Қазақстан Президенті Қасым—Жомарт Тоқаев ішкі туризмді экономиканың жаңа драйвері және аймақтардың дамуына серпін беретін маңызды бағыт ретінде айқындады. Оның пікірінше, еліміздің табиғи және тарихи—мәдени әлеуеті өте жоғары болғанымен, бұл сала әлі де тиімді пайдаланылмай отыр. Мемлекет басшысының ішкі туризмді ілгерілетуге қатысты негізгі ойлары мен Үкімет пен әкімдіктерге жүктеген міндеттері бірнеше негізгі бағытты қамтиды.

Ішкі туризмді дамытудың экономикалық тиімділігі қандай? Туризм тек демалыс орны емес, ол – жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру және шағын және орта бизнесті қолдау құралы. Елімізде ішкі туризм бағыты қарқынды дамып, соңғы 7-8 жыл көлемінде саяхаттаушылар саны 8,5 миллион адамға жеткен. Мемлекеттік қазынаға түсетін салық көлемі 630 миллиард теңгені құрап, сала экономиканың маңызды тірегіне айналып отыр.

Биыл Мәншүк екеуміздің шаңырақ көтергенімізге – 45 жыл. Балалардың қолдауымен кезекті еңбек демалысымызда ұшаққа билет алып, «Астана, қайдасың?» деп елордаға тартып отырдық. Сапарымыздың мақсаты – жаңарып, жасалған еліміздің бас шаһарын аралап, көру, ҚазМУ-дің Шығыстану факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, бүгінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде жауапты қызмет атқарып жүрген жиеніміз Гүлімнің жағдайымен, тыныс-тіршілігімен танысу. Сонымен бірге Арқаның кербез сұлуы атанған Көкше өңіріне сапарлап, Бурабайдың көркем табиғатын тамашалап қайтуды да ойластырғанбыз.

Елорда төріндегі жаңа көлік

Биылғы 16 мамырда елордада LRT қозғалысының ресми түрде іске қосылғаны туралы ақпаратты бұған дейін БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерден хабардар едік. Сондықтан әуежайдан Нұрлы жол теміржол вокзалына дейін жаңа жеңіл рельсті көлікпен жетуді жөн көрдік.

Көп жылдан бері құрылысы жүріп, ақыры ел игілігіне берілген жаңа қоғамдық көлік түріне халықтың қызығушылығы жоғары екен. Вагонға отырғаннан-ақ заманауи жүйенің артықшылықтары байқалады. Жолаушылар қажетті ақпаратты көрнекі тақталардан, бейне және аудиожазбалардан алып отыр. Әр стансаның атауы диктор арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабарланып тұрады.

Станса атауларының өзі ел тарихы мен ұлттық танымға жақын. «Ұлы Дала», «Сығанақ», «Мыңжылдықтар аллеясы», «Жібек жолы» секілді атаулар көзге жылы ұшырайды. «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік жүйесі елорданың солтүстік-оңтүстік бағытын, яғни Нұрлы жол теміржол вокзалы мен халықаралық әуежай арасын 18 станса арқылы байланыстырады. Вагон терезесінен қала келбетіне көз саламыз. Астана бұрынғыдан да өзгеріп, жаңаша сипат алған екен.

Көрікті көшелер, заманауи зәулім ғимараттар, бір-біріне ұқсамайтын тұрғын үйлер, мәдениет пен спорт кешендері, жасыл желекке бөленген гүлзарлар – бәрі де елорданың жыл санап түлеп келе жатқанын аңғартады.

Астана – тарих пен жаңарудың тоғысқан шаһары

Астанадағы күндеріміз де мазмұнды өтті. Жұма күні елордадағы ең сәулетті мешіттердің біріне барып, аруақтарға Құран бағыштап, садақамызды бердік. Сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық нысандардың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін араладық. Ел тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін сан алуан жәдігерлерді, тарихи құжаттар мен суреттерді тамашалап, халқымыздың өткеніне тағы бір мәрте үңілгендей болдық.

Астананың қатаң континенттік климатына қарамастан, қалада жасыл желекті орындар да жеткілікті. 2018 жылы ашылған ботаникалық баққа арнайы барып, табиғат аясында серуендеп қайттық.

29  тамызда Премьер-лига аясындағы елорданың «Жеңісі» мен Өскеменнің «Алтай» командалары арасындағы кездесуді тамашалауға билет алдым. Өзімізге үйреншікті LRT-мен жабық «Астана Арена» стадионына жеттім. Жанкүйерлердің қарасы көп болмағанымен, стадионның қос қанатына жайғасқан екі команданың жанкүйерлері өз клубтарын барынша қызу қолдады. Олардығ айқай-шуы мен қошеметінен құлақ тұнады. Ойынның алғашқы таймы аса тартысты бола қойған жоқ. Матчтағы жалғыз голды 67-минутта «Жеңіс» шабуылшысы Андрия Филипович соғып, командасына жеңіс сыйлады.

Астанаға бұған дейін де бірнеше мәрте табан тіреген едік. Бұл жолы елордадағы шаруаларымызды тәмамдай келе, Бурабайға сапарлауды ұйғардық.

«Арқаның кербез сұлу – Көкшетауы…»

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудын саясында,

Әрқайсы алтын кесе аясында.

Ауасы дертке дауа, жұпар иісті

Көкірек канша жұтса, тоясың ба?»,- деп бала кезден жаттап өскен Сәкен ақын жырға қосқан Көкше мен Бурабайды өз көзімізбен тағы бір көрудің сәті  түсті.

Жайдары жаздың соңғы күні. Бозарып атқан ақ таңмен таласы тұрдық. Таңғы асымызды ішіп, жылы киініп, Есілдің оң жағалауындағы туристік топ жиналатын аялдамаға таксимен жеттік. Бурабайға бірге баратын саяхатшылар да біртіндеп жинала бастады. Танысып, әңгімелесе келе, сапарластарымыздың дені зейнет жасындағы Ақтаудан, Ақтөбеден, Атыраудан, Оралдан келгендер  екен. Тараздан да екі адам қосылыпты.

«Аңыздарға саяхат» жобасы бойынша он бес адам шағын автобусқа жайғасып, Бурабайға бағыт алдық.

Алдымызда шамамен 260 шақырымдай үш сағаттық жол бар. Тақтайдай тегіс жолмен жүйткіп келеміз. Үш сағаттық жолды қысқарту үшін әуелі көлік иесінің бейнетаспасынан берілген әндерге қосылып отырдық. Кейін бәріміз қазақтың халық әндерін, белгілі сазгерлердің әсем әуендерін бірге шырқадық.

Терезеден көз салсаң, жол бойындағы жап-жасыл қарағай, қайың мен шырша көңілді тербейді. Табиғаттың өзі бізді Көкшеге қарай асықтырып бара жатқандай. Біздің сапарлас гидіміз Әсел есімді қарындас Түркістанның тумасы екен. Жоғары оқу орнын бітіріп, әлемнің әр түкпірінен келген туристерге үш тілде қызмет көрсетеді. Ол жол бойы Көкше мен Бурабайдың көне тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі және ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер туралы қызықты деректер айтып отырды.

Бураның атымен аталған Бурабай

Гид әңгімесінің бір арнасы Бурабай атауының шығу тарихына ойысты.

Қазақта «бура» деп айыр түйенің келеге түсетін еркегін, аталық түйені атайды. Зерттеушілер Бурабай атауын осы ұғыммен байланыстырады. Шынында да, Бурабайдағы таулардың бірі шөккен түйеге ұқсайды.

Ал халық арасында сақталған аңыздың жөні бөлек. Ертеде Көкшетау өңірінде бір бай әрі би өмір сүріпті. Оның қасында өзгеше бітімді, ақбас, айбарлы бура мекендеген екен. Қалың жүнінің ақтығы, биік тұрқы мен әсем кескіні оны көрген жанның назарын аудармай қоймапты.

Еркіндікті сүйген бура ешкімге бас имеген. Талай рет қолға түскенімен, сытылып қашып құтылып отырған. Ол жалғыз жүріп, жалғыз тұруға дағдыланған. Бура тек суы мөлдір, таза Күміскөлден ғана су ішеді екен. Күн сайын тал түсте сол көлге бір соқпақпен келіп, шөлін басатын көрінеді. Ел аузындағы аңыз бойынша, қасиетті бура жау әскерінің жақындағанын алдын ала сезіп, боздап, халыққа хабар беретін болған. Ел билеушісі ауырса да, оның мазасызданып, күңірене боздайтыны айтылған.

Қауіп-қатер төнгенде ақ бураның толассыз боздаған дауысын естіген жұрт дереу бас қосып, елді қорғауға жасақ құрған деседі. Сондықтан халық ақ бураны қасиетті жануар санап, Тәңір жіберген киелі белгі ретінде қастерлеген.

Бірақ уақыт өте келе ел ішінен қарақшылар тобы пайда болып, халықты тонап, аң-құсты аяусыз қыра бастайды. Ақ бура олардың әрекетін алдын ала сезіп, маңайдағы елге хабар беріп отырған. Мұны білген қарақшылар оны өлтіруге бел буады.

Бір күні орман ішінен келе жатқан бура олардың қолына түседі. Қарақшылардың бірі садақ тартып, жебесін оның кеудесіне қадайды. Жебе бураның кеудесін тесіп, өркешінен шығып кетеді. Ауыр жараланған бура туған жеріне, өзі үнемі су ішетін көлінің жағасына қарай бет алады. Жан тәсілім етер алдында қос өркешті ақ бура басын құбылаға қаратып, көзін жұмады.

Аңыз бойынша, сол бура кейін қос өркешті ақ тауға айналып кетеді. Оның биіктігі 690 метр екен. Ал бура шөлін қандырған күміс көл Бурабай аталыпты.

Оқжетпес, Жұмбақтас және Жеке батыр

Бурабай табиғатының сұлулығы аңыздарымен астасып жатыр. Сол аңыздардың бірі – Оқжетпес туралы. Жаугершілік заманда қазақ батырлары қалмақтармен болған шайқаста бір сұлу қызды тұтқынға алыпты. Батырлардың бәрі оған үйленгісі келеді. Дау тумауы үшін қыз: «Кім мына таудың төбесіне жебесін жеткізсе, соған тұрмысқа шығамын»,- деп шарт қояды.

Бірақ батырлардың ешқайсысының оғы таудың шыңына жетпейді. Еріксіз біреуге тұрмысқа шыққысы келмеген қайсар қыз өзін таудан төмен тастап, қаза табады. Содан тау «Оқжетпес» аталыпты.

Ал Жұмбақтасқа әр қырынан қарасаң, әртүрлі бейне көрінеді. Бір жағынан бұрымы желбіреген жас қызды, екінші жағынан қайықтағы әйелді, тағы бір қырынан мыстан кемпірді немесе айбатты сфинксті елестетуге болады.

Аңызда Оқжетпестен секірген әлгі қыз көлге құлап, тасқа айналған делінеді.

Сарыарқаның төсінде ұйықтап жатқан батырға ұқсайтын тағы бір тау – Жеке батыр. Ел аңызында ол жаудан елін қорғап, күндіз-түні кірпік қақпай күзеткен жалғыз батыр болған деседі. Қартайған шағында мәңгілік ұйқыға кетіп, тауға айналған екен. Тау сілемдерінен оның дулығасы, мұрны мен иегі анық байқалады.

Мен осыдан 30 жыл бұрын телеарнада редакторлық қызметте жүрген кезімде, кейін жылжымайтын мүлік орталығында жауапты жұмыс атқарған тұста Бурабайда үш рет болғанмын. Бірақ бұл жолғы сапарда Көкше мен Бурабайдың адам танымастай өзгергеніне куә болдым. Ал Мәншүк үшін бұл – Қазақ Швейцариясы атанған Бурабайға алғаш рет табан тигізген сәт.

Көл үстіндегі

керемет көрініс

Саяхатшылар үстімізге құтқару кеудешелерін киіп, екі қатарлы шағын паромға міндік. Самал жел, саф ауа, айналадағы тұмса табиғат – бәрі көңілге ерекше әсер береді.

Музыка әуенімен көл бетінде баяу сырғып келеміз. Паром Оқжетпес пен Жұмбақтасқа жақындай түсті. Әріректе Жеке батырдың бейнесі анық көрінеді.

Табиғаттың осы бір ғажайып көрінісіне қарап тұрып, Сәкен Сейфуллиннің:

 «Жұмбақтас» – бейне арыстан шөгіп жатқан,

Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан.

Маңқиып «Оқжетпеске» қырын қарап,

Суына «Бурабайдың» бөгіп жатқан…» деген жыр жолдары еріксіз еске түсті.

   Ақын 30-шы жылдары көрген табиғаттың сұлулығы бүгін де сол қалпынан айнымағандай. Тек оны тамашалауға келетін туристердің қатары көбейіп, табиғатпен үндескен демалыс орындары жаңара түскен.

Табиғаттың таңғажайып әлемі

Бурабай өңірі – жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бай өлке. Ұлттық парк аумағында жануарлардың жүздеген түрі кездеседі. Олардың арасында сирек кездесетін, қорғауға алынған түрлері де бар. Өсімдіктер дүниесі де сан алуан.

Орманды алқапта қарағай мен қайың басым. Арасында көктерек, түрлі бұталар өседі.

Бурабайға келген туристердің сүйікті орындарының қатарында Абылай ханның шыңы, Кенесары үңгірі, Әулиекөл, Иманай бұлағы секілді көрікті мекендер бар.

Гидіміз Әселдің әңгімесін тыңдай отырып, қарағайлы-қайыңды орман арасында серуендедік. Бұл өңірде бұлан, сібір елігі, қабан сияқты аңдар мекендейді. Жыртқыш аңдардан қасқыр, түлкі, қарсақ, дала күзені, сілеусін, аққалақ, сусар мен борсық кездеседі екен.

Баспалдақпен жоғары көтеріліп келеміз. Он бес-жиырма минуттай жүрген соң, алдымыздан ғажайып көрініс ашылды. Жаңа ғана пароммен жүзіп өткен Жұмбақтас пен Оқжетпеске енді құс ұшар биіктен қарап тұрмыз. Бурабай көлі алақандағыдай көрінеді. Айналадағы жасыл орман, көгілдір көл, асқақ таулар бір-бірімен жарасып, табиғаттың шебер суретшісі салған картинадай әсер қалдырады.

Осындай сәтте Сәкеннің жырын қайта еске алмай тұра алмайсың.

«Қазақ Швейцариясы»

Бурабайды жұрттың «Қазақ Швейцариясы», Қазақстанның інжу-маржаны деп атауы тегін емес-ау. Аңызға айналған Оқжетпес пен Жұмбақтас, қарағай мен қайың көмкерген ормандар, Көкше тауы мен Бурабайдың биіктері, мөлдіреген көлдер – бәрі табиғаттың осы өңірге берген ерекше сыйы. Туристерді мұнда табиғаттың көркімен қатар емдік-сауықтыру орындары, таза ауа мен мөлдір көлдер қызықтырады.

Түскі асымызды ішкен соң Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кірдік. 

Көкшетау қыратының шығысындағы таулы-орманды сілемді алып жатқан табиғи саябақтағы қасиетті мекен – Абылай хан алаңын тамашаладық. Бұл жер қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттілігінің символы саналады. Алаңның тарихи маңызы зор.

XVIII ғасырда бұл жазық ұлы қолбасшы, дипломат әрі мемлекет қайраткері Абылай ханның бас ордасы мен тұрағы болған, маңызды шешімдер қабылданған мекен ретінде белгілі. Хан осы жерде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды үш жүздің батырлары мен би-шешендерін жинап, ел тағдырын шешетін маңызды құрылтайлар өткізген. Аңыз бойынша, дәл осы жерде Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған.

Алаң мен хан тағы орман ағаштарымен қоршалған. Айналасынан Бурабайдың биік таулары мен қалың ормандарына көз жетеді. Аймақтың тағы бір ерекшелігі – оның ерекше климаты. Мәліметтерге қарағанда, алаң аумағындағы ауа температурасы айналасындағы басқа жерлерге қарағанда біршама жоғары болады. Сонымен қатар, бұл өңірге мол түсетін күн сәулесінің адам ағзасына пайдалы әсері бар деген пікірлер де кездеседі.

Жақын маңда Абылай хан заманынан сақталған табиғи нысандар да бар. Олардың қатарында «Ханның қызыл ағашы», «Төре қызыл ағашы», «Ханкөл», «Оразбұлақ», «Текекөл», «Жайнақкөл» және басқа да тарихи-танымдық орындар кездеседі.

Бурабай ауданы – туристер жиі баратын көрікті мекендердің бірі. Ал Абылай хан алаңы туристік бағыттағы маңызды аялдамалардың санатына жатады. Мұнда келген саяхатшылар табиғаттың әсем көрінісін тамашалап қана қоймай, гидтердің көмегімен қазақ тарихындағы ұлы тұлғаның өмірбаянымен, оның ордасы орналасқан жермен және алаңның тарихымен танысады.

Бүгінде «Абылай хан алаңы» сәулет-тарихи кешеннің құрамына енген. Кешеннің кеңістіктік шешімі биіктігі 35 метр болатын ақ металдан жасалған, қырлары найза ұштарына ұқсайтын обелиск төңірегінде қалыптасқан. Оның айналасында жолдың екі бетіне тігілген киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, батырлардың киімдері мен сауыт-саймандары қойылған көрмелер ұйымдастырылған. Оны тамашалауға түрлі шет елдерде келген ұлт өкілдерінің Көкше, Бурабай табиғатына, қазақы салт-дәстүлердің бай екендігіне тамсанып жатқандығын да аңғару қиын.

Бурабай саяхаты сыйлаған саф ауамен тыныстап, Көкшенің көз тоймас көркіне сүйсініп, табиғаттың ғажайып сыйына тамсанып, тамыздың тамылжыған соңғы кешінде Астанаға қайта оралдық…

Бақытжан ЖҰМАТ,

Атырау –Астана –

Бурабай –Астана–Атырау

25 тамыз – 2 қыркүйек, 2026 жыл