Жерлесіміз Р.Отарбаевтың «Айсырға» әңгімесінің желісінде Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Құсалық» драмасын өз сахнасында көрерменге ұсынып, жоғары бағасын алды.
«Айсырға» жайлы аз түсінік.
Қазақтың әлемге танымал классик жазушысы жерлесіміз Рахымжан Отарбаев сонау сексенінші жылдардың аяқ тұсында от қуған көбелектей аласұрып, алыс Алматыға арманымен арпалыса – гүрлеп тұрған әдеби ортаға асықты.
Абыз Әбу көкесінің батасын алып, Фариза тәтесінің мейірімін оятып, Жұмекен – жұмбақ ағасының аузынан «қырық жылда бір артымнан іздеп келген жалғыз қарам» (өз сөзі Р.О.) сөзін шығарып, сусап келген даланың ай мүйіз киігіндей әдебиеттің тұнығынан сіміре шөлін басты. Аз күнде рахаттана екпінін тежеп, екінің біріне бұйыра қоймайтын сол әдеби тұныққа енді өзінің бура бұлттардай түнеріп, жаңбыр болып сіркіреуін ойлады.
Өлеңдері сыршыл, ойлы, тың теңеулермен тіні иірілген екпінді де еді. Көр – жер шаруамен ауылға асығыс келген бір сапарында: «Өлеңді әзірге қоя тұрам, мен бірінші ақын болуға барғам Алматыға, мұнда нөмір бірінші ақындар менсіз де баршылық екен, алдымды кес –кестеп жол берер емес. «Қазақтың бас әдеби газеті – Қазақ әдебиетіне» жұмысқа орналастым, енді прозаға бет бұрдым, мынау алғашқы әңгімемнің бірі – «Айсырға», осы туған топыраққа қатысты оқиға, газеттеріңе бөліп – бөліп беріп, көпшіліктің көңіл ауанына құлағыңды тоса жүр, досым, әдеби орта мақтай береді, мұнда орға жығар бақталастық үстем, ауылдастарым не дер екен?!»
Осы «Айсырға» Рахаңның Алматының «Жалын» баспасынан 1987 жылы 9 мың данамен шыққан «Құпия түн» тұңғыш әңгімелер жинағында жарық көріп, әдебиет сүйер қалың жұрттың айырықша ықыласына бөленгені күні кешегідей есте. Айтқанымыздай оқиға Құрманғазы ауданында өмір сүрген, кең қолтық қазақ еліне сіңісіп «Дяда Гриша» атанған, аудан орталығындағы жалғыз кірпіш цехында еңбек етіп, жыртығын жамасқан, өзін осы елге жаны жүдеп иіні түсіп жүргенінде қолынан жетектеп әкелген Бақтияр қарияның інісіндей болып кеткен кірме, грузин Коко Гагиашвилидің өмірінен алынған шынайы оқиға. Өзі соғыста жүргенінде сатқын ауылдасы Цхидзеден озбырлық көріп, аяғы өліммен тынған жалғыз қарындасы Суликоның кегін қайтармаққа сатқынның жанын қылпыған қанжар жүзіне байлайды. Адам өлтірген, өз жүрегімен сондай шешімге барғаны үшін қаншалықты соғыс қаһарманы болса да оны елінен қуады. Әлгі иттің (үш әйелі бар) ағайындары: «Атадан жалғызсың, біз саған қатаң үкім шығармай тұрғанда елден кетіп тын. Кегіміз тараған күні артыңнан хабар барар, соған дейін елге оралушы болма!» — деп оған қатаң шарт қояды. Коко – жалғыз досы Мыңжылқы балаға ғана мұңын шағып, артымнан бір хабар келіп қалар деген үмітпен күнде Ганюшкиннің поштасына барып, айраны қара су болып кері қайтады. Бұл Коко – Мыңжылқының көкесі, оның құсалығын шашы жалбыраған осы бала ғана түсініп, көке, көке, — деп жанынан қыл елі қалмайды. Өз жүрегім оны қазақтың зерделі ұлы, ауылдың ерке де ойлы баласы, бір кездегі Рахымжанға молынан ұқсатып, сахнадағы бейнесін, қимыл әрекетін көріп, көңіл көлдеуіне ықтиярсыз ерік бердім.
Коко Гагиашвили ақыры елінен күткен кешірімді ала алмай өмірден өткен. Одан әрі поштаға барып, оның елінен келер ақжолтай хабармен қауышуды ұлындай болып кеткен Мыңжылқыға аманаттап кетулі. Коко рұқсатсыз еліне бармай үздіккен сағыныш пен үзілмеген мұң кешіп, жалғандағы аз жарығын тауысады. Сағыныштың нағыз азабына шырмалғанда Астраханнан әрі шығып Солтүстік Кавказ жақтан мұнартқан көгілдір тауларға қарап құсалық шерін төгіп – төгіп қайтады. Бірақ, ол антына адал, қаншалықты шерменделік тақсіретін тартса да рұқсатсыз туған еліне адымы ашылмайды. Мыңжылқы да антына адал бала, Коко – көкесі өлгеннен кейін күнде поштаға бара жүріп, ақыры «кешірім хатқа» қолы жетеді. Драманың осы тұстарын көре отырып, егілмеу мөмкін емес! Оқырманға ұғынықты болуы үшін газет ауқымы көтеріп жатса «Айсырғадан» мына жолдарды әдейі қиып алдық.
«Қара сәтенмен тысталған табытты жігіттер үйден көтеріп шығара бергенде, жалғыз басты қамкөңіл Бұрышханым шешесі: — Үйден өлік шыққанда дауыс салмау әдетімізде жоқ. Жарықтықтың сауабы тиер, деп сыңси түсіп, жоқтауды бастап жіберсін.
-Арыстай болған есіл ер, сағыныштан болды – ау ажалың. Ух… мынау пәни жалғанда…
-Жә қой енді жеңеше. Ағам қайтыс болғанда тап осындай жоқтау айттың ба өзі?– деп қалжыңбас қайнысы араға килікті.
-Осыным шынымен, әбестеу болды ма? – деп Бұрышханым жан – жағына жаутаңдады. (Автор ретінде: — Айналайын, қазағым ай, мейіріміңе көл де теңіз де жетпейді ғой, тек аңғалдығың болмаса дегенді қосамыз.) Ары қарай: «-Әй балақай, — деп тоқтатты пошташы шал бұл есікке беттегенде, — сіздермен көрші тұрған грузин шалға телеграмма бар. Соны қайтыс болды деп пе еді? Мә, бірақ сен ала сал, — деп қолына төрт бүктелген кішкене қағазды ұстатты.
Телеграмманы сол күйі қолына қысты да, мең – зең болып үйіне беттеді. Ашып оқуға дәті жетер емес. Төрт бүктеулі қағаздың ішіне кіріп, бүк түсіп жатып алған қандай сөздер? Коконың талай жыл зарыға күткен арманы өзінің шөкімдей алақанына сыйып кеткеніне таңданды. Адамды қуанту үшін де, қайғырту үшін де бар болғаны шымшықтың қауырсынындай заттың жетіп жатқанын енді сезгендей балауса жүрек алқына соқты.
… алақанын жазып ашып жібергенде: «Коко Гагиашвилиге. Біз сені әлдеқашан кешіргенбіз. Тіпті сол ісіңе разымыз. Бірақ қазіргі тұрақ – мекеніңнен хабарсыз қалдық. Тез жет. Асыға күтеміз. Жерлестерің» деген сөз көзіне оттай басылды – Телеграмма осыдан тура бір ай бұрын келгенде өлмей тірі қалар ма еді?
Соны ойлағанда көкейіне өксік кептелді. Қалт тұра қалып, ақтарылып көгілдір аспанға қараған. Назарына қалқи жүзген бір шоқ бұлттар шалынды. Сол сәт: Атқан таңға қарап қуанып, батқан күнді көріп мұңаюшы ең, Көке – деді көз алды тұманданып. Адам жаны өлген соң ақша бұлтқа айналып, туған жерін кезіп жүреді дейтінсің. Әне, әне, көрдің бе, құбылаға қарай бет түзгенін. Кіндік жұртыңа тез жет, — деді ол өз қиялына өзі елітіп. – Мүмкін аяулы Суромен де (пьеса да Сулико) кезігерсің. Ақтарыл ағыңнан. Сен өзгелердей сыр бүгуді білмейсің ғой, ақша бұлт»
Неге «Айсырға» («Құсалық») таңдалды?
Оны А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бүгінгі директоры, ел деп елпілдеп тұрған, болмысы кісілік пен кішіліктен құйылған Мәлік Ақүрпеков ініміз айтты: — Маған Махамбет атындағы Атырау драма театрының көш тізгінін ұстап келген Мұқанғали Томановтың шығарма таңдауы мен режиссерлік дара болмысы соншалықты әсер етті. Республика бойынша әріптестерінің алдынан көремін ылғи. Бұрын таныс – білістігім болмаса да меселімді қайтармас деген оймен байланысқа шықтым. Ойымды ұғып адамзаттық құндылықтың ең биігі адамды – адам алаламау, жат деп жатырқамау, қайта бауырға тарту, антқа адалдық. қаһындағы жүрегінде көптен пісіріп жүрген осы «Айсырғаны» қиып беруге келісті. Рахымжан ағамыздан осал дүние туатын бе еді, оқып танысып едік, мұң көліне жүзіп жүре бердік, мұңсыз өмірде не мағына бар, грузин Кокомен бірге жанымызға сағыныштың сары уайымын құйдық. Кейіпкерлер жүгін арқалаған әртістер де өз рөльдеріне құлшына кірісті. Дарынды Мұқанғалидың тәжірибесі жетпесін бе, әңгіменің негізгі желісін сақтай отырып драмалық қасиетке сай өзгерістер, шешімдер шығарған. Бізде де талай сыннан өткен үлкенді – кішілі танымалдар драмадағы кейіпкерлерге айналып, өздерін ұмыта өзгерді. Дайындықты өзі келіп көзімен көріп, табан астында өлшеп, пішті, түзеді, түгелдеді, тұтас формасын келтірді. Алдымен қоюшы – режиссер Мұқанғали ағамызға рахмет! Сіздерге ұнар ма екен деп толқуда болғанымыз рас еді, ел арасы алыс демей, уақыттарыңызды бөліп Сәуле жеңгей, Ермерей інімізбен бірге келіп, көңілімізден шықты деп жатырсыздар, бұл бізге берілген айырықша қуаныш, үлкен баға, — деді ол.
Сөз орайында айта кетсек, Рахаңа арналған руханият қоры арқылы шығармашылығын насихаттауда жансебіл тірлік кешіп жүрген, аяулы жары Сәуле Отарбаевамен және әке үмітін үкілеуші Ермерей ұлымен олардың ұйғарымдарына сай бірге болып, жаңа драманың тұсауын кесуде өз пікірлерімен бөлісіп, жамбылдық өнерпаздармен емен – жарқын сыйластықта аз уақыттың ұзаққа кетер естелігін қаласқан ақын филология ғылымдарының кандидаты, республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы Гүлзада Ниетқалиева, белгілі ақын, ұлт жанашыры жылойлық Бүркіт Базарбаев және осы жолдардың авторы.
«Құсалық»
Жамбылдық театр өрендері «Айсырғаны» драмалық негізде осылай атапты. Шынымен де Коко Гагиашвили туған елінің жұпарын иіскеп, топырағын бір басуға зар болып өткен ішқұса жан ғой, демек, біз бетіне шырт – шырт түкіріп жүрген туған жердің қадірі мен қасиеті жайлы ойланып жүрміз бе, осы, деген сұрақ көңілде көлденең дейді.
Ақүрпеков деген есім елімізге кеңінен танымал, бәйтеректің бұтақтары: театр директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков, ал Коко Гагиашвили – бас кейіпкерді оның бауыры, ҚР мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдады. Жерлестері Бауыржан Момышұлы сияқты ұлы тұлғаны сахнада бейнелей алған театр тарланы өз рольі – Коконы көрсетуде көп ізденген, грузин халқының тіліне, діліне қатысты кітаптарға шұқшиған, мұңды әндерін тыңдап мұңайған, өткір қанжарының жүзін жалап ант суын ішкен, қорытып айтқанда сол еңбегі қайтты да.
Драманың көп көрерменінің бірі ретінде мені қатты толқытқаны өзі де жас өрен, театр босағасынан енді – енді аттауына қарамастан Республикалық театрлар сынында Гран – При олжалап үлгерген Азамат Тұраров. Ол Мыңжылқы бала болып ойнады. Мөмкін ойнамады, ойлады. Оның әрбір қимылынан, сөйлеген сөзінен, тосын әрекет – мінезінен, антқа адалдығынан, көп сауалдарға жауап іздеген отты, ойлы жанарынан, тіпті Рахымжанның өзі айтқанындай «жалбыраған шашынан, жарқыраған маңдайынан» бала күнгі өмірге іңкәр досымды көріп, бордай үгілдім, драма біткен бойда, оны бауырыма басып, ұзақ тұрып қалыппын, аман жүргей, басынан бақыты, бойынан өнері қашпағай!
Сұңғақ бойлы, қалың қас, жанары тұнжыр, элегиялық бейне Сулико – Зарина Асан, Аяна Өмірбектің ойнауында сол бағы жанбаған арудың өзекті өртер өкініші десе болар. ҚР мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожагелдиевке Кета грузин шалды бейнелеу анау айтқан қиынға соқпағандай, қатып ақ тұр. Сатқын грузин Цхидзе – Төремұрат Сувалиевтың шеберлігі шығар, оны Кокомен бірге қосылып ит тепкісін шығарғың келгені. Цхидзенің әйелі – Индира Мұстафаева Суликоның айсырғасын ағасы Коконың алақанына әкеліп салғанда «байғұс әйелде не билік, не кінә бар» деп кешіріммен қарайсың. Бала рөліндегі Ерасыл Аманбек те өз жүгін жақсы көтерді. Сахнада сол заманның тарих адамдары – ҚР – ның Еңбек сіңірген қайраткерлері әйгілі Әбиірбек Тінәлі, Жүніс Әлімбеков, ҚР – ның Еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілханның сомдауымен көне күннің күмбірін қақтырды, көз алдыңа елесін тартты. Онсызда санаңды мұңымен езген драмада белгілі сазгер Әбиірбек Тінәлінің жүрегінен сорғалаған шерлі ән қиялыңды қай – қайда бастап, заманаңды қайым еткендей. ҚР мәдениет саласының үздігі Жадыра Құлтаева бастаған грузин қыздарының қимыл қозғалысы, сол ұлттың төл киімінде бейнеленуі Ризат Қылышбаева, Аяна Өмірбек, Жазира Олжабаева, Аружан Райымбек, Қымбат Жамаштың әртістік шеберліктеріне дәлел болғандай. Грузин жігіттері: Жорабек Төлеген, Нұрсұлтан Маханов, Ғани Біржан, Бауыржан Құлмамыр, жалпы театр артистеріне өз түсінігіміз ауқымында жоғары баға берілді.
Театрдың көркемдік жетекшісі ҚР мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбековаға, режиссердің ассисенті Индира Мұстафаеваға, қоюшы суретші Айгерім Амангелдіге, музыкамен көркемдеуші Алишер Оралбаевқа, хормейстер Дидар Игіліковке, жерлесіміз Рахымжан Отарбаевтың «Айсырға» әңгімесін «Құсалық» атауында сәтті сахналауға жете жұмыстана білген сахна сыртындағы басқа да маман – қызметкерлерге Алла разы болсын, Рахаңның рух – мейіріміне бөлене түсіңіздерді сан қайталап айтсақ, артықшылығы жоқ.
Әрине біз театр сыншысы не оның жай – жапсарына жетік маманы емеспіз, қаламгерлік түйсік аясында ғана сөйлейміз. «Құсалық» (Р.Отарбаев) жайында фиолог – ғалым қарындасым Гүлзада Рахметқызының бір ысып, бір суынып алай – дүлей әсерге бөленіп келе жатқанын байқағанмын, демек оның шолуында жеріне жете шыны мен сыны анық көрініс табарына шанымдымын.
Қысқаша айтарым: «Құсалық» жаңалығы мол қойылым. Бастысы аз сөзбен көп мағына беріледі. Жүрек көзі бар адамға қимыл – қозғалыстың, музыка тілінің, жарықтың өшіп – жануы, декорация, бәрін – бәрін аңғартып тұр, тек санаңыз селсоқ болмаса болғаны. Психологиялық параллелизм дегенді де осыннан табасың. Қойылымды көріп отыра Құрманғазы ауылының кімді де жатырқамас қойнында сол бір грузин кірменің басынан өткен оқиғаға өзіңнің де араласып кете барғаныңды бір ақ білесің. Бұл жерлесіміз дарынды түлек, хас талант Рахымжанның сұңғыла байқампаздығы, әйтпесе әрбір үйдің пешін салып, түтінін будақтатып, жылы – жұмсағына ортақтасып жүрген Гагиашвили баласы Коконы кім елеп жатыр? Рахымжанның түйсігінде ол бүтіндей бір тағдыр, өкініш, мұң, антқа адалдық, айықпай кеткен сағыныш, қанаты қиылған арман. Біз түсінбегенді бала кезінде жүрегіне сіңірген Рахымжанды мықты емес, әлемдік деңгейдегі классик емес деп көрші қане?!
Рахаңның соны кітаптарынан тыс қалып, елеусіздеу жүрген «Айсырғаны» санасына іліп, жүрегінде сахналық бабына келтіріп жүрген Атырау топырағының төл перзенті белгілі режиссер Мұқанғали Томановты әлсіз деп қалай айтар едің?!
Дүниені ойсыздық билеп бара жатқан заманда жұртшылықтың сырқат жүрегін мұңмен емдегісі келген жамбылдық драма театрдың талантты басшысы, ақжүрек азамат Мәлік Ақүрпековке қалай тәнті болмас едің?! Бірлігінен баз кешіп, талай бағытынан да, асылдарынан да көз жазып қалып, бармағын шайнаған халқыңа Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл қазақ драма театрындағы ауызбіршілікті, қабырғасы сөгілмес қамалдай беріктікті, өнерге деген адалдықты тілеген болар едің. Жауға да дауға да бермей мен үшін талай табан тірескен досымның рухын шат қылғандырыңыз үшін бас иер тағзым, сіздерге!
Тараздағы таңғажайыптар
Әулиеата топырағына әуелей ұшып жетіп киелі жерге иіле тағзым етісіп тұрғанда бірден ақ құнарлы даланың саумал ауасы «мені сіміре жұт» дегендей көкірек сарайымызға аңқылдай енді. Екі мың жылдық тарихын қойнына бүккен көненің көзіндей, жаңаның өзіндей шаһар баяу тыныстап, басындағы бағын бағамдай байсалды қалыпта мүлгиді. Біз атыраулық азғана топ саф ауаның мырзалығына кете кеткенімізше разылық көңілден жазбадық. Күні де жадырап, біз жүздескен адамдарының да күлімдей қонақжайлық танытқаны бір дүния дерсің, сол көл – көсір пейілге ішпей – жемей көңілің тояды. Сол көңілдеріндей көшелерінің ұзына бойы шалқар, ені де айдындана қалған, жүріп – тұруға өте қолайлы. Бұл өзгенікін көріп, өзіңнен жеріну емес, шындықты айту парызымыз болған соң сөйтеміз де. Театр директоры Мәлік Ақүрпеков бауырымыз елдік мұратты жүрегіне берік қалаған азамат, театрдағы труппа жетекшісі оң қолындай, сында сыр бермес Бақтияр Көпжасаровты жолбасшылыққа бөліп, микроавтобусты көлденең тартты. Етек – жеңі кең көне қаланың қай жеріне барма,целофан қағаз, баклажкаң не, бір тал сіріңке көзге шалынбайды. Тараз жасыл қала деп мақтанышпен айтса оны теріске шығаруға күнгей беттегі қазірден көк бояуын бойына жиып жатқан алаңқайдағы көкорайлар мөмкіндік бермейді.
Облыста білгеніміздей 10 аудан: Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандары бар. Біз де өз әлімізше өлкетанушымыз, Қазақстанның киелі жерлер картасына Меркі – жайсан түркі ғұрыптық кешені, Ақыртас бекінісі, «Ежелгі Тараз қалашығы», «Тектұрмас» кешені, «Қарахан» кесенесі, «Айша бибі» кесенесі, «Бабажы хатун» кесенесі, «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенесі сынды тарихи – мәдени ескерткіштер енгізілген.
Тараздықтар Асқар Мырзахаметов есімді азамат облысты басқарғанында қала мен ауылдарда көп жаңарулар болғанын жарыса жеткізеді. Солай десе, олар, шындық екеніне көзіміз анық жетті. Біз тәуелсіздіктің отыз жылында ешнәрсе істей алмадық деп жатамыз, бірақ өткенімен үндесе жаңарған Таразға бұлай деп айту күпірлік болар еді.
Мәселен алдымен болған «Тектұрмас» этно – тарихи кешенінің орналасуы мен ажарына, адамдар демалысына соншалықты қолайлылығына айтарға сөз таппайсың. Кешен қаланың батысындағы ең биікке орналасқандықтан шаһар қай жағынан да алақанға қондырғандай ап айқын көрінеді.Онсызда тау басына ескерткіш боп орныққан әулие баба мүсіні 32 метр биіктікке бой созып, аппақ күйінде қос қолын жайып, ұлты мен ұлысына ақ батасын беріп тұр. Баба басына баспалдақтармен өрмелей көтеріліп, төменге түссең тарихи тұлғаларға арналып қойылған айбарлы гранит тұғырлар, «мені ерінбей оқы» деп тұрғандай. Алаң өте кең, аяқ астына плиталар шеберлікпен өрілген. Етекте жақпар – жақпар тау тастары қиюластыра салынған. Тастан соғылған түрлі аңдардың бейнесі кәдімгідей жаны бардай көз тартады. Алыстан көгілдір таулар көгілжім мұнардың арасынан сұлбаланады. Неткен әдемілік, міне Тәуелсіздік сомдаған ұлы ерскерткіш.
«Шахристан» тарихи – мәдени кешенінің аумағы ат шаптырым жерді алып жатыр. Мұндағы ғимараттар, әшекейлер бәрі баршасы көне шығыстық үлгіде салынған. Ана бір XV – XVI ғасырларда жүргендейсің. Жанындағы аспан асты мұражайында көне Тараздың қазба жұмысы арқылы табылған орны көңіліңді өткен дәуренге еріксіз бұрады. Ұлы жібек жолында орналасқан шаһарға көшкен керуен жүгін түсіріп, сауда – саттық жасап, дамылдап, моншасынан еттерінің кірін алып, жан бағып, сапарларына тыңайып аттанған. «Шіркін біз де Сарайшықты осылай көрсек ғой», дейді қиялшыл ақын Гүлзада Ниетқалиева.
Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябаққа да қатысты айтар әңгіме жетерлік. Аяқ асты тас қабат теп – тегіс, тап – таза. Жас өрендер бір шетте әуелетіп доп соғып, волейбол ойнауда. Оған тарылатын алаң көрінбейді. Сан жүздеген жастар сыйып кететіндей кең әрі көрінісі көз тартады. Бір шетінде ардагерлердің шахмат ойнайтын, демалатын орны да соншалықты жайлы екені байқалады, күн түспейтіндей жабық. Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші көңілге өте қонымды. Өршелене алға ұмтылып «соңымдағы жастар, маған ілес» деп тұрғандай қолымен көрсетіп. Тараз жасыл қала дедік, дегендей қайда барма, айнала маңның бәрі бұтақтарымен аспанға құлаш ұрған үлкенді – кішілі бәйтеректер.
Көше мен ғимараттарының ішкі – сыртқы безендірулерінде бір – бірін толықтырып тұрған жүйелілік бар. Біз аз күн тұрақ еткен «Жамбыл» қонақ үйіндегі шаңырақ, киіз үй әбзелдерімен, қазақтың өмір – тұрмысын бейнелейтін ою – өрнек, т.б. көріністері соншалықты ұнамды әсер етті. Жамбыл, Атырау әуежайлары бір жобадағы ғимараттар екеніне салыстыра көз жеткіздік, бізде қабырғадағы суреттер Атырау тарихына мүлде қатыссыз, әйтеуір іліне салған. Ал, жамбылдықтар көне де жаңа тарихтарынан сыр шертерлік көрнекіліктермен безендірген. Қазақтың қошқар мүйіз, т.б. ою – өрнектері қандай ғимараттан да, көшедегі жарнамалық ілмелерден де көзіңе бірден шалынады.
Бұл мәселелер Рахымжан Қасымғалиұлының шығармашылығына қатыссыз болса да, өткен тарихын ұлықтап, әулие – әнбиелерін пір тұтып, батыр – бағыландарының бейнесін көз алдарына ұстап, осы арқылы өскелең ұрпақтарының бойына қуат, жүздеріне шуақ дарытып отырған елдің — елдігін айтуды қажет деп ұйғардық. Таразда Тәуелсіздік нышанаттары алдымен көзге шалынып, көңіліңді жайландырады. Хош, аман бол, Кенен Әзірбаевты, Жамбыл Жабаевты, Бауыржан Момышұлын, Шерхан Мұртазаны, Қайрат Рысқұлбековты, Асқар Тоқпановты, Асанәлі Әшімовты, Тұңғышбаев Жаманқұловты, Талғат Мұсабаевты, Жақсылық Үшкемпіровты, Мырзатай Жолдасбековты, т.б. бірегейлер мен қазақтың ұлыларын топырағынан жаратқан асыл мекен!
Таңатар Дәрелұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі