Тәуелсіз елді өркениетті, дамыған елдер қатарына қосуға терезесін тең ететін күш – білім мен білімді азамат. Білімді адам – елдің берік тірегі. Білімділік тек жоғары оқу орнын бітірумен шектелмей, ол әр азаматтың өз елін қаншалықты сүйіп, оның өркендеуіне қаншалықты үлес қосқанымен де өлшенсе керек. Сонымен қатар, елге еңбегі сіңген, білімдарлығымен қоса адамгершілік зор қасиеттерді бір бойына қалыптастыра білген, ел тарихын, ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіруге қызмет еткен, адал еңбегі арқылы еліміздің өркендеп өсуіне үлес қосып жүрген азаматтардың ғибратты өмір жолы да жастарға үлгі болып, өз отанын, елі мен жерін сүйіп өсуіне зор ықпалын тигізері сөзсіз.
Еліміздің кешегі Кеңестер Одағының құрамынан шығып, өз алдына егеменді ел болуды мақсат еткен тұсында әр азаматтың биік адами қасиеті, отанын, елін сүюдегі шынайы көзқарасы, адалдығы, еңбекқорлығы мен азаматтық ұстанымының да елдің керегесін қатайтып, шаңырағының биік, іргетасының берік болуына зор ықпал еткені сөзсіз. Осы тұста көптеген елім деген азаматтардың зор жауапкершілігі, елдің болашағына деген сенімі мен оны бірге жасауға қосқан үлесі ұшан теңіз. Солардың бірі де бірегейі –Орақ Деңгелбаев.
Өзге туралы айту, болмаса жазу кім-кімге болса да үлкен жауапкершілік жүктері анық. Біздің кейіпкеріміз де біреу білсе, біреу білмейтін, өзі де ел үшін, ұлт үшін қаншама іс тындырса да оны міндетсінбейтін, бойында ұлтымыздың асыл қасиеттері тоғысқан, ойында нұр, жүрегінде жыр толған, қазақ тілі десе намысын ту еткен рухы биік азаматтардың бірі. Орақ Ерғалиұлы өзінің адамгершілік қасиеттері мен қарапайымдылығының арқасында үлкенге де кішіге де қадірлі, елге еңбегі сіңген азамат.
Еңбек жолын Мақат кәсіпшілігінің ұңғымаларды зерттеу бригадасында бастаған ағамыз өзінің белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, 1967 жылдың қараша айында Мақат мұнай кәсіпшілігі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайланса, 1970 жылы бұрынғы төрт мұнай кәсіпшілігінің негізінде құрылған «Мақатмұнай» басқармасы комсомол комитетінің хатшысы атанады. Ол осы жолда өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің, білімі мен білігінің арқасында жастармен жұмыста нағыз отаншылдық пен мақсаткерлік танытты.
Кейін Мақат аудандық партия комитетінің ұсынысымен 1974 жылы Мақат локомотив депосының кадр бөлімінің инженері лауазымына тағайындалып, оны үш жылдың үстінде абыроймен атқарды. Өз ісіне адал, жауапкершілігі мол, іскер азамат 1976 жылдың желтоқсанынан 1981 жылдың ақпанына дейін 99-құрылыс басқармасының №137-ші құрылыс – құрастыру пойызы жұмысшыларды жабдықтау бөлімі бастығының кадр жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған кезінде де ұжымның сыйлы да абыройлы мүшесі ретінде таныла білді және ұжымның ұйымшылдығын, ауызбірлігін, бір мақсатта еңбек ету дағдысын қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.
Осындай адал еңбегімен, ұжымдағы биік беделінің арқасында Орақ ағамыз 1981 жылдың ақпанында халық депутаттары Мақат аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалып, осы қызметті 1988 жылдың тамыз айына дейін атқарды. Осы уақытта Мақат ауданы таратылып, көптеген қызметкерлер басқа жұмыстарға ауыстырылған болатын. Солардың бірі Орақ Ерғалиұлы 1988 жылдың тамыз айынан бастап халық депутаттары Мақат поселкелік Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы лауазымына сайланып, абыройлы еңбек етті. 1989 жылдың қазан айында Мақат ауданының қайта құрылуына байланысты аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі лауазымына бекітіліп, 1994 жылы 18 наурызда І шақырылған Мақат аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. 2000 жылдың қаңтар — 2007 жылдың наурыз аралығында «Мақатмұнайгаз» басқармасында инженер, басқа да жауапты қызметтерде болды. Орақ ағамыз қандай жұмыс атқарса да өзінің өте жоғары жауапкершілігімен, адалдығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленіп отырды. 50 жылға жуық еңбек еткен ардагер 2007 жылдан бері құрметті демалыста. 1981-1994 ж.ж. халық депутаттары Мақат аудандық Кеңесінің, 1994-2003 ж.ж. Мақат аудандық мәслихатының депутаты, 1971-1974 ж.ж. Мақат аудандық комсомол комитетінің Пленум және бюро мүшесі, «Мақатмұнайгаз» басқармасы партия комитетінің мүшесі болды.
Ғұлама ойшыл Әл-Фарабидің «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» дегеніндей ағамыз еңбек еткен ортасында да, қоғамдық жұмыстарда да өзінің биік жауапкершілігінің жоғарылығымен танылып, ұжыммен, әсіресе жастармен жұмыс істеуде адами және шебер ұйымдастырушылық қабілеті арқылы көптеген ізгі істердің басынан көрініп жүретіні кейінгі ұрпаққа үлгі болғандай.
Американың әйгілі жазушысы Марк Твен: «…Мейрімді болу – ұлы іс. Ал өз жақсылығын жұртшылыққа айтпай, құпия сақтаған адам одан да ұлы»,- деген екен. Осы орайда ағамыздың еңбектерін қарап отырсам, ол өзінен гөрі өзгеге көмектесуге, өзгенің жоғын жоқтап, оларға қол ұшын беруге, әсіресе, соғыс кезінде хабарсыз кеткен боздақтар немесе кезінде елге қызмет етіп, кейін ұмыт болған ел ағалары туралы зерттеп келеді.
Жоғарыда аталғандай, көптеген жауапкершілігі мол қызметтерді абыроймен атқарған Орақ аға отбасында да ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген әке ретінде ұл-қыздарын адалдыққа, табандылыққа, жауапкершілікке үйретіп, әрқайсысын егемен еліміздің көркеюі жолында адал еңбек етуге баулып келеді. Орақ аға тек өз балаларын ғана отанын сүюге, елдің болашағы үшін адал еңбек етуге баулып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазіргі жаhандану кезеңінде өмір сүріп жатқан әр жас пен жасөспірімдердің де өз отанын, ұлтын сүйетін азаматтар болып қалыптасуына да өзіндік үлес қосып жүр. Олай дейтініміз, еліміздің әртүрлі кезеңдерінде адал еңбек етіп, отанымыздың ел болып қалыптасуына зор үлестерін қосқан азаматтардың да еңбектерін көз майын тауысып, архив материалдарын ақтарып, жарыққа шығарып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуге еңбек сіңіріп келеді.
Бұл елдің дамуына, өркендеуіне аянбай еңбек еткен абзал азаматтардың рухына тағзым болса, сондай-ақ өскелең ұрпақтың елін, ұлтын сүйіп, оған адал қызмет етулеріне үлгі өнеге.
Орақ Ерғалиұлының өмірде де, еңбекте де зор жетістікке жетуі тынымсыз еңбектің, өз елін, отанын шексіз сүюдің, елді рухани дамытуға деген құлшыныстың және ел тарихын, оның ішінде өлке тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу міндетін өзіне парыз санауынан туындаған азаматтық рухтың көрінісі деуге болады. Осындай парыздың бірі – еліміздің басына күн туғанда ер азаматтардың бәрі – біреудің әкесі, біреудің жұбайы, біреудің жалғыз ұлы отан қорғауға аттанып, кейбірі сол соғыстан қайтпай қалғаны да халықтың басына түскен қасірет болғаны анық. Мұндай адамзат баласының басына түскен қасіреттен, оның ішінде жалғыз ұлы майданға аттанып, сол майдан даласынан оралмаған ананың тартқан қасіретінен артық қандай қасірет болуы мүмкін. Осы бір жүрекке ауыр тиетін, бірақ ана үшін енді келмейтін баласын күтуден өткен қасіреттің болмайтындығын көрсететін ерекше ескерткіш орнату да Орақ ағаның қаламынан туған бір мақала өзегінен туындаған шара болатын. Сонымен қатар, Орақ аға шаң басқан архив материалдарынан елге қалтқысыз қызмет еткен, өмірден ертерек озып, алдына қойған көптеген мақсаттарына жете алмай арманда кеткен азаматтардың да деректерін тауып, жарыққа шығарып, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жариялауы, әсіресе, олардың кейінгі ұрпақтарына өз әке-аталарының халық үшін еткен жанкешті еңбектерімен танысып, оларды мақтан тұтып, әке-ата рухына бас иіп, кейінгі ұрпаққа мақтанышпен тапсыруларына себепші болғаны да сауапты істердің бірі екені анық. Солардың бірі – Мақат ауданы денсаулық сақтау мекемесінің алғашқы бөлім меңгерушісі, Гурьев округтік денсаулық сақтау мекемесінің басшысының бірі – Телжан Барсаев, қаржы бөлім меңгерушісі Әбіт Мәженов секілді қиын-қыстау кезеңдерде елге адал қызмет еткен азаматтар туралы және Доссор автокөлік кәсіпорны қызметтерінің тарихын зерттеулерінің алғашқы нәтижелері газет бетінде жарияланды.
Орақ ағаның идеясымен 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына кетіп, елге оралмаған көптеген жауынгерлердің артында қалған ата-анасы, балаларының сағынышқа толы өмірлерінің бір ғана мысалы ретінде «Боздағын күткен ана» ескерткішін қоюға ұсыныс жасағаны осындай орны толмас қасіретті басынан кешкендер үшін көңілге медеу болғаны анық. Бұл да Орақ ағаның ана жүрегіндегі соғыс салған жара жазылмаса да, жансыз ескерткіштен әр ана мен артында қалған ұрпағының соғысқа кетіп, оралмаған ұлдары мен аталарының бейнесін көргендей болып, көңілдерін демдейтініне жасаған бір идеясы болды десе де болады.
Әрқашан да көпшілікке болсын дейтін ниетпен Орақ ағамыз осы кезге дейін өлкеміздегі халықтың мұң-мұқтажын баспасөз беттерінде көрсетіп, көптеген мәселелерді шешуге өзінің қаламының ұшымен үлесін қосып келеді. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жазылған «Сөнбейді Жеңіс алауы», Доссор мұнайының 100 жылдығына орай жарық көрген «Атамұнай», «Тасымалда жарты ғасыр» (Мақат локомотив депосы туралы) кітаптардың авторларының бірі. «Ғибратты ғұмыр» (2014 жылы Мақат ауданының біртуар азаматы Мұхамедиар Сатқанов туралы деректі повесть) кітабының авторы.
Өзінің өнегелі өмірі мен толымды шығармашылық жолымен өзгелерге үлгі болып жүретін аса құрметті ағамызға келген жасыңыз құтты болсын, еліңіздің, халқыңыздың құрметіне бөлене беріңіз, деніңіз сау, шығармашылық тұғырыңыз аласармасын демекпіз.
Бақыт БАРСАЙ,
педагогика ғылымдарының докторы,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры