Кеңестік жүйе 20-40 жылдары халыққа қарсы саяси қуғын- сүргінді қолға алған кезде оның қанды құрығына ешқандай жазығы жоқ өнер адамдары да іліккен еді. Солардың бірі – Нарын өңірінің атақты домбырашысы, композиторы,  жырау  Жаңбырбай Бекмағамбетұлы болатын. Осыдан үш жыл бұрын әкесінің алабөтен өнері мен аянышты тағдыры туралы жақында өмірден озған Суннәт Жаңбырбайқызы өзінің өтінішін жазып, оны саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өлкелік комиссияға тапсырған болатын. Біз Суннәт апайдың естелігін Атырау облысы бойынша жасақталған «Халық Жады» кітабына енгізгеніміз жөнінде айта отырып, осы материалдың кейбір тұстарын оқырман назарына бөлек ұсынғанды жөн көрдік.

Атасы Жаңбырбай туралы басқа да құнды мәліметтерді  Исатайлық мұғалім Ұлбосын Қабиболлақызы 2023 жылдың мамырында бізге берген сұқбатында жеткізген еді. Жаңбырбай Бекмағанбетов Нарын өңіріндегі Мыңтөбенің шығыс жағындағы «Ақшошақ» деген жерде 1877 жылы мал баққан шаруа жанұясында дүниеге келген. Әкесі Бекмағамбет Алдиярұлы Тоқпанбет Адайдың Шыбынтай бөлімінен, шешесі Үзілдік Бекболатқызы Есенғұл руынан екен. Жаңбырбай жас кезінде де, есейе келе де оқи алмаған, бірақ көкірегі ашық, дүниетанымы терең, заман ағымын байқағыш, жаңалыққа құмар жан болған. Сол кезде елдің қамын ойлаған беделді азаматтар Жаңбырбаймен өңірге есімі жақсы таныс ақын Насихат Сүгірұлы балаларды оқытуға мектеп салу үшін жергілікті халықты үгіттеп, бірқатар сауапты жұмыстарды атқарыпты. Алайда, бұл азаматтардың халқына адал қызмет істегендері кеңестік биліктің тарапынан жоққа шығарылып, олардың іс-әрекеттерін көре алмаушылықтың кесірінен жала жабу басталып, қудалауға түседі.

Көз көрген жақын адамдардың айтуынша, ол кісі кең Нарынның «Мыңтөбе» ауылында еліне сыйлы, домбырашылық өнерді серік етіп,  сауық кештер өткізеді, ауыл балаларына білім беруге ықпал жасап, өз қыстауын босатып берген. Қызы Суннәт бұл әңгімені түгелдей өзінің анасынан және әкесінің інісі Жауылбай мен немере інілері Қайыржан, Шайдолла, Онухандардан естіп білген. Әкесін айдап әкеткенде небәрі 3-4 жаста болған. Әкесін іздеп із кесушілер апасы екеуіне шақпақ секер беріп, «Әкең қашан келеді, қайда тығылып жүр, айтыңдар?»- деп алдаған көрінеді. Аттылы қарулы адамдар анасы Мәдиді ауылдан 3-4 шақырым қашыққа дейін сүйрелеп, «Күйеуіңді айтпасаң өлтіреміз, үйдегі екі қызың, мына екі ұлың да жетім қалады»- деп ұрып соғып жәбірлеп кетеді. Жазалаушылар Мәдиді мылтықтың дүмімен қарынан ат үстінен соққан кезде қолындағы бір жарым жастағы баласы Зейнелқайыр жерге ұшып түседі. Кейіннен ол сәби қатты ауырып екі жасқа толмастан өмірден өтеді. Қолындағы баласымен айдап, «жолдасыңды тауып бер» деп соққыға жыққан кезде үлкен ұлы Бақытқайыр анасының белінен құшақтап, «мені бірге өлтір» деп шырылдап жылапты. Сол кезде Сүннәттың ағасы 10-11 жаста екен. Кейін ол ағасы Ұлы Отан соғысында қаза тауып, елге оралмапты.

Бұл 20-шы жылдардың аяқ тұсы болатын. Осындай жағдайды біреулерден естіген Жаңбырбай бір күні үйіне келіп, «Енді сендерді бұлай қорлатып қойғанша, өз еркіммен барайын»- деп үкімет кеңсесіне өз еркімен кетіпті. Сол кеткеннен кейін бір-екі рет хабарласқан, кезінде байланыс жасап тұруға мүмкіндік болмапты. Шамасы, ішкі істер органы жауаптап, оны Ресейдің Орал өңіріне еңбекпен түзеу лагеріне айдап жіберген. Билік Жаңбырбайдың әйелінің төрт баламен жалғыз қалғанына қарамастан, мал мүлкін түгелдей тартып алып, күйшінің отбасын аш-жалаңаш күйге түсіріпті. Жаны ашитын ағайын-туыс болғанмен, сол кездегі елдің солақай саясатынан қорқып, қорлыққа ұшыраған жанұяға ешкім көмектесе алмапты. Тек  Шайдолла қайнысы ғана сырттай атпен әрі өтіп, бері өтіп, үй маңына тоқтауға қорқып, сырттай амандықтарын көріп, қолындағы дорбасын (азық түлік, киім кешек) жиналған отынның үстіне алыстан лақтырып өтіп кетіп жүрген.

Кейінгі жылдары әкесі туралы балалары ауданға, облысқа бірнеше рет барып іздестіргенмен еш нәтиже болмай, ұтымды дәлелдер таба алмапты. 2001 жылы тамызда облыстық «Рух-Память» қоғамдық қорының төрағасы Жәнібек Бердиевке өтініш жіберген. Өтініш бойынша іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанда қатты қуанып, бір үміт оты жылт еткендей болған. Кейіннен нақты деректер табылмады деп хат келгенде көңілдері қайтадан суып қалыпты. Марданов Ораз деген ағайынының айтуына қарағанда, «Магнитогорск» түрмесінде елден бірнеше адам онымен бірге болғанын, арасындағы ең үлкені Жәкеңнің денсаулығы нашарлап жүргені туралы еміс-еміс хабар болыпты. 

Жаңбырбайдың өзі өмір сүрген өңірге кеңінен танымал домбырашы әрі композитор болғаны туралы түрлі ақпарат көздеріне мақалалар жарық көрді. Сонымен қатар, республикаға кеңінен танымал атақты күйші, Халық артисі, профессор Рысбай Ғабдиев Жаңбырбай Бекмағанбетұлының ортаншы қызынан туған жиені болып табылады. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады»,- деген халық даналығының айқын дәлелі деген осы емес пе?

Жаңбырбай күйші туралы деректерге тоқталсақ: Ұлттық консерваторияның профессор Кәрима Сахарбаеваның 2001 жылы Алматыда басылып шыққан  «Атырау ән-күй мұхиты» атты кітабының  85-бетінде мынадай жолдар бар: «Жаңбырбай Бекмағамбетұлы 1877 жылы Новобогат ауданы, Мыңтөбе елді мекенінде дүниеге келген,  өлген жері, жылы белгісіз. Күйші Ерғалидың шәкірті, «Желкем қақпай», «Жалған дүние» күйлері бар, нәубет жылдарының құрбаны. Ерғали, Диналармен иық тірестірген өзіндік орындау өзгешелігі бар белгілі күйші».                                                  

Ұстаз, әнші, әуенші Шәмшиден Шәріповтың 70 жылдығына орай «Нарын таңы» газетінің 1992 жылы 5 тамыздағы санында «Менің өмір мектебім» атты мақалада дарынды күйшілердің Жаңбырбай Бекмағанбетұлы туралы пікірі жарияланған. Өңірге белгілі журналист Мәди Өтеғалиевтің осы газетінің сол жылғы 9 ақпанда  жарияланған  «Өмірде мәні ескірмес бағасы құнды асыл сөз» атты  мақаласында, «Атажұртым – Ардақтым» кітабының  160-163 беттерінде Жаңбырбай күйші туралы баяндалған.          

Ал, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ақпарат саласының үздігі, өлкетанушы-жазушы Өтепберген Әлімгереевтың «Дүлділдер дүбірі», Құрманғазының күй мектебі дәстүрін жалғастырушы күйші-домбырашылар туралы «Жалған дүние»  атты кітабының 153-166 беттерінде және бірнеше мақалаларының басты кейіпкері ретінде атақты күйші Жаңбырбай Бекмағанбетұлы бейнеленді.    

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы С.Өжкеновтің «Атырау– өнер өлкесі» кітабында Рысбай Ғабдиев балалық шағын Мыңтөбе құмында өткізді, домбырашылық өнерді Құрманғазының шәкірті болған нағашысы Жаңбырбайдан «жұқтырды» делінген.

Жаңбырбайдың туған інісінің баласы, Ұлы Отан оғысының ІІ топ мүгедегі Онухан  Жаулыбайұлы  «Атырау» 1997 жылы мамырда жарық көрген «Жалған жазаның құрбаны» мақаласында «Осы кезде елдегі беделді азаматтар Жаңбырбай Бекмағанбетұлы мен Насихат Сүгірұлының ұйымдастыруымен жасөспірімдер үшін мектеп салуға жергілікті халықты үгіттейді. Сөйтіп, саз балшықтан тас бастырып, Мыңтөбе өңірінен 1929-1930 жылдары алғашқы мектеп ашып, балалардың оқуына мүмкіндік жасайды. Сол кезде «сауатты екі кластық білімі бар, «Молшағыл» деген жерде зайыбы қайтыс болып, бір ұл, бір қызбен Наубетов Хамидолла мұғалім бос отыр» — дегенді естіп, Жаңбырбай оны көшіріп алып келген. Ондағы мақсаты – қиын бола тұрса да өзінің тас қыстауын беріп, сол өңірдің балаларының сауатын ашу үшін қызмет ету. Жаңбырбайдың  тағы бір азаматтығы– мұғалімнің тұрмысының қиын екенін түсіне отырып, өзінің қарындасы Әсияны Хамидоллаға атастырған. Егер Жаңбырбай Бекмағанбетұлы тап сол кезде асқан көрегендікпен және өңірдің балаларына деген алабөтен жанашырлығымен Хамидолла Нәубетовті өзінің ауылына мектеп үйін салдырып, мұғалімдік жұмысқа қоспаса, сол жердің балаларының қаратүнек надандықтың құрсауында білімсіз қалатыны өз алдына, қазақ елі Хамидолладай аса көрнекті ұстаздан айырылып қалары сөзсіз еді. Осыған орай, өлкенгің педагогика тарихын зерттеуші ретінде оқушы назарына мына деректерді ұсынғанды жөн санаймын.

Мыңтөбе өңіріне Жаңбырбай Бекмағанбетұлы мұғалім қылып орналастырғаннан кейін ғана Хамидолла Нәубетовтің ұстаздық жұлдызы жанып, республикадағы ең танымал педагогтардың біріне айналды.Ол Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген мұғалімі атағына ие болып, екі дүркін Ленин орденімен наградталды. Басқасын былай қойғанда, тек осы еңбегі үшін ғана Ж.Бекмағанбетовтің қандай да болмасын мәртебеге лайықты жан екендігі даусыз. Жаңбырбайдың тікелей ықпалымен мұғалімдік жұмысты жалғастырғаннан кейін Х.Нәубетов 1962 жылға дейін 77 жасқа келгенше мектепте еңбек етіп, өзінің 58 жыл өмірін ұстаздық қызметке арнады.

Өкінішке қарай, бізде еліне ерекше еңбегі сіңген адамдардың қызметіне әділ баға берілмейтіндігінің айқын көрінісін тап осы Жаңбырбай Бекмағанбетұлының өмір жолынан көріп отырмыз. Халқы үшін жанын салып қызмет қылған бұл азаматтың әлі күнге дейін ақталмағаны – бәріміз үшін үлкен кемшілік әрі үлкен сын.

Осы әділетсіздікті жою мақсатында былтырғы желтоқсанда Астанада өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды мәжілісінде жазысыз құрбан болғандарды ақтау туралы ұрпақтарының арыздарын кеңсе басшысы, қоғам және мемлекет қайраткері Сабыр Қасымовқа табыс еткен едім. Біздің берген тізімдегі елудің үстінде құрбандарды (ішінде Жаңбырбай Бекмағанбетұлы да бар) ақтау мәселесімен Бас прокуратура айналысады делінді.

Ж.Бекмағанбетұлының күйшілік өнерін насихаттауға және ұмыт қалған шығармаларын қалпына келтіруге белгілі өлкетанушы, бірнеше кітаптардың авторы Мұрат Бектенов көп еңбек сіңірді. Ол «Нарынның дүлдүл күйшісі – Жаңбырбай» атты кітапты жазуымен қатар, оның бірнеше күйін халықтың арасынан іздеп тауып, магнитафонға жазып алып, қызы Сүннәтқа әкеліп тапсырыпты. Бұл айтылған деректерден бөлек, аймақтың атақты домбырашыларының бірі марқұм Марданов Еммат Жаңбырбайдың «Жалған дүние»деген күйін орындаған көрінеді.                                                                                    2021 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияға берген өтінішінде Жаңбырбайдың кенже қызы Сүнниәт: «Осы күнге дейін әкемнің ақталмауы, дәулескер күйші ретінде өнері насихатталмауы жанымды сыздатады. Менің өтінішім аяқсыз қалмай әкемнің, «ақталды» деген бір парақ қағазды көзіммен көріп, қолыма ұстап өлсем арманым болмас еді» деп жазған еді.  Өкінішке орай, қызы әкесінің ақталуын біле алмастан өмірден өтіп кетті.

Мемлекеттік комиссия өз жұмысын 2023 жылы аяқтады. Десек те біздің көңілімізді жұбантатын бір жағдай ретінде  осындай адамдардың тағдыры туралы облыстық «Халық Жады» кітабының республиканың орталық баспалардың бірінен шығарылатынын айтқымыз келеді. Бұл кітапты шығару арқылы біз жазықсыз құрбан болған боздақтарды моральдық тұрғыдан ақтауды жүзеге асыратын боламыз.

P.S. Сөз соңында оқырман назарын төмендегі мәселеге аударғым келеді. Біріншіден, Ж.Бекмағанбетұлының мекен еткен Мыңтөбеде алғаш білім ошағын салып, балаларды сауаттандыру ісіндегі ерен еңбегі Исатай ауданы басшылығы тарапынан толықтай анықталып, оның есімін ақтау және мәңгі есте қалдыру шаралары қолға алынуы тиіс. Егер сол кезде Жаңбырбай Бекмағанбетұлы осынау іске жанашырлық танытып араласпаса, балаларды оқытатын мектептерді сол жерде ашатындай билік өкілдері мен жұртшылықтың арасынан біреулердің табыла қоюы екіталай жағдай еді. Себебі, бұл кезең – ірі байлардың мал-мүліктерін тәркілеуге ұшыратып тартып алғаннан кейін, іле-шала ұжымдастыру шаралары басталып, халықтың ашаршылыққа ұшыраған өте бір ауыр уақыт еді. Екіншіден, Жаңбырбай өзінің артында орасан зор рухани мұра мен күйшілік өнер мектебін қалдырды. Бұлардан бөлек, ол өз еркімен, әрі ынта-жігерімен Қазақстанда алғашқылардың бірі ретінде мектеп жасындағы балаларды жинап, өнерге баулитын үйірмелерді ұйымдастырғаны белгілі болып отыр.  

Ең бастысы, Жаңбырбайдың күйшілік өнерін үйреніп, оны кәсіби дәрежеге көтерген домбырашылардың тұтас алтын шоғыры Атырау өлкесінде қалыптасты. Олардың арасынан біз аса көрнекті өнер шеберлері Ғибатолла Мәсәлімовты, Еммат Мардановты, өзінің жиені, ҚР Халық артисі, профессор Рысбай Ғабдиевті, ҚР мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткерлер Сағын Жалмышевті, Нариман Үлкенбаевты, дүлдүл домбырашы Ғатау Ібішевті көреміз. Осы мәліметтердің негізінде біз, кезінде халықтың қамқоры болған, мектеп ашып, өлкеде күйшілік өнерді дамыту ісіне зор үлес қосқан композитор Жаңбырбай Бекмағанбетұлының есімін Атырау қаласында, немесе Исатай ауданының орталығы Аққыстауда бір көшеге беруді ұсынамыз.

Ш.НАҒЫМҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау университетінің профессоры