Туған жердің түлегі

Халқымыздың мұңы мен зарын, қуанышы мен күйінішін төкпе күйдің құдіретімен күллі әлемге паш еткен ұлылар-Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Мәмен, Дина және басқа біртуар күйшілердің заңды жалғасы, һәм сарқытындай өзін дәлелдеп келген саңлақ күйші, әнші Шәміл Әбілтай.

Жуырда Президент Қ.Тоқаевтың қолынан екінші дәрежелі «Достық» орденін алған Шәміл Бисенғалиұлы  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ұлықтауға, мақтан тұтуға тұратын, күйшілік қанмен дарыған дарабоздарымыздың бірі. Өзінің айтуы бойынша Әбілтай атасы да дәулескер күйші болғанға ұқсайды. Бірақ, өз жанынан күй шығара қоймапты. Алайда, домбыра жасаудың нағыз шебері ретінде Батыс өңіріне даңқы жайылыпты. Омбыдан, өзге де қазақтар мекен ететін шет аймақтардан келіп, оның жасаған домбыраларын таңдап алып кетеді-мыс.

Шәмілдің әжесі Ұлдай ана – Жаппас руының қызы, төрт ұл мен тоғыз қызды дүниеге әкелсе, соның бірі Шәмілдің әкесі – Бисенғали. Ұлдай ана көптеген дерт меңдеген сырқаттарды орнынан тұрғызып жіберетін емшілігіне қоса, халық әндерін тамылжытып айтатын әнші де болған. Сондықтан өнердің киесі қонған, аруақ тұрақтаған әулетте өмірге келген Шәмілге күйшіліктің қанмен келгені де рас-ты. 

Шәміл Әбілтай 1948 жылдың ақпанында қасиетті Дендердің Толыбай құмындағы «Қарақызыл» қыстағында дүниеге келген. Белгілі күйші туған жерді сағынғанда күй де шығарған, әйгілі әндер де жазған. «Қарақызыл» деген әнінде:

«Қарақызыл» – кіндік қаным тамған жер,

Тәтті күйдің шәрбатына қанған жер.

Әбілтай атам күйшілігі жөргектен,

Дарып маған күй шырағы жанған жер» -деуі сондықтан. Шарана Шәмілдің есімін сол Дендер топырағының көкірек көзі ояу, ауызы дуалы ақсақалы Байнияздың Хасаны азан шақырып «Имам-Шәмілдей болсын!»- деп ақ батасын беріп, атын қойыпты. Имам, батыр Шәмілдің бойы 2 метр 40 сантиметр, Ыстамбұлдың халқы аңызға бергісіз бұл ғажайып тұлғаны көру үшін де көшеге шығып артынан жүреді екен.

«Кішкентай Құрманғазы»

Бұл атау Шәмілге жастай телінеді. Халық күйлерін бұлбұлдай сайратып орындайтын, той-жиын, сахнаның көркі Бисенғали әке баласының бойындағы қабілет-дарынды бірден байқап, оның санасына ұлы атасы Құрманғазы күйлерін сіңіре береді. Бір тартып көрсетіп бергенін қайталап тартып жүре беретін сұңғыла перзентке ауыл-аймаққа сыңғырлаған сұлу сазды әнші ретінде танылған анасы Әзірханымның да көңілі толып, «бұл Шәміл болашақта үлкен күйші болады»-деген әкесінің болжам-тілегімен үнсіз келіседі. Мектептің бесінші-алтыншы сыныптарында оқып жүргеннің өзінде ауыл сахнасынан өнер оздырып, аудан, облыс сахнасында көрініп қалған бала күйшінің аяқ алысына тәнті болды. Оның болашағына үлкен үмітпен қарап, құлақ тосып жүрер сұңғыла жандар аз болмайды  бұл өңірінде.

Жас күйші 1966 жылы Гурьев музыкалық училищесін үздік тәмамдап, одан әрі білімін Алматы мемлекеттік консерваториясында жалғасырады. Мұнда болайын деп тұрған дарынды шәкіртті қазақтың дәстүрлі күй өнерінің көрнекті өкілдері Қали Жантілеуов, Құбыш Мұхитов қанаттарының астына алып, өз тәжірибелерін бойына сіңіреді. Мәселен, Құрманғазының дауылды күйлерінің кең тынысын оны жеткізуші Қали Жантілеуовтен бойына дарытса, Дәулеткерейдің сыршыл сылқым күй шеберлігін бізге жалғастырушы Құбыш Мұхитовтан өзіне тәлім етеді. Осы ұлы күйшілік екі бағыт түптің түбінде Шәміл Әбілтаевтың күйшілік тұғырының бұлжымай қалануына негіз болады.        

Жаңылмай жалғасқан жол

Шәміл Әбілтаев консерватория қабырғасында жүріп ақ танымал күйші атанып, күй әлемінде тағы бір жарық жұлдыздың жанғанын өнерсүйер қауымға дәлелдеп үлгерді. 1974 жылы Воронеж қаласында халық орындаушыларының бүкілодақтық байқауы өтіп, сан ұлттың бірегей дарындары арасынан суырылып көзге түсіп, лауреат атанды. Бұл қоңыр домбырасын бауырына қысып барған қыр баласының алғашқы ірі жеңісі, болашағын айқындаған жол басы да еді.

Консерваторияны аяқтаған жас күйшіге еліміздің әр өңірінен «бізге кел!» деп өтініш білдірген өнер ұжымдары аз болмады. Оның кәсіби шығармашылық жолы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында әріге ұласты. Мұндағы директор, әрі көркемдік жетекші Мәмбет Бестібаевтың ұйғаруымен ол күйші-лектор қызметіне тағайындалды. Ол республиканың барлық өңірінде іссапарларда болып, күй өнерін шебер орындауымен бірге, оны дәріптеді, насихаттады. Өзі де халық арасында танымалдыққа ие болып, шеберлігі шыңдалды, жас дарынның жүрегінде сансыз әуендер толқындана бұлқып, өз-өзіне сыймайтын дәрежеге жетті.   

Сазгер әрі күйші, әнші

Шәмілдің шығармашылыққа біржола ден қоюы 1975 жылдан басталды. Оның күйлерін айтқанда ұлттық тарих пен руханиятқа негізделген «Заман-ай», «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек», «Бекет ата», «Ұлытау», «Мойынқұм», «Ақсу», «Атырауым», «Ататүрік», «Шыңғысхан», «Ордабасы», «Нұр толғау», «Ағынды менің ақсуым», «Орда күйі», «Жырау», «Жорға», «Фараби толғауы», «Өрікгүл», «Жұбайлар», «Шымыр», «Айжарық» тағы басқа күйлерін айтуға болады. Бұл аталған және басқа автордың күй-туындыларында алдымен елдің өткен тарихы, өз ұлты бастан кешкен азапты жолдар, азаттыққа ұмтылыс кезеңдері, сол жолда қанды қамыттан басы босамаған тарихи тұлғалар тағдыры, ұлы даланың қасиетті мекендері күй тілінде күңірене сыр шертіп, күмбірлеп ақтарылады. Сай сүйегіңді сырқырататын терең ойлы шығармалар санаңды сан-саққа бастап, өткеніңе өкініштің кермек дәмін таттыра отырып, бүгініңе абай болға үндейді.

Шәміл Әбілтаевты ән әлемінде де әлсіз деуге келмейтін туабітті өнерпаз. Оның «Күй ата», «Жібек жолы», «Қара өлең», «Аңсау», «Дос жүрегі», «Бір ауыз сөз», «Өрікгүл», «Шұбар ат», «Димекең» және басқа әндері халық арасына кең тараған, белгілі әншілердің шырқауымен сахналарда жиі орындалуда.

Сазгер белгілі ақын Кәкімбек Салықовпен үлкен шығармашылық байланыста, достық қарым-қатынаста бола жүріп бүгінде елімізге танымал әндерді дүниеге әкеледі. Мәселен екеуінің «Бір ауыз сөз» әнін Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова көп жылдардан бері орындап, тыңдарман жүрегіне сіңіргенін жақсы білесіздер. Шәміл іні-досына арнап шығарған «Күй ата» Кәкімбек Салықовтың елге тарап кеткен әйгілі әндерінің бірі. Танымал әншілердің шырқауымен тынбай орындалу үстінде. Ал, Шәміл екеуінің «Шұбар-ат» әні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаровтың репертуарынан түскен емес.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Аманжол Дауылбаев Шәміл Әбілтаевтың әндерін зерттеп, архивтік аудиожазбалардан шұқшия іздеп, тауып, ғылыми айналымға енгізді. Әбілтаевтың әндерінің ішінде Дінмұхамед Қонаевқа арнап шығарған «Ағатай-асқақ ән» әнінің алар орны аса ерекше. Ел басқарған, халыққа жаққан ақсақал Шәмілді арнайы қабылдап, зор ризашылығын білдірген, тарихи әннің идеялық терең мазмұнына ішкі толқынысын жасырмаған. Бұл баянымыздың кейіпкерін осы шығармасы да биік белеске көтереді.

1988 жылы Шәміл Бисенғалиұлы  Қазақ радиосының музыкалық редакциясының бас редакторлығына тағайындалады. Бұл қызметінде жүріп Қазақ телевизиясындағы «Домбыра-дастан» және «Үкілі домбыра» бағдарламаларын жүргізді. Ол көрермен қауымға күйшілік өнерді насихаттап ғана қоймай, «Күйші боламын» деген әр өңірдегі жас таланттарды іріктеп, қатарға қосты.                        

Халықаралық деңгейде мойындалуы

1994 жылы Түркияның Измир қаласында түркі халықтарының Дүниежүзілік құрылтайында қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетін түркі дүниесіне танытқаны үшін дәулескер күйші Шәміл Әбілтайға «Түркі озаны» (жыршысы) атағы беріліп сол жолы, тек өзінің ғана емес күллі қазақ елінің мейманасын тасытқан болатын. Осыдан кейін-ақ сазгер Шәмілдің шығармалары арнайы жинақтар болып құрастырылды. Әуелі «Ұлытау» күй жинағы, іле шала «Ордабасы» күй табағы жарық көрді. 2023 жылы ҚР Мәдениет қайраткері М.Әбуғазының құрастырумен шыққан «Қазағым» жинағына оның тоғыз күйі мен тоғыз әні топтастырылды. Міне, бұлар Ш.Әбілтаевтың сазгерлік мұрасын зерттеп, айналымға енгізуге жасалған маңызды қадамдардың бірі болды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің үстіміздегі жылғы 3 шілдедегі санында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Айнұр Қазтуғанованың «Ұлы даланың үнін ұлықтаған күйші» тақырыбымен қос бетті қолдау, өмірі мен шығармашылығына зерделеу ғылыми еңбегі жарық көрді.

Одан қысқаша үзінділер келтіре кетсек: «Шәміл Әбілтаев шығармашылық жолында халықтың тарихи жадын, елдік рухын және ұлттық санасын күй тілі арқылы бейнелеудің өзіндік көркемдік тәсілін қалыптастырды. Оның соңғы шыққан күйлері тарихи ақиқатты, ұлттық болмысты және азаттық рухын астарлап жеткізетін рухани кеңістікке айналды. Сондай туындылардың қатарына «Тұран», «Алтын Орда» және «Қазағым» күйлерін жатқызуға болады. Олар жеке тарихи шығармалар ғана емес, өзара идеялық, композициялық және көркемдік тұрғыдан тұтасқан күй-триптихты құрайды.

…«Тұран» күйі– тарихи күй дәстүрінің қазіргі кезеңдегі жалғасы ретінде бағалануы тиіс… тұтас түркі әлемнің тарихи санасы мен мәдени бірегейлігін жинақтаған философиялық-патриоттық туынды ретінде ерекшеленеді. «Алтын Орда» күйінің көркемдік шешімі «Тұран» күйімен идеялық тұрғыдан сабақтас болғанымен, музыкалық драматургиясында өзгеше сипат алады. «Алтын Орда» белгілі бір тарихи мемлекеттің қуаты мен айбатын, кейінгі тағдырын музыкалық тілмен суреттеуге құрылған.

… «Қазағым» күйі – ұлттық болмыс пен елдік сананы музыкалық тіл арқылы терең пайымдайтын бағдарламалық шығарма. Күйдің идеялық-концептуалдық өзегін  халқымызға тән дархандық, мәрттік, ақкөңілділік, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік құрайды.

Ш.Әбілтаев шығармашылығының басы ерекшелігі –оның өмір бойы тынымсыз ізденісте болуы. Ол күйшілік дәстүрді тек сақтаушы ғана емес, оны заман талабына сай жаңғыртып, жаңа көркемдік мазмұнмен байытқан жаңашыл суреткер»- дейді белгілі ғалым Айнұр Қазтуғанова.

Тума талант, белгілі өнерпаз жерлесіміз Шәміл Әбілтаев та бағы мен бабын келістіріп Мемлекеттік сыйлық үшін болатын сын көздердің сараптауына бастап бара жатқан негізінен осы шығармалары, тілеулестік көңіл әрине сіз бен бізден, атыраулық ағайын!

Оның артында Өрікгүлі тұр еді…

Әрбір мықты азаматтың артында тірегі болар асыл жары тұратынын соңғы кездері көбірек айтып жүрсе, әрине шүбәсіз ақиқат, күйші-сазгердің артында аяулы Өрікгүлі тұр еді. Жастары ұлғайса да бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын бұ замандағы нағыз ғашық жандар еді, әттең!!! Алматының көшесімен жаяулап келе жатқан жеңгемізді «самокат» мінген бір желікпе қағып өтіп, тас жолға басымен түсірген, миына зақым келтірген. Зар жылап артынан келген қосағы Шәміл ағамыздың көз жасын елеп, ескерген дәрігерлер қауымы қанша арпалысса да ажалына араша тұра алмады. Есін біліп жатып бақи дүниеге аттанып кете барды.

Өрікгүл Өтеміс – Жаныс есімді актриса, ақын, ол да сазгер, кезінде республика сахнасының көркі болған Әзиз жанға обал болды. Азаматы Шәміл Әбілтаевты ауыр соққы есеңгіретіп кетті. Өмірдегі, өнердегі аралас-құралас аға да іні жолдастары қабырғалары қайысып, басын сүйеп, басу айтып, бар көмектерін жасап жатса да, уақыт өте келе «өлмектің артынан өлмек жоғын» әрең түсінді.

Шәмілінің жазған шығармаларының алғашқы тыңдаушысы және адал жүрек сыншысы, балаларының анасы осы Өрікгүлі болатын. Шәміл-ерінің күңіренген жоқтауын, домбырасымен қоса ботадай боздауын бұл шағын баянымызға сыйғызу мүмкін емес, тек Өрікгүл хақында аз сөз айта кеткенді жөн көрдік. Жұптасқан ғұмырлары 57 жылды құрайтын, 77 жасында о дүниелік болған Өрікгүл ұлы жүз Дулаттан, Жаныс, одан Өтеміс. Өрікгүл осы Өтемістің 45-і ұрпағы. Өтеміс 8-і ғасырдың төлі. Қайтпас батырлығымен, табанды тәңіршілдігімен танылған тарихи тұлға. Шәміл ағамыз осыларды айта келе мына мәліметтерді алға тосады: «Мәшһүр Жүсіптің 10 томдығының 6-қатарында «Сарық тонды Өтеміс!»-делініп біраз мәліметтер шежіреленген. Сарық сірә аңның аты болса керек. Исламистер Өтемісті дінді қабылдамағаны үшін салынып жатқан қорғанға тірілей қалап жібереді. Сол қорған бітпей қалып «Шолақ қорған» атанады. Бұрынғы Созақ ауданының күні бүгін «Шолақ қорған» атануы осы оқиғадан туындаған. Шымкентке қарайды, қаладан 30 шақырымдай жерде Өтеміс ауылы бар. Шынтуайтында Өрікгүлім, рухты бабасын елімізге тұңғыш танытқан айырықша перзенттерінің бүгінгі бірегейі еді.»

2024 жылы «Ақ шағыл» баспасынан Өрікгүлдің тарихи шежіреге толы «Күйші жігіт құмарым» атты кітабы жарық көрді.Сүйіп қосылған еріне деген қылаусыз іңкәрлік сезімі айғақталады. Бір шаңырақта жұбайлық ғұмыр кешкен екі өнер жұлдызының бірі Өрікгүл жұбайдың әндерге жазған мәтіндері, төлтума өлеңдері берілумен бірге сирек өнер-төккен кестелері жайлы да мәлімет мол. Елімізге белгілі дарынды күйші-сазгер, әнші Шәмілдің тіршілік күйбеңіне алаң болмай бар ғұмырын шығармашылыққа арнап, өнер көгінде жұлдызы жарқыраса, оған қосқан өзі де өнерпаз ғашық жары Өрікгүлдің өлшеусіз үлесін айта кеткеннің жөнсіздігі болмас.

«Шәмілдің нұсқасы»

Домбыраны 4 жасынан қолына алған Шәміл күйші өнер мен руханияттың белгілі тұлғаларының назарынан түспей, олардан бата алған, бағытының дұрыстығына сенген. Дәм-тұздас болып сапарларда бірге болған, қажет кезінде алдарына барып күй шертуден қаймықпаған. Бұлардың басында кім тұр десеңіз – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ишанбай Қарақұлов, Ілияс Омаров, Ақселеу Сейдімбек, Нұрғиса Тілендиев, Тымат Мерғалиев, Таласбек Әсемқұлов деп бұл тізімді одан әрі қарай соза беруге болады.

Күй құдіретін жете түсінетіндер мен музыка мамандарының арасында «Шәмілдің нұсқасы» деген пікір қалыптасқан. Әр күйшінің орындаушылық шеберлігі өз алдына бөлек әлем. Әрбір дәулескер күйшінің өзге әріптестеріне ұқсамайтын Қасым ханның қасқа жолындай өз жолы бар. Демек «Шәмілдің нұсқасы» деп отырғанымыз белгілі күйшінің өзіне ғана тән жеке, дара орындаушылық шеберлігі, яғни өз жолы. Республиканың әр өңірінде Шәмілдің сүрлеу-соқпағына түскен дарынды күйші-шәкірттерінің өзі бүгінде  елге танымал.

Абылдың «Абыл», Дәулеткерейдің «Жігер», Құрманғазының «Төремұрат», Мәменнің «17 жыл», Динаның «Байжұма» т.б. белгі тұлғалардың адуынды да асқақ, сыршыл күйлері Шәмілдің орындауында жаңаша, кең тыныс тауып, өзгеше көркемдік болмысқа ие болатыны әлдеқашан мойындалған. Бұл оған халықтың берген бағасы деуге әбден саяды. «Шәміл күйшінің саусағы мен шертісінің сиқыры бар»-деген қанатты сөзді кезінде кім айтса да халық арасына тарап кеткен. Жазушы Марат Мәжитовтың айтуы бойынша «Шәміл Әбілтаев анасының құрсағында жатып күй тартқан құбылыс!»-деген екен академик Салық Зиманов ғұлама.

Қорытып айтқанда, төкпе күйдің отаны Атырау топырағынан жаралған Құрманғазыдан бері қарайғы дүлейлер мен сүлейлердің заңды жалғасы, он екі ата Байұлына кіретін Сұлтансиықтың Танасы Шәміл Бисенғалиұлы мақтауға да, мақтануға да тұратын күйші-абыздарының бірі де бірегейі. Туған жерден шетқақпай көрмегенімен көп атала бермейді. «Өз елі ескермесе өз ұлдарын, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» дегеніндей, күмбір күйлері мемлекеттік деңгейдегі додаға түсіп, мерейімізді асырар сәтте оны алдымен өзіміз танып, өзгелерге үлгі етейік.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер,

Жазушылар одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері