Бақиев Азамат Ерсұлтанұлы – 1998 жылы 3 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы Көпжасар ауылында дүниеге келді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Республикалық Махамбет оқуларының және бірнеше дүркін облыстық, республикалық  жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Ар

Тұңғиық тіл —  көп адам бата алмаған,

Тереңіне кіл мықты сапарлаған.

Сол мықтының жанында қай кезде де,

Еріп жүрген құтың мен қатар налаң.

Биік, шың тіл — айбары көк тіреген,

Құзарына қырандар көп түлеген.

Сендік тұғыр неліктен қасиетті?

Бүркіттер көп сол үшін тепкі жеген.

Әжімді тіл — ғасырлар табы қалған,

Арыстардың намысы, ары болған.

Тарихыңа көз тігіп, үңілгенді,

Талай мәрте арландар қауып алған.

Бәйтерек тіл – мәуелі, саялы бақ,

Зиялыны қорғашта ая, жұмақ.!

Ал әйтпесе, мәңгүрттер жон арқадан,

Деспе тіліп, ұрғылап сояры хақ.

Мөп-мөлдір тіл – кіршіксіз, бүлінбеген,

Сені естісем боп қалад мұңым керең.

Зәмзәміңді татып ем шөлдегеннен,

Жігерімді ояттың тірілмеген.

Баба тілі — шөкпеген үзік керуен,

Шемендерді рухымен сүзіп келген.

Сен, арымсың таңдайға суың тиіп,

Маңдайыма Тәңірім сызып берген

Уақыт-пойыз

Уақыт-пойыз.

Аттандық сынаққа біз,

Жастық дәурен өткінші тұрақтамыз.

Келешектің иесі, хақ Тәңірім,

Тоқтағанша вагоннан құлатпаңыз,

Жылатпаңыз.

Өткен күннің әйнегін сындыра алмай,

Басым қатып, сандалып тұрмын Алла-ай.

Терезеге телміріп жаутаңдаймын,

Бірде жылап, бір күліп жындылардай.

Сүйреп барад ақ арман — ақ паравоз,

Бұл пойыздан кейде сор, бақ табамыз.

Мақсат қуып, қасқайып, өршеленіп,

Тіпті бірде тиынға тапталамыз.

Балалық шақ сапардың бастауы анық,

Пойыз зулап біз оған пәс қарадық.

Шегінбейді өткенге алайда біз.

Естелікті тұмар қып тастамадық.

Жүрісін еш білдірмей ілбіп барад,

Мен жүрген із артымда мүлгіп қалад.

Қалмасын деп өткеннің еншісінде,

Отырамын күн сайын жыр ноқталап.

Өн бойымда қан деген сұйықтық бар,

Құйын намыс дуылдап, ұйытқып қал.

Себебі алда күтеді жарқын өмір,

Тұңғиық бар, қырат бар, биіктік бар.

Ей, болашақ мен саған күліп келем,

Қарсы алсаң да сен мені күдікпенен.

Зиратқа кеп тоқтайды бұл жүрдегің,

Бірақ, ол күн алы-ы-ы-ыс деп үміттенем!

                       ***

Бүгін тағы бұлт төнді қала үстіне,

Бұлт ішінде қаңғырып адасты не?

Жылай алмай күркіреп, буырқандың,

Көктің жасын құмдағы дала ішті ме?

Ішсе, ішсін!

шөлдеген арманға олар,

Қадалады төсіне жалған жанар.

Көктің адал жауынын сораптасын,

Жалғыздықтың уына қанған болар.

Қайран, дала!

көзімді тырнап ашқан,

Жанарымнан сәулені ұрламастан.

Тәңір өзі мәңгілік куә болып,

Жүрегімді қартамыс құмға қосқан.

Көктің жасын сораптап, бақты аршып ал,

Шәйініп ал, пәктікті жоқтаушы бар.

Күрсінісін сезініп қосағының,

Құмдарың да қақырап жатқан шығар.

***

Құздағы қар кетті дейміз

Ол-көктем келгені шығар

   Қадыр Мырза Әли

Жабылған кітаптар.

Шаршаулы,

Құстарды тым үнсіз қарсы алды.

Жалғыздық жарасын сөккен бе?

Аспаннан азалы ән сауды .

Кітаптар- сөреде тізілген ,

Парағын қыс мүжіп, күз үрген.

Өзіне кіршіксіз сезіммен ,

Жанарды аңсайды сүзілген.

Кітаптар -ашылған.

Жабылған ,

Жазмыш жазылып ауырдан.

Көз қысып кете ме өзіңе ?

Махаббат сығалап сағымнан .

Кітаптар- уақыттар.

Шектеулі ,

Көтермес еркелік өкпеңді .

Кітаптар -сарғайған сағыныш ,

Күтетін мәңгілік көктемді .

Тым ерте гүл өсті бөктерге ,

Кітаптар, əлемге кектенбе .

Ашылған парақты көрдім ғой ,

Тағдырың шешті ме бет перде?

Әлде бұл сен күткен көктем бе?!

* * *

Тəңір,

Жанымның жалғыз куəгері едің,

Мен неге іштен тына беремін?

Жалғанға мына ақталуменен,

Күрсіністерден тұрады өлеңім.

Өлең,

Үздің бе сен де үміттеріңді?

Тере алмай көктен сынық сенімді.

Мөлдір көздерің мөлт етті ме екен?

Сезгенде кейде суық демімді.

Білмей,

Кеудеме нені жүк етерімді?

Жүрекке кімді түнетерімді?

Жаһанға сыймай торығып кетем,

Тəңірден сұрап кім екенімді.

Тəңір,

Кездірдің неге мың сүрлеуіңді?

Сезе алар ма едің күрсінгенімді?

Азандай қылып тыңдар ма екенсің?

Жүрегім шерткен мұң сіңген үнді.

Тəңір,

Тесіп алды ма ғаламның бөзін,

Тамшыларымен ғазалдың көзі.

«Ақынмын» деймін. Ақиқатында,

Адаммын ба өзі?

                           2017

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *