Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін жауапты қызмет саласы. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, оның әдептілігі, мәдениеті, жауапкершілігі және азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі де маңызды.

Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары ең алдымен заңдылық, адалдық, әділдік, жауапкершілік және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу қағидаттарына негізделеді. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік қызметші әрбір азаматқа құрметпен қарап, сыпайылық танытуы және өзінің әрекетімен мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Әдеп нормаларының қалыптасуы – бір күнде орнығатын дағды емес. Ол мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысындағы мінез-құлқынан, әріптестерімен қарым-қатынасынан, еңбек тәртібін сақтауынан және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінен көрінеді. Әсіресе басшы қызметкерлердің жеке үлгісі ұжымдағы қызметтік мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Басшының өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы, әріптестеріне құрмет танытуы және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасауы ұжым мүшелеріне де оң әсер етеді.

Мемлекеттік қызметшінің әрбір сөзі мен іс-әрекеті азаматтардың мемлекеттік орган жұмысына деген көзқарасына әсер етеді. Сондықтан қызметтік әдепті сақтау – мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндетінің ажырамас бөлігі.

Әдептілік тек қызметтік қарым-қатынаспен шектелмейді. Ол мемлекеттік қызметшінің өз ісіне деген жауапкершілігінен, заң талаптарын орындауынан, азаматтардың өтініштері мен мәселелеріне бейжай қарамауынан да байқалады. Халықпен жұмыс барысында сабырлылық танытып, мәселені мұқият тыңдау және қолданыстағы заңнама шеңберінде нақты жауап беру – мемлекеттік қызмет мәдениетінің маңызды көрсеткіштері.

Мемлекеттік қызметші өз қызметінің қоғам алдындағы жауапкершілігін әрдайым сезінуі қажет. Өйткені мемлекеттік органға келген азамат үшін қызметкердің қарым-қатынасы сол мекеменің жалпы жұмыс сапасының бір көрінісі ретінде қабылданады. Осы тұрғыдан алғанда, әдептілік пен кәсіби мәдениет мемлекеттік қызметке деген қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын сақтау мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып қана қоймай, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады. Әдептілік, адалдық және жауапкершілік қағидаттарын күнделікті қызметінде берік ұстанған мемлекеттік қызметші – мемлекет мүддесіне адал қызмет етудің үлгісі.

А. ТУМАЕВА,

Маңғыстау облысы,

Түпқараған аудандық мемлекеттік

қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары