«Қаныштың үлкен бір ерекшелігі – ол химикпен де,
биологпен де, физикпен де, медикпен де және
тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде
сөйлесе біледі. Мамандық тілдерімен үндесіп, ұғыса біледі.
Қаныш Қазақстан Ғылым академиясының ауқымды
қызмет ететін, ғалымдардың барлығына да анық ұстаз,
үлгі боларлық білгіш!»
(Мұхтар Әуезов)
Қазақ халқының біртуар перзенті, тағылымы мол талант, ғибрат алар ғалым, дархан дарын иесі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың геолог-маман, ғалым ұйымдастырушы және мемлекет қайраткері екендігі шырайлы шындық! Дейтұрғанмен, академик Сәтбаевтың қияға тартқан өмір жолында осындай сатыларға көтерілуі, оның қайсар азаматтығы мен жоғары адамгершілігінің жемісі деп білеміз.
Қаныш Сәтбаевтың бойындағы сан қырлы адамгершіліктің бір тамыры тұқымында, ата-анасының тәрбиесінде жатса, енді бірі өскен ортаға байланысты, тағы да бір қыры еңбекке араласқандығы, қалай рухани жетілгендігінде болса керек.
Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлы оқыған, араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерген, өте зерек, көкірек көзі ашық адам болған. Міне, осындай өз заманының озық ойлы, зерделі азаматының жат елге аттанар баласына тапсырған аманаты: «Қарағым, қандай ортада жүрсең де, қандай лауазымға ие болсаң да үш қасиеттен жаңылмағайсың: еңбек сүйгіштіктен, сыпайыгершіліктен, адамгершіліктен»,-деген өмірлік қағидасы екен.
Ресейден шеткері далалық аймақтан келген қазақ азаматының Сібірдегі Томск институтына оқуға түсуі, ол кез үшін таңқалаларлық оқиға болған. Бұған дәлел, Қаныш Имантайұлының курстасы, сол оқу ордасының көрнекті профессоры Л.Л.Товенің ұлы Петр Лововичтің мына бір сөзі: «Бізде жаңа студент пайда болды, ол кім екенін білесіз бе- қырғыз! (қазақ!) Қандай ақылды, қандай зерек, қандай қабілетті десеңізші, бәрін бірден біліп алғысы келіп тұр, оқытушылардың аузынан шыққанын қағып алып отырады»,-деп бағалауы Сәтбаевтың білім алудағы қабілеті мен көздеген мақсаты өте жоғары екендігін көрсетеді. Дегенмен, академик Сәтбаев өмір жолындағы өзінің осындай артықшылықтарын ешуақытта марапаттап айтқан да, жазған да емес. Асыл жанның жас кезінен қалыптасқан қарапайымдылығы мен білім жолындағы қайсарлығы қазіргі студенттер үшін өнеге тұтар қасиет.
Мысты өңірдің қазба байлығының мөлшері Қ.И.Сәтбаев басқарған геологтардың қажырлы, тынымсыз еңбегінің арқасында анықталды. Жезқазған өнеркәсібі кешенінің дүниеге келуі – өзінің бар білімін, күш-жігерін, ұйымдастырушылық талантын, Жезқазғанның пайдалы қазбаларын зерттеп, анықтауға жұмсаған, Жезқазғанның болашағына сенген Қаныш Имантайұлының есімімен тығыз байланысты.
Томск технологиялық институтын сәтті аяқтаған, Қазақстаннан шыққан тұңғыш инженер-геолог 1923-1929-жылдары «Атбасар түсті металл» тресінің геологиялық барлау бөлімінің бас геолог, бастығы болған Қаныш Имантайұлы 1941-жылы шілде айына дейін Қарсақбайда тынымсыз еңбек етті. Ал, Жезқазған жерінде еңбек еткен алғашқы кездің өзінде-ақ Қ.Сәтбаев оны «Геологиялық Эльдорадо» деп атады. Қаныш Жезқазған қойнауында «жүз мыңдаған жылдық емес, мұнда осы уақытқа дейін не Америка, не Еуропа білмеген деңгейде мыс өндіруге болады»,-деп есептеді. Сол уақытта Қаныш Имантайұлының Жезқазған марганецін болашақта Оралға, Магниторск металлургия зауытына жеткізуге болады деген пікірінің маңыздылығы Ұлы Отан соғысы кезінде дәлелденді [1, 25-б].
1928-жылдың 19-қазанында Жезқазған кенінен тұңғыш мыс алынды.
1931-жылы Үлкен Жезқазған комбинатын салу туралы Кеңес үкіметінің шешімі қабылданды.
Қаныш Сәтбаевтың «Мыс рудалы Жеқазған ауданы және оның минералдық ресурстары» деген монографиялық еңбегі бірінші рет 1932-жылы жарық көрді. Оның Жезқазған-Ұлытау ауданының пайдалы қазбалары жөніндегі бұл монографиялық еңбегі кезінде ғылыми жұртшылықтан зор бағасын алды.
Қаныш Үлкен Жезқазғанның қазба байлығын ашуда, оны ғылыми тұрғыда сипаттап жазуда мұнымен тоқтаған жоқ. Ол өзінің өмірлік мақсатына айналған Жезқазғанды мерзімді баспасөз бетінде үнемі көтеріп, оған жұртшылық назарын аударып отыруды жөн көрді. Сол қарсаңда, оның аудандық «За медь», «Қызыл кенші» газеттерінен бастап, орталық «Правда» газетінде әлсін-әлсін жарияланып тұрған ғылыми мақалалары бұл пікірді толық дәлелдейтіні сөзсіз.
Оның «Қарсақбай өңірінің болашағы» деген алғашқы мақаласының өзі жарқын да жалынды, әрі ғажайып патриоттық публицистиканың үлгісіндей. Онда құрғақ жаттандылықтың ешбір із-табы жоқ, цифрлар қажетті деген жерде ғана келтіріліп, дәл орнын тауып сөйлеп тұр. Мақала қарапайым, шабытты, оралымды қойшыдан бастап академикке дейінгінің бәрі түсінетін тілмен жазылған. Бұл мақаладан патриоттық, халықтық өршіл леп еседі. Сәтбаев публицистикасының құндылығы, оның сөзінің нақтылы іспен астасып жатқандығында. Оның лебіздері жай ғана үгіт, насихат емес, жүзеге асырылып жатқан істің шынайы болмысын бейнелеу құралы.
1934-жылы Мәскеуде КСРО Ғылым Академиясының, КСРО Жоспарлау Комитетінің, «Главцветметтің», ҚаКСР Халық Комиссарлары Кеңесі шешімдерімен Үлкен Жезқазғанның өзекті мәселелеріне арналған Ғылым Академиясының арнаулы сессиясы болды. Оның жұмысына 57 мекеменің өкілдері, көрнекті ғалымдар т.б.қатысты. Бес күнге созылған сессия мәжілісінде Қаныш Сәтбаев Жезқазған өндірісінің болашағы жөнінде мәселелерге қатысты бес баяндама жасады. Сессияға қатысқан дүние жүзіне белгілі ғалымдар А.Архангельский, В.Обручев, И.Губкин, Б.Веденеев және т.б. Қаныш Имантайұлының ғылыми пікірлерін толық қолдады. Бұл Жезқазғанның болашақ тағдырының шешілген сәті болса, сонымен қатар академик Қ.Сәтбаевтың ғылым шыңындағы алғашқы үлкен жеңісі болып саналады [2, 33-б].
Қаныш Имантайұлы 1934-жылы желтоқсанда ауыр өнеркәсібі комиссары С.Орджоникидзеде болып, Жезқазғанның болашағы жөніндегі ақиқатқа оның көзін жеткізді. Қазақтан шыққан 35 жастағы кен инженерінің өте терең, дәлелді болжамдарына сенгендіктен әрі шынайы көзі жеткендіктен болар С.Орджоникидзенің Сталинге жолдаған хатындағы: «…еліміздің отандық мысқа деген сұранысын негізінен қанағаттандыру үшін 3-ші бесжылдықтың ішінде басталған құрылыстарды жеделдетумен қатар, екі ірі мыс кәсіпорындарының құрылысын, атап айтқанда, Жезқазған мен Алмалықты бастауымыз керек»,-деп жазған сөздері дәлел.
Қ.И.Сәтбаевтың терең экономикалық талдауы нені көрсетті? біріншіден, 1933-жылғы 1-қаңтардағы есептеу бойынша 2,3 млн.тонна мыс қоры бар екендігі анықталды; екіншіден, өндіріске қажетті (қосалқы) қоспалардың шикізат қоры да жеткілікті – атап айтқанда Байқоңыр мен Қияқтының көмірі, сапалы темір-марганец, әктас, кварц-ақтас қоры, Болаттамның пириті, отқа төзімді материалдар т.б.
Осындай жанкешті еңбектің арқасында 1943-жылы 17 шахта және ашық әдіспен игеруге арналған 3 карьері, Қарсақбай зауыты мен Байқоңыр көмір кен орны бар КСРО Түсті металлургия министрлігінің Жезқазған мыс комбинаты құрылды. 1954-жылдың 20-желтоқсанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Үлкен Жезқазғанның шағын қалашығы – Жезқазған қаласы болып аталды.
Жезқазғанның кендерінде мыспен қатар басқа да элементтер аз емес. Қ.И.Сәтбаев былай деген болатын: «Әрине, Жезқазған кенінде мыс саны басым, дегенмен ол айқын көп металды кеніш және 20 негізгі шашыранды металдарды қамтыды». Жезқазған мыс қорыту зауытында таза мыс өндірумен қатар, аммоний перронатын, күкірт қышқылын, алтын, күмісі мен қорғасы бар тозаңдыны өндіру игерілді. 1995-жылы Жезқазған мыс қорыту зауытында осмий алынып, Жезқазған кен орындарының кенінен металдарды кешенді айыруда жаңа талпыныс жүзеге асырылды. Қазір тұтастай алғанда Сәтбаев сипаттап берген, Жезқазған кендерінде 20 элементтің 14-і Жезқазған концентратымен жұмыс істейтін Жезқазған мыс қорыту зауыты мен басқада зауыттарда алынады.
1964-жылдың наурыз айында Жезқазған кен-металлургия комбинатына Қ.И.Сәтбаевтың есімі берілді. Еңбектегі ерен табыстары үшін комбинат 1966-жылы 14-мамырда Ленин орденімен марапатталды.
Қазақ зиялыларының көрнекті өкілі Ілияс Омаров Қаныш Имантайұлын «Дәуіріміздің жұлдызды тұлғасы»,-деп атаған. Себебі, Сәтбаев тек қана геология мен басқа да жаратылыстану ғылымдарын ғана емес, педагогика, тарих, әдебиет пен этнография салаларын да жетік меңгерген энциклопедист ғалым болды.
Қ.И.Сәтбаевтың көп қырлы ғылыми және қоғамдық еңбегінің маңызды бөлімі, оның педагогикалық іс-әрекеті болып табылады. Педагогикалық қызмет оның Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезінде басталған. 1918-1920-жылдары Сәтбаев 2 жылдық педагогикалық курста (қазақ мұғалімдері үшін) жаратылыстану пәнінен дәріс оқып, 1919-1920-жылдары Ақкелін болысында 4-ауылда мектеп мұғалімі болып қызмет атқарған. Көптеген құжаттар мен материалдар оның қазақ математикасы бойынша білім беру саласына зор үлес қосқан педагог екенін дәлелдейді.
Қаныш Имантайұлы – әдіскер математик, тұңғыш «Алгебра» оқулығын жазған. Бұл сол кезең үшін өмір талабынан туындаған еңбек еді. «Өйткені, кей жерлерде есептер орыс негізінен алынды, бірақ олардың сұрау жөндері мен есеп шарттарын қолдан келгенше қазақ тұрмысына жанастыруға қам істедік. Бұл жол арқылы есеп жүйелері түсінікті түрге келіп, қазақ шәкірттерінің ұғынуына, пайдалана білуіне қолайлырақ болар деген сенім бар»,-деп көрсетеді. «Алгебра оқулығының қолжазбасы» 1923-жылы 10-қазанда Халық ағарту комиссариатына, ал 1927 жылы мамырда Мәскеуге баспадан шығаруға жіберіледі. Оқулық талабы мен ұлттық сананы орайластыра білген бұл күрделі еңбек, өкінішке орай кеңестік идеологияның сынынан өте алмады. Педагогика ғылымының кандидаты, математик Б.Қосановтың пікірінше: «Алгебра – алғашқы қазақ тіліндегі оқулық. Оның ерекшелігі, ол ешқандай жерден көшірілмеген, онда орыспен қатар батыс еуропа оқу әдебиетінің озық табыстары қоса қамтылған. Қолжазбада берілген мәліметтер мектеп курсының шеңберінен шығып, мұғалімдердің өзіндік білімін дамытып, жоғары оқу орнына түсушілерге көмекші құрал болып табылады. Қолжазбаның тағы бір ерекшелігі – жазылған ойдың жүйелілігі, мықты логика, жатық, қарапайым тілде жазылған. Еңбектің құндылығы, автор алгебраны оқытуды өмірдің қажеттілігін ескере отырып жазған. Деректер бойынша, қолжазба әуелі араб әліпбиінде жазылып, кейін латын әліпбиіне аударылған»,-деп баға береді.
Елін жанымен сүйген ғалым ана тілді мектептердің болашағына да алаңдаған. «Енді, қазақ елінің ана тіліндегі мектептеріне келсек, олардың ішіндегі оқылатын пәндердің тәртібі мен көлемі шәкірттерді толық қанағаттандырады деп айтуға болмайды. Оған түрлі себептер бар. Оқытушылардың оқу құралдарының кемшілігі, оқытушы адамдарға негіз боларлық ана тілінде жазған маңызды ғылыми кітаптардың жоқтығы, тағы сол сияқты. Жоғарғы кемшіліктердің бәрін бір күнде, бір жылда оңай жоғалтып жіберуге болмайды. Бұл үшін әліде болса, кемінде 10 не 20 жылдық уақыт мезгілі мен тынымсыз еңбек керек болмақшы»,-деп мектептегі білім беру жүйесінің ертеңіне алаңдайды. Шынында да, ғалымның осы пікірі қазіргі кезеңде де аса маңызды екендігін мойындауға тиістіміз.
Сонымен қатар, академик Қ.И.Сәтбаевтың педагогика саласына, мектеп өміріне арнап жазған заңды еңбектері, ғылыми мақалалары көптеп кездеседі. Олардың көбісі «Қазақстан мұғалімі» газетіне жарияланып отырған. Атап айтқанда, аталған газетте 1956 жылы орыс тілінде жарияланған «Желаю, чтобы во всех школах была на деле осуществлена подлинная политехнизация обучения» мақаласында бүгінгі таңда өзекті болып отырған білім беру саласындағы кәсіби бағдар жайлы мәселе көтерілген. Сол алыстағы 50-жылдар кезінде бұл проблеманы көрген ғалымның атап айтуы көп нәрсені аңғартатындай.
Қаныш Имантайұлы қазақ халқының тарихын, әдебиеті мен мәдениетін зеттеуде де айта қаларлықтай көп еңбек сіңірді. Ғылым мен білімнің дамуына игі ықпал етті. Қазақ КСР тарихының, қазақ әдебиетінің, көркемөнері тарихының жазылу ісіне белсене араласады. Жұртқа мәлім, Ұлы Отан соғысына дейін қазақ халқының, оның әдебиеті мен мәдениетінің тарихын жазу ісі бастауыш және орта мектептерге арналған оқу құралдарының көлемінде және жеке авторлардың ісі болып келді. Ал, Қаныш бұл іске ғылыми мән беріп, оны жазу ісіне ғалымдар ұжымын ұйымдастыруға басшылық етті. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Қазақ КСР Ғылым академиясынан Тарих, Тіл және әдебиет институттары құрылды. Сол кезде елімізде 500-ден астам ғылым қызметкері, оның ішінде 54 ғылым докторы, профессор, 140-тан астам ғылым кандидаты, доцент болатын [3, 15-б].
Қайраткерлік мұратымен шыңдала түскен Қ.И.Сәтбаев озық студент, білікті маман, ғибарты мол ғалым ғана емес, сонымен бірге кешегі Одақтың экономикасы мен мәдениетіне, оның ішінде ғылымның көптеген салаларында өзінің қомақты үлесін қосқан және беделді пікірі мен батыл ықпалын шет елдерде де таныта білген ұлы тұлға. Қаныш Имантайұлының әріптесі, белгілі академик Д.В.Наливкиннің «Ол ұлан-ғайыр ой-білімнің, ауқымы зор талаптардың адамы болатын. Оны шексіз, шетсіз құпия сырлары бар барша табиғат қызықтыратын. Сондықтан, оған бір ғана қызмет – ғылымға басшылық ету ғана лайық еді»,-деп жоғары баға беруі, академиктің қандай жұмысты болса да табанды, табысты атқаратындығының кепілі және оның шығармашылық дарыны мен ақыл-парасатына берілген шынайы баға.
Ғылымның биік шыңына шыққан ғұлама ғалымның тағы бір қыры – өз Отанын, халқын жан-тәнімен сүйіп, бойындағы қажырлы қайрат-жігерін, білімін ел игілігі, ұлт болашағы үшін сарп еткен абзал азаматтығы. Жан-жақты білімдар Қ.Сәтбаев қазақ тарихын, әдебиеті мен өнерін зерттеуге де айтарлықтай көп еңбек сіңірді. «Қазақтың халық театры хақында», «Ән туралы толғаулар», «Қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті» және тағы басқа мақалаларында Қаныш Имантайұлы ұлттық өнер мен қазақ фольклорының тамаша табиғатын, өзіндік ерекшеліктерін терең зерттеп, қазақ мәдениетінің сарқылмас мол қазына екендігін біліп және оны игеру жөнінде ауыр да абыройлы талап қойды. Ұлы ғалым 1962-жылы Одақтық үйлестіру Кеңесінде сөйлеген сөзінде: «Шет елдегі реакционерлер «қазақ халқының тарихи мұралары мен ескіден келе жатқан мәдениеті жоқ, сондықтан өте баяу дамуда»,-деген көңілге қонымсыз жалған да, жаулық пікір таратуда. Бірақ, оған есі бар адам сенбек емес. Тарихи факітлер ондай дүмбілез тұжырымды жоққа шығарады»-дей отырып, нақты ғылыми деректер арқылы қазақ мәдениетінің архетиктері көне дәуірден келе жатқанын дәлелдеп, оның материалдық және рухани байлықтарының терең арнасын ашады [4, 27-б].
Академик Қ.Сәтбаев геолог-ғалым, Ғылым академиясының тұңғыш президенті ғана емес, сондай-ақ өз халқының өткені, бүгінгі мен болашағын танытуда, дамытуда да тыным таппай тер төккен тарихшы, мәдениет зерттеушісі, өнер қамқоршысы.
«Асыл ақыл-ой – асқақ адамға ғана тән»,-деп көрнекті жазушы, Лев Толстой айтқандай, Қаныш Имантайұлының келісті келбеті, заңғар биік, ер тұлғасы, оның асқақ азаматтығын, ғибратты ғалымдығын, асыл адамгершілігін айшықтай түседі. Осы турасында, көрнекті кеңес ғалымы, мемлекет қайраткері В.А.Амбарцумян: «Қаныш Имантайұлы өз өмірін тұстастай ғылымға арнап тұрса да, ол қарапайым адамдармен, өзінің ақыл-кеңесі мен жәрдемін алғысы келгендермен қарым-қатынас жасап тұру үшін әрқашан уақыт таба білетін. Ол өте қарапайым, ақ жүрек жан еді. Оның зор табиғи дарыны ғылым саласында ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі тәрбиелеуіне, жетілдіруіне де көмектесті. Сондықтан, мен үшін және көптеген басқалар үшін академик Сәтбаев әрқашан үлгі алар тұлға болып қалады»,-деп ағынан жарылған болатын.
Қазақтың дауылпаз, абыз ақыны Хамит Ерғалиев қайраткер, ғалым Қаныш ағасы хақында:
«Құдайлығын тіріде құндайды алып,
Бұл дүниеде қалыпты кім байланып.
Данышпанның талайы тасқа айналса,-
Біздің ағай ұшып жүр Күнді айналып»-деп жырлаған болатын. Шынында да, Қаныш Имантайұлының жұлдызы қашанда жоғары!
КСРО-ның еңбек сіңірген астроном ғалымы Николай Черных қазақтың атақты геологы Қаныш Сәтбаевтың құрметіне 1979-жылдың 31-шілде күні ашқан ғаламшарына (астероид, кіші планета) оның есімін берді.
Кеңдігі мен кемеңгерлігі, білімі мен ілімі тең келген, барлық адам баласын ұлтына, ұлысына, лауазымына қарай бөлмей – тең көрген, адамгершілігі асқақ академик Қаныш Сәтбаевтың ұлылығы өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге болмақ!
Айдар Рамазанұлы Сабиров
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
психология және педагогика кафедрасының доценті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Үлкен Жезқазған және академик Қ.И.Сәтбаев. Большой Жазқазған и академик К.И.Сатпаев. Алматы, «Ғылым», 2004.
2.Әбжанов Х., Кенжебаев Ғ. Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат. Алматы, «Баспалар үйі», 2009.
3.Қаратаев М. Шығармалары (Сын зерттеулер). Алматы, «Ана тілі», 2010.
4.Өнегелі өмір (Қ.И.Сәтбаев-115 жыл). Атырау, 2014.