«Болашақ ойындары» спорт пен интеллектінің, шынайы және виртуалды әлемнің өзара үйлесімін көрсететін бірегей алаңға айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турнирдің ресми ашылу рәсімінде мәлімдеп, жарыстың басты миссиясы – түрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындату екенін атап өтті.

– Бүгін елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де – осында, -деді Президент.

Қ. Тоқаевтың айтуынша, осынау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды.

– Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді. «Болашақ ойындарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндеседі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр.

– Бүгін осы аренаға негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ,-деді Мемлекет басшысы.

Ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абыроймен қорғауға әзір. Президент «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру екенін еске салды.

– Үлкен спорт қай кезде де әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жақындатуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін». Ендеше, «Болашақ ойындары – 2026» сайысын ашық деп жариялаймын!, -деді Қазақстан Президенті.

Астанада «Болашақ ойындары – 2026» турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтіп,  жарысқа 34 елден 800-ден астам спортшы қатысты.