салғырт қарауға болмайтынын уақыттың өзі, Елімізде қалыптасқан отбасылық-тұрмыстық кикілжіңдер бізге ескертуде. Мектептерде ер мен әйел мұғалімдер саны теңесуге жуықтағанда (әрине, теңеспейтіні белгілі) бұл мәселе шешілетін болады. Ер балалар өзін ерлерше, жігіттерше (жақсы мағынасында) сезіну күшейгенде ғана жауапкершілік өсетін болады.

4. Мектеп басшысының адами және кәсіби педагогикалық сапасы

Мәртебелі мұғалімдер, әрине, аспаннан түспейді. Олардың шыңдалатын орыны-мектеп. Мектептен осындай мұғалімдердің көптеп шығуы-алдымен мұғалімнің өзіне және басшыға байланысты екені дәлелдеуді керек қылмайтын аксиома. Бір ақиқат бар. Ол – мектеп басшысы болу-ел басқару мен тең деген. Себебі, ол басқарған ұжымда тәрбиеленген, білім алған жас-ертең осы елдің қызметшілері, жұмысшылары, мамандары, әкімдері мен зиялылары. Олардың қандай деңгейдегі маман, азамат, адам болары-бүгінгі мектептің кәсіби педагогикалық әлеуетіне байланысты болмақ. Әрине, отбасы тәрбиесінің де үлесі баршылық. Сондықтан, мектеп басшысының білімпаз, білікті ұстаз, көшбасшылық қасиетке ие парасатты да әділ, көркем мінезді, зиялы азамат болуы – заман талабы.

5. Жоғарыда көрсетілген адами және кәсіби жақсы қасиеттерге ие мектеп басшысы өзіндей мұғалімдер қалыптастыруға да қауқарлы деп ойлаймын.

Себебі, шынайы білімді, білікті ұстазды, әділ де парасатты, зиялы басшыны таныған қатардағы мұғалімдер де осындай биікке ұмтылары сөзсіз.
Және осындай болуға мемлекет бар жағдайды жасап берді. Мұғалім атаулының бәріне ортақ қасиет-көркем мінезділік, содан кейін білімді-біліктілік, табандылық, парасаттылық, өмірге құштарлық сияқты ондаған адами сапалар оның ұстаздық тұлғасын қалыптастырады.
Әл-Фараби бабамыздың мына бір өсиеті біздің заманымызға да лайықты екеніне күмән жоқ.
«Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс; тым ырыққа да жығыла бермеу керек; өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды; ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді; оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады… Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып,екеуі біріккенде-бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады…»

6. Оқулықтар мәселесі

Баланың жас ерекшеліктеріне байланысты анық, түсінікті, аз сөзді, берері көп, сапалы оқулықтар жазылмайынша білімдегі нәтиже де күткендей бола алмайды…

7. Мұғалімнің мәртебелі болуы өнерге, спортқа бейімділігімен де байланысты; Егер мұғалім баланы музыка, бейнелеу өнері «тілімен» де тәрбиелеуге шебер болса, мәртебелі болуына да кең жол ашылмақ.

Осы мақалада көрсетілген «Педагог мәртебесі туралы» заң Отанымыздың игілігі, келешегі жолында толығымен жұмыс істеу үшін, осы Заңның аясында мұғалімдеріміз барлығы бірдей бола алмағанымен, 70-80%-ы «Мәртебелі мұғалім» биігіне жету үшін, Еліміздің білім беру жүйесі түбегейлі коррупциядан арылып, шынайылық пен әділдік салтанат құрмайынша, арман-арман күйінде қалуы әбден мүмкін…
Ойымды қорытындыласам: мұғалімге мәртебені заң әкеліп бермейді; мұғалімге мәртебені халық береді.

Амантай Бақыт