Көре білетін көзге,саралай білетін ақылға,сезіне білетін жүрекке Ұлттық Құрылтайдың өзі тағылым.Бабалардан қалған ұлт болып ұйысуға,ел болып бірігуге бастайтын мұрат-мақсаттар жолы. Атырауда таяуда ғана наурызнаманың алғашқы күндерімен қатар өткен үшінші Құрылтай мұнда қозғалған мәселелермен айтылған ой пікірлердің салмағы жағынан алдыңғы Құрылтайлардан басым түспесе,кем түспегені анық.
Ең бастысы:жиында мемлекет басшысы Қазақстан қоғамында болып жатқан аса өзекті мәселелерді атап көрсетіп,талдаумен қатар ұлтымыздың бүгіні мен болашағына қызмет ететін идеологиялық темірқазық-бағыт-бағдарымызды айқындап берді.Ең қауіпті кеселдер санатындағы бүгінгі заманның «бес жауын»:нашақорлықты; «вейптер мен насыбай атуды; лудоманияны; тұрмыстық зорлық-зомбылық,буллингпен агрессияны және вандализмді қоғамдық сананы улайтын, мемлекет абыройына елеулі нұқсан келтіретін мәдениетсіздік пен тәртіпсіздіктің белгілері деп айыптады.Осы айтылған кеселдермен күрес,дұрысы:осылардың алдын алудағы ағартушылық түсіндіру жұмыстары –әрбір қоғам мүшесінің азаматтық парызы екенін шегелеп атап өтті Қасым Жомарт Кемелұлы.
Президент Құрылтай мінберінен терең мағыналы да сындарлы кесек ойларын жалпы ұлтымызға жанашыр ниетпен,парасат биігінен білдіргенін сезіндік,жылы қабылдадық.
Өреміз жеткенше, «алуан-алуан жүйрік бар,әліне қарай шабатын»демей ме, Мемлекет басшысының сөзін тарқатып көрелік.
Халқымыз Отан игілігі,ұлт мүддесі жолында руханият саласында Ел жадында өшпестей із қалдырған перзенттерін қашаннан аялаған,ардақтаған,аңызға айналдырған. Мұндай тұлғаларды Президенттің өзі есімдерін ардақтап,Ұлы Жиында атап өткенде бүкіл Ел болып арқаланып,рухтанып кететініміз де шығар Күндей шындық.
Бұ жолы «Шын мәнінде жеке мүддесін емес,ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет.
…Осы орайда мен әйгілі қаламгер,көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді…
…Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді.Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын.Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын,бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын.
Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есімі қашанда айқара ашық еді.Онымен тілдескен адамдар рухтанып,қанаттанып шығатын.
Әбекең ұсақ-тиек әңгімеге берілмейтін,жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып,толғанатын.
Бір сөзбен айтсақ,Әбіш Кекілбаев Әбіш аға нағыз зиялы адам, кемеңгер Тұлға болды»,-дегенде Әбіш аға барша отандастарымызға үлгі-эталоны биігінде осылайша қайта оралғандай күй кешетін.
«Сондай-ақ бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі,аса көрнекті мәдениет қайраткері,Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақанов отыр.
Ілекең де-нағыз мемлекетшіл Тұлға,зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз.
Әрдайым салмақты ой,салиқалы пікірмен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат.Біз халқымыздың осындай перзенттерін,олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек,лайықты құрмет көрсетуіміз қажет»-деп І.Жақановтың да еңбегіне зор баға берілгенде, ұлтымыздың мұрат-мүддесіне жан аямай сөзімен де,ісімен де шалқар шабытпен,кемел ойлы парасатпен,адамзатқа деген мейірім-махаббатпен,шынайы отаншыл жүрекпен қалтқысыз қызмет еткен ардақты азаматтарға қарата Президент атынан айтылған халықтың әділ бағасы деп түсіндік.
Мемлекет басшысы қозғаған қадау-қадау мәселелердің бастыларын атап өтсек: ана тіліміздің аясын кеңейте түсу; жастарды кітап оқуға баулу; мәдени мұрамызды сақтап,дәріптеу; ұлттық бірегейлігімізді нығайту; мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсу;дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру;дәстүрлі ислам құндылықтарын берік ұстану,т.б.
Сонымен бірге «ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар ел қорғаған ерлердің есімдерін жадымызда жаңғыртудың да маңызды, «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды»,-дей келіп, «соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отырғаны», «төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны»;
«Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы Ұлттық Құрылтай мүшесі,Қазақстанның Еңбек Ері,мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамбетовтың жетекшілігімен зерттеушілер отыз жыл бойы табанды түрде бұл жұмысты жүргізіп келе жатқаны»; «Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбектің жарық көргені де.., айтылып өтті…
Екінші дүниежүзілік соғыста асқан қаһармандық ерлік көрсетіп,Отанына аман оралып,бейбіт күннің де даңқты азаматтары болған халқымыздың үш перзентінің аяулы есімдерін Президент ерекше екпінмен еске алып,еліміздегі әскери және күштік құрылым қызметіне арналған «Айбын»орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағанбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерімен атағанды жөн санайтынын жұртшылық қаперіне берді.
Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысының ең бір ұтымды тұсы деп
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткен аса маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымызды ерекшелеп айтар едік.
Егер әрбір Қазақстан азаматы,әрбір қоғам мүшесі дүр сілкініп, өзін-өзі қолға алып,санасында түбегейлі өзгеріс жасап осынау Темірқазық бағыт-бағдармен жүретін болса,сөз басында айтып өткен бес жаңа заманның кеселдерінен жиреніп, арылатын болсақ,онда біз жаман болмас едік.
Өркениет күшінің шаңында қалмас едік.Ұлт санасы рухани жағынан бірнеше сатыға биіктер еді. Сонымен, негізгі бағыттарымыз, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарымызға тоқталсақ.
Ең алдымен,Тәуелсіздік және отаншылдық.Барша қазақстандықтар үшін,еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін аса қымбат байлық саналар қастерліміз, тәу етер киеліміз-Тәуелсіздік; мың-мың жылдық бабалар арманының алтын құсы,бақ құсы- Тәуелсіздік.
Әрбір қазақстандықтың Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бағалап,өз анасын қалай қадірлесе,Тәуелсіздікті солай қадірлеп,Тәуелсіз Отанымыздың қуатты болуына әуелі ниетпен,одан соң күш-жігермен,біліммен,рухпен үлес қосуы –өмірлік басты мәселе.
Тәуелсіз Қазақстан болмаса, Еліміздің аумағында жүздеген ана тілімізде оқытатын мектептер,балабақшалар, ондаған ЖОО-лар мен колледждер жұмыс істер ме еді?!
Еліміз Тәуелсіз болмаса, Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болар ма едік?!
Көк байрағымыз көгімізде желбіреп тұрар ма еді? Әлемнің түкпір-түкпірінен қалағанымыздай барып-келер ме едік?
Атырау аймағының ғана бір өзінде жетпіс жыл бойы салынбаған ондаған осы заманғы көпірлер тұрғызылғаны-Тәуелсіздіктің арқасы емес пе!?
Тәуелсіздік пен Отаншылдықтың ең басты құндылықтарымыз екендігіне еш күмән болмаса керек.
Біздің ұлттық сана биігінде қарсы алар,ақыл ойымызға парасат кеңдігін қосар Алыбымыз- Абай хакімнің ешқашан жадымыздан көшпейтін бір үзік өсиет сөзі бар еді.
«…Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін-бірің жеткіз
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің –бірің сөйле сөзің тосып
Бір-біріңді құрмет, ғиззат етіс
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып…»
«Біріңді,қазақ,бірің дос;Көрмесең істің бәрі бос»…»,-деген ғұламаның анық ойлы ақылының да айтары осы- ел бірлігі, ынтымағы жарасқандық,ырыс-берекесі өскендік. Қай күнде де қазаққа жетпейтіні осы бірлік, осы ынтымақ. Қазақтың елдігін,бірлігін сынағысы келгендей, биыл табиғат анамыз біресе Алматыда жер сілкініп, біресе алай-дүлей боран,біресе әр аймақта қар суынан өзендер көтеріліп, ел тұрғындарын біраз әбігерге салуда.
Тасыған суға жер –жерде бүкіл халық болып,арасында қоғамдық ұйым өкілдері,еріктілер,Мәжіліс депутаттары, министрліктер өкілдері,қоғам белсенділері бар барша жұртшылық болып тасқынға тосқын қоюда,батылдық пен жанашырлық,азаматтық ерлік мінез танытуда.
Елдің ерлігі,бірліктің бекемдігі де сыналар шақ Жаратушы Иеміз дархан қазақты бірлік-берекесінен,ырыс алды –ынтымағынан айырмағай.
«…Келесі құндылық –әділдік және жауапкершілік шын мәнінде,бұл мемлекеттің де,қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс.Барлық салада әділдік болса,әлеуметтік теңдік орнайды,татулық пен келісім нығая түседі…»- деп мемлекет басшысы шегелегендей, адамзат баласының (соның ішінде қазақ баласының да) дүние-дүние боп жаралғалы көксегені аңсаған арманы-әділдік емес пе еді!?
Әділдік-мемлекет пен қоғамның халық пен биліктің арасындағы қандай ма болмасын ахуалды сауықтыратын,түзейтін,бүтіндейтін категория.
Әділдік ел ішінде нығайып,кең қанат жая түскен сайын қоғам мүшелерінің өмірге көзқарасы,еңбекке құлшынысы, азаматтық белсенділігі ең бастысы болашаққа деген сенімі арта түседі.
Әрине,әділдік салтанат құрған сайын кім –кімнің де ел,қоғам,ұлт мемлекет алдындағы жауапкершілігі де күшейе түсері сөзсіз.
Біз әрдайым сергек әрі мұқият назарда ұстауға тиіс құндылықтардың бірі-заң мен тәртіп.
Жан жағымызға қарасақ,алыс-жақын шет елдерге көз жіберсек,әсіресе,Қытай,Сингапур,Малайзия секілді «Азия жолбарыстарын» аз ғана уақыт аралығында «аспанға қарғытқан» «сиқырлы күштерді» көргендей боламыз. «Сиқырлы күш» деп отырғанымыз –осынау мемлекеттердің заң мен тәртіпке бағынудан әлемде көш бастап келе жатқандарын кім жоққа шығарады ?!
Сондықтан дамыған елдердің көшінен қалмау үшін,бізге де заң мен тәртіп үстемдігін көздің қарашығындай сақтағанымыз-басты парыздың бірі болмақ.
Осы орайда Президент мысалға алған мына бір жағдаят бәрімізге де ой салғаны. «…Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады.
Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті.
Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады» дегенде аталған құндылықтардың аса маңыздылығына көз жеткізгендей болдық.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы келесі құндылықты –еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті жастарға қарата айтылған өмірлік және пәлсапалық тұжырымдармен байланыстырғаны өте тиімді болды.
«…Қазақстан –барша азаматымыздың ортақ Отаны,қастерлі мекені.Оның қай түкпірі де-біздің туған жеріміз.Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп,тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал»…-дей келіп,алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін бөлінген он мың білім грантының көбі игерілмегендігін;жастардың қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отырғанын;ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейтіндіктен,көптеген жастарымыз еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отырғанын сынға алды.
«…Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс.Басқа аймақтарда, тіпті шетелде білім алуы қажет.Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал…
…қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе,сол жерге барып еңбек етуі керек.
Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді.Ол жақта тегін білім алуға,жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар.
Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет.
Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық.
Қазірға жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек»-деп жастарымыздың бүгіні мен келешегі үшін аса маңызды салмақты ойларының бір үзігін осылайша бір түйіндеп өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ел ішінде мынадай да өзіміз көріп, шамырқанып жүрген құбылыстардың да барын жасыра алмаймыз.
Батыс аймақтарда мұнай-газ өндірісіне байланысты мердігер және қосымша мердігер компаниялар,фирмалар көп болғандықтан,ал оларда жалақы мөлшері біршама жоғары екені белгілі,бірқатар жастарымыз жоғары білімді дипломды маман екеніне қарамастан,вахталық әдіспен көбірек табыс тапқысы келіп,осындай жұмыстарда жүр…
Ауылдардағы шаруашылық құрылымдары не тарап,не тараудың алдында тұрғандықтан ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізетін мамандарға сұраныс болмағандықтан,болашақта егін егіле ме,жоқ па,ол жағы белгісіздеу болып тұрған жайымыз бар.
Әлде жаппай мал өсіріп (әрине,жағдайы келгендер),жылыжай өнімдеріне қарап қаламыз ба ?!
Жастарымыз барлығы бірдей шетел асып кете алмас.Барлығы бірдей қалаға барып,баспана тауып, жұмысқа орналасу да мүмкін болмас.
Сондықтан Үкімет ауыл жастарының сұраныстағы мамандықтарды игере отырып, ауылда да еңбек етіп, табыс табуларына жағдай жасағаны дұрыс болар еді.
Еліміздің жер көлемі әлемде тоғызыншы орын болатыны белгілі.Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұланғайыр аймақта сапалы жол қатынасын-логистикалық құрылымдарды жетілдіру аса маңызды болып тұрғанын білеміз.Болашақта әр өңірде қуатты еуропалық стандарттарға сай асфальт –битум зауыттары салынып, ел игілігі үшін жұмыс істесе,мыңдаған отандастарымызға,әсіресе жастарымызға екі қолға-бір күрек табылар еді,жұмыс көзі көбейер ме еді?…
Қалай дегенде де еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік-отанымыздың қуаттылығы мен дәулетінің,ел өркендеуінің басты кепілі екенін әрбір қазақстандық естен шығармағаны абзал.
Президент атап көрсеткен келесі құндылық-жасампаздық және жаңашылдық еліміздегі білім және ғылым саласының дамуымен, осы арқылы әлемдік бәсекедегі ұлттың қабілеттілігімен тікелей байланысты болмақ.
Адам капиталы мен креативті индустрияның арқасында Қазақстанның қарқынды дамуына зор мүмкіндіктер барын көріп,біліп жүрміз.
Елімізде талантты азаматтар қай салада болмасын аймақтық және жаһандық деңгейде танылып жүргені баршамыз үшін мәртебе де, мерей де.
« Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино,музыка,әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан.
Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін…
…Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет.
Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс…» деген Мемлекет басшысының сөздерінен қашанда жаңалық пен жақсылық атаулыға жаны құштар,арманы асқақ ұлтымыздың болашаққа деген анық белгілерін зор ұмтылысы мен сенімінің көргендей боламыз.
Сонымен, «Адал адам-Адал еңбек- Адал табыс» атауымен Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай тағылымын қорытындылайтын болсам: біздің бетке ұстар үлгі-бейнеміз (идеал)- «Адал азамат»,Отанымыз- «Әділетті Қазақстан».
«Адал азамат дегеніміз- жақсы қасиеттерге ие болып,адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам… Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса,елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс»-бір –бірінен ажырамайтын ұғымдар.
Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады.
Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек». (Қ.К.Тоқаев)
Президент анық атап,талдап,тарқатып берген барша халқымыз үшін ортақ маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз: Тәуелсіздік және Отаншылдық; Бірлік және Ынтымақ; Әділдік және жауапкершілік; Заң және Тәртіп; Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік; Жасампаздық және жаңашылдық.
Біздің асқақ та асыл арманымыз: Отанымыз- «Әділетті Қазақстан»; азаматтарымыз- «Адал азамат» ұлтымыз- «Озық ойлы ұлт» биігінде өсіп-өркендеуі жолында «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» (Абай) ізгі ниетпен еңбектене берейік, қадірлі отандастар.
Амантай Бақыт,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі