(Бекенұлы Әйіп қажының туғанына 185 жыл)
Дендер-Нарын өлкесінде Кеңес өкіметі орнаған кезге дейін ислам діні жүйесіндегі имандылық және білім беру ошақтары – мешіттер мен медреселер біршама болған. Өңірдің шежіре-қарттарының мәліметтері бойынша олардың саны алтауға жеткен. Сол алтаудың бірі және бірегейі Әйіп қажы салдырған атақты «Көкмешіт». Жалпы Индер ауданы аумағында Ислам дінінің туын биікке көтерген діндар- ғұламалар аз болмаған. Олардың қатарында осы Әйіп қажыны және Нарын құмының тумалары «Жеті қазірет» атауымен танылған Себек руынан шыққан бір топ діни қайраткерлерді атауға болады.
Біздің бүгінгі әңгімеміз қазақ елінің батыс аумағынан шыққан ХІХ-ХХ-шы ғасырлардағы аса көрнекті қайраткерлердің бірі Әйіп Бекенұлы туралы болмақ. Осы кезге дейін бұл дана адамға негізінен «Ғұлама діни қайраткер» деген баға беріліп, біржақтылау қаралып келеді. Әйіп атамыздың діндарлықтан басқа қырлары толық зерттеліп-зерделеніп, анық деректермен дәлелденіп айтылу жағы әлі күнге жеткіліксіз болуда. Қазақ хандығы тарихына қарасақ, бұл мемлекеттің тұрғындары – қазақтар, бірнеше ғасыр бойы Ислам дінінің қағидаларын басшылыққа алып, шариғат заңдарымен өмір сүрді. Дегенмен де ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қазақ елінде зайырлылық ұғымдары біртіндеп ене бастады және олар біздің Ата дінімізбен қатар өмір сүріп дамыды.
Қазіргі Қазақстан – зайырлы мемлекет, мұндай қоғамда адамдардың көпшілігі жеке өмірлерінде түрлі діни сенімдерді ұстанып, бірақ зайырлы мемлекеттің заңдарына бағынып өмір сүреді.
Ел ішінде «Әйіп қажы» аталып кеткен Бекенұлы Әйіп, діни ғұлама және қайраткер болуымен қатар, қоғамның зайырлылық жолындағы істеріне де ерте жасынан бастап араласқан адам. Осы айтылған пікірді дәлелдеу үшін мен Әйіп атамыздың өмірбаяндық деректеріне негізделген бірнеше жайтты оқырман назарына бергенді жөн көрдім.
Бірінші. Әйіп Бекенұлы жас кезінен бастап, ұзақ жыл Ресейдің бағынысындағы No1-2 «Теңізжағалық» («Приморский») округтерінің басшысы (правителі) Мақаш Бекмұхамбетовтың көмекшісі болған. Осы екі ғұламаның бірлесіп атқарған істері елге көп жақсылықтар әкелді. Бұлар, қолында өз елдерінің тағдырына тікелей әсер ететін билігі бар жергілікті патша шенеуніктерін ақылмен және біліктілікпен мойындатып, теріс әрекеттерден тежеп отырған, қазақтар үшін пайдалы істердің ұйтқысы бола білген. Мақаштың барлық істерде өзінің көмекшісі Әйіппен ұдайы ақылдасып, кеңесіне құлақ асып отыруы Әйіптің ел алдындағы абыройын биікке көтерді. Халық арасында «Әйіптің ақылына тиме!»-деген сөздің айтылуы–оның даналығының сол заманда-ақ мойындалғанының айқын көрінісі. Сондықтан да, Мақаш правитель басқарған кезде оның елінде, Жәңгір
ханның билігі кезіндегідей, қарапайым қазақтардың қайыршылыққа ұшырап, өздерінің 7-11 жастағы ұл-қыздарын 2-3 қап ұнға орыс, татар байларына құлдыққа сату деген сияқты сұмдық оқиғалар, немесе ашық жауласуға дейін апарған халық толқулары болмаған. Зерделі де зейінді Әйіп, қазақ елінің бодандық жағдайын терең ұғынса да, заманының ыңғайына қарай, өз міндетін аз халықты алып Ресейге қарсы күреске шақыру емес, имандылық жолымен қоса, заманауи білім жолына бастау деп түсінді, осы бағыттағы ағартушылық жұмысын бүкіл өмірінің басты мақсаты етіп алды. Оның бұл ұстанымы
данышпан замандастары Абайдың, Ыбырай Алтынсаринның, басқа да қазақтың озық ойлы зиялыларының ұстанған бағытымен сейкес болды.
Екінші. Әйіп қажының өмірбаянында ол 1912-1913 жылдардан бастап Ресей большевиктерінің «Правда» газетін оқыған деген дерек бар. Большевиктердің дінді «Апиын» деп атағаны, онымен бітіспес күрес жүргізгені тарихи шындық. Сол себепті қажы атамыз ол газеттен, әрине, дін іздеген жоқ, керісінше, зайырлы қоғам өмірінде болып жатқан дүние істерімен жақын танысуды көздеген; басқыншы елдің ішкі-сыртқы саясатын зерделеген; большевиктер жеңіске жеткен күнде олардың қандай саяси бағыт ұстанатынын, қазақ сияқты бодан жұртты қандай болашақ күтіп тұрғанын алдын-ала білуге тырысқан. Әйіп қажының осындай көреген саясаткерлігі кейіннен, Кеңес өкіметі тұсында, жерлестерінің басына түскен үлкен ауыртпалықтар мен құрбандықтардан жеңілдеу құтылуына себепші болды.
Қажы туралы деректерден ол кісінің жаңа үкіметке қарсылық білдірмегенін, оның заңдары мен тәртібіне бағыну керектігін алдын-ала айтып, елді тыныштандырып отырғанын, сөйтіп, өзінің беделі арқасында, өз жұртының арасында Кеңес өкіметіне қарсы үлкен толқуларды болдырмағанын білеміз. Ол жаңа үкіметтің қара халық үшін жариялаған жақсы істерін: тегін білім беретінін, ауруларды тегін емдейтінін, барлық адамдарды еңбекке жұмылдыратынын айтып, сендіруге күш салды, Кеңес үкіметінің жеке шаруаларды ұжымдық шаруашылықтарға (колхоздарға) біріктіру саясатын қолдады. Нәтижесінде оның сөздерін түсініп, құлақ асқан жандар мәжбүрлеуден, күштеуден аман қалды. Көріп отырғанымыздай, Әйіп атамыз бұл кезеңде де тек діни істермен емес, зайырлы мазмұндағы мемлекеттік,
қоғамдық-саяси істермен айналысты, дінге беріктігін сақтай отырып, сол кездегі қазақ жұртының пайдасына шығатын іс-қимылдарға ден қойды.
Үшінші. Ә.Бекенұлының зайырлылық қылыққа жататын тағы бір ісі – 1928 жылдан бастап қазақ елінде белсенді түрде жүргізіле бастаған байларды кәмпескелеу науқаны кезінде ұстанған бағыты мен жасаған істері. Әйіп атамыз, елде қалыптасқан саяси жағдайды ескере отырып, байларды кәмпескелеу науқанына да қарсылық білдірген жоқ. Әрине, ол кәмпескелеу саясатын іштей қолдаған да жоқ, бірақ қылышын жалаңдатып, отты қаруын кезенген әскер күшіне сүйенген төңкерісшіл жойқын күшке қарсы шығудың халыққа апаттан басқа ештеңе бермейтінін жақсы түсінді. Сол себепті, ол өзі бас болып, кәмпескеге жататын барлық мал-мүлкін түгелімен және толық-бүтін күйінде есептеп Үкіметке өткізді. Сонымен қатар Әйіп қажы, өз қаражатына салдырып, ұстап келген «Көк мешітті» де (ол кезде – мектеп) 1928 жылы жатақханасымен, басқа да барлық жабдықтарымен қоса Үкіметке өткізді. Өзінің сөзі жететін жердегі байларға белгіленген мөлшерден артық мал-мүліктерін Үкіметіке тапсыруға кеңес беріп, олардың енді (большевиктік Үкіметтің айтуы бойынша), ортақ меншікте болатынын, қарапайым халықтың қажетіне жұмсалатынын айтып, түсінік жұмыстарын жүргізіп отырған.
Өкінішке қарай, оның бұл ақылын Атырау-Орал өңіріндегі көптеген байлар алмаған, нәтижесінде Кеңес Үкіметі олардың мал-мүлкін күшпен тартып алып, өздерін соттап, жер аударып, кейбіреулерін түрмелерде азапты жағдайларға, өлімге душар еткен. Олардың туыстары мен ұрпақтары да қуғын көріп, түрлі зардап шеккені белгілі. Бұл айтылған жайттар Кеңес өкіметінің «кәмпескелеу» саясаты дұрыс болды дегенді білдірмейді. Басқаларын айтпағанда, 1930-шы жылдардың бас кезіндегі, қазақтың бар байлығы болған малын тартып алып, халықтың жартысынан астамын аштық өлімге душар еткен сталиндік-геноцидтік саясатты қалай ақтауға болады?!
Большевиктердің мал жөнінде айтқан сөздері қате болып шықты. Күтімі дұрыс ұйымдастырылмаған «ортақ» малдар бір қыста-ақ қырылып қалды. Ал, «қазақтарды отырықшылыққа үйретеміз, өркениетке жеткіземіз» деген әпербақандық саясат, түптеп келгенде, қазақ халқын құртып жіберуді көздеген геноцидтік саясаттың құйтырқы амалдарының бірі болып шықты. Қалай болғанда да, Ресей империясында – большевиктердің көсемі В.И.Ленин айтқандай «халықтар түрмесінде» бодандық өмір сүруге мәжбүр болған қазақ халқының, кезінде қырғыннан аман қалуы үшін Әйіп қажы атамыз ұсынған жолдарынан басқа жолы болған жоқ.
Ол кезде Қазақтың болашағын ойлаған, сол үшін жан аямай күрескен Алаштың данышпан қайраткерлері көп болды. Бірақ Ресей империясы сыяқты жаратылысынан әділетсіз, озбыр, «ұрдажық» саясатты ұстанған елде аз халықтар ешқашан өз дегендеріне жете алмаған. Ұлт азаттығы үшін, бостандық үшін күрескен, кезіндегі Кенесары, Исатай, Махамбеттер, большевиктік империяның зұлым саясатының құрбаны болған Алашордашылар тағдыры бұған куә.
Төртінші. Әйіп қажының зайырлы қоғам қайраткері ретінде ең елеулі еңбегі оның халыққа дүниәуи зайырлы білім беруге ұмтылысынан айқын көрінеді. Діни еңбектерін жалғастыра отырып, ол өмірінің соңғы 30 жылдай уақытын халықтың зайырлылық санасын жетілдіруге, жас ұрпақтың зайырлы білім алуына мүмкіндік жасауға үлкен үлес қосты. Бұл бағыттағы ойымыз Қажы атамыз салғызған атақты «Көк мешіттің» тарихына көз жүгіртсек түсінікті болады. Әйіп қажының «Көкмешітінің» аудандағы басқа мешіттерден ерекше аталатын бір себебі – аудан аумағында болған алты мешіттің бесеуі Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жұмыстарын тоқтатты. Ал, 1913 жылдан орталау зайырлы мектепке айналдырылған «Көкмешітте» 1940 жылға дейін бала оқытылды. Бұл мектептен мыңдаған түлектер, атақты ұстаздар, басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері білім алды. Олардың бәрінің аты-жөнін бір мақалада санамалап тізіп шығу міндетті болмас. Алайда, бір маңызды деректі айту қажет деп ойлаймын. Ол – Әйіп атаның мектебінен білім алғандар арасында Мұқанғазы Сиранов, Қабижан Абақанов, Үмбет Бисалиев сияқты өте білімді де білікті, есімдері елімізге танылған, жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған, құрметті атақтардың иегерлері бар екендігі.
Ауданның ірі елді мекендеріндегі мектептерге «Көкмешіттен» білім алған ұстаздар М.Сирановтың, Қ.Абақановтың есімдері берілгенін жергілікті тұрғындар мақтанышпен айтып жүреді. Атап айтарлық жайт – «Көкмешіттің» біздің жеріміздегі шәкірттерді орыс, қазақ тілдерінде білім беретін, дін сабағынан басқа жаратылыстану, есеп пәндері де оқытылатын алғашқы орталау мектеп болғандығы – тарихи оқиғалар қатарына жатады. Қажы бұл мектепте сабақ беруге орыс мұғалімдерін тартқан және жергілікті қазақтардан да мұғалімдер даярлау жұмысымен тікелей айналысқан. Бұл жұмыстардың шығындарын өз қаражаты есбінен төлеген.
Әйіп Бекенұлы қайтыс болғаннан кейін де, бұл мектеп жаңа Кеңестік заманның білім беру жүйесінде өз орнын тауып, жастарды оқытуын жалғастырды. Бұл жағдай сонау ХІХ-ХХ-шы ғасырларда тұрғызылған Әйіп қажы Көкмешітінің және оның жанынан кейінірек ашылған медресе-мектептің, жатаққананың берік ғимараттары және білімді де білікті мұғалім кадрлар болғандығының дәлелі болып табылады. Мұның бәрі халыққа жан-жақты білім беруді көздеген Әйіп Бекенұлының еңбегінің нәтижесі еді. Бір сөзбен айтқанда, «Көкмешіт» мектебі – бүгінгі Индер ауданы тарихындағы тұңғыш заманауи зайырлы білім ошағы екенін жадымызда сақтауымыз керек.
Осы айтылған жайттар Ә.Бекенұлының тек ғұлама діни тұлға емес, заманындағы қазақ қоғамының өміріне етене араласқан жан-жақты терең білімді, зайырлы қайраткер адам болғанын дәлелдейді. Ел-жұрты үшін атқарған істері мен өмірдеректерін зерделей келе: көптеген жылдар ел басқарған, дана, әділ би; ағартушылық жолындағы істерді тұрақты түрде табандылықпен жүзеге асыруға жұмыстанған, елін өнер-білімге үндеген; дінді берік ұстана тұра, зайырлы қоғамның жақсылықтарын да көре білген, имандылық пен зайырлылық қағидаттарын қатар ұстануды қолдаған бұл адамды Абай мен Ыбырайға толық теңестірмегенмен, шендестіруге болады деп ойлаймын.
Аудан орталығында мешітке Әйіп қажының аты берілген. Бұл – аудан халқы тарапынан үлкен құрмет. Діндәрлік тұрғысынан келгенде Бекенұлы Әйіптің есімі облыс орталығындағы бір мешітке берілсе де артық болмайды деп ойлаймын. Ал, Әйіп атамыздың халықты ағарту-сауаттандыру, зайырлы білім беру жолындағы ұшан-теңіз еңбегі өкінішке қарай соңғы кезде көп айтылмай, көмескіленіп, «Ғұлама діндәр», «Қажы» деген атаулардың көлеңкесінде қалып бара жатыр. Бұған жол беру – үлкен әділетсіздік деп білуіміз керек. Индер ауданының бір білім беру ордасына өлкеміздің тұңғыш ағартушысы — Бекенұлы Әйіп атамыздың есімін беруді ұсынамын.
Самиғолла ҒАЛЫМҰЛЫ,
Индербор кенті