(Бұл хат жалпы жас ақындарға арналады)
Құрметті, жас ақын!
Әр сөзге көлеңкедей лескен сыйластық пен балаң аңғалдыққа толы хатыңыз үшін алғыс айтамын! Поэзия мен прозадағы қадамдарыңызға ынта-ықыласыммен көз салдым. Олар маған жазуды алғаш бастаған сәтімді Һәм жадымнан мүлде жоғалып кеткен дүниелерді қайта есіме түсірді. Аппақ пейіліңізден туған хат пен көркем туындыларыңыз мен ақтап ала алмайтын сенімнің иісін шығарады. Айыпқа бұйырмассыз, амалсыз көңіліңізді қалдырмақпын!
Осы күнге дейін түн ұйқыңызды ұрлаған шығармашылығыңызбен таныстым. Тұрпаты бөлек. Жанры да түрлі. Танысуға ұсынған екенсіз, бір шолып шыққаннан соң әдеби талантыңызға баға сұраңыз! Мақтауды емес, ащы шындықтың айтылғанын көксеп отырсыз. Егер дәтім барса, тура қойылған сұраққа тұспалдамай жауап бергенім жөн еді. Ақиқатты дәл жеткізу оңай ма?! Ол аз десеңіз, жақын танымаймын. Өлеңдеріңізден жазу-сызуды кеше ғана бастағаныңыз сезіледі. Осыдан кейін дарыныңыздың деңгейін айқындап беру мүмкін болмайтыны айдан анық. Жан-жаққа шашырап жатқан сөздеріңіз бен сөйлемдеріңізді көргеннен соң көкейімнен мына бір сұрақтар кетпей қойды: Сіз Ницше мен Бодлерден басқа ақындарды оқығансыз ба? Сүйікті ауторларыңыздың қатарында Лилиенкрон мен Гофмансталь бар ма? Саналы түрде өнер мен табиғаттың тылсым сырларын тану турасында талғамыңыз қалыптасты ма?
Бірақ, бұлардың ешбіреуінің әдеби дарынмен байланысы жоқ. Қуанышыңыз болар, мен сауалға айналдырған нәрселер өлеңнің еншісінде. Зерттей де аламын: көлеңкелерден бастау алған белгілердің жымдасуы күрсініске сәуле төгеді немесе жан дүниеңіздің, болмысыңыздың айнасы секілді жарқырайды. Бұдан зорын жасауға күш қажет. Газетке жолданған жазбасы арқылы өзінің мінез-құлқын, ішкі толғаныстарын жеткізе білетін штаттық графолог сияқтансаңыз, сізді сәл мақтап, әдеби талантыңызға алғашқы қолжазбаңызбен танысып-ақ баға бере аламын деп дәмелендіремін. Адам жай ғана жәдігөй болмаса, көңілді марқайта алады.
«Вильгельм Мейстер» мен «Фаустты» тауысып тастап, Гётені аса көрнекті жазушыға балау қиын емес. Бірақ, бірінші баспалдақтағы оның шығармашылығындағы өзгеріс үлкен табыс әкелген аздаған өлеңдері еді. Ал, олардың көркем болуы Геллерттің әсерінен. Аталмыш авторды жігерлене жиі оқуы және өзінің ауыр ойларын дәл үйлестіре алуы сезімдеріне қозғау салды. Бұдан кейін де «Вертер» мен «Гёцтен» Ленцаның бірқатар өлеңдерінің үнін байқаймыз. Әлде, керісінше… Яғни, тіпті, ең ұлы жазушылардың да жеке қолтаңбасы бірден қалыптаспайды. Шиллердің бозбала шағындағы өлеңдерінен таңғаларлық нәрсіздік пен татымсыздық байқалады. Алғашқы туындыларынан-ақ мінез ерекшелігінің көзге ұруы мен талассыз табиғилықтың сезілуі сирек кездесетін жайт.
Жастардың қабілеті туралы пайым реңінің қарабайырлануы білімсіздіктің белгісі. Сіз туралы жақсы білмегендіктен, маған өз-өзіңізге қандай баға беретініңіз беймәлім. Өлеңдеріңізден жарты-ақ жылдың ішінде бойыңыздан мүлде жоқ болып кететін аңғырттық аңғарылып қалады. Бірақ, жаңағыдай ағаттықты он жылдан кейін тағы бір қайталауыңыз мүмкін. Жиырма жасында керемет, ғажап өлеңдер жазғанмен, отызға келгенде бұрын жазғанына, жырдың оты кеудесінде лапылдағанына өзге түгілі өзі нанбай отыратын жас ақындар бар. Отыз, қырыққа таяп, қалам ұстайтын дарындар да көп.
Қорыта айтқанда, болашақтағы жазушылық атақ-даңқтың түрлері туралы сіздерден сұрау – ақ жаулықты анадан «бес жастағы балаңыз келешекте өсе ме, сымбаты келісе ме, әлде, осы қалпында қала бере ме» деп сұрағанмен бірдей. Он төрт, он бес жастағы жеткіншек кішкентай болуы мүмкін. Алайда, олардың бойы тез өседі. Қалай өскенін аңғармай да қаласың…
Басқалардан бөлек… өріп жүрген қатарластарыңыздың алдында әдебиеттегі болашағыңыз үшін жауапкершілік артпайтыныңызға қуаныштымын. Ондайлар аз емес қой. Тәжірибелі жазушымен араласып сіз секілді сұрақ қояды. Жауаптың немесе пікірдің еркіндігіне шалқыған шабытты, адамды желіктіретін сөздерді жалғауды талап ететіндей көрінеді. Ондайлардың өлең жазуды жалғастырғаны дұрыс па? Қоюы керек пе?! Бейнет көр, сонда өмір толғанысқа толады. Аздаған қателік жасау арқылы, неміс әдебиеті тарихындағы Нибелунг пен Фауст әнін өшіруіңіз ықтимал.
Осымен хатыңызға толық жауап қаттым деп ойлаймын. Әлдебір қызмет жайында сөз өрбітіпсіз. Оны сізге түсіндіруге қимаймын. Қимау себебім: менің мүмкіндіктерімді арттырады. Бәрібір ойларымды айта беруді тоқтатқым келмейді. Алайда, ақыр соңында жаныңызды қанағаттандырмайтын пайымдарымды тоқтатуым айламен бүркелген қарсылық екеніне көзіңіз жетер. Сол себепті, тағы бір достық сөзіме көңіл бөліңіз!
Бес алты жылдан кейін нағыз ақынға айнала аласыз ба? Бұны кесіп-пішіп қазір айта алмаймын… Ал, егер заманыңыздың біртуар шайыры атанар болсаңыз, оның бүгінгі жазып жүрген жырларыңызға түк те қатысы жоқ.
Сізге ақын болу керек пе осы?! Ақын болу – қабілетті көп жастың арманы, мұраты. Нағыз ақынның бойында табиғи пәктігі, жүрек тазалығы, зеректігі, сезім нәзіктігі, тез әсерленушілігі сақталуы тиіс. Бірақ, бұл ізгі қасиеттерге кім болса, сол иемдене бермек. Ақын атанбаса да… Бар болғаны күмәнді әдеби таланты ғана барлармен бірге киелі атты арқалағанша, оларға небір ғажап күйдің, сезімдердің тұнығын таптатқанша, әдебиеттегі ғұмырын осы тұстан шорт үзу керек! Поэтикалық сәттердің ұшар басында не жатқанына даңққа жету үшін қызыққандар актерлермен әңгімелессін!
Сіздің өлең жазуға деген қазіргі құмарлығыңыз мақтауға лайық емес, ұятты да емес! Машықты санамен айқындау және тығыздалған қалыпта бастан кешкеніңді баяндау жетілуің мен нағыз адам атануыңа септігін тигізеді. Ал, бәрін ойдан шығарудың, құраудың зияны көп. Ол біраз нәрсені бүлдіреді. Өйткені, Ұлы тақырып көрген-білгеніңде жатыр. Алып сезімдердің жарқын қалпынан ләззат алу үшін керексіз дүниелерден тезірек құтылған жөн. Кейбір жас ақындар тұрмыс-тіршілігіне қарап, ақындық қарым-қабілетіне баға беруге әдеттенген және сезімтал безендірушіге айналған. Бұл ақын болу жолында керексіз, бір жақты, қадірсіз қасиет.
Жастар бойында сезімнің оты барда жазсын! Бүгінгі жиған-тергендері өсіп-жетілулеріне зор септігін тигізеді, қоршаған әлемнің құпияларын түсінуге көмектеседі, әсерленушілігінің қарқынын күшейтеді, ар-намысын, жігерін қайрауды үйретеді. Олардың ақын, я ақын еместігі маңызды емес! Олардың мақтауға тұрарлық, жігерлі, көреген адам боп қалыптасқаны маңызды! Егер, сіз ғаламат әлемнің есігін айқара ашқыңыз келсе, мақсатыңыз айқын болса: өзіңіз оқығанда, жазғанда поэтикалық әдебиеттің сәл ғана болсын қателігіне назар аударыңыз, кішкентай олқылық әділетсіздікке жетелейді. Әлемнің жарқыл-жұрқылына құмартсаңыз, атаққа, мансапқа жету үшін ғана әдебиетке келген болсаңыз, өзіңіздің Һәм біздің әдебиетімізден кетіңіз! Ізгі ниетпен, Гессе Герман.
Неміс тілінен орысшаға аударған Александр НАУМЕНКО
Орыс тілінен аударған Марлен ҒИЛЫМХАН
Ғажап жазылған екен
Осындай мақалалар жиі шығып тұрсыншы