Атырау облысының «ӘДІЛ» мемлекеттік мекемелері мен коммерциялық ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2022 жылдың шілде айында құрамына енген «Атырау-Ақпарат» ЖШС, «Атырау облысының Су Арнасы» мекемесі, «ЮСС» пен «СиСиСи» компанияларының кәсіподақ ұйымдарымен құрылған болатын. Былтыр ТШО-дағы жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты СиСиСи компаниясы тараталып, «Кәсіби таңдау» және «Мұнай филд сервис» деген мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары бірлестік құрамына енуімен қатары толықты. Осы өткен екі жарым жылдай уақыт аралығында жаңа жергілікті кәсіподақ ұйымы нендей істер тындырды? Бірлестік пен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының алдында қандай жауапты міндеттер тұр?
Бүгін Атыраудың Кәсіподақтар үйінде аталған жергілікті кәсіподақ ұйымы қоғамдық бірлестігінің есеп беру-сайлау конференциясында осы мәселелер делегаттардың талқылау нысанына айналды. Бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайыновтың есебінде атап көрсетілгендей, бүгінгі күні бірлестік құрамындағы бес бастауыш кәсіподақ ұйымында 2600 мүше есепте тұрады. Есепті жылы қабылданған түсіндіру шараларының нәтижесінде бақылаудағы кәсіподақтар бар ұйымдарда ешқандай наразылық акциясы болған жоқ және олар штаттық режимде жұмыс істеуде.
«ЮСС Супорт Сервисез» компаниясы бастауыш кәсіподақ ұйымында 2022 жылы 2140 қызметкер мүшелікте болды, 846 кәсіподақ мүшесіне жалпы сомасы 59, 9 млн теңгенің қаржылай көмегі көрсетілген, оны ішінде; денсаулықтарын түзетуге байланысты ем алуға 225 адамға 17,3 млн теңге; балалы болуына байланысты 82 адамға 2,5 млн теңге, мерейлі жаспен зейнеткерлікке шығуына орай 111 адамға 4,1 млн; қызметкердің және жақын туысы қайтыс болған 58 адамға 2,9 млн теңге; «Аяжан» шипажайына 238 адамға 23 млн теңгеге жолдама берілді; қызметкерлердің 102 баласы «Евразия» жазғы сауықтыру лагеріне демалуға жіберіліп, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылған.
2023 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымында 2140 қызметкер мүшелікте болып, тамыз айында тендер қорытындысы бойынша 1500 жуық қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған, сол себепті ұйымда 1600 кәсіподақ мүшесі қалған. Былтыр компаниядағы 636 кәсіподақ мүшесіне жалпы сомасы 50,1 млн теңгенің қаржылай көмегі көрсетіліп, бұл қаражат негізінен жоғарыда атап өтілген мақсаттарға жұмсалды. Былтыр Жамбыл облысындағы «Меркі» шипажайына 209 қызметкердің демалуына жолдама беріліп, кәсіподақтан 26,8 млн теңге қаражат жұмсалыпты.
Биыл аталмыш компанияның 577 кәсіподақ мүшесіне жалпы сомасы 54, 2 млн теңгенің қаржылай материалдық көмек көрсетілген екен. Оның ішінде «Сосновый бор» шипажайына 150 адамға тегін жолдама берілген. Осындай ауқымды жұмыстарды атқарудағы «ЮСС Супорт Сервисез» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, ардагерлер арасында дзюдо, самбо күресінен Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Көшенов Маралдың белсенді қызметін атап өткен жөн.
«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бастауыш кәсіподақ ұйымында мыңға жуық мүшесі бар. Мұндағы кәсіподақ ұйымы кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек дауларының алдын алу, болдырмау, әлеуметтік мәселелерін шешу, материалдық қолдау, еңбек озаттарын көтермелеуге баса назар аударып отырады. Мәдени, спорттық, бұқаралық шаралар ұйымдастыруға ұйтқы болып жүр.
Сондай-ақ, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымы 2023 жылы үш жылға арналған Ұжымдық шарт жасақталды. Мұнда жыл сайын белсенді кәсіподақ мүшелері мен өндіріс озаттарынан алты адамнан еліміздің шипажайларына жолдамамен жіберуге, құрылған әлеуметтік комиссия шешімімен ем-дом шараларына, оқыс оқиғаларға тап болған қызметкерлерге мекеме мен кәсіподақ арқылы біржолғы жәрдемақы беруге, Жаңа жыл, Наурыз, Баспасөз күні, Республика күні жұмысшыларға сыйақы беруге, екі жылда бір рет қызметкерлер жалақысын 15 пайызға индексациялауға қол жеткізіліп келеді.
«Облыста кәсіподақ ұйымдары құрылмаған мекемелер мен кәсіпорындарда да кәсіподақ ұйымдарын құрып, өз қатарымыздың санын ұлғайтуымыз керек. Ал коммерциялық ұжымдар еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын кәсіподақ құруға мүдделі емес. Осы бағыттағы жағдайды айтарлықтай жақсарту үшін әлеуметтік әріптестермен бірлескен күш-жігер нәтижесінде жүйелі және ойластырылған шаралар талап етіледі. Облыстық бірлестік өкілетті мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұсыныс жасады. Өкінішке қарай, уәкілетті мемлекеттік органдардың кәсіподақ ұйымдарының объективті өтініштерін елемейтын көрқарас қалыптасып отыр» — деді бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайынов.
Қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісіндегі басты құрал ұжымдық шарт екендігі белгілі. Бүгінгі таңда барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда Ұжымдық шартқа қол қойылып, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Есепті кезең ішінде кәсіподақ белсенділерінің, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі келісу комиссиясы мен өндірістік кеңестер мүшелерінің оқуына үнемі көңіл бөлінеді.
Кәсіподақ ұйымдары Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен Орталық салалық кәсіподақтың барлық маңызды іс-шараларына белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның, алдын алу және шешу жөніндегі штабтың, ұжымдық еңбек қақтығыстарының, әлеуметтік маңызды мәселелер жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына белсене атсалысып отырады.
Конференция жұмысына қатысқан Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Құсейін Есенғазин сөйлеп, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түрлі дау-дамайлардың алдын алу, әлеуметтік мәселелерді шешудегі бастауыш ұйымдардың алдында тұрған маңызды міндеттерге тоқталды. Баяндаманы талқылауға «ЮСС Супорт Сервисез» компаниясы, Атырау-Ақпарат», «Атырау облысы Су Арнасы» және «Мұнай филд сервис» мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Марал Көшенов, Қаршыға Көшеков, Людмила Чеснакова, Қайрат Жомартов қатысып, бірлестіктің есепті кезеңдегі жұмысына оң бағаларын беріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Тиісті қаулы қабылданды.
Крнференция соңынан Құсейін Есенғазин кәсіподақтар қозғалысын дамытуға үлес қосқан бір топ белсенділерге салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Конференция делегаттар бірлестік төрағасы Жексенбай Құсайыновқа тағы сенім артып, төрағалыққа сайлады. Алқалы жиында бірлестіктің жаңа құрамы, республикалық салалық кәсіподақтың ІІІ съезіне делегаттар сайланды.
Б.ЖҰМАТ