Енді 15, тіпті 10 жылдан кейін Қазақстан мыс, қорғасын және басқа да сирек металдар тапшылығына ұрынады.
Пайдалы қазбалар тапшылығы, жұмыс орындарының қысқаруы, білікті мамандардың жетіспеуі. Бұл Қазақстандағы геологиялық барлау проблемаларының бір бөлігі ғана.
Мамандар дабыл қағуда. Салаға тиісті қолдау көрсетілмеуінен тіпті бірқатар индустриалдық қалалар қаңырап қалуы мүмкін.
Енді бір 15, тіпті 10 жылдан кейін Қазақстанда мыс, қорғасын және кейбір сирек металдар жетіспей қалуы мүмкін. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде республикада 8 мыңға жуық кеніш бар. Кеңес дәуірінде ашылған ол кен орындарының ресурстары таусылуда, ал жаңалары ашылмаған. Осы себепті, бірқатар индустриалдық қалаларда тіршілік тоқтап қалуы мүмкін. Әсіресе Жезқазған, Сәтпаев, Зыряновск және Риддер қалаларына осындай қауіп төніп тұр.
— Бұған көптеген қала құрушы кәсіпорындардың жабылып қалғаны дәлел. Әсіресе, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысында. Шығыс Қазақстандағы «Юбилейное», «Зыряновское», «Шемонаиха» және басқа кен орындары толығымен игерілген. Бұл кеніштер жабық. 2025-2040 жылдарға дейін Шығыс Қазақстан облысындағы ірі кен орындары – Тишинск, Орловское, Малеевскоелер де жабылады, — деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов.
Қазақстандағы геологиялық барлаудың бұрынғы қуатын қалпына келтіру үшін бірнеше мәселені шешу қажет: жер қойнауын зерттеу жүйесі бұзылған, жаңа технологиялар толық пайдаланылмайды, ғалымдар мемлекет тарапынан қолдау сезінбейді. Сайып келгенде, кадр даярлаудың ақсап тұрғаны да саланың өткір мәселесі болды.
— Бұрын бұл таңдаулы мамандық болатын. Кейін геология не керек дестік. Қазақстанда 500 жылға жететін көмір бар, 100 жылға жететін хромиттер, алтын да, мыс та бар дедік. Бәрі бар, шығынданбайық дестік, — деп түсіндірді депутат, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Галина Баймаханова.
Анықталғандай, соңғы 20 жылдан бері геологиялық барлау жұмыстарына ақша үнемделіп келеді екен.
Экология вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, министрлік отандық барлау жұмыстарын жандандыруға бағытталған шаралар кешенін әзірледі. Үкімет қаржыландыруды ұлғайтуды мақұлдады.
— Бұл көп қаражат емес. Ондай ақшадан жаңа, үлкен кен орындарының ашылуын күту қиын. Бұл капиталды көп қажет ететін, тым тәуекелді сала. Біздің министрліктің басты міндеті – шикізат базасын толтыру, жаңа кен орындарын ашу, жағдай жасау, — деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов.
Қазақстандағы геологиялық барлаудың екінші тынысы қашан ашылатынын айтуға әлі ерте. Мамандардың пікірінше, елдің минералды-шикізат базасы орасан зор әлеуетке ие. Мәселен, егер мұнай қорын алсақ, оны 4,5 миллиард тоннадан 76 миллиардқа дейін арттыруға болады.