Қазақ полициясы жөнінде сөз қозғала қалса халықтың пікірі екіге жарылып кететіні әмбеге аян. Бірі жақтаса, екіншісі даттап, қылмысты ашуға құлықсыз, тұрғындарға дөрекілік танытып қызметін асыра пайдаланып, жемқорлыққа да бейім келеді деген алыпұшты көзқарастағы әңгімелерді жиі айтатынын естиміз . Әрине, бұл ретте көпке топырақ шашу жөнсіз екенін ескерген жөн.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі полиция азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет көрсететін органға айналатынын және ішкі істер саласын түбегейлі реформалау қажет екенін ескеріп, осы салаға баса назар аударып келеді.
- Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты… Осы мақсатта біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Реформаның негізгі міндеті – қазақстандықтардың құқықтарын қорғау ісін мүлтіксіз қамтамасыз ету, – деген болатын президент.
Басшының сөзі мен тапсырмасын назарда ұстап келетін атыраулық полицейлерде реформаның басты міндеті облыс тұрғындарының құқығы мен қауіпсіздігін һәм тыныштығын күзету жолында кірпік қақпай еңбектеніп келеді.
1920 жылы 10 қаңтарда Орал губерниялық милиция басқармасының №2 бұйрығына сәйкес құрылған Атырау полиция департаменті 100 жылдық жылнамада күреске толы кезеңдердің тайқазанында қайнап, тарихқа таңбаланар оқиғалардың бел ортасында жүріп, шыңдалып, қалыптасып, түрлі тәжірибелерден өтіп, қылмысты дер кезінде ауыздықтауда, қылмыскердің ізін суытпай табу жолында қызметтерін мүлтіксіз атқаруға тырысып келеді.
Тіпті, қызмет бабында кезіккен талай сынға дес бермей сөзсіз ерліктерге барып жүрген және антына адалдық танытып қапыда қаза болған облыс полицейлерінің қатары аз емес. Олардың ішінде заң бұзушылықтардың алдын аламыз, қылмысты дер кезінде ауыздықтаймыз деп дүниеден озған Тащанов Серік Сәрсенбайұлы, Дәулетияров Есжан, Нұржанов Болат Қадырұлы, Хайруллин Еділбай, Төленбаев Бейімбет, Сұлтанов Нұрлан Жағдайұлы, Азналиев Абат, Қошқарбаев Алпысбай, Есмағамбетов Бахтияр Есмырзаұлы, Мендіғалиев Кәкім Сәлешұлы, Бисекенов Асқар, Өтеғазиев Наурызбай, Ақымғалиев Шалхар секілді батырларымыздың есімін әріптестері мен алғысы зор облыс тұрғындары мақтанышпен атап, сағынышпен еске алады.
Бұдан бөлек, аты жаман індет әлем назарын өзіне аударып, шартарапты шарпыған шақта қызметтерін күндіз түні жалғастырып, қауырт еңбек еткендердің бірі осы- ішкі істер істер қызметкерлері. Облыс көлемінде жарияланған карантиндік режимнің сақталуын басты назарда ұстап, рейдтік шаралар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қала тыныштығын күзетіп, тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жолында нәтижелі еңбек көрсетуге тырысқан полиция қызметкерлері және мүдделі орган өкілдерінен тұратын мобильді мониторинг топтары шілденің 5-нен бастап тамыздың 20- на дейін созылған рейдтік іс-шаралар барысында облыста 1688 карантиндік режим талаптарының бұзылуын анықтаған болатын. Оның ішінде жеке тұлғалар-1343, заңды тұлғалар -325, атап айтқанда, кафе,ресторан, букмекерлік кеңселер, түнгі клубтарға қатысты -46 дерек, сауна, сұлулық салондарына қатысты-5, отбасылық жиындар-35, дүкен,сауда орындарына қатысты -154, бетперделерге қатысты -196, т.б.
24 сағат бойы ауысыммен қызмет еткен полиция қызметкерлері қала ішінің өзінен 1000-ға жуық карантин режимін бұзу жөніндегі деректерді тіркеген болатын. Мысалы, 12 тамыз түнгі сағат 03.30 шамасында Сыдықов көшесіндегі мейрамханада туған күн тойланғаны,14 тамыз күні қаладағы Гумаров көшесіндегі кафенің жұмыс жасап, адамдарды қабылдағаны анықталған. Бұл күні Азаттық даңғылы бойындағы «Гүлдер» дүкені жұмыс жасап тұрғаны белгілі болса, 15 тамыз Бейбарыс даңғылында орналаскан коттеджде 10-13 адам жиналып туған күн тойлаған екен.
Бұл әрине азаматтардың денсаулығы үшін алаңдаушылықтан туған іс- шаралардың бір бөлігі ғана.Сонымен қоса, көрінбейтін жаумен күрес кезінде денсаулығы сыр беріп дертіне шипа іздеген қарапайым халықтың қалтасындағы қаржыны қағып түсіруді көздеп, неше түрлі қулық-сұмдық, айлаға барып, дәрі- дәрмектер мен бетперделердің бағасын қымбаттатып сатқан және заңсыз жолмен короновирустық инфекцияның симптомдарын емдейміз деп тұрғындарды алдап келгендердің қылмысын құрықтауда полиция қызметкерлері алғы шептен көрінді.
Мәселен, Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында қала ішінде коронавирустық инфекцияның симптомдарын емдеу және алдын алумен айналысқан клиниканы анықтаған болатын.Жедел іс- шара барысында бұл жерде антисанитарлық жағдайларда лицензиясыз дәстүрлі емес медицинамен, яғни ине шаншу, массажбен және коронавирустық инфекция, пневмония симптомдарының алдын алу емімен айналысқан.Сондай-ақ, науқастарға емді медициналық білімі жоқ тұлғалар жүргізген.Әрі, клиниканың екінші қабатында санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін стационар жабдықталған.Полиция қызметкерлері жертөледен Қытайда өндірілген мерзімі өткен дәрі-дәрмектер мен тіркелмеген препараттарды тауып, тәркілеген.Және халық дәріханалардың кезегін бермей бар мақсаты дәрі алу болған шақта өзгенің ауруын өзіне пайда қылғысы келген Атырау қаласының 1994 жылы туған тұрғынының үйінен қымбат бағамен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқанын анықтап, ұстаған.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде тағы бір деректің басын ашқын болатын. Авангард ықшам ауданындағы үйлердің бірінде пәтер тұрғыны өз бағасынан бірнеше есе қымбат бағамен медициналық бетперделер сатқан. Тексеру кезінде пәтер ішінен 43 мың медициналық бетперде табылған.
Ел басына күн туған шақта қалтасының қалыңдауын көздеген алаяқтардың заңсыз әрекеттерінің болдырмауын һәм ұзаққа созылмауын қадағалап, көздеген полиция қызметкерлері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен құқық қорғау органдарына пандемия кезінде дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бермей, реттеуді қолға алуды тапсырған тапсырмасын бұлжытпай орындауды қалап, бірнеше алаяқтық фактілерін тіркеуге білек сыбана кіріскенін жоғарыдағы оқиғалар айқындап тұр.Әрине, бұл тәртіп сақшыларының арнайы қызметі болғанмен, қылмысты уақытында құрықтау үшін үлкен шеберлік, сақтық, антына адалдық қажет.
Ел тағдыры сынға түскен шақта полицейлердің қиын да қилы қызметіне құрметпен қарап “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” көмектескен Ерсағын Нұрболатов, Олжас Қабдоллаев, Жеткіншек Серіков, Бауыржан Меңдіғалиев және Азамат Зұлхарнаев сынды атыраулық еріктілер де баршылық екенін атап өткен жөн, бұл ретте.Төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және қамтамасыз етуге ат салысып, қол үшін созған еріктілердің үлгі істеріне ризашалық танытқан Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев атынан алғыс хаттармен марапттады.
Сонымен қоса, пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі еленген Атырау облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Бағытжан Сайынұлы Исаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен “ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ” медалімен наградталды.
Бұл марапатты онлайн форматта өткен «BIZ BIRGEMIZ» республикалық форум аясында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов табыстаған болатын.
Ел мен жердің тыныштығын, ішкі тәртібін сақтауда, қылмыс пен алаяқтықты мезетінде құрықтауда Атыраулық полиция қызметкерлеріның қажырлы қызметтері қарымды боп, алға қойған нақты жоспарларды орындауда септігін тигізіп, болашақта игі істерді жүзеге асыруға қанаттандыра бермек.
А. Ниязбаева