Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанындай, республикада екі жылдан аса уақыт ауыл әкімдерін сайлау сәтті жүргізіліп келеді. Содан бері селолық округтер басшыларының төрттен үші жұртшылықтың сенімін арқалап, лауазымға ие болды.

 Енді кезек облыстық маңыздағы қалалар мен аудандарға келді. Орталық сайлау комиссияның хабарлауынша, биыл еліміздің үш қаласы мен 42 ауданында әкімдер сайлауы өтеді. Яғни, алдымыздағы 5-қарашада осы маңызды шара ұйымдастырылады. Жасы 25-тен асқан Қазақстанның әрбір азаматы лауазымды қызметке үміткер ретінде тіркеле алады. Қолданыстағы ережеге сәйкес саяси партиялар өз мүшелері арасынан үміткерлер ұсынады. Бұл ретте олар әр сайлау округі бойынша бір ғана адамды додаға қосуға құқылы. Сонымен қатар, азаматтардың өздерін ұсынуға да мүмкіндік берілген. Ол үшін сайлау учаскелеріндегі дауыс беру құқығына ие сайлаушылардың кем дегенде бір пайыз қолдауына ие болуы тиіс.

Егер үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталуға бір күн қалғанда ешкім тіркелмесе немесе жалғыз адам дауысқа түскелі жатса, онда жоғары тұрған орган бір немесе екі үміткер ұсына алады. Біздің жағдайымызда оған облыс әкімі құқылы. Қайткенде де, сайлау баламалы түрде өтеді. Бұл да – қоғамды демократияландырудың бір үрдісі.

Енді қандай адам әкімдік қызметке сайланбайды? Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафқат Өтемісовтің айтуынша, сот шешімімен өз ісіне жауап бере алмайтын және бас бостандығынан айырылған адам үміткер ретінде тіркелмейді. Сонымен қатар, заң жүзінде әлі өтелмеген немесе есептен шығарылмаған соттылығы бар адамның да әкім болуға құқы жоқ. Ақырында, сыбайлас жемқорлыққа қатысы заңмен белгіленген негізде сотпен танылған жандар үшін де әкімдікке барар жол жабық. Міне, осындай талаптар бар.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша,  дауыс беру аяқталған соң қалалар мен аудандардың территориялық сайлау комиссиялары үш күн ішінде қорытындысын жариялайды. Өзге үміткерлермен салыстырғанда сайлаушылардың көп дауысына ие болған үміткер әкім болып сайланады. Яғни, бір дауыс артықшылығы жеткілікті. Сайланған әкім территориялық сайлау комиссиясында жеті күнде тіркеледі. Содан соң қызмет куәлігі табыс етіліп, жұмысына кіріседі. Біздің облыста Құрманғазы және Исатай аудандарының әкімін сайлау жүргізіледі. Азаматтар науқанға белсене қатысу арқылы мемлекеттік басқару ісіне араласа алады.

М.БАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *