Елімізді кең қамтыған саяси жаңғыртулардан ішкі істер саласы да тыс қалып жатпағаны белгілі. Бұл тұрғыда Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да тың міндеттер қойылып отырғанын ерекше бөле атаған жөн болмақ.
Жолдауда «Қолға алынған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.
Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды» депатап көрсетілген де болатын.
Осындай биік мақсатты орындауға жұмылған құрылымдар арасында облыстық ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық-консультативтік кеңес органының да өзіндік орны бар екені анық. Жақында осы орган мүшелері облысымыздың Махамбет пен Индер аудандарында болып, аудан басшыларымен кездесті.
Аудан әкімдерімен болған әңгіме
Махамбет пен Индер ауданы әкімдері Қайрат Нұрлыбаев пен Дарын Шамұратов облыстық кеңесші органның төрағасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Саламат Нұрмұқанұлы Идрисов пен облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник Әділхан Теміржанұлы Байдосов, республикалық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров, Каспий өңірінің қазіргі заманғы жоғары колледжінің директоры Мұстахим Харенұлы Мұхтаровты қабылдап, өз өңірлерінде қоғамдық тәртіп сақтау жұмысын жетілдіре түсудегі мәселелерді талқыға салды.
Облыстық топтың аудандарға сапарының басты мақсаты – Президенттің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауының талаптары мен міндеттерін түсіндіріп, насихаттау және оның қапысыз орындалуын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын бірлесіп іздестіру екендігі де атап көрсетілді.
Атап айтқанда қазіргі таңдағы өзекті мәселелер: қай тұста болмасын заңның үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол-қозғалыс оқиғасын болдырмау, алдын алу профилактикасын жетілдіру, алаяқтық пен діни экстремизмге жол бермеу, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы күресті күшейту, тағы да басқа қылмыстық әрекеттерге тойтарыс беру міндеттері жан-жақты сөз болды.
Бұл ретте жергілікті әкімдіктердің ішкі істер бөлімдерінің қызметіне көмектесуі, жағдай туғызуы, учаскелік инспекторларға баспана беріп, байланыспен қамтамасыз етуі, неғұрлым тұрғындар көбірек топтасатын тұстарға қосымша тірек пунктерін ашып, қалыпты жұмыс істеуге жағдай жасау бойынша алынып жатқан шаралары туралы сөз етті.
Сондай-ақ Индер ауданындағы Индербор-Атырау жолы бойындағы транспорт қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, малды бағуды ұйымдастыру жайы, ауыр көліктердің жолдарды бүлдіруіне жол бермеуге байланысты шаралар алу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудегі қиындықтар, бұл бағыттағы заңдылықтарды жетілдіре түсу жайы да сөз болмай қалмады.
Жасыратыны жоқ, еліміздегідей, жаңа оқу жылы басталардағы қыздардың киім киюіне қатысты өкпе-реніштердің жергілікті жерлерде де әр тұстан бой көрсетіп қалуы орын алған. Оған қатысты алынған нақты шешімдердің де басты түйіні – сапалы орта білім алу-әрбір баланың мызғымас құқығы екендігі атап көрсетіліп, түсіндірілгені оңды болған.
Қысқасы бүгінгі таңдағы құқық қорғау саласының жұмысы әрқилы, әрі замана талабына сай жаңаша сипат алуы да маңызды екендігі күн санап өткірлене көрініп келетіні рас. Бұл ең алдымен тәртіп сақшыларының жергілікті тұрғындармен байланысын нығайтып, полицияға деген жұртшылықтың көзқарасын түбегейлі өзгертіп, оң имиджін қамтамасыз ету өте күрделі әрі жауапты жұмыс екені айқын танылып отыр.
Президенттің халыққа Жолдауында: «Бәріне бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.
Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке орай, құқық қорғау мекемелері мен аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар орын алып жатады.
Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.
Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету» деген тұжырымы осы саланың әр уақыттағы назарда ұстап, бақылауға алатын басты да бұлжымас қағидатына айналуы тиіс. Сондықтан да әкімдермен кездесу екі жаққа да пайдалы болғаны анық.
Ректор – ішкі істер бөлімдерінде
Облыстық департамент жанынан құрылған топтың одан арғы жұмысы қос аудандағы ішкі істер бөлімдерінің жеке құрамдарымен кездесіп, өзара түсіністік жағдайында әңгімеге ұласты. Бұл кездесулердің де басты түйіні – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қойған маңызды міндеттерді іске асырудың жайы болды.
Бұл тұрғыда облыстағы іргелі оқу орнының ректоры Саламат Идрисов алдымен сөз алып, Президенттің Жолдауындағы негізгі міндеттерді саралап берді. Ол: «Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет» деген ойын қайталап, жаңа экономикалық саясаттың мәніне тоқталды.
Атап айтқанда экономиканы әртараптандыруды одан әрі үдетіп, мықты өнеркәсіптік база қалыптастыру, металды терең өңдеу, мұнай-газ, көмір химиясы, уранды конверсиялау, байыту, автобөлшектер мен тыңайтқыштар, яғни жоғары дәрежеде өңделген ақырғы өнімді шығару кластерін қалыптастырудың маңызын сөз етті.
Көп ісімізге бөгет болып келе жатырған жүйені жаңғыртып, жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыру, кәсіпкерлерді қорғап, қолдаудың тың міндеттері, өнім сапасы, тау-кен саласын дамыту, салық пен реттеу шараларын жүйелеу, қорғанысты нығайту, осы салада жұмыс істейтін елдің өз кәсіпорындарына қолдау көрсету, агроөнеркәсіп саласы бастан кешіп отырған қиындықтар жайы әрбір тыңдаушыны да ерекше ойға қалдырғаны сөзсіз.
Энергетикалық қауіпсіздік, тозған жылыту қазандықтарын жөндеп, жаңғырту, жасыл экономика, экология, елімізде атом электр стансасын салудың мәні, су ресурсын қорғап, тиімді пайдалану жайы да әр пендені алаңдататын өзекті жайттар екені аян.
Ал стратегиялық маңызы бар міндет – көлік-логистика саласын дамыту, оның әлеуетін толық пайдалану зал толы ішкі істер бөлімі қызметкерлерін де ерекше мазасыздандыратын тақырып болды десек жаңылыспаспыз. Өйткені, облыстық топтың жетекшісі қозғаған бұл жол мәселесінің осы аудандарға да қатысты тұстары аз емес.
Жолдың қауіпсіздігі, күтіп, баптап, әр маусымға қауіпсіз пайдаланудың жайы полиция өкілдерін де бей-жай қалдырмайтыны олардың сөзінен де анық аңғарылды.
Атап айтқанда индерлік құқық қорғаушылар құрылысы бірнеше жылдарға созылған Миялы-Индер жолының тезірек пайдалануға берілуі, қауіпті бұрылыстары көп бұл аймаққа арнайы белгілер мен сызықтар орнату орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларын төмендетуге біраз септігі тиеді деген үмітте.
Ал әзірше бұл бағыттағы қозғалысты реттеу, тәртіп орнату, бақылауға алу мүмкін болмай отырған көрінеді. Сол сияқты жол қозғалысы күрделі Атырау-Индер жолының да соңғы жылдары күтіп, маусымдарға дайындайтын белгілі бір жауапты мердігердің болмауынан да көптеген қауіпті жол-көлік оқиғалар орын алуына ұрындыруда. Бұл жолдың да қыста қары уақытында тазаланбауы, жазда шөбі өсіп, жол белгілері, басқа тұстарының бүлінуі жиі орын алып жүр. Жол бойындағы түрлі құрылғылар мен ғимараттардың иесіздігі, тазалығы – өз алдына бөлек әңгіме.
Сол секілді бүгінде әр саланы терең қамтып отырған цифрландыру жайы қоғамдық тәртіп сақшыларының жұмысына да кеңінен ену үстінде. Жасанды интеллекті саласына да қатысты маман дайындау жұмыстары білім мен іскерлікті тең ұстаған кадрға байланысты екендігі жасырын емес.
Сөзінің соңында Саламат Нұрмұқанұлы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Атырау университетінің түлектері де аз еместігін ерекше атап, оларды алдағы уақытта осынау үздіксіз дамып, жаңғырып жатқан кезеңде заң, адвокаттық, тағы да басқа құқықтану мамандықтары бойынша қосымша білім алуға болатындығын айтып, ұдайы ізденісте болуының маңызын ұқтырып, өз кезегінде әрдайым білімдерін шыңдап отыруға шақырды.
Ал біз болсақ, кәсіпкерлік саладағылар мен полицияның қарым-қатынасына қатысты да елімізде туындап жататын мәселелерге қатысты Жолдауда: «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін.
Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе» деген тұсын тағы бір қайталап, осы бағытта да түсінбестікке жол бермеу жайын алға тартқымыз келеді.
Бұл тақырыпта республикалық «Сахара» гаезетінің бас редакторы, облыстық топтың мүшесі Қуандық Батыров пен колледж директоры Мұстахим Мұхтаров та сөз алып, әрдайым қоғамдық тәртіпті қатаң сақталуын қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлері жұмысына биік адамгершілік пен сәттілік, іскерлікті тілек етті.
Полиция және жаңғыру
Жоғарыда сөз еткендей, қос ауданның ішкі істер бөлімдерінің жұмыстарымен танысқан кеңесші орган өкілдері алдында тиісінше 2023 жылдың 8 айындағы атқарған жұмыстары жөнінде есептері де тыңдалынды. Оның жайын Махамбет, Индер аудандары ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлары Асылбек Мұрсалиев пен Ерғанат Темірханов баяндады.
- Индер ауданы аумағында қоғамдық-саяси және жедел жағдай тұрақты. Аудан көлемінде негізгі күшіміз ауыр және аса ауыр қылмыстарды болдырмауға, болған жағдайда ізін суытпай ашуға бағытталып, қабылданған шаралардың нәтижесінде ашылу көрсеткіштерінің жақсаруына қол жеткізудеміз, – деп сөзін бастаған Индер ауданы өкілі, саладағы көптеген оңды жаңалықтарға да тоқталып өтті.
Соның бірі мемлекет басшысы қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жайы. Бұл бағытта полиция бөлімі халықпен есептік кездесулер, азаматтарды қабылдау, аймақтарға бару, ғаламтор желісін тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырып келеді екен.
Бұл жұмыстардың тағы бір бағыты – тұрғындардың сапалы өміріне кері әсерін тигізетін жекелеген мәселелер аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарында, басқа да мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, зерделеу арқылы шешімін тауып келеді.
Тағы бір оң үрдіс – ауданда 15 учаскелік инспектор және 1 көмекшісі тұрғындармен кері байланысқа шығу үшін арнайы «ватцап» желісіне қосылуы. Бұл да бірқатар жұмысты жеңілдетіп қоймай ақырғы нәтижеге жетудің жолын табуға жағдай жасап жүрген көрінеді.
Саладағы өзгерістің бірі – «полицияның сервистік үлгіге» көшуі. Атап айтқанда «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша халықпен тікелей байланыста болатын жергілікті полиция қызметінің жұмысына ерекше көңіл бөлініп отыр.
- Жалпы сервиске бағытталған полиция қызметі – бұл полиция мен қоғамға қылмыстық құқықбұзушылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуде ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель, – деп көрсетті хабарламашы бұл жүйені.
Ол екі негізгі құрамдас бөлікке негізделген: полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту, полиция мен қоғам арасында қарым-қатынас орнату үшін шаралар қабылдау. Сондай-ақ сервистік үлгінің басты мақсаты – аумақтағы қоғамдық қауіпсіздікпен байланысты проблемалық мәселелерді жергілікті қоғамдастықтарды барынша тарта отырып, жан-жақты және кешенді меңгеріп шешу және азаматтардың өмір сапасын жақсарту.
Осы негізде «жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыруда аудан әкімдігінің қолдауымен бірқатар жұмыстар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ауданда жаңа үлгідегі 2 учаскелік полиция пункті қолданысқа берілген. Ол тиісті құрал-жабдықтармен, компьютерлік техникалармен және жиһаздармен толық қамтылған. Дәл осы жай Махамбет ауданында да іске асқанымен де олардың жетпестік тұстары әлі аз еместігін топ мүшелері жасырмады.
Сонымен қатар аудан бойынша барлық қажетті заманауи құралмен жабдықталған бір модульдік стационарлық бекет Индербор кентіндегі адамдардың көп шоғырланатын Д. Қонаев көшесінің бойына орнатылған. Аудандағы 7 ауылдық округке белгіленген учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен қамтамасыз етілген.
Патрульдік полиция тобында екі автокөлік бар. Көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларында тұлғаны тану функциясы бар бейнебақылау камераларын орнату жөнінде аудандық әкімдіктен қаржы сұратылған. Қазіргі уақытта Индербордағы орталық көшелерге 7 бейнебақылау орнатылған.
Сонымен қатар ауданның ауылдық округтеріне де бейнебақылау камераларын орнату бойынша «Мекен жай» бағдарламасы жасақталып, Атырау ОПД ұсыныс жолданған. Аудандағы 15 мектеп пен 9 балабақша, колледжге «Дабыл» батырмасы орнатылып, олар АПБ-ның кезекші бөліміне қосылған. Олар да толық жұмыс жасап тұр, әрі жедел кезекшілердің бақылауына алынған.
Міне, осындай жаңалық және жаңғыртулар жүріп жатқан Индер аудандық ішкі істер бөлімінде түрлі қылмыстар айтарлықтай төмендей түскені байқалады. Яғни 8 айда 52 құқық бұзушылыққа жол берілген. Бұл 8,3 пайыздық көрсеткішке тең. Оның ішінде қылмыс 23,7 пайызға өсіп, 47-ге жеткен. Теріс қылық 50 пайызға азайса, «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету бойынша 274(384) құқықбұзушылық анықталған.
Оның 74-і – қоғамдық орындарда арақ ішу, 8-і – ұсақ бұзақылық. Жол-көлік оқиғасы азайғанымен де 19 адам жарақат алып, 6 жолаушы қаза тапқан. Екі жүргізуші жол апатын масаң күйде жасаған. Жасөсіпірімдердің қатынасуымен 4 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның үшеуі жарақат алып, үшеуі қаза тапқан.
Хабарламашы бұл жол-көлік оқиғаларын саралағанда, оның ішінде жылдамдықты, арақашықтықты сақтамау, жануарды қағу, қарсы бағытқа шығып кету сияқты тағы басқа тәртіпсіздіктерге жиі орын берілетіндігін айтып өтті.
Жалпы патрульдік полиция қызметкерлерімен жолда жүру ережелерін бұзған 1548 (2022 жылы-661) адам тоқтатылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 25-і масаң күйде рульде отырған. Жол-көлік оқиғаларын алдын алудың бірі түрлі насихат, жарнамалық бильбордтар ілу болса, «Атырау-Орал» жолы бойынша екі жерге осындай көрнекіліктер орнатылған.
Осы ретте көшелер мен жолдар бойында бейсеует жүретін малдардың иелерін жауапкершілікке шақыру бойынша да бір бөлек пәрменді жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі аудандағы мал дәрігерлермен өткен жиналысты қосуға болады. Әрине, әр істің нәтижесі болса ғана пайдасы зор екені сөзсіз.
Оны сөз алған Индер аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Руслан Олжабайұлы Ешманов та ерекше атап көрсетіп, арнайы топ мүшелері саласы жұмысы деңгейін көтерудегі қосқан үлестеріне алғыс сезімін білдірді. Аудандық бөлімде ішкі тәртіпке де ерекше назар аударылып отырғаны ерекше сөз болды. Бөлімге жаңа техника автокөліктер беру жөніндегі жоғары басшылықтың ұйғарымы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ Индер ауданы ішкі істер бөліміне жаңа ғимарат салу ісі күн тәртібіне өткір қойылып отырғаны белгілі болды.
Оны өзінің бұл кездесулердің қорытындалаған облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник Әділхан Байдосов та атап көрсетіп, ортақ жұмыстың жауапкершілігін кім-кім де айрықша терең түсініп, ерекше жігер, тың серпінмен еңбек етуі қажет деген талабын қайталады.
С. Халықов