Осынау бір аумалы-төкпелі бейопа өмір мен табиғаттың қабағы да қырық құбылған қыс-ақпанмен үйлесім тауып тұрған шақта, атақты Қадыр ақынша сөз саптасақ, «байдан да, баладан да», қоғамнан да бір қайыр көрмей, төрт құбыласы бүтінделмей асау арманын арқалап 36 жасында-ақ мерт болған   ақын Сағатолла (Сағат) Әбдуғалиевті Тайпақ жұрты 75 жасына орай еске алып, һәм біразы өлеңдерін де тірілткендей күй кешті.

         Болмысынан асау ақынның шоқ шашқан өлеңдерін туған жердің төрінде, бүгінде қалың қардың иелігінде жатқан, өзі талай жырға қосқан Тайпақтағы мәдениет үйінің сахнасында ол туралы бұрын талай айтылған да, айтылмайтын да сырларға ерік беріліп, көптеген көркем ойлар мен ұсыныстардың тұсауы кесілді.

Өзінің жансыз денесі осыдан 39 жылдай бұрын қалың қардың астынан табылған жан туралы шешендер шешіле сөйлеп, ақындар алапат дарын иесіне арнау өлеңдерін оқып, өнерпаздар жоқтаушысы болған индерлік адуынды рухтас ақын Табылды Досымовтың сөзіне ән жазған екі-үш туындысын шырқады.

Тұрпатына тұтпастан түнді бұйым,

Сәби ақын ойлардан сынды миың.

Жыр-анасы жебейді жалғыз ғана,

Пері болған перзенттің жынды күйін,- деп ақынның өзі жырлағанындай,  барлығы да өз үйлесімін тауып, көптен күткен шараның ашылуы Тайпақ жұрты мен Атырау, Оралдан жиналған өлеңсүйер қауымның «Жастар» демалыс саябағындағы  мүсінге гүл шоқтарын қоюымен басталды.

Ал осы бір дүбірлі шараға өзі мұрындық болып, жан-жаққа хабарласып, байыз таппаған Батыс Қазақстан облысындағы 23 Жазушылар одағының мүшесінің бірі, ақын, «Тайпақ ауданының Құрметті азаматы», «Құдай берген талантын толық таныта алмай,ақпанның ақ боранымен алыса жығылған, мүрдесі көктемгі бәйшешекпен бірге қар астынан шыққан қыршын ақын Сағат Әбдуғалиевтің рухын іздеп тағы жолға шықтық, яғни қолға қалам алдық» деп түрлі баспасөзде жар салған Сағынтай Бисенғалиев «Жайықта жауған жыр-жаңбыр» атты бұл еске алуды өз мәнінде ерекше талғаммен, сергек жүргізіп отырды.

Және де ол бұл шараны таптаурын болған еске алу емес, ақынның шығармашылығын таныта түсуге арналған конференция ретінде өткізуге ұйғарым жасалып, бірнеше баяндама тыңдалатынын жария етті. Әрине, ол баяндамалардың бәріне бірдей тоқталуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен әріптесіміз сөз саптауы әсте бөлек «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы» Тілес Жазықбайдың ой толғамдарын әңгімемізге арқау етпекпіз.

Десек те алдымен оқырманына өлеңдерінен от лаулаған ақынды таныстыра кетсек. Сағат Мұхтарұлы Әбдуғалиевтің 1948 жылы 22 ақпанда қазіргі Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келіп, Алматыдағы ол кездегі С.М. Киров (әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып, алғашқы өлеңдері аудандық «Ленин жолы» газетінде 1963 жылдан, облыстық «Орал өңірі», республикалық  «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Жалын» алманағында жарияланғаны, «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты кітаптары шыққандығы туралы деректерді көпшілік арнайы ұйымдастырылған (Ақжайық аудандық кітапхана директоры Роза Мусағалиева) көрмеден көріп, көп жайды көңілдеріне тоқыды. Ұйымдастырушылардың бір жаңалығы-ол ақынның жеке суретін салуға байқау өткізіп, қорытындылауы болды.Ол суреттер де көрмеге қойылыпты.

Ал әр ойын шегелеп, дәлелдерімен үйіріп, досы түгел дұшпанын мойындатар көркемсөзімен танылып қалған әріптесіміз Тілес Жазықбайдың «Сағаттың сағаты соқсын делік»» атты баяндамасын бей-жай отырып тыңдаудың өзі көпшілікке жеңіл тимегендей көрінді. Өйткені, онда шым-шымдап көптеген шындықтардың беті ашыла түсті.

Әдеттегідей сөзін ақынның шалқар шабытынан емес, тыйымы мен тоқтамы көп болған, содан да қоңырқай топтың арасындағы саналысын абақтыға тоғытқан заманның кеспірсіз келбетін бейнелеген Сағаттың «Қырық тұрба» (бұрындары көп жарияланбаған) атты өлеңін таныстырудан бастаған баяндамашының әр ойы жинақы әрі дәлелді естілді.

Төңірегі тік дуалды тікен сым,

Тікен сымға қалайынша құт енсін.

Теперішті тайсалмай-ақ тік көтер,

Жасық болсаң жеті күнде бітерсің.

Тағдырыңнан құтылмассың қашақтап,

Күштімісің қозғалмайтын жасақ тақ.

Машинамен ауып қалған мас болып,

Жиырмадағы жігітіңнің шашы аппақ.

Көрсетуге асығатын «жер түбін»,

Түрме адамның таңдамайды өң-түрін.

Үш жыл алып жетпістегі шал отыр,

Қорқытам деп қырық жылғы кемпірін.

Тұтқындарға қайғы ортақ, төсек тең,

Өкінемін күндеріме бос өткен.

«Қырық тұрба» құтылармын мен сенен,

Таусылмаса кеудемдегі қос өкпем..,-деп назалы өлең жолдарын оқып, баяғы КарЛаг, АЛЖИР болмаса да олардың сарқыншақтары осы батыстағы Ақтөбе, Орал, Жаңаөзендегі тар қапастардың ащы дәмін татып, талай азаптарын еске салған өлең жолдарын тебірене оқыған баяндамашы сөзін көпшілік те ішін тарта үнсіз тыңдады.

-Осының бәрінде де ол біреудің басын жарып, көзін шығарған жоқ. Орынсыз қиянатқа шыдамады. Боқтап жібереді. Ішімдік ішкені де жығылғанға жұдырық болды. Сөйтіп, саналының санаулы ғұмыры темір тордың аржағында күлімсі, сасық иісі шыққан түрменің түбінде өтті.

Заңға сыйымсыз болсаң көретін күнің осы. Не болса соны ілік етіп, түрмеге жабу ол кездің айнымайтын деспесі сияқты. Ал оны Сағат сияқты салмақтай білетіндер сол күйінде қағаз бетіне түсірген, өлең өрген. Осы мен оқыған екі шумақта ой екпіні нені меңзеп отыр.

 Біріншіден, түрменің қатал заңы: жассың ба, жасамыссың ба, бәрібір, заң ортақ. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Кесілген жылдарды арқалап кете барасың, ешкім құтыла алмайды. Үзілген үміт, өшкен от деген осы,-деп ой қорытуы көпшілікті бірден-ақ ерекше елең еткізді.

Автордың мұнысын  әсіресе, ақынның өлеңдері мен азаматтық бейнесін тани түсуге ұмтылыс, бүгінгі елі Тәуелсіздік алған тұста ғана қайта оралып, есімі мен шығармашылығы ел жадына беріле бастағандығын байыппен салмақтай ұғындыра түсу деп түсіндік біз.

-Талай ақынды оқып жүрмін. Әрқайсысының өлеңдерінен от аулайтынымды айтқым келеді. Солардың ішінде табиғаттың тылсым тіршілігін тап басып табуда Сағатты санаулылардың қатарына қостым. Қоспас едім-ау,бірақ төмендегі өлеңін оқығанда көз алдыма жаздың айсыз, тылсым тыныш түнін тербете білген, үзілдіріп үнсіз жырға қосқан ақынды аяламасқа амалым жоқ. Сұлу сурет сөйлеп көрсін:

Жүзінде шүпір-шүпір түйме толып,

Мүлгисің аспаным-ау күйде тұнық.

Зымырандай зулайды жұлдыз-құлын,

Соңынан күміс шылбыр сүйретіліп.

Желпінді жұпар ауа түндікті ашып,

(Жүрегім,жәдігерім жыр-күшке асық)

Тоң-торыс тыныштығын бұзады иттер,

Иттерге үру деген күндік кәсіп,-дейді.

Жүзіне жыр төгілген жаздың мақпал түнін жырға қосқан әлемде екі ақын болса, соның бірі-осы Сағат. Айтуында қапы жоқ. Түнгі аспанның жүзіндегі шүпір-шүпір түйме, жұлдыз-құлын, күміс шылбырдың сүйретілуі, жұпар ауаның түндікті ашуы, иттердің кәсібі сияқты тапқырлықты тануын қалай бағаламассың.

Өлеңнің сүйсіндіріп,сүйекті атануы да осындай соны теңеу, ұтқыр ұйқастың көрінісі. Ол көзімен көргенін жүрегіне түсіріп жыр етті. Оны Жұбан, Қадыр, Жанғали, Рахымжан, Ғайсағали, Табылды,Бауыржан Ғұбайдуллин,Сағынтай, тағы басқасы дәлелдеп жазды да.

Менде ақын туралы бұрын да айтқан едім. Олар мерзімді баспасөзде жарық көрді, кітаптарда басылды. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетінде (30 шілде, 2016 жыл) «Жасын» деген атпен жарияланған мақала Сағаттың санаулы өмірін арқау етеді. Бірақ, ол туралы қаншалықты айтылса да соңғы нүктесіне тірелдік деп ойламаймыз. Себебі әр өлеңінің өзіндік тамыр таралып, оқыс, оқшау ой төбе көрсетіп отырады.

Қазақтың ұлы Абайына кімдер өлең арнамады,кімдер кестелеп сөз төкпеді?! Олардың қатарында,нақтылап айтсақ басында М.Әуезов, А. Байтұрсынов тұрса, Абайдың осал болмағаны ғой.

Алатау төріндегі төре мүсін,

Бұрады сізге менің бөлек ішім.

Жалғыз жіп екеумізді жалғастырды,

Қазақтың қоңыр шекпен өлеңі үшін.

Әзірге жібек емес, жырым-сәтен,

Ботаңның байқадың ба, түрі шат-өң.

Тұлғаңа тағзым етпей тұра алмаспын,

Өнердің өріндегі бірінші әкем!-деуінен не жалғандық көреміз.

Ұлы Абайды Абай еткен М.Әуезов болса, олардан кейінгі сапта Сағатты да атау орынды болар еді.Оған төмендегі ойларым дәлел. Екеуінің арасын бірнеше ондаған жылдар бөліп тұрса да тап табақтас көршісіндей жалғыз жіппен жалғасқан өлең-ғұмыр кеудемізден өшпейтіні кәмбіл.

Абай мен Сағатты қасиетті қара өлең жалғастырып жатыр. Терең түсінігі тамырлы таңғажайып жыр жолдары қолыңа таяқ ұстатқандай. Сөйтіп, оқшау ой алыстан танылса да жақыннан ішкі әлеміңді айқара ашады. Қазақтың қара өлеңі алдында Абай да бала, Сағат та сәби.

 Сағаттың «Өлеңім жібек емес, жырым-сәтен» деуі де түсінген кісіге жібек пен сәтеннің айырмасын көз алдына әкеледі. Тани алсақ өлеңнің тапқырлық тұсы да осында. Сағат өлеңдері бүгіннің де, келешектің де есігін қағып, қалғымайды. Сөйтіп, әркез алдыңнан шығып, айтарын айтып тұрады.

Кербез өлең, кестелі бояу көргің келсе, ақын өлеңдеріне жүгін. Өмірден қиянат көрсең Сағатқа шағын, мұңыңды соған айт. «Сағынышқа саяхат» атты өлеңін оқып көрелік:

Түндердің құбылғанда түсім қырық,

Болады сыртым-бүтін, ішім-бүлік.

Жүректің жанталасқан жалқы даусын,

Айтамын қай пендеге түсіндіріп?!

Шықпайын шындықтан саяқ қашып,

Жегізді қателіктер таяқты ашық.

Келеді сағынышым саған деген,

Өзіммен қырыққа да аяқ басып,-дегені дүниені дүр сілкіндірмесе де дегеніне жетпеген, бірақ оған беттеген жанның жарық одасы.Алған бағытының айқын екеніне өзі сеніп, өзгелдерге сендіруге күш салып келді. Өмірде жіберген қателіктері еске түсіп, ішіне бүлік салса да, сыртынан ешкімге білдірмей сыр мінез танытуын құптайсың.

Жан дүниесін ақтарып алдыңа салмағанмен салғандай күй кешуін көріп тоқтайсың.Жылдардың жылжып, бірін-бірі қуып келе жатқаны қиял деген тұлпардың жалына жармасып,үкілеген үміттің шоғын үрлеп,отын көсеген қайран ақын 75 жас түгіл 40-тың қырқасын да көре алмады.

Барлық жанының қуанышы мен қайғысын бізге қалдырып кеткендей күй кешеміз. Мынау өмірде табиғаттың салғанынан екі аяқты пенделердің салғаны қашанда аяусыз, қашанда қауіпті. Демек:

Сергелдеңдер соқпағында сандал деп,

Түсінбестік-тоздырады жанды әлбет.

Төрт аяқты аңдар маған түк емес,

Түсінбейтін екі аяқты аңдар көп,-деген жан-жарасын түсіну де біздің еншімізде,-деп мазмұнды ойын қорытқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбайдың бұл ойын басқа да баяндамашылар толықтыра түсті.

Атап айтқанда мұғалімдер Қалампыр Қобыландықызы мен Қамажай Илиясованың С.Әбдуғалиевтің өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен насихатталуы жайларын жан-жақты баяндап, оқушыларының ақын өлеңдерін жарыса оқулары өзара  үйлесімін тапты.

Сондай-ақ соңғы кезеңде бұл өңірде үрдіс алған жас ақындарды қолдау өз нәтижесін көрсете бастағаны байқалады. Осы бір игі дәстүрдің оң көрінісін А. Бисенғалиев, Абылайхан Мақсұтов, Бекболат Қалелов арнау өлеңдерін оқуларымен дәлелдесе, Ерболат Мұхтарұлы, Асылан Сапарғалиев, тағы басқалары Сағат аталарының жырларын оқып, құрметке бөленді.

Атап көрсеткен дұрыс, соңғы екі жігіт осы өңірдегі белгілі кәсіпкер, әрі әдебиет пен өнердің шынайы қолдаушысы, дос-құрдасымыз Мұхтар Сапарғалиевтің ұлдары. Олар Табылды ағаларының бар өлеңдерін жатқа білулерімен қатар Сағат ақынның шығармашылығының да шынайы жанашырлары танылып келеді.

Оны шара үстінде сөз алған басқалары даәлденеше рет қайталап, қолдады. Сөйлегендер арасынан республикалық Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің басшысы, Қадыр Мырза-Әлі орталығының директоры Бауыржан Халиолла ақын Сағат Әбдуғалиевтің мол мұрасын болашақта облыс, республика деңгейінде насихаттап, танытуға бағытталған жоспарлы шараларға, ұсыныстарға арнады.

Олардың бастылары-жазға таман арнайы Сағат ақынға арнап, республикалық мүшайра ұйымдастыру, өлеңдер мен естеліктерді жинақтап кітаптарын дайындау,облыстағы одақтың 23 мүшесінің (оның 3-уі Тайпақ ауданынан) туған жерлеріне көрнекі бильбордтарын орнатып, насихаттау, ақын есімін көшеге беру, тағыда басқа ұсыныстарын ортаға салды. Өкінішке орай, бұл ұсыныстардың бірқатары ақынның бұрынғы мерейтойлары кезінде де айтылып,  біразы орындалмай қалғандығы да белгілі болды.

Осы ретте ақынның көзін көрген ел ағалары Болат Дошаев пен Сейілхан Зейнетовтың сөздері де көпшілікті бей-жай қалдырмады. Әсіресе, осындағы саз мектебінің мұғалімі болған Сейілхан ағамыздың бір кездескенде Сағат ақын ұлына арнау өлең жазып берген оқиғаны жып-жылы әрі әсерлі етіп айтып, жатқа оқып беруі, көп жанарға жас ұялатты.

Шыны керек мұндай оқиғалар ауылдастары арасында өте көп екен. Бірақ оны жинастырып, кітап етіп шығару ісі әлі де кеңінен жүрмей жатқанына Сағынтай бастаған топ қынжыла сөз етіп отырды. Сондай-ақ қыршын кеткен ақын басына қойылған белгінің қиратылуы, басқа да тындырылған шаруалардың күтіп ұсталуы да өз дәрежесінде болмай отырғандығы ашық айтылып, көпшілікті ерекше алаңдатты.

Сағат ақынның шығармашылығын халыққа кеңінен таратып, танытудай қасиетті іске индерліктер де ерекше үлес қосып жүргендегі осы шара үстінде ерекше сөз болды. Алғашқы жинақтарының бірін бард ақын Табылды Досымов Алматыдағы баспадан шығуына үлес қосса, ақынның өлеңдері мен өмір жолы аудандық «Дендер» газеті арқылы көпке жетіп келе жатқандығы жөнінде ардагер-журналист ретінде осы жолдардың авторы мен бас редакторы Жанай Амантурлин, ақын-термеші Әбдіхан Есенғалиев те сөз етіп, ән шырқап, сыр бөлісті.

Ал осы шараның өтуіне атсалысқан аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов жыр сүйер қауымды арнайы құттықтаумен бірге Сағат ақынның ұлы Айқын, қыздары Махмуда мен Фарида бастаған ұрпақтарын сахнаға шақырып, сыйлықтар ұсынды.Олар өмірден ерте өткен әкелерін еске алып құрметтегендерге алғыс айтумен бірге, естеліктерге ерік берді.

-Әкеміздің 75 жасқа толуына арналған керемет бір шара өтіп отыр. Сіздерге көп рахмет. Бар-жоғы 36 жас-ақ өмір сүріп, ерте кеткенде мен 4 сыныпта оқыған екенмін. Өзім атам мен әжемнің қолында тәрбиеленген соң еміс-еміс есімде әкем анда-санда ата-анасына келіп кететін еді.

Оқушылар оқыған өлеңдерде айтылып кеткендей, әкеміздің тағдыры өте қиын болды.Маған шығарған өлеңінде («Көке-қыз» Махмудаға) айтылғандай әкеміздің өмірінің жақсы жақтарынан гөрі тағдыры мұңды,  қиындықтары молырақ болып өткен.

Әжемнің айтуынша өзі кіндіктен жалғыз екен. Сол кездегі қоғамға да өкпесі көп болғандықтан, өткір өлең мен бетке айтқан сөздері көп адамға жақпаған, шығармашылығы, сондықтан ол кезде көп еленбей, тасада қалған. Бертін келе есейгенде әкеміздің тума талант болғанын сезіндік, мақтан тұтамыз. Алайда әртүрлі себептермен абақтыларға жиі қамалды. Оның мән-жайын бізге әлі күнге ешкімде ашып айтпайды.

Шамаласам, екінші не бірінші сыныпта оқып жүргенде әжем сауатсыз болғандықтан алыс жолдағы әкеме сәби болсам да хат  жазып, амандағымызды  жеткізетінмін. Өлеңдегі «Қоңырау-хат» деген жолдар соны аңғартса керек,-деп толқи тұрып сыр шерткен Махмуда қызының мұңлы үні көп жүректерге жетіп, көңілдері босап, жанарларға жас моншақтары үйірілді.

Ақынның бұл «Көке-қыз» өлеңіндегі:

 Орайда омбы қарды омыраулап,

Кеткенде қияндарға жолым аулақ,

Майысып саусақтарың-өзің жазған,

Соңымнан кісінейді қоңырау-хат,- деп жазған жанды елжіреткен жыр жолдары осы ғой.Махмуда әкесінің көп өлеңдері жинақталмай, әр жерде қалып, тіпті біреулері оның шығармаларын иемденіп кеткендерін де жасырмай айтып, өкініш  білдірді. Десек те:

О тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жаратылған мән ұқтым.

Ата-ананың жүрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың,-деп әкемнің о бастан-ақ мақсатын өзі жырлағандай, оның соңында өлеңдерін түсінетін халқы бар екен. Енді баршасы біле жүрсін Тайпақта  Сағат деген ақынның болғанын. Жырлары оның өлмесін,-деп қорытқан еді сөзін қызы.

 Оның ойы мен ризашылығын екінші қызы Фарида да жалғастырып, әкесінің еске алу шарасын өткізгендерге алғыс айтты. Ол әкесінің Тайпақ жерінде қатардағы жай бір адам болып өтпей, талантты ақын болғанын, Ақ Жайықтың, Жұбан елінің мақтанышына айналғанын ерекше екпін бере айтып «Тайпақ жерінде әкеміз сияқты ақындар көп болсын»,-дегенінде перзенттің бұл жүрекжарды тілегіне көпшілік те ду қол соғып, қолдау білдірді.

         Асылында:

Тәжікемді жеткізбейді от тіл кем,

Өтті, кетті қателіктер бет тілген.

Әкім ұлы болмай жалғыз әкенің,

Ақын ұлы болып елдің кеттім мен!-деп өзі де жырға қосқан Сағат Әбдуғалиевтей арыстың 75 жылдығы «Тұлпардан туған тұяқтар, Есек болмайды ешқашан» дегенді дәлелдеп,поэзиядай пәк әлемнің мәңгі сөнбес үміт шамын маздатаТайпақтың төрін бір дуылдатқаны әсте ұмытылмасы хақ.

С.ХАЛЫҚОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *