Алаш арысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп халыққа қызмет ететін адамның адалдығы мен әділдігі, жауапкершілігі болуы қажет екендігін айтса керек-ті. Өйткені қоғам алдындағы сенімділікті туғызу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Бүгінде ақ жағалы көйлек пен келісті костюм-шалбар киіп, галстук таққан мемлекеттік қызметшінің атқарған жұмысынан бөлек, жұртшылықпен байланысына, мінез-құлқына, этикасына ерекше көңіл бөлінуде. Соған орай елімізде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексі мен «Әдеп жөніндегі уәкіл туралы» Ереже бекітіліп, жұмыс атқарып келеді.
Біз де қоғам мен билік арасында дәнекер болып, Атырау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарып жүрген Фарида АХМЕТОВАМЕН ой бөліскен едік.
Фарида Төлегенқызының өмір жолына тоқтала кетсек, ол осыдан жарты ғасыр бұрын облыстың бас шаһарында дүниеге келіп, Индер ауданының Елтай ауылындағы М.Сиранов атындағы орта мектепте онжылдық білім алды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «филология» факультетіне оқуға түсіп, «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, кейін осы университеттен «құқықтану» мамандығын, ал 2020 жылы Мәскеудің Бүкілресейлік мемлекеттік Әділет университетінде магистратурасында білім алып, «заң ғылымдарының магистрі» дәрежесін алды.
Ұстаздық еңбек жолын 1997 жылы Махамбет ауылындағы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында мұғалімдіктен бастаған ол 2001-2005 жылдары Атыраудағы Д.Байбосынов атындағы мектеп-гимназиясына ауысу тәртібімен мұғалім болып шәкірттерге дәріс берді. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас маман, Атырау жоғары медициналық колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып еңбек етті.
Қоғамдық өмірдегі белсенділігімен танылған Фарида Төлегенқызы 2008-2016 жылдары «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі, ұйымдастыру-партиялық жұмыс, ұйымдастыру-бақылау бөлімдерінің меңгерушісі, саяси ұйымның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарады.
Осылай мемлекеттік қызметке қадам басып, 2016-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы директорының орынбасары лауазымына орналасады. Осы ретте кейіпкерімізге педагогтік саладан мемлекеттік қызметке келуіне не себеп болғанын сұрағанымызда:
– Өмір жолыма зер салсам, педагогикалық қызмет пен мемлекеттік қызметтің екеуі де отбасымнан бастау алғанын аңғарамын. Әкем мемлекеттік қызметте басшылық қызметтер атқарған, елге адал еңбек сіңірген азамат болды. Ол кісінің бүкіл ғұмыры туған жердің дамуына, халықтың игілігіне арналған десем артық айтқандық емес. Әкем қай қызметте жүрсе де жауапкершілік пен адамгершілікті бәрінен жоғары қоятын. Артында халықтың алғысына бөленген көптеген игі істер қалды. Бүгінде туған жерге барғанда үлкен кісілердің әкем туралы жылы лебіздерін естіп марқаямын. Сол сәттерде адамның ең үлкен байлығы артында қалған жақсы аты мен халықтың ықыласы екенін терең сезінесің, — дейді кейіпкеріміз.
Әңгіме барысында ол әкесінің өзіне бала кезінен үлкен үміт артқанын айтты. Әкесі оның болашағына сеніп, қолынан үлкен іс келетінін үнемі айтып отырған. Сол сенім мен қамқорлық кейіпкердің өмір бойғы жігеріне айналып, өз мүмкіндігіне күмәнданған сәттерде алға ұмтылуына күш берген.
Ал анасы ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Ол бала күнінен анасының әрбір шәкіртіне жанашырлықпен қарап, олардың білімді әрі тәрбиелі азамат болып қалыптасуы үшін аянбай еңбек ететінін көріп өскен. Осы арқылы ұстаздықтың үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауына негізделген қасиетті қызмет екенін түсінген. Сондықтан еңбек жолын педагогика саласында бастауы заңды таңдау болғанын айтады.
Оның айтуынша, педагогикалық қызмет адамдармен жұмыс істеуді, әр адамның жан дүниесін түсінуді, тыңдай білуді, сабыр сақтауды және жауапкершілікті үйретті. Бүгінде қандай да бір жетістікке жетсе, оның негізінде ата-анасының берген тәрбиесі мен артқан сенімі жатқанын ерекше атап өтті.
Фарида өзінің мемлекеттік қызметке келуін де осы тәрбиенің заңды жалғасы деп бағалайды. Себебі, оның пікірінше, педагог та, мемлекеттік қызметші де халыққа қызмет етеді. Бірі жас ұрпақ тәрбиелесе, екіншісі қоғамның дамуына үлес қосады. Сондықтан бұл екі саланың түпкі мақсаты ортақ – елге қызмет ету.
Бұдан соң 2017-2019 жылдары Жылыой ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болса, 2019 жылдың тамызынан күні бүгінге дейін облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі қызметін атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруда әдеп жөніндегі уәкілге жүктелген жауапкершілік жүгі оңай емесі анық.
– Мемлекеттік қызметтің беделі ең алдымен сол қызметті атқаратын адамдардың кәсібилігіне, мәдениетіне және адамгершілік ұстанымдарына байланысты қалыптасады. Сондықтан қазіргі кезде Әдеп жөніндегі уәкілдің рөлі өте маңызды деп есептеймін. Кейде бұл лауазымдағы адамды тек тәртіп пен бақылауға жауапты тұлға ретінде қабылдайды. Ал менің түсінігімде оның міндеті әлдеқайда кең. Әдеп жөніндегі уәкіл ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жақсы болуына ықпал етіп, қызметкерлерге бағыт-бағдар беретін, қажет кезде ақыл-кеңесін ұсынатын, сенім арта алатын тұлға болуы керек. Мемлекеттік қызметтің оң имиджі үлкен мінберлерден айтылатын сөздерден емес, күнделікті қарым-қатынастан басталады. Азамат мемлекеттік органға келгенде оның мәселесіне түсіністікпен қарап, құрмет көрсетілсе мемлекеттік қызметке деген сенім артады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзінің әрекеті арқылы мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыратынын ұмытпауы қажет. Бұл мәселеде мен әкемнің өмірлік ұстанымдарын жиі еске аламын. Ол кісі «Қандай қызмет атқарсаң да, ең алдымен адам болып қал» деп айтып отыратын. Расында да, адамгершілік жоқ жерде кәсібиліктің өзі толық мәнге ие болмайды. Мемлекеттік қызметтің оң имиджі әділдік, ашықтық, қарапайымдылық, жауапкершілік және азаматтарға құрмет көрсету сияқты құндылықтар арқылы қалыптасады деп ойлаймын. Әдеп жөніндегі уәкілдің басты міндеті де осы құндылықтардың қызметтік ортада орнығуына ықпал ету. Өйткені әдеп мәдениеті қалыптасқан жерде өзара сыйластық болады, ал сыйластық бар жерде нәтижелі жұмыс болады,- дейді Фарида Ахметова.
Қызмет ете жүріп, Фарида Төлегенқызы Атырау облысы мәслихатының шешімімен облыстың саяси-әлеуметтік дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін облыстың Құрмет грамотасымен, мемлекеттік қызметтегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі істері агенттігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталса, 2023 жылы республика көлемінде өткен «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» республикалық байқауының бас жүлде иегері атанған.
Ол – отбасында аяулы жар, үш баланы тәрбиелеп отырған ана. Әріптестері де оның мемлекеттік қызметтегі еңбегін жоғары бағалайды.
– Фарида Төлегенқызы – жоғары кәсібилігімен, терең білімімен және жауапкершілігімен ерекшеленетін білікті маман. Мен оны өз ісіне адал, еңбекқор әрі ізденімпаз әріптес ретінде білемін. Бірнеше жыл бойы әдеп жөніндегі уәкілдер ретінде бірге қызмет атқара жүріп, оның әділдігіне, парасаттылығына және әріптестермен сындарлы қарым-қатынас орната білетін қасиеттеріне көз жеткіздім, — дейді астаналық әріптесі Гүлжахан Үсенова.
Ойшыл Абай Құнанбаев «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп осы үш қасиеттің адам бойынан көрініс тапса ғана тұлғалық даму мен кемел ойлы боласың» десе, Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп Абай айтқан «толық адам» мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысын жетілдіруде негізгі бағдар болуы қажет екендігін айтады.
Шынында да әр мемлекеттік қызметші ел үшін адал еңбек етіп, ашықтық пен әділдікті басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынса халықтың да алғысын алары сөзсіз. Фарида Төлегенқызы да бүгінгі мемлекеттік қызметші заман талабына сай кәсіби білімі жоғары, жаңашыл ойлайтын және өзгерістерге бейім азамат болуы керек деп есептейді.
– Қазіргі қоғамның сұранысы да, талаптары да жоғары. Сондықтан мемлекеттік қызметші үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Сонымен қатар кәсібилікпен қатар адамдық қасиеттердің маңызы ешқашан төмендемейді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметші ең алдымен адал, әділ, жауапты және еңбекқор болуы керек. Халықтың мәселесіне бейжай қарамай, әрбір өтініш пен ұсыныстың артында адам тағдыры тұрғанын түсіне білуі қажет. Осы жаста түсінгенім, адамның шынайы бағасы оның атқарған қызметімен ғана өлшенбейді екен. Ең бастысы, артында қандай із қалдырды, қандай өнеге көрсетті, адамдардың жүрегінде қандай орын алды? Мен үшін осы қағида әрдайым маңызды болып қала береді. Сондықтан бүгінгі мемлекеттік қызметшінің ең басты капиталы – халықтың сенімі. Ал сенім біліммен, адал еңбекпен, әділдікпен және адамгершілікпен ғана қалыптасады. Егер әріптестерім осы қағидаларды басшылыққа алса, мемлекеттік қызметтің де беделі артып, қоғамның мемлекетке деген сенімі нығая түседі, — дейді ол.
Иә, «Пайда ойлама, арды ойла» деп ұлы ойшыл Абай айтқандай, ар-ұжданын бәрінен биік қояр, ерік-жігері жоғары, халықтың сенімінен шыға білетін мемлекеттік қызметшілер қатары көбейсе, саладағы сапалы жаңғырудың негізі болмақ.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ
