Атырауда көрнекті күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровтың

80 жылдығына арналған шаралар өтті

Қазақтың қара домбырасын қолына алған сәтте тұтас бір дәуірдің үнін сөйлеткен, күйдің ішкі қуаты мен терең сырын орындаушылық шеберлігі арқылы танытқан Қаршыға Ахмедияровтың есімі ұлттық өнер тарихында айрықша орын алады. Ол – дәстүрлі күйшілік мектептің озық үлгісін бойына сіңіріп қана қоймай, оны жаңа белеске көтерген орындаушы, төл туындыларымен күй қорын байытқан композитор, ұрпаққа өнер үйреткен ұстаз, күй мұрасын зерттеп, жүйелеуге еңбек сіңірген ғалым.

Биыл Атырау өңірінде Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына арналған тағылымды шаралар өтті. 28 қыркүйекте күйшінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Күй өнерінің кемеңгері – Қаршыға» атты танымдық конференция ұйымдастырылды. Ал түстен кейін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Күй – ұран» атты гала-концерт өтті. Мерейтойға орай арнайы келген қонақтар келесі күні күйшінің туған жері – Махамбет ауданының Таңдай ауылына барып, Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің ұстаздары және оқушыларымен кездесті.

Бұл шаралар белгілі өнер иесін еске алумен ғана шектелген жоқ. Оның өмір жолына үңіліп, шығармашылық мұрасын зерделеуге, күйшілік дәстүрдегі орнын бағамдауға және кейінгі буынға қалдырған аманатын қайта тануға мүмкіндік берді.

Талант табиғаты

Қаршыға Ахмедияров 1946 жылғы 25 наурызда Атырау облысы, Махамбет ауданының Таңдай ауылында дүниеге келген. Оның кәсіби музыкаға бет бұруы бірден қалыптасқан жол емес еді. 1962 жылы Атырау музыка колледжіне хор дирижері мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1964 жылы Алматы малдәрігерлік институтында білім алған. Алайда жүрегін тербеген өнерге деген ықыласы оны көп ұзамай музыка әлеміне қайта алып келді.

1965 жылы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестріне жұмысқа қабылданып, консерваторияның дайындық курсына түсті. 1972 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны жеке орындаушы, оқытушы, оркестр артисі және халық аспаптарының дирижері мамандықтары бойынша тәмамдады. Кәсіби біліммен қаруланған жас музыканттың алдында енді орындаушылық шеберлігін шыңдау, дәстүрлі өнердің тереңіне бойлау және өз қолтаңбасын қалыптастыру міндеті тұрды.

Оның табиғи дарынын ерте таныған ұстаздарының бірі – КСРО Халық артисі, дирижер Шамғон Қажғалиев. Ол Қаршығаның консерваторияға түспей тұрып-ақ дүлдүл домбырашы болғанын, кәсіби білім алу туралы кеңесін қабылдап, өнер жолын саналы түрде таңдағанын еске алған. Бұл – жас орындаушының бойындағы қабілетті ғана емес, сол қабілетті жүйелі біліммен ұштастыруға деген ұмтылысын да аңғартатын дерек.

1973 жылдан бастап Қаршыға Ахмедияровтың күйшілік әрі шығармашылық жолы жаңа қарқын алды. Сол жылы ол Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің концертмейстері болды. Дәл осы кезеңнен оның төл күйлері де дүниеге келе бастады. Кейінгі жылдары жазылған бес жүзден астам күйі қазақ музыкасының қомақты қорына айналды. Оның шығармалары мен орындаулары үнтаспаға жазылып, радио-теледидар мұрағатының «Алтын қорынан» орын алды.

Қаршыға күйлерінің атауларының өзінен-ақ композитордың ой ауқымы мен көркемдік ізденісін байқауға болады. «Күй – ұран», «Алтын орда», «Толғау», «Атырау», «Мұнайшы Ақжелең», «Той күйі», «Қуаныш», «Арпалыс» секілді туындылары әр кезеңде орындалып, тыңдарманға жол тартты. Олардың бірінде туған жердің тынысы сезілсе, енді бірінде елдік рух, тарихи таным, адам болмысы мен өмірге көзқарас күй тілімен өріледі.

Оның орындаушылық өнерін даралаған қасиеттің бірі – күйді жаттанды қайталаудан аулақ болуы. Ол әр шығарманың ішкі табиғатына үңіліп, өзіне тән мінезін, иірімін, тынысын ашуға ұмтылды. Филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбек оның өнерін бағалай келе, Қаршығаны әр күйдің өз тағдырын жаңылмай танып, болмысын дәл аша алатын суреткер ретінде сипаттаған. Бұл пікір күйші шеберлігінің сыртқы техникалық машықпен шектелмейтінін, оның терең таным мен көркемдік ойға сүйенгенін көрсетеді.

Күйге қосқан қолтаңба

Қазақтың күй өнері – халықтың тарихи жадын, мінезін, дүниетанымын бойына жинаған рухани мұра. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет, Есір, Абыл сынды тұлғалардан жеткен дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін орындаушының шеберлігімен қатар, терең білімі мен жауапкершілігі де қажет. Қаршыға Ахмедияров осы міндетті шығармашылық ғұмырының негізгі бағытына айналдырды.

Ол дәстүрлі күйлерді орындаумен шектелмей, оларды жинауға, зерттеуге, нотаға түсіруге, басылымға дайындауға және кеңінен насихаттауға күш салды. 1982 жылы «Махамбет. Шашақты найза – шалқар күй» жинағы жарық көрді. Кейін Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», Дәулеткерейдің «Жігер», Құрманғазының күйлер жинақтарын құрастыруға атсалысты. Махамбет пен Құрманғазы мұрасын зерделеуге, бұрын белгісіз болып келген деректер мен күйлерді айналымға енгізуге де үлес қосты.

Бұл еңбектердің мәні – бұрыннан белгілі шығармаларды қайта басып шығаруда ғана емес. Әр күйдің шығу тарихын, орындаушылық ерекшелігін, дәстүрлі мектеппен байланысын танып, кейінгі зерттеушілер мен орындаушыларға қажет материалдарды жинақтауда. Қаршыға Ахмедияровтың күйтанушылық қызметі оның домбырашы ретіндегі шеберлігін толықтыра түсті.

Оның зерттеушілік ізденісі ғылыми мақалаларынан да көрінді. Өнерге қатысты жүзден астам мақаласы баспасөзде жарық көріп, халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың материалдарына енді. Радио мен теледидар хабарларына қатысып, халықтық музыканы кең аудиторияға таныстырды. 2000 жылы Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласындағы орталық радио қорына елуге жуық күй жаздыруы да қазақтың күй мұрасын шекара асыра насихаттауға бағытталған еңбектерінің бірі еді.

Қаршыға Ахмедияровтың өнеріне замандастары жоғары баға берді. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы оның орындаушылығы қазақ күйлерінің географиялық әрі көркемдік аясын бір арнаға тоғыстырғанын, домбыраны халықтың терең сырын жеткізетін ортақ тілге айналдырғанын айрықша атап өткен. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов Қаршығаның қазақтың дәстүрлі күй өнерін сақтап, ұрпаққа аманаттаудағы еңбегіне тоқталып, оның қызметін ұлттық рухани мұраны қорғаумен байланыстырған.

Күйшінің өнері Қазақстанмен ғана шектелген жоқ. Шетелдік сапарларда да домбыра үнін танытып, өзге елдердің тыңдармандарына қазақ музыкасының мүмкіндігін көрсетті. КСРО Халық артисі Ермек Серкебаевтың естелігінде АҚШ-тағы концерт кезінде тыңдармандардың Қаршығаны сахнадан жібермей, оның орындауындағы күйлерді қайта-қайта тыңдауды сұрағаны айтылады. Мұндай естеліктер домбыра үнінің тілдік кедергіден асып, өзге жұрттың да жүрегіне жол таба алатынын аңғартады.

Күйшінің еңбегі мемлекеттік деңгейде де бағаланды. 1981 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атанса, 1982 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 1991 жылы Қазақстанның Халық артисі атағы берілді. «Парасат» орденімен марапатталып, Махамбет ауданының, Атырау қаласы мен Атырау облысының құрметті азаматы атанды. Алайда оның шығармашылық мұрасының салмағын марапаттар тізімімен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы беделі – орындаушылық мектебінің қалыптасуынан, төл күйлерінің халық арасына таралуынан және өнер туралы қалыптастырған танымынан көрінеді.

Ұстаздықтан жалғасқан өнеге

1977 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық еткен Қаршыға Ахмедияров бірнеше буын музыканттың қалыптасуына ықпал етті. Ол шәкірттеріне домбыраны меңгертумен бірге, күйдің мазмұнын түсінуге, шығармаға жауапкершілікпен қарауға, әр туындының өзіндік болмысын тануға баулыды.

1994 жылдан бастап домбыра кафедрасын басқарған жылдары да оның педагогикалық және шығармашылық ізденістері қатар жүрді. 2006 жылы Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры атанды. Ал 2011 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй класының» ашылуы – оның есімі мен орындаушылық дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам.

Күйшінің өнерін жалғастырған шәкірттерінің қатарында Сәния Ерғалиева да бар. Ол Қаршыға Ахмедияровтың төл шәкірті ретінде ұстазының күйлерін орындап келеді. Мерейтойлық концертте оның «Нұрғиса» күйін орындауы ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланысты сахна төрінде қайта жаңғыртты.

Қаршыға Ахмедияровтың отбасы да оның өнер мұрасымен біте қайнасқан. Жұбайы Нұрбике Ахмедиярова күйшінің өмір жолында жанынан табылып, шығармашылық мұрасының сақталуы мен насихатталуына үлес қосты. Қызы Раушанның да әкесінің мұрасын жинақтап, жарыққа шығаруға қаржылай қолдау көрсеткені өмірбаяндық деректерде айтылады. 2011 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында жарық көрген «Күй – ұран» атты он төрт CD-ден тұратын топтаманың шығуына Раушан Ахмедиярова демеушілік жасаған.

Ал немересі Ақтоты Ахмедиярованың атасымен бірге өнер көрсетуі – мұраның отбасылық естелік күйінде ғана қалмай, орындаушылық тәжірибе арқылы жалғасып келе жатқанының белгісі. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз де осы: бұрынғы буынның еңбегі мен танымын кейінгі ұрпақтың өз қолымен, өз үнімен жалғастыруы.

Естеліктен – ғылыми пайымға дейін

28 қыркүйек күні Қаршыға Ахмедияровтың ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталған мерейтойлық шаралар оның өмірі мен шығармашылығын әр қырынан танытты. «Қазақстан» қонақ үйінің алаңында өткен рәсімде Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, күйшінің жұбайы Нұрбике Ахмедиярова және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карима Сахарбаева сөз сөйледі. Ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі күйшінің туған өңірі оның рухани мұрасына айрықша құрметпен қарайтынын көрсетті.

Одан кейін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Күй өнерінің кемеңгері – Қаршыға» атты танымдық конференция өтті. Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнертанушылар, ғалымдар, күйшінің туыстары, достары мен шәкірттері қатысты. Конференцияның мазмұны да сан салалы болды: мұнда жеке естеліктер айтылып қана қоймай, Қаршыға Ахмедияровтың өмір жолы, шығармашылығы, күйшілік дәстүрдегі орны және зерттеушілік еңбегі ғылыми тұрғыдан қарастырылды.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, университет ректоры Саламат Идрисов құттықтау сөз сөйледі. Күйшінің ағасы Алғи Ахмедияров пен жұбайы Нұрбике Ахмедиярова естеліктерімен бөлісті. Ұстазы Қатимолла Ризуанов «Талант бастауы» тақырыбында ой өрбітсе, Сержан Шәкірат «Күй сахнасының төріне шығарған Қаршыға інім» атты естелігінде өнер иесінің тұлғасына тоқталды.

Профессор Карима Сахарбаева Қаршыға Ахмедиярұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасады. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Өтеғалиева оны қазақ күй өнерінің көрнекті композиторы ретінде талдаса, Раушан Нұртазақызы «Қоңырқазды қалықтатқан Мағауия мен күй Қаршығасының әлемі» тақырыбында баяндама жасады. Шахман Нағымов күйшінің зерттеушілік қырын сөз етті. Аманбек Сүндетов, Айтберген Жаңбыршы, Қызырбек Жанасылұлы және басқа да өнер қайраткерлері достық, ұстаздық, шығармашылық байланыстар туралы естеліктерімен бөлісті.

Баяндамалар мен естеліктердің әрқайсысы Қ.Ахмедияровтың болмысын басқа қырынан ашты. Бірі оның өнерге келуіне ықпал еткен адамдарды еске алса, енді бірі күйшілік шеберлігін, зерттеушілік ізденісін, шәкірт тәрбиелеудегі орнын саралады. Осы тұрғыдан алғанда, конференция тұлға туралы естеліктерді бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, оның мұрасын кейінгі зерттеулерге негіз болатын ғылыми пайымдармен толықтырды.

«Күй – ұран»: сахнадағы рухани сабақтастық

Мерейтойдың музыкалық өзегі – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен «Күй – ұран» гала-концерті болды. Кеш алдында көрерменге Қаршыға Ахмедияровтың өмірі мен өнер жолына арналған деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Театр фойесінде де күйшінің өмірбаянына қатысты көрме ұсынылды. Осылайша, концерт басталмай тұрып-ақ көрермен оның шығармашылық әлеміне бойлауға мүмкіндік алды.

Сахна төріне Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі жайғасты. Көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Ержан Қитаров бастаған ұжым концертті күйшінің «Атырау» шығармасымен ашты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров басқарған оркестрдің орындауындағы бұл туынды кештің музыкалық бағытын айқындап, туған жерге деген ықыласты күй тілімен жеткізді.

Концерт бағдарламасына күйшінің төл шығармалары, әндері және оның музыкалық мұрасымен сабақтас туындылар енгізілді. «Ауылым», «Жер ана», «Азаматы елімнің» әндері арқылы композиторлық қыры танытылса, «Ақ мешіт», «Көктем сазы», «Мұнайшы Ақжелең», «Алтын орда», «Той күйі», «Нұрғиса», «Арпалыс», «Қуаныш», «Имаш Байжұма» секілді күйлері домбыраның әр алуан үнін, орындаушылық мүмкіндігін көрсетті.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – немересі Ақтоты Ахмедиярованың атасымен бірге флейтада орындауға арналған «Сағындым ата, сағындым баба» туындысы болды. Әкесі мен қызының, ата мен немеренің арасындағы рухани байланысты өнер арқылы танытқан бұл шығарма концертке отбасылық жылылық дарытты. Ал Айымгүл Саматованың орындауындағы «Раушан гүлім» күйі композитордың сүйікті қызы Раушанға арналған туынды ретінде көрерменге ұсынылды.

Сахнада тек күйшінің отбасы мүшелері ғана емес, оның шығармашылық дәстүрін жалғастырып жүрген шәкірттері мен әр буынның орындаушылары өнер көрсетті. Шыңғыс Нұрғалиұлы, Жасұлан Базарбаев, Айымгүл Саматова, Ақбөкен Темір, Сәния Ерғалиева, Таңат Сәденов, Нұрлыбек Нәжікенов және басқа да музыканттар композитор шығармаларын өз орындаушылық мәнерімен жеткізді. Олардың арасында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, консерватория магистранттары, тәжірибелі күйшілер бар.

Бағдарламадағы Құрманғазының «Төремұрат» күйі де дәстүр сабақтастығын айқындай түсті. Қаршыға Ахмедияровтың өзі де ұлы күйшілерден жеткен мұраны терең меңгеріп, оны жаңа орындаушылық өрнекпен жеткізген өнер иесі еді. Сондықтан оның төл шығармаларының қатарында Құрманғазы туындысының орындалуы концерттің мазмұндық арнасымен табиғи үйлесті.

Кеш соңында «Күй тартыс» орындалып, концерт Қаршыға Ахмедияровтың «Күй – ұран» шығармасымен түйінделді. Жеке домбырашылар мен «Нарын» оркестрі біріге орындаған бұл туынды мерейтойдың атауына айналған күйдің рухани салмағын тағы бір мәрте танытты. «Күй – ұран» – композитордың төл шығармасы ғана емес, оның өнерге деген ұстанымын да аңғартатын атау. Күйді елдің рухани байлығы деп түсіну, оны орындап қана қоймай, кейінгіге аманаттау – Ахмедияров шығармашылығының өн бойынан көрінетін қасиет.

Өшпейтін өнер, үзілмейтін жол

Қаршыға Ахмедияров есімімен байланысты «Қаршығаның домбырасы», «Қаршығаның мәнері», «Қаршығаның мектебі» деген ұғымдардың қалыптасуы да кездейсоқ емес. Мұндай атаулар өнер иесінің өзіндік орындаушылық қолтаңбасы мен ықпалының жұртшылық жадында орныққанын білдіреді. Ол күйді тек сахнада шебер орындап қана қойған жоқ, оның мазмұнын түсінуге, тарихын тануға, көркемдік ерекшелігін бағалауға жол ашты.

29 қыркүйекте мерейтой қонақтарының Таңдай ауылына баруы да осы сабақтастықтың мәнін тереңдете түсті. Өнер иесінің туған жерінде оның атындағы мектеп ұстаздары мен оқушыларымен кездесу – Қаршыға Ахмедияровтың есімін жас ұрпаққа танытудың, туған топырақ пен үлкен өнер арасындағы байланысты сезіндірудің бір жолы. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелер жас домбырашыларға ғана емес, ұлттық мәдениеттің қадірін түсінгісі келетін әрбір жасқа қажет.

Күйшінің ғұмыры аяқталғанымен, оның орындаған күйлері, жазған шығармалары, жинақтаған мұрасы мен тәрбиелеген шәкірттері өмір сүріп келеді. Оның туындылары жаңа орындаушылардың репертуарына еніп, концерт сахналарында қайта жаңғыруда. Ғалымдар шығармашылығын зерттеп, ұстаздық дәстүрі консерваториядағы «Күй класы» арқылы жалғасып жатыр. Ал туған өңірінде есімін ұлықтаған мұндай шаралар Қаршыға Ахмедияровтың қазақ өнеріндегі орнын қайта пайымдауға мүмкіндік береді.

Өмірбек КЕНЖЕАХМЕТОВ,

Атырау облысы