ӘМБЕБАП АЗАМАТТЫҢ ІЗГІЛІКТІ ӨМІР ЖОЛЫ

Тәуелсіз елді өркениетті, дамыған елдер қатарына қосуға терезесін тең ететін күш – білім мен білімді азамат. Білімді адам – елдің берік тірегі. Білімділік тек жоғары оқу орнын бітірумен шектелмей, ол әр азаматтың өз елін қаншалықты сүйіп, оның өркендеуіне қаншалықты үлес қосқанымен де өлшенсе керек. Сонымен қатар, елге еңбегі сіңген, білімдарлығымен қоса адамгершілік зор қасиеттерді бір бойына қалыптастыра білген, ел тарихын, ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіруге қызмет еткен, адал еңбегі арқылы еліміздің өркендеп өсуіне үлес қосып жүрген азаматтардың ғибратты өмір жолы да жастарға үлгі болып, өз отанын, елі мен жерін сүйіп өсуіне зор ықпалын тигізері сөзсіз.

САНДАШЕВ Т.: «Адамды жоқшылық есейтеді ғой…»

Адамзаттың дамуы мен өркендеуі, жаңа белестерге қадам басуы еңбектің арқасы дейтін болсақ, халқымыз ежелден қолынан іс келетін, үнемі еңбектенетін азаматтардың қадірін біліп, ерекше бағалаған. Оған қоса ел экономикасының тұрақты түрде алға жылжып, тәуелсіз аспанымыздың астында ұлт болып ұйысып берекелі өмір сүруімізге де адал тер төгіп еңбектеніп жүрген жандар үлесін қосуда. Сол себепті, ел президенті Қ. Тоқаев : «Біз Қазақстанның дамуы жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе, ардагерлерімізге айырықша алғыс айтамыз. Еңбек — бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деген болатын өз жазбасында.