Иә, өнер халықты эстетикалық мәдениет пен биік адамгершілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы.Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен бағаланып, сараланады десек, жергілікті жерде бұл игі іске жауқазын жастармен қатар, үлкендер де, соның ішінде ақ жаулық аналар, әжелер де лайықты үлесін қосып жүргенін әсте мақтан тұтуға, кім-кімге де үлгі етуге болады.

Оны біз аудандағы халықтық «Ару-Ана» әжелер ансамблінің (жетекшісі: республикалық әнші-термешілердің бірнеше байқауының лауреаты, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Еркін Әубекеров) Елтай мен Аққала ауылдарындағы басым бөлегін аға-буын өкілдері құраған көрермендер алдында қойған «Ардагерлер әуендері» атты концерттік бағдарламасын көре отырып, үлкендер иығындағы осыншама жауапкершілік жүгінің маңызын тағы бір сезіне түскендейміз.

Осы ұлттық өнер жаухарларын ауыл,аудан, облыс, тіпті республика сахнасына тынбай насихаттап келе жатқан әр салада еңбек еткен кент әжелерінің басын құраған ансамбльдің тура 17 жылдай бұрын тұсаукесер концертіне қатынасып, бүгінгі атауын қоюға да қатысқанымыз бар-ды.

Ол кезде құрамда «Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер», бүгінде 85 жасқа толатын Ұлдай Аманғалиева бастаған әжелер болған еді. Сол сәтте сан түрлі ұсыныстар қатарында, ұмытпасам, көпшілік болып Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Сансызбай Базарбаев ағамыздың «Ару-Ана» атауына тоқтаған едік.

Бүгінде сол жасы егде тартқан әже-апаларымызды зейнеткерлікке кешірек шыққандар толықтырып, ұжымды ұдайы жаңа жетістіктерге бастап келеді. Мұндай ұжымдар ауданның әр ауылында да құрылып, жиі болмаса да сахнада көрініп жүргендерін де мақтанышпен айтуға болады.

Осы кезеңде, атап айтқанда 2022 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» атағы берілген ұжымның репертуарлары да байытылып, жаңа шығармалармен үздіксіз толығып келеді.

Бір қуанарлығы, сол алғашқы топта болғандар қатарындағы ұжым жетекшісі болған мәдениет ардагері Бақыт Жайымова мен Сағида Машанова, Марусия Жалбырова, Дәмелі Досқалиева, Роза Қаятова, Мәншүк Басарова, Бақыт Ғабдуллина, Сайрагүл Тұлымшақова, Мейіз Орынбайқызы, тағы басқалары өнер жолдарынан айнымай, сәтті жалғастырып, өзгелерге үлгі болып келеді.

 Осы ретте аға буынның атап көрсетер бір бағытты ұстанғаны, басты ерекшеліктеріне де тоқтала кеткен дұрыс сияқты. Алдымен әжелердің бірөңкей ұлттық қазына халық әндерімен қатар, бүгінде сахнада жиі орындалмай кеткен шығармаларға да жаңа әр беріп, көпке ұсынып жүргендерін  атаған жөн.

Екінші ерекшелігі-олардың репертуарлары арқылы Ілья Жақанов, Айтқали Жайымов, Бәкір Тәжібаев, Абдолла Мусағалиев, Қалдыбай Тілегенов, Табылды Досымов, тағыда басқа жергілікті талантты тұлғалардың шығармалары тынбай насихатталуынан көруге болады.

Айтқанның дәлелі, Елтай мен Аққаладғы концертті әжелердің М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Балғаным Бақтиярованың сүйемелдеуімен сахна шымылдығын жерлесіміз А.Мусағалиевтің «Ақ көгершінмен» ашуы. Өнерпаздар Дәмелі Досқалиева Б. Тәжібаевтың «Ақбұлақ», Роза Қаятова «Туған жер», Бақыт Жайымова Т. Досымовтың «Қарагүл», Сағида Машанова мен Марусия Жалбырова Қ.Тілегеновтың «Арайлым» әндерін бірнеше дауыста шырқап, ауылдықтарға зор әсер сыйлады.

Көрермендер болса бұл қуаныштарын ду қол шапалақтаумен ғана емес, әжелерге қосыла ән айтып, жып-жылы ризашылықтарымен де көрсетті. Елтайдағы концертте  соңынан ауыл әкімінің міндетін атқарушы Алмат Махметов те Алғыс хат пен  сыйлығын тарту еткенде осы жайды ерекше атады.

 Ал, Елтайда зейнеткер Нәсіпқали Қабдырашов сонау жылдары Ынтымақта  сыныптасы болған Сағида Машанова әжемен бірге оқығанын еске алып, гүл  ұсынса, зейнеткерлер Фарида Темірболатова, Зоя Досқалиева, Рая Шәріповалар да осы тілекті қоштады. Сондай-ақ Аққалада өнерпаз әжелерді 86 жастағы Анастасия Васильевна мен ауыл ардагерлер алқасының төрағасы Сағытжан Бисенов қызу құттықтап, алғыстарын жаудырды.

Жоғарыдағы ерекшелікке байланысты осындайда еске түседі ансамбль жетекшісі Еркін Әубекеровке қарата Қазақстанның Еңбек Ері, сазгер Ілья Жақанов ағамыз бір кездескенде: «Жергілікті жерде сіздер шет елдік, болмаса жарқ-жұрқ еткен, сөзі де шала қазіргі жаңа әндерді орындап, абырой таппайсыздар. Қайта жергілікті жердегі таланттарды қолдап, олардың ұмытылған әндерін тауып, өңдеп, жаңа мәнермен орындап, өз қолтаңбаларыңызды қалыптастырыңыздар.

Сондай-ақ ел арасында сақталып қалған халық әндері мен кең даланың сал-серілері, талантты тұлғаларының әндерін сахнада насихаттаудан талмаңдар. Сонда ғана сіздерді алдымен ауыл, сонан соң жоғарыдағы көрермендеріңіз қолдап, концерттеріңізді әркез күтіп жүретін болады. Бүгінгі ауылдағы мәдениет үйлерінің де негізгі мақсаты осы емес пе»,-деген мағынадағы сөзі санамызда қалыпты.

Сөзінің өтеуіндей, ансамбль ағамыздың біраз туындысы, соның бірі «Шолпан жұлдыз» әнін репертуарына алып, өзіне шеберлікпен орындап бергеніне ерекше риза болып, алғысын жаудырған да болатын. Шынында да әжелердің орындау мәнеріне сәйкес келетін бұл әнді қос ауыл тұрғындары да ерекше жылы қабылдады.

Осындай ерекше ризашылықпен қабылданған шығарма-Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әні. Бұл әннің аталған қос ауылдың әркез жанына жақын естілетінін, жылы қабылдайтынын әрі олардың өз орталарында күні кешеге дейін жүрген Еңбек Ері Маржан Енбаеваға, сол бір қарапайым жанға деген сағынышын анық ұққандай болдық.

Соңғы жылдары көп сахнада орындалмай жүрген С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні де әжелер репертуарындағы аталған  ерекшелікке жататын шығармалардың бірі екені сөзсіз.

Әжелер халық әндері «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ой-жайлау» және «Беу, айдай» (Дәмелі Досқалиева, Роза Хаятова, Гүлбану Ғаббасова, Балғаным Бақтиярова), «Әри-айдай» (Бақыт Жайымова мен Мәншүк Басарова) және республикалық байқаулардың жеңімпазы, өнерпаз жігіт Мұратбек Жұмашев пен Тимур Нұрмағамбетов шырқаған әндерді де қос ауыл көрермендері жылы қабылдады.

  Міне, ағайын:

Сіздерменен ғана кем-кетік орны өтелер,

Көнбісті жандар тауқымет жүгін көтерер.

Гүлдерін жайып, көркейсін десең бұл өмір,

Уа, құдірет,қарттарды аман ете көр!-деп жыр жолдарын арнаған концертті жүргізуші Бақберген Болатұлының көркем үні жеткізген әсем тілекпен өрілген әжелер концерті өз мақсатына осылайша жеткендей болды.

Аптасына екі рет дерлік, ал  жолға шығарда, тіпті жиі болатын концерт алды әзірліктерге уақыт тауып үзбей келіп жүрген әжелер еңбегі бұл жолы осылай өрілді. Ендеше әр шаңырақ пен сахнаның сәні бола беріңіздер, ақ жаулықты әжелер, Сіздерге тек амандық тілейміз.

С.ХАЛЫҚОВ,

аудандық мәдениет үйі жанындағы

«Атамұра» ағалар хорының мүшесі, зейнеткер

Один комментарий к “Ауданда бар осындай ансамбль”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *