«Егер Абай өз ұлтының шыңдалуын мұрат тұтса, Мұхтар Әуезов сол ұлттық құндылықтарды адамзат мәдениетінің асқаралы шыңдарымен жалғастырған алтын көпір болып, тарихта мәңгі қалды. Олай болса, бұрынғы ұрпаққа да, бүгінгі және болашақ ұрпақтарға да түркі әлемінің айтулы тұлғасы Мұхтар Әуезовті тану – ұлтты тану деген ұлы ұғыммен ұштасады».

(Алтай Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик)

         Мұхтар Әуезовтың ағартушылық-педагогикалық және психологиялық көзқарастарының қалыптасу жолдарының басқа зиялы қайраткерлерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері болды. Оған болашақ көрнекті жазушының қалыптасу ортасын тереңірек талдау арқылы айқын көз жеткізе аламыз.

Семейден басталар жолды шартты түрде жазушы өміріндегі ағартушылық кезеңнің басы деп алсақ, Ленинград университетіндегі студенттік, Ташкенттегі Орта Азия университетіндегі аспиранттық жылдар М.Әуезов өміріндегі бұралаңы мен бұлтарысқа толы шыңдалу кезеңдері болды. Өйткені, оның белгілі фольклор зерттеушісі, абайтанушы, қазақ әдебиеті оқулықтарының авторы есебінде танылуы да, тұтас көзқарасының қалыптасуы да, тіпті жазықсыз жапа шегуіде ХХ-ғасырдың 30-жылдарының еншісіне тиеді.

Біздің байқауымызша, М. Әуезовтің өмір жолын орта мектепте оқыту барысында, жазушы шығармашылығының жоғарыда аталып өткен тұстарын тереңдей қарастырып, оның ағартушылық-педагогикалық бағыты мен жазушылық  жолының жарыса, қатар қалыптасуының объективті жақтарын оқушы жасөспірімдерге жете түсіндіру жағы кемшіндеу түсіп жатады.

Қазан төңкерісінен кейін, елдің  әрбір саналы азаматының алдындағы ең басты міндет – сауаттану мен бұқара халықты сауаттандыру міндеті тұрғаны мәлім. Өз сауатын ұлы ойшыл Абайдың қолжазбаларын оқып ашқан М. Әуезовті жас кезінен бастап-ақ қазақ халқының ауыр халі, әсіресе рухани қараңғылығы қатты ойландырды. 1960 жылы Кентау қаласында болған бір кездесуде: «Ол кездегі оқыған жастардың арманы қараңғы елді сауаттандыру болатын. Сол мақсатпен Қаныш (академик Қ.И.Сәтпаев) екеуміз де мұғалімдер семинариясында оқыдық. Дәл сол бір жылдары бізде бала оқытып, ұстаздық етуден артық арман бола қойған жоқ», — деп көрсетеді жазушы. Шындығында да, мектепте бала оқытпағанымен М.Әуезов бүкіл өмір бойыоқу ісі, ағарту мәселесі, ұстаздық ету төңірегінде ұлағатты пікір айтып, мол мұра қалдырған ойшыл ұстаз болды. 1923 -жылы желтоқсан айында Ленинградтан Семейге келген ол, мәдени-ағарту қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты осында қызметке қалдырылады. Қазақ педагогикалық техникумында қазақ әдебиеті тарихынан, әдебиет теориясынан; Кеңес партия мектебінде қазақ, орыс әдебиеттерінен және Ресейдегі революциялық қозғалыс тарихынан лекциялар оқиды. Ұстаздық жолын алғаш рет осылай бастаған М.Әуезов кейін  КазПИ-дің, КазМУ-дің профессоры бола жүріп, талай білікті ұстаздарды даярлауға ат салысты. Бұларға қоса оның 1954 жылы МГУ-дің КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болып, қазақ әдебиеті тарихынан лекциялар оқыған алғашқы қазақ ғалымы екенін де айта кеткеніміз жөн.

Халықты сауаттандыруға, әсіресе жастар оқуына аса мән берген ағартушы М.Әуезов «Абай» журналының 1918 жылғы №1 санында «Оқу ісі» атты көлемді мақаласын жариялайды. Мақалада, ұлт мектептерін ашудың қажеттігін нақтылы дәлелдей келіп, оның кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтады. Алайда, ол кездерде ұлттық мектептерді аша салуоңай іс болмайтын. Сондықтан, М.Әуезов сол кезде мектеп ашу үшін ең басты кедергі болып табылатын үш түрлі жағдайды атап көрсетеді: «біріншісі – бастауыш мектептерге бәріне бірдей мұғалім жоқтығы; екіншісі – оқу құралдарының тапшылығы; үшіншісі – ілгері оқитын мектептердің ашылмай тұрғандығы һәм тез уақытта болмайтындығы».  Осы үш мәселе төңірегіндегі Қазақстанның хал-жайын және мүмкіншілігін терең талдай келіп, ол: «біз ең керекті істі салақсып артқа тастап барамыз, бұған барлық күшті жұмылдыруымыз керек, бұл кезек күттірмейтін іс», — дейді. Оқу ісі жөнінде өзінің ұсынысын жасайды. Олар: жуық арада белгілі бір жүйедегі оқу программасын жасау; қолда бар оқу құралдарын толықтыру және дайындау; семинария бітіргендерді жинақтап, өздерінің түбегейлі жұмысы оқытушылыққа тарту; жоғары оқу орындарына шәкірттер жіберу; мұсылманша сауаттыларға тәрбие ғылымы, земство, право тағы басқа тақырыптарда халыққа пайдалы дәрістер беріп, кейін оларды халықты сауаттандыру ісіне кеңінен тарту мәселелері.

Дарынды ұстаз, тек оқу мәселесі жөнінде жалаң пікір айтушы теоретик ғана емес, сол іске тікелей араласқан ұйымдастырушы да болды. Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға басшылық қызметке ауысқан М.Әуезов 1922 жылы сәуір айында Семейге іс сапармен келеді. Осы іс сапар барысында үкімет алға қойған басқа қыруар жұмыстармен бірге оқу мәселесі төңірегіндегі істерге де белсене араласады. Ол 1922 жылы 20-мамырда «Семей губерниялық оқу бөлімінің ақша қаражат жағдайы туралы» мәселе қаралған губерниялық мәслихатқа қатынасса, 8-маусымда мектеп үйлерін бұрын кіріп алған мекемелерден тез арада босату мәселесін жедел шешуге кіріседі.

1925 жылғы 8-қаңтарда «Ауыл»  газетінде жарияланған «Бәрекелде» деді ме екен?» атты мақаласында М. Әуезов қазақ даласындағы ауыл мектептерінде оқыту жұмыстарының нашар дәрежеде екендігін, ал оны бақылайтын оқу инспекторларының өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтындығын қатты сынға ала келіп, «үкімет өзінің болмашы қорының денін оқыту жұмысына жырып беріп отырғанда, оқытушылар бетімен қыдырып жүрсе, инспекторлар мұндайларды тексермей жүре бердім деп отырғанына губерниялық оқу бөлімі «бәрекелде» дей ме екен», — деп жазады.

Еліміздің білімін, мәдениетін көтеруде, қазақ әдебиетінің тарихын, қазақ жастарының әр буындарына арнап оқулықтар мен оқу құралдарын, курс программаларын жазу ісінде Қазақстан мәдениет қайраткерлерімен бірге М.Әуезовте ерекше еңбек сіңірді.

М.Әуезов қазақ әдебиетін, қазақ әдебиеті тарихын, олардың программаларын жазуда ғылыми-диалектикалық жолды, методты пайдаланды. Әдебиеттану саласын басқа қоғамдық ғылымдармен байланыстыра зерттеді. 1925 жылы Ленинград университетінде оқып жүріп, қолжазбасын аяқтаған «Әдебиет тарихы» кітабын автордың: «Қазақ шөліндегі білім бұлағының күрекшісі – қазақ оқушыларын арнадым», — деп жазуында үлкен мән бар. Өйткені, Қазақстан  өкіметі орнасымен-ақ, ана тілінде оқытатын сан түрлі оқу орындары қаптай ашылып, ана тілі мен әдебиеті арнайы пән ретінде тұңғыш рет оқытыла бастаған болатын.

Шынында да, дәл осы тұста республикамызда жүздеген бастауыш мектептер, сауат ашу курстары, оқытушылар даярлайтын техникумдар ашыла бастады. Мектеп ішіндегі оқушының ақыл-сезімін тәрбиелеп, қалыптастырып жетілдіретін әдебиетті дамыту, оның тарихын жазу арқылы бүкіл қазақ халқының өткеніне көз жүгірту, рухани өсу тарихын баяндап беру керек болды.

Сонымен, «Әдебиет тарихы» 1927 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылорда қаласында жарық көрді. Оқулық 7 бөлімнен тұрады: І. Сыршылдың салт өлеңдері; ІІ. Батырлар әңгімесі. Кіші батырлар; ІІІ. Ел поэмалары; ІҮ. Тарихи өлеңдер; Ү. Ертегілер; ҮІ. Айтыс өлеңдер; ҮІІ. ХҮІІІ-ХІХ-ғасыр ақындары;

Педагог М.О.Әуезовтің «Әдебиет тарихынан» кейін қазақ балаларына өз тілдерімен қатар елімізде ұлт аралық қатынас тілі болып табылған орыс тілін бастауыш кластардан бастап оқытуға негіздеп хрестоматия үлгісінде жазған оқулығы. Бұл оқулық Қызылорда қаласында 1929 жылы «Новый аул» деген атпен басылып шықты. Оқулық шағын 7 тараудан тұрады.

Жас жеткіншектерді тазалыққа тәрбиелеу, сол арқылы олардың дені сау, денесі шымыр болып өсуі – барлық кезеңде де санитарлық-гигиеналық тәрбиенің басты мақсаты болғаны белгілі. Ғалым-ұстаз өз оқулығының «Охрана здоровья» деп атаған бөлімінде жастар тәрбиесінің осы бір жағына аса көңіл аударған. Ол жас жеткіншектерді жаман әдеттен бойын аулақ  ұстауға шақырып, хрестоматияда «Не кусайте ногти», «Дыши носом» деген қысқа әңгімелерінде тазалық  ұстанудың қарапайым жолдарын  ұғындыра баяндайды.

М. Әуезовтың ойшыл,  әрі ғалым-педагог ретінде өз келбетін танытқан  іргелі жұмысының бірі бастауыш мектеп программасына сәйкес жазылып, 1930 жылы Қызылордада жарық көрген «Жеткіншек» атты ересек жастар мектебіне арналған оқу құралы. «Жеткіншекті» бұл күндері тек қана оқу құралы деп қарамай, сол кезде жаңадан үміт күтіп, оған қарышты қадам басқан қазақ қоғамы өміріндегі саяси соны құбылыстарды бейнелейтін жалпы қоғамдық ғылымдар саласын дамытуда өзіндік орны бар еңбек деп бағалаған жөн. Зерделі зерттеуші осы еңбектен болашақ ойшыл, ғалым-ұстаздың жалпы дүниетанымының,қоғамдық көзқарастарының қандай тұрғыда қалыптасқандығын, өмірде ұстанған позициялары мен принциптерінің негізгі бағыттарын айқын аңғарары сөзсіз.

Жоғарыда біз, атап қана өткен М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы», «Новый аул», «Жеткіншек» оқулықтары мен «Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа мен түсінік хаты» тек Қазақстандағы педагогика саласын дамытуда ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдар саласының дамуына қосылған қомақты үлес болды.

М. Әуезов жан жүйесі ғылымы-психология саласында арнаулы еңбектер жазбаса да, біздің оны ойшыл-жазушы, психолог деп тануға толық дәлеліміз бар. Егер жазушының шығармашылық лабораториясына назар аударсақ, оның психологиялық көзқарастарын екі салаға бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі, М. Әуезовтің тікелей жазушылығымен байланысты болса, екіншісі қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды, оқу-ағарту ісінің жайын, мәдениет пен өнердің көптеген проблемаларын қозғаған зерттеулеріне қатысты.

Жазушы өзі сомдайтын образдарда адамның іс-әрекеті мен мінез-құлқы, сөйлеу мәнері, болмыс-бітімі жағынан бір-бірін қайталамауға, олардың әрқайсысын өз ерекшелігімен көрсетуге, шығармадағы әрбір көркем образ нақты өмірдегі жеке адамдардың, жеке ұлт пен ұлыс өкілдерінің әдебиеттегі көшірмесі болуына назар аударады.

Адам баласына эстетикалық ләззат сыйлауға музыкалық шығармалардың орны бөлек. М.Әуезов осы орайда, адам психикасына әсер ететін, жүрек қылын шертетін қазақ әні мен күйінің тәрбиелік мәнін жоғары бағалайды. Ән мен күйдің адамға эстетикалық тәрбие берудегі маңызы жайлы «ән мен күй қазақ халқының тұсауға болмайтын қуанышы, жүректен шығып адамды тебірентпесе ән тыңдаушысына жетпейді», — деп көрсетеді.

Кемеңгер жазушының психологиялық пікірлерінің ендігі бір өзекті саласы – мұғалім психологиясына қатысты мәселе. 1930-жылғы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Қазақ шаруа жастары мектебіне арналған программа мен түсінік хат» деген еңбегінде мұғалімдік жұмыстың психологиясы, яғни педагогикалық психологияның мәселелері байыпты сөз болады.

Ұстаздық еңбектің өзгешелігі ең алдымен, оның адам психологиясымен тікелей байланысты болуында. Сондықтан, ұстаздық еңбек – адамды ертеңгі күннің бағытына, болашағына бағдар береді. Нағыз ұстазға тән қабілет, қасиеттерді Әуезов былайша тұжырымдайды. «Ең алдымен эрудиция; әр жастағы баланың даму ерекшеліктеріне сай келетін тәрбиенің тиімді жолдарын таба білу; баламен тіл табыса білу шеберлігі; ақыл-парасаттың мол болуы; оқу мен тәрбиенің жаңа методтарын практикаға батыл енгізу; оқушылардың ықыласы мен сеніміне бөлену; ұйымдастырушылық қабілетіне ие болу т.б. Міне осындай қабілет-қасиеттерді өз бойына жинаған мұғалім ғана – нағыз ұстаз бола алады», — дейді жазушы.

Осы аталған ерекшеліктердің ішінде, ол мол эрудициялықты айрықша бөліп қарайды. Өйткені, мұғалімнің жан-жақты ой-өрісі, қоғамдық өмірден, табиғат құбылыстарының сырлары мен ғылымның әр түрлі салаларынан терең хабардарлығы, өзін қоршаған ортаға белсене араласуы – ұстаздық қызмет үшін ең қажетті, ең бағалы қасиет. М.Әуезов «пән мұғалімдері өз сабағында түрлі ғылымлардың жетістіктерін кеңінен пайдалануы тиіс», — деп көрсетеді. Мұғалім оқушының сабаққа деген қызығушылық сезімдерін туғызуы тиіс. Тұрақты қызығу баланың сабақ үлгеріміне, білімді терең алуына жәрдемін тигізеді.

Мұғалімнің жеке басының қасиеттерінің бірі – оның сөз саптауы. Себебі, сөз – мұғалімнің сабақ процесіндегі басты құралы. Көрнекті жазушы «оқу – тәрбие процесінде сөз басты құрал болғандықтан, мұғалімнің сөзі айшықты, образды, психологиялық сапасы жағынан жоғары болғаны жөн», — деп ескертеді.

Жазушы оқушыларды оқуға, сөйлеуге, жазуға дағдыландырудың нақтылы жолдарын ұсынады. «Балаларды оқуға дағдыландыру процесінде мұғалімнің міндеті мынадай болуы шарт: ұғымға жеңіл мазмұнды әңгімелерді іріктеп алып, оны қатты әрі ақырын оқытқан жөн; бала тексті оқығанда, оның материалды анық әрі ырғақты оқуына бақылау жасап оқытылуы, әңгіменің ұғылмай шашау қалатын жері болмауы керек; әңгіменің көркемдік ерекшеліктеріне, әсіресе тіліне оқушылардың назарын аударып отырған дұрыс; оқуға дағдылануда, оқушылардың тілін дамытуда өлеңдер жаттаудың көп септігі тиеді» , — деп түсіндіреді. М. Әуезов баланы сөйлеу, жазу тіліне дағдыландырудың да әр түрлі амалдарын айтып, ол дағдылардың өмірдегі маңызына айрықша назар аударады.

Әсіресе, жазушының халқымыздың психологиялық ерекшеліктері жөніндегі пікірлері атап өтерліктей маңызды. Себебі, белгілі бір халықтың немесе ұлттың өзіне тән мінез-құлқы, темпераменті, талғамы, әдет-ғұрпы, эмоциясы болатыны белгілі. Олар өздерінің бірсыдырғы тұрақтылығымен айрықшаланып, қоғамдық сананың барлық түрлеріне өзінше бояу беріп тұрады.

Сонымен қатар, М.Әуезовтің адамның ақыл-парасаты мен білімін, асыл қасиеттерін дәріптеген психологиялық пікірлері молынан ұшырасады. Мәселен, «Адам психикасының тамаша көрінісі – ақылдылықты адам көркі деп бағаласа, ерік-жігер сапасының бірі – сабырды «ақылдың серігі» деп, ақыл мен сабыр бірлескен жерде парасатқа жол ашылады, адам өзінің алға қойған мақсаты үшін барлық мүмкіндіктерін толық пайдалана алады», — деп пайымдайды.

Айтар ойымызды қорытындылар болсақ, өзінің шығармашылық тағдырын халқының, елінің, жұртының мақсат-мүддесімен табыстыруды көздеген, олардың ой-арманын, көңіл күйін терең толғана сезінгісі келген педагогика мен психология ғылымдары саласындағы әрбір ғалым Мұхтар Әуезов мұрасынан ғибраты мол, ғажайып тағылым алары сөзсіз. Кемел жазушы-академик М.Әуезовтің шығармашылық мол мұрасын мектептен бастап бүкіл өскелең ұрпаққа жан-жақты зерделеп жеткізу, олардың санасына сіңіре білу бүгінгі аға буынның адамгершілік борышы, адамдық парызы, адамзаттық қарызыболары ақиқат. Сонда ғана, келешек ұрпақтың М.Әуезовтың шығармашылығы мен педагогикалық-психологиялық көзқарастарына терең назар аударары хақ және асыл мұраны бүгінгі замандастарымыздан артық болмаса кем құрметтемейтіні даусыз!

Айдар Рамазанұлы Сабиров,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *