Нұр — Сұлтан қаласының ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлы ақын, ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайтану ғылымы және Қайым Мұхамедханов» атты дөңгелек үстел өтті. Аталмыш іс-шараның «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының қатысуымен ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Мұхамедхановтың еңбектерінің 10 томдығын құрастырушы, ғалым Ербол Іргебай тізгінін ұстаған мәртебелі жиынға зиялы қауым өкілдері, Алаштанушы ғалымдар, БАҚ, Қайым Мұхамедхановтың ұрпағы Дина Қайымқызы, студент жастар қатысты. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан ғалымның ғылыми еңбектері мен Қайым Мұхамедхановтың мұрағаттық қорынан арнайы фотокөрме ұйымдастырылды, деректі фильм көрсетіліп, Рабиға Сыздықова, Герольд Бельгер және Төкен Ибрагимов сынды елімізге белгілі тұлғалардың Қайым Мұхамедханов туралы құнды естеліктері берілді.
Жиын барысында сөз сөйлеген ғалымдар Төрегелді Тұяқбай, Қаржаубай Сартқожаұлы, Тұрсын Жұртбай, Сұлтан Хан Аққұлұлы, Алмахан Габдулина, Асан Омар және өзге де азаматтар Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері Қайым Мұхамедханов жайлы жүрек жарды пікірлерімен бөлісті, Қайымтану ғылымын орнықтыру қажеттілігіне назар аударды, Абай мұрасын зерттеудегі ғалымның жаңа қырларын ашу тұрғысында нақты ұсыныстарын айтты және бұл әсте кездейсоқ емес.
Қайым Мұхамедханов өзінің ғылыми-зерттеушілік қызметінің алғашқы күндерінен бастап Абай және оның ізбасарлары туралы материалдар жинап, Абай мектебі ақындарының отыздан астам есімдерін қалпына келтірді және де Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы текстологиялық талдау жасап, ғылыми-шығармашылық өмірбаяндар жазды.
Ғалым қазақ әдебиетіндегі жалғыз мектеп – Абай мектебін сақтап қалу жолында 1951 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 25 жылға сотталды. Кейін де Абай бейнесін мүсіндеу өнерінде ақынның жан тазалығын сақтауға күш салды, Абайдың алғашқы баспасы – И.Бораганскийдің есімін қайтарып, «Абай» журналын қайта жандарды.
Сайып келгенде, алғашқы Абай мұражайының негізін қалаушы, Абайдың түпнұсқалық сөзінің тазалығын текстологиялық талдау әдісімен сақтап қалу ғылымына үлкен үлес қосқан ғалым Қайым Мұхамедхановтың еңбегін үзбей насихаттау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеті болып табылады. Яғни, осылайша ұрпақ сабақтастығы заңды жалғасын табуы тиіс.
Кенжеболат Жолдыбай,
Нұр — Сұлтан қаласы