2011 жыл. Кафедра оқытушыларының жаңа оқу жылына дайындаған силлабустарын тексеріп, реттеп жатқан кез болатын. Кафедрада әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, көрші бос аудиторияда отыр едік. Мен кафедраның оқу-әдістемелік жұмысына жауапты едім. Есікті ақырын ашып: «Сәуле апай, амансыз ба? Жаңа оқу жылыңызбен! мені сізге Намазалы ағай жіберді. Маған бөлінген педжүктемеме байланысты силлабус жасап, плотонусқа жүктеуім керек екен. Қалай жасайтындығын түсіндіріп, көмектесіп жіберіңізші»-деп қасыма келіп отырды. Тәжірибелі журналист ретінде барлығын білгенімен, жоғары оқу орындарында пайдаланатын кейбір терминдерге келгенде жас баладай абыржып тұрғандығын байқадым да ақырындап түсіндіріп шықтым. Алғыр азамат қой бірден түсініп алып, өзінен кейін келгендерге өз білгенін түсіндіріп жатқан кезін де байқадым. Қазір сол силлабусты алғашқылардың бірі болып толтырып, тапсыратындардың бірі – Мұратбек Балқыбекұлы.
Соның алдында ғана Намазалы Омашұлы: «Кафедраға жақсы бір маманды алып жатырмыз. Мықты журналист. 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, арнайы жолдамамен Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне қызметке жіберілген. 1990 жылдан бастап республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Целиноград облысындағы меншікті тілшісі, 1997-1999 жж. «Егемен Қазақстанның» Ақмоладағы тілшілер қосынының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Абай елінің тумасы. Алғыр жігіт. Студент кезінде-ақ газет беттерін құрғатпай мақалалар жазып жүретін. Алматыдағы біраз редакция ұжымы Мұратбекті біледі. Маңындағы жақсы жазады-ау деген жігіттерді де апарып таныстырып жүретіндігін еститінмін. Өзі 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туындылары негізінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, бекіген дипломын да алыпты … »-деп, сырттай таныстырған болатын.
Міне, уақыт деген өте жылдам. Алпыс деген айтулы асуыңыздың қалай келгенін де байқамай қалдық.
Ешкімге кек сақтап, ренжуді білмейтін, жібек мінезді, жүрегі кең, қандай тапсырманы алса да үлкен жауапкершілікпен атқарып шығуды мақсатым деп санайтын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мұратбек Балқыбекұлымен он төрт жылға жуық бірге еңбек етіп келеміз.
Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, ғалым Мұратбек Балқыбекұлы журналистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, «Деректілік пен көркемдік» (2012 ж.), «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана» (2019 г.) атты 2 монография, «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама» (2015), «Замансөз заңғары» (2022) оқу құралын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын Қазақстанның, Белоруссияның, Ресейдің және басқа шет елдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жариялады. Әлемдегі ең ірі библиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланған. Сонымен қатар жалпы отандық басылымдарда журналистиканың әртүрлі жанрларында жазылған 300-ден астам материалдары жарық көрді.
Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын терең зерттеуші ғалым ретінде «Әйгілі Әзаға» (2012), «Бүтін бітім» (2012), «Бекзат болмыс» (2013), еңбектері мен «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» (2013), «Ұлт қайраткерлері және отандық көсемсөз» (2014), «Журналистика мен бұқаралық коммуникацияның өзекті мәселелері» (2015), «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» (2022), «Журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері және даму парадигмалары» (2023) атты бірнеше ғылыми жинақтардың құрастырушысы және жауапты редакторы ретінде де өте танымал.
Ұстаз-ғалым ретінде докторантура, магистратура және бакалавриаттарға: «Бұқаралық ақпарат құралдарының зерттеулерін дискурсивті талдау», «БАҚ-тың қазіргі жүйесі және дипломатия», «Ақпараттық нарық конъюнктурасы», «Бұқаралық коммуникацияның қазіргі ғылыми тұжырымдамалары», «Халықаралық журналист шығармашылығын зерттеу», «Журналистиканың эпистолярлы жанрлары», «Медиа және бизнес» т.б. негізгі пәндерден дәріс, тәжірибелік сабақтарын жүргізіп, практикаларына жетекшілік жасауда өзінің талай жылғы іс-тәжірибесінің нәтижелерін көрсетіп келеді.
Бүгінде алдынан сан шәкірт түлеп ұшып, көкке қанат қақты. Тәлімін көрген, тағылымын тоқыған олар еліміздің әртүрлі қызмет орындарында жемісті еңбек етуде. Журналистика саласында Мұрекең салған соқпақпен бүгінде талай жас білім асуына беттеп, ғылым көкжиегін кеңейтуге құлшынып келеді. Ұстаз бақытымен бірге ғылымда да өз қолтаңбасы қанық тұлға.
Кафедрада сабақтан тыс қосымша атқаратын жұмыстардың бірі – өндірістік тәжірибеден (практика) өту жұмысына жауап беру. Практикаға жіберу кезіндегі құжаттарын жинау, конференция ұйымдастыру, тексеріс кезінде кафедраның атына кір келтірмеу болса, осының барлығын бірнеше жыл мүлтіксіз атқарып шықты. Бүгінде кафедраның ғылыми жұмыстарын ұйымдастыру жағына басшылық жасауда.
Мұратбек Балқыбекұлы педагогтік қызметінен бөлек өзінің журналистік мол тәжірибесін күнделікті баспасөзбен тығыз байланыста одан әрі шыңдап отырған маман.
2011 жылдан бастап «Әділет БАҚ МЕДИА» республикалық газетінің Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі, осы басылымның бас редакторының орынбасары болса, 2012 жылдан «Әділет» ұлттық апталығының редакторлар Кеңесінің төрағасы, 2019 жылдан бастап «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің Бас редакторы, Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің профессоры ретінде жас журналистерді іс жүзінде шыңдауға да зор үлесін қосып келеді.
1989-1994 жылдар аралығында Целиноград қалалық Советінің депутаты ретінде қалаға Ақмола тарихи атауын қайтаруға үлкен үлесін қосқан. Халық депутаттары Целиноград қалалық Кеңесінің Ақмола атауын қайтару мәселесі бойынша қоғамдық пікірді зерттеу комиссиясының қосалқы төрағасы болып, осы идеяны жүзеге асыру мақсатында Ресейдің Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласына арнайы іссапармен барып қайту нәтижесінде осы мәселе бойынша нақты шешім қабылдау құжаттарын әзірлеуге тікелей атсалысқан.
Еліне адал қызмет еткен жылдың ішінде абыроймен атқарған жұмыстарының нәтижесі елеусіз қалған жоқ. Журналист-публицист, ғалым-ұстаз, тәжірибелі ұйымдастырушы Мұратбек Тоқтағазиннің шығармашылығы әр кезеңде тиісті бағасын алып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» конкурсының лауреаты атанды. 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы Дипломының иегері (2014). Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты (2015), «PRIMUS INTER PARES (ПЕРВЫЙ СРЕДИ РАВНЫХ) орденімен, «Европейское качество» (Gold medal «European Quality») алтын медалімен, Халықаралық М.Шолохов атындағы, Л.Гумилев және Ә.Нұршайықов атындағы медальдармен марапатталған. Ресей Жаратылыстану академиясының Құрметті ғылым докторы (DOCTOR OF SCIENCE, HONORIS CAUSA) болып сайланған.
«Мәдениет майталманы», Қазақстан Республикасының «МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ», Қазақстанның «АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» атақтарының иегері. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі шешімімен ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» төсбелгісімен марапатталды.
Абай облысының «АЯГӨЗ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» құрметті атағының иесі. Халықаралық Ақпараттандыру академиясының толық мүшесі (академигі), Еуразиялық Телевизия және радио академиясының толық мүшесі (академигі), Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі), Ресей Жаратылыстану Академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық Психология ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Жаратылыстану Академиясының және Аймақтық Менеджмент Академияларының профессоры, «Ғылым мен білім саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағының, «Білім көшбасшысы» төсбелгісінің иегері. Ол ТМД бойынша «Масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының» (НАММИ), Халықаралық Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының, Беларусь Республикасы Журналистер одағының, Халықаралық Ақпараттық бірлестігінің, Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының мүшесі, 2012 жылдан осы Клубтың вице-президенті.
Журналист ретінде ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы көптеген мақалалардың авторы, очеркші.
Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің ККСОН, ВАК уәкілетті органдары ұсынатын басылымдарда 25 ғылыми мақалалары, жалпы саны 80-нен асатын ғылыми еңбектері шетелдік және отандық журналдарда, жинақтарда жарияланған. 3 докторантқа, 30-дан астам магистрантқа, 40-тан астам бакалаврға ғылыми жетекшілік жасады. Бір философия докторын — PhD тәрбиелеп шығарған, Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің (РУМС) мүшесі, ЕҰУ-нің Хабаршысы (журналистика сериясы) журналының редакциялық алқа мүшесі, рецензенті, ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультеті кеңесінің мүшесі.
Мұратбек Балқыбекұлының тағы бір қыры – отырыстың сәнін келтіретін мықты асаба десек артық айтпағандық болар. Дін жағынан да өте сауатты. Өзімен қатар өзгелердің де көңілді жүргенін қалайтын профессордың әлі де ашылмаған қыры көп.
Қоғамға, елге сіңірген еңбегі университет, мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, марапатталып жатыр.
Сондай-ақ берекелі отбасының ұйытқысы. Жолдасы екеуі мақтанып айтарлықтай ұлықты 3 азаматты тәрбиелеп өсірген құрметті ата-аналар.
Ең бастысы ҚР Президентінің 2024 жылғы 25 маусымдағы Жарлығымен «Құрмет» орденімен наградталуы да үлкен еңбектің жемісі дей отырып, мұратына жеткен – Мұратбекті мерейлі тойымен құттықтаймыз!
Құрметті, Мұратбек Балқыбекұлы, мерейлі жасыңыз құтты болсын!
Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілмеймін. Әлі де ғылымға қосар үлесіңіз көп болсын. Еңбегіңіз бағалана берсін.
Сәуле ТАПАНОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор