Камила Жапалова – қазақстандық суретшілер арасында батик өнерін дәріптеп, оны қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне бейімдеп, оған ұлттық бояу һәм реңк беріп жүрген бірден-бір суретші. Бүгінде оның батик техникасымен салынған суреттері тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелге де танылып үлгерді.
Осыған орай белгілі қылқалам шебері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан мен Ресейдегі Суретшілер Одағының мүшесі Камила Әбенқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол әңгіме барысында батик әдісі мен оның ерекшеліктері, өзінің тәжірибесі, Суретшілер Одағы, жас суретшілерге бағыт-бағдар беретін авторлық жобасы, сонымен бірге әрдайым сурет салу үшін шабытты қайдан алатыны жөнінде айтып берген еді…
— Жалпы бейнелеу өнерінде өзіңіз жиі қолданатын батик әдісінің қыр-сырын айтып, оның тарихынан оқырман қауымды аз-кем хабардар ете аласыз ба?
— Батик әдісі өте ертеде қалыптасқан, бейнелеу өнерінің тұңғыш дамыған сатысы деп айтуға болады. Кезінде бұл әдісті қолданушылар ақ матаға, соның ішінде жібек матаға табиғи бояулармен сурет салған. IV-V ғасырларда Қытай, Жапония секілді елдерде жақсы дамыған. Тарихи фактілерге сүйенсек, батик өнерін үйрену үшін XVII-XVIII ғасырларда Еуропадан Азияға арнаулы мамандар жіберілген. Кейін кеңес үкіметі тұсында осы өнерге икемі бар адамдарды оқуға Еуропаға аттандырып, солар арқылы бізге жетті деуге болады. Бірақ мен батик жанрын жай ғана үйреніп қана қоймай, оған ұлттық бояу һәм реңк бердім деп айта аламын. Өзіміздің мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге сай бейімдедім.
Негізі бұл өте бағалы қолөнер туындысы қатарына жатады. Бұрынғы кезде батиктағы техниканы көбіне кіимге, атап айтсақ, халат, кимоноларға сурет салуға қолданған. Көбіне ауқатты адамдардың киімдері осылайша өрнектелген. Мәселен, бұған мысал ретінде императорлардың киімдерін алтынмен өрнектегенін айта аламыз.
— Аты әлемге әйгілі болған суретшілердің көбі өзін «біртүрлі» ұстаған. Мәселен, Ван Гогтың өміріндегі түрлі ситуациялар, бір құлағын кесіп тастауы, психиатриялық емханада ем алуы, тағы да басқа жайттар – осы сөзіме айқын дәлел. Сонда суретшілердің көру нүктесі қарпайым адамдармен салыстырғанда несімен ерекшеленеді?
— Жалпы кескіндеме, сурет өнері Еуропада өте жақсы дамығанын жоғарыда айтып өттім ғой. Қазір біз тек бізге дейін қалыптасқан өнерді әрі қарай жетілдіріп, жалғастырып жүрміз. Сондықтан да «велосипед ойлап табудың» қажеті жоқ. Ешкімді ештеңемен таңғалдыра алмауымыз мүмкін. Бірақ өзіңіз білетіндей, біздің тарихымыз, салт-дәртүріміз өте бай. Міне, осы дүниелерді жаңа заманға бейімдеп, ұсынсақ, жаңа бір дүние жасауға болады.
Негізі суретшілер өз заманына, өскен ортасына, талғамына, тағдырына, өмір сүрген кезеңіндегі стилге байланысты әртүрлі болады. Суретшілердің өмір жолында да басқа өнер адамдарына тән қызықты, шытырман оқиғалар аз емес. Өзіңіз айтып отырған Ван Гогтың өмірі де — сол бір «қызық» оқиғалардың бірі. Менің ойымша, өнер адамдары, әсіресе суретшілер бала сияқты. Қандай қиындықтар кездессе де, оны позитивке айналдырып, одан жақсы дүние көруге тырысатын сияқты. Менің картиналарымды сатып алғандардың барлығы дерлік «бір күннің шуағы шашылып тұрғандай әсер қалдырады» деген пікірді жиі айтады. Осындай жақсы сөздерді естіген сайын да, менің қолымнан позитивке толы тамаша туындылар жарық көріп жатыр. Сондай-ақ суретшілер басқаларға қарағанда сұлулықты, әдемілікті көре біледі. Қандай дүниеден болса да, көзіміз әдемілікті іздеп тұрады. Өз басым тіпті келеңсіз жағдайлар орын алса да, сол нәрсенің тек жақсысын көруге тырысамын. Міне, осындай дүниелер маған шабыт береді.
— Біраз жылдан бері Атырауда тұрып жатқаныңызбен, шығармашылық жолыңыз Оңтүстік өңірден басталса керек. Еліміздің батысында да, оңтүстігінде де өмір сүріп көрдіңіз. Айтыңызшы, сіздің шығармашылығыңызға қос өңірдің табиғаты, бояуы қалай әсер етті?
— Иә, менің туған жерім — Түркістан өңірі. Егер қос өңірді салыстырып қарасақ, оның әдет-ғұрпы, менталитеті өзгеше. Менің өнерге, әсіресе бейнелеу өнеріне бет бұруыма сол топырақтың әсерін жоққа шығара алмаймын.
Негізі Ресейдің Санкт-Петербург қаласында алты жыл білім алдым. Кейін сол кезде Атырауда әкім болып тұрған Иманғали Тасмағамбетов ағамыз жас маман деп мені Атырауға шақырды. Сол барғаннан, Атырауда тұрақтап қалып қойдым. Киелі Түркістаннан Атыраудай топырағына күйдің күмбірі сіңген жерге баруым өнеріме жол ашты. Шымкент қаласындағы Қастеев училищесінде оқып жүргенде де озат студент атанып, сабағымды жақсы оқыдым. Кейін сол оқуда жүріп, жолдама алып, жоғарыда атап өткенімдей, білімімді жетілдіріп, шабытымды шыңдау үшін Ресейге аттандым.
Оңтүстіктен батыс өңіріне ауысқанда бөтенсіп, жатырқап жүрген кездерім де аз болған жоқ. Атам қазақ «қыздың жүрмейтін жері жоқ» деп бекер айтпаған. Адам барлық нәрсеге бейімделіп, үйреніп кетеді ғой. Мен де сөйттім. Атырауда жүріп, халыққа танылып, өнеріме жол ашыла түсті. Қазір шүкір, халықтың да құрметіне бөленіп жүрмін, өнерім еш елеусіз қалған жоқ.
Енді бір қызық айтайын… Астана, Алматы секілді өнер ордасына айналған қалаларда көрмемді жиі өткіземін. Сонда көрмеге келген жандардың басым көпшілігі менің туындыларыма таңғалып жатады. «Атырауда жарытып шөп те өспейді, жайқалып тұрған ағаштары да жоқ, сұр қала ғой. Ал сенің шығармаларың позитивке толы, жарқырап тұрған күн секілді. Осындай қалада жүріп, өмір сүріп, шабытты қайдан алып жүрсің?» деп жиі сұрайтын. Шыны керек, осы кезде шығармашылығыма Түркістан өңірінде дүниеге келгенімнің септігі тигенін айта кетуім керек деп ойлаймын. Қолтаңбамнан соны жиі байқаймын. Жалпы «дарын да, талант та адамға қаны тамған жерінен дариды» деген сөз бар ғой. Себебі дүниеге келгеннен-ақ біздің санамыз қабылдаған ақпарат, кескін, бояу, діріл, үн, иіс, табиғат — бәрі де адамның ішкі жанына әсер етіп, болмыс-бітімін әуелден қалыптастырыр қояды. Десе де Атыраудың мәдениетін, ерекшелелігін бейнелейтін суреттерім де аз емес. Және менің ел-жұртқа танылып, шығармашылықпен еркін айналысуым Атырау өңірімен байланысты екенін жоққа шығармаймын.
— Ендігі сұрағым Суретшілер Одағы жөнінде болғалы тұр. Елімізде түрлі Одақ, Үкіметті емес ұйымдар бар. Соның ішінде біздегі Суретшілер Одағының туралы қалың бұқара көп біле бермейді. Суретшілер Одағының жұмысына қандай баға бересіз? Жалпы суретшілерге мемлекет тарапынан бүгінгі таңда қандай қолдау көрсетіліп отыр?
— Біздегі Суретшілер Одағы шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Ол өзі бір жеке мемлекет сияқты, өзімен-өзі күн көріп, өзімен-өзі қызметін атқарып жүр. Одан бөлек түрлі ұйымдар, қорлар бар. Олардың көп болғаны жақсы, әрине. Өйткені көзқарасы, пікірі бір-бірімен сәйкес келетін адамдар сол топқа жиналады ғой. Міне, солар бірігіп, бір дүние жасауы мүмкін. Одан кейін бәсекелестік артады. Ал бәсеке бар жерде сапа барын жақсы білеміз. Қазір әркім әртүрлі пікір айтып, яғни олардың көптігінен не пайда дегенге меңзейді. Бірақ мен олардың (ұйымдар, қорлар, филиалдар) ашылып жатқанына, бірлесіп жұмыс істеп жатқанына қуанамын. Мәселен, бұрын мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Жалпы Суретшілер Одағының бар екенін көпшілік біле бермейді. Оның үстіне, одақтың барлық өңірде филиалы да жоқ, тек бес-алты облыста бар. Сондықтан да жер-жерде ұйым не қорлардың ашылуын дұрыс деп санаймын. Жақында Ақтауда филиалы ашылды деп қуандық. Қазіргі таңда жастар арасында өте дарынды, талантты жастар баршылық. Мен соларға жол көрсетіп, түйгенімді үйретіп жүрмін.
Жекелей жағдайларды емес, жалпы ахуалды ғана айтайын. Қолдау жөнінде айтар болсам, суретшілерге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр дей алмаймын. Бейнелеу өнері басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда кенжелеп қалған саланың бірі десек те болады. Дегенмен жолын тауып, бірлесіп жұмыс істесе, кез келген нәрсеге қол жеткізуге болады. Өзім де барынша тырысып, мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдармен бірге жұмыс істеймін. Бір жақсы мүмкіндік бола қалса, соны пайдаланып қалуға тырысамын. Иә, кейбір суретшілердің демеушілері бар немесе кейбіріне жарнама жасайтын орталықтар бар. Осылайша, ел алдына шығармашылығын танытып жүрген суертшілер де аз емес. Өзіме келсем, «әке, көке» дейтін ешкімім болған жоқ. Халықтың арқасында өнерім шыңдалып, өсіп келе жатыр. Өзімнің еңбекқорлығымның, тынбай еңбек еткенімнің арқасында бірқатар жетістікке жеттім.
— Әркез сурет салып, шығармашылықпен айналысуға энергияны қайдан аласыз? Сізге өмірдегі қандай құбылыстар шабыт сыйлайды?
— Жалпы әйел адам болғаннан кейін, шығармашылықпен айналысу оңай емес. Үй шаруасы, бала тәрбиесі бар, әйтеуір әйел адамның жұмысы бітпейді ғой. Шығармашылығың мен отбасын үйлестіріп, бір ғана сурет салумен күн көру де оңай шаруа емес негізі. Бірақ соның өзінен энергия алып, шабыт алып, сурет салуға тырысамын. Көбіне түні бойы, тіпті таңғы 4-5-ке дейін сурет салып отыратын кездерім көп.
Өзіме-өзім мотивация бергеннен энергия аламын. Еріншек, жалқау болсаң, ешқашан шығармашылығыңды шыңдай алмайсың. Оның үстіне өзіңнің, халықтың алдындағы жауапкершілікті білу, сезіну де шалқар шабыт пен энергия сыйлайды.
Одан кейін жоғарыда айтып өттім, суретшілер басқаларға қарағанда әдемілікті, әсемдікті бірінші көреді, сезеді. Маған сол айналамдағы жақсы дүниелер шабыт береді. Ән тыңдағаннан да шабыт аламын. Аспандағы күннің жарқырап тұрғанынан да энергия аламын. Өзім күз мезгілін қатты жақсы көремін. Бір пікірімде «күз — менің көктемім» деп айтып едім. Күз бен көктемнің алғашқы айлары жаныма жағымды әсер сыйлайды. Сонымен бірге мына нәрсеге ерекше мән беріп айтқым келеді. Жалпы өнермен айналысатын адамның жүрегі таза болуы керек. Өйткені жүрек таза, махаббатқа толы болса, ондай жаны сұлу адамнан ғажап туындылар шығады.
— Қылқаламға қызыққан, талапшыл жас өрендерге айтар тілегіңіз бар ма?
— Қазіргі жастар өте дарынды, өте талантты. Олардың өздерін дамытуға, шыңдауға барлық мүмкіндігі де бар. Өзім де жастарды тәрбиелеуге, оқуға түсуіне қатысты ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Түрлі мастер-класс, шеберлік сыныптарын өткіземін. Қазір жер-жердегі қазақ балаларына онлайн да сабақ жүргіземін. Қолымнан келгенше, жол сілтеуге, бағыт-бағдар беруге тырысып келемін. Біраз шәкіртім бар, оның ішінде шетелге оқуға түскендері де аз емес. Солардың барлығы өнерін шыңдап, осы салада мықты маман болып, туындыларымен халықтың ықыласына бөленіп жүрсе деген тілегім бар. Бейнелеу өнері шыдамдылықты, төзімділікті, қайтпас қайсарлықты қажет етеді ғой.
Осыдан он жыл бұрын Абу-Дабиге барғанда елшіліктің қызметкерлерімен кездескенбіз. Сонда танысқан бір кісі қазір Египетте елшілікте қызмет етеді екен. Жақында ол маған телефон соғып, қызының сурет салатынын, бейнелеу өнері саласына қызығушылығы бар екенін айтты. Енді баласына сурет салуға қатысты бағыт-бағдар беріп, білгенімді үйретуді өтініп отыр. Осы секілді, хабарласып, ұлына не қызына жол сілтеуге көмек сұрайтындар қатары аз емес. Жалпы бұған дейін көрген-білгеніммен, меңгерген біліміммен бөлісуге әрқашан дайынмын.
Айта кетейін, жастарға қолдау көрсету мақсатында «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген авторлық жобамды қолға алдым. Оның мақсаты – ауылдық жерлердегі талантты балаларға қолдау көрсету. Яғни жер-жердегі мектептерді аралап, мұғалімдерімен сөйлесіп, сурет салуға бейімі, қызығушылығы бар балаларға шеберлік сыныптарын өткіземін. Жақын жерде болса, жиірек, ал алыс жерде болса, бір не екі рет барып, шеберлік сыныптарын ұйымдастырып тұрамын. Жалпы басқа да жобаларым бар, бірақ осы жобаны алғашқы орынға қоямын. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Меніңше, өнерге жақын адам жамандықтан аулақ жүреді. Сондықтан да жастарды өнерге баулу үшін қолымнан келгенше әрекет етіп жүрмін деп ойлаймын.
— Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!
— Сізге де көп рақмет!
Назерке Мұратқызы