Өндірісте шығармашыл жастардың қатары артып келеді. ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының зертханашысы Еламан Марат өндірістегі қызметін – өзіне бұйырған бақ деп санайды. Ол Хромтау тау-кен техникалық колледжінің үздік түлегі. «Word-Skills-2019» ұлттық чемпионатында 38 қатысушының арасынан алтын медаль иегері атанған бозбала осы кәсіпорында еңбек етеді.
Топ кәсіпорындарындағы жастарды біріктіретін Жастар кеңесі бар. Еламан – сол Жастар кеңесінің Еуразиялық Топ бойынша ең жас төрағасы, комбинаттың Жастар кеңесінде идеялардың генераторы. Кезінде әртіс болуды, фильмдерге түсуді армандаған жігіт комбинаттың жетпіс шақты қыз-келіншегінен құралған химиялық зертхана ұжымының жалғыз түйір азаматы.
Шын талант қай жерде жүрсе де, түбінде жарып шығады. Ата-анасының кеңесімен колледждегі «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына түскен ол 2019 жылы «Word-Skills» аймақтық чемпионатының жеңімпазы атанды. Әрі қарай республикалық турнирге жолдама алған үздікті комбинат директоры орталық зертханаға, кәсіби мамандардың ортасына тәжірибе жинақтауға жібереді. Оған мықты тәлімгер бекітіліп, болашақ зертханашының жеңіске жетуіне зертхана ұжымы да барынша атсалысқан. Тыңғылықты дайындығымен сол жылы Астана қаласында өткен ұлттық чемпионатта алған алтын медалі – Еламанның еңбек жолындағы тұсаукесері болды. Сол жылы республика колледждері бойынша Топ-100 студенттің қатарына енді.
Еламан хром кенін компоненттерге бөлуде алдына жан салмайды. Ол бұл істің жілігін шағып, майын ішкен маманға айналып үлгерді.
– Зертханадағы күн сайынғы жұмыс маған қызықты. Жалықпаймын. Әр қателіктен – сабақ, әр жеңілістен – жігер алу керек. Бірде маған бір талдауды шығару қиынға соқты. Неге екенін білмеймін, алюминий мен магний талдауын қанша жасасам да шықпай, жұмысқа ынтам кете бастаған кездер болды. Алайда, қайтадан бойымды жинап, тура екі айда осы талдауды үйреніп алдым, — деп жұмыстағы қызықтарымен де бөлісті.
Мамандығын жақсы білетін қызметкер комбинаттың Жастар кеңесінде төрағалық етеді. Оны осы жауапты іске комбинат жастары бір ауыздан сайлап, қолдаған болатын. Жұмыстан бос уақытында жастарды қоғамдық өмірге белсене атсалысуға шақырады. Спорттық, қайырымдылық шараларды жиі өткізеді.
– 2020 жылы апамның үйінде өрт шығып, сол оқиғадан әкемді аман алып қала алмадық. Әкемнің өлімінен соң, айналамнан алыстап, тұйықталып кеттім. Содан біраз ойлана келе, бұлай жалғаса беруін қаламадым. Сол кезде менің бар ойымды, назарымды аударған Жастар кеңесінің жұмысы болды. Сол қиын шақта маған демеу болған – жастар кеңесіндегі достарым. Сол үшін де мен бұл ұйымның жұмысын үлкен сүйіспеншілікпен орындаймын. Оңаша ойдан арылтатын ортаға айналды, — деді Еламан Марат.
Рухани демалыстар, бос уақытта кітап оқу, билеу – Еламанның сүйікті ісі. Гарри Потердің, Харуки Муракамидің «Безцветный Цкури тадзаки и годы его странствий» кітабы және Дэниел Кизтің «Удивительная история Билли Миллигана» туындысы – оның сүйікті шығармалары екен. Цехішілік өнер байқауларынан қалмауға тырысады. Өлең де шығарады.
«Өмірлік мақсатыңыз қандай?» деген сұраққа – «нақты бір өмірлік мақсатым бар деп айта алмаймын. Бастысы дұрыс адам, мықты маман болып, әкемнің атын шығарып, қызметімді абыройлы атқарсам, арманым жоқ» деген Еламан Жолайұлының болашағынан көп үміт күтуге болады.
Арайлым ҒАНИ
Жастарга жол беру керек
Әріптесім, жарайсың!
Жас маманнан бас маманға өсе берсін! Өзіне сенімді жігіттің түрі
Керемет, әсерлі сұхбат болды. Жарайсың жаным тек алға! Болашағың жарқын болсын🤲
Сенімен мақтанамыз жаным ❤болашағың жарқын болсын