19 сәуірде кешкілік әлеуметтік желілерде «Теңізде Болашақ вахталық ауылындағы наразылық» деп аталған видео тарай бастады. Оқиға орнынан бірнеше видео Instagram желісіндегі zello_atyrau парақшасында жарияланды. Кадрдан бір топ адамның ғимарат маңында жиналғанын көруге болады. Видеолардың бірінде сынған әйнектің даусы мен былапыт сөздер естіледі.
«Ақ Жайық» мәліметі бойынша, наразылыққа шығуға коронавирус себеп болған. Жұмысшылар вирус жұқтырудан қорқып, басқа да вахталық ауылдағы жұмысшылардың орналасуына қарсы шыққан.
Алайда «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі наразылыққа ешқандай себеп жоқ екенін мәлімдеді. Болашақ ауылының тұрғын үйлерінде таңертең үйлеріне жіберілетін қызметкерлер орналастырылған. Оқиға орнында түсіндірме әңгімелер өткен. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды.