Биылғы сәуірдің ортасында қазақстандық «Алатау» танкері Түркияның Жейхан портында 80 мың тонна «қара алтын» тиеп, Румынияға бет алды. Бұл – осы еуропалық елдегі «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты мұнай-өңдеу зауытына арналған шикізат.
ЖАҢА ЖОБАҒА – ТЫҢ СЕРПІН
Ресей-Украина қақтығысынан соң КТК жүйесімен сыртқа шикізат тасымалдау қиынға айналды. АҚШ пен Еуродақтың солтүстік көршімізге салып жатқан санкциясы өз алдына, аталмыш құбыр жұмысы жиі кідіріске ұшырайтын болды. Бұл туралы сәл кейінірек, әйтсе де экономикасы көмірсутегі қоры саудасына құрылған ел үшін экспорттан қол үзу – жеңіл шаруа емес. Сондықтан, оны әртараптандыру мәселесі бұрын да көтеріліп келген. Соны шындап қолға алатын кез енді туды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл – біздің еліміз үшін үлкен жетістік. Былтырғы қарашада Ақтау-Баку-Жейхан бағытында жылына 1,5 млн. тонна мұнай тасымалдауға келісім жасалған-ды. Ал, биылғы наурызда алғашқы өнім тиелген. Міне, сол Жерорта теңізінің толқындарын кесіп, Румыния жағалауына жол тартты. Жұртшылықтың жадында шығар, сондағы Констанца қаласында қазақстандық кәсіпорын бар. Мақсат – геосаяси ахуалға байланысты қызметі кідіріске ұшыраған осы өндіріс ошағын шикізатпен қамтамасыз ету. Сырттағы кәсіпорын десек те, ол да ел мүддесіне жұмыс жасайды. Сондықтан, тығырыққа тірелмеуі тиіс.
Жалпы, бұл бағыт бұрын да болған. КТК қатарға қосылғанша Ақтау-Баку-Жейхан жүйесімен сыртқа шикізат шығарылған. Кейін Теңізден Новороссийск портына тіке тұрба тартылған соң соның тиімділігіне баса назар аударылды. Құбырмен мұнай айдаудың сенімділігі де басымдау көрінген. Күні кешеге дейін солай еді. Ресей-Украина соғысы барлық жоспарды бұзды. Жетіқат жер астынан соншама еңбекпен шығарылған өнімді өзгеге ұсыну қиынға соқты. Тың жол іздеуге тура келді.
Әрине, Каспий бағыты жоғары деңгейдегі кездесулер нәтижесінде мүмкін болды. Өткен жылғы тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге барды. Сапар барысында Мәскеуге аялдады. Ресей президентімен нендей мәселе талқыланғаны, әрине, бізге беймәлім, әйтсе де КТК туралы айтылғаны кәміл. Сол арқылы Еуропаға шикізат тасымалдап, ел экономикасын көтеру біз үшін өте маңызды. Алайда, бұл бағыттан бірден бас тартып, басқасына бет бұру да тиімсіз. Қыруар қаражатқа салынған жүйені жарамсыз етіп тастау жараспайды. Соғыс та бітер, бұрынғы қатынас та қалпына келер. Сонда КТК қайта қажет болады. Сондықтан, Қазақстан басшысына Путиннің көзқарасы керек-ті. Сірә, бұл тараптан қарсылық болмады ма, әлде КТК-ға сенімсіздік сақталды ма – қайткенде де, Бакудегі басқосуда Каспий бағыты кең талқыланды.
Әзірбайжан басшысы қазақстандық әріптесін теңіз жағасындағы резиденциясында қабылдады. Мүмкін ең сенімді серіктестік осы жол дегенді осылай сездіргені ме екен? Ал, биылғы сәуірде Ильхам Әлиев Астанаға келді. Мұнда да Транскаспий халықаралық көлік құрылымының жағдайын жақсартып, оны барынша дамыту жәйі сөз болды. Бұдан артық қандай келісім керек? Міне, сол жүздесулердің оң нәтижесі – Қазақ мұнайының әлемдік су көздеріне шығуы.
Әрине, Баку бағыты КТК мүмкіндігінен кем. Егер Новороссийскіге тәулігіне 1,3-1,4 млн. баррель айдалып тұрғанын ескерсек, Каспий арқылы 30 мың ғана өтеді. О баста сол жүйеге басымдық берілгені де содан. Әйтсе де, Әзірбайжан арқылы жылына 1,5 млн. тонна шикізат шығару да біраз мәселені шешеді. Өйткені, өнім сатылмаса, өндіріс тоқтайды. Өндірілген мұнай өзгеге ұсынылмаса, оны сақтауда проблема туындайды. Сайып келгенде, миллиондаған баррель «қара алтынды» құйып қоятын қазандар та жоқ. Ал, кеніштерді уақытша тоқтатып, кейін қайта қатарға қосу қыруар күш пен қаржыны қажет етеді. Мұны мұнайшылар жақсы біледі.
Қазақстан жағрапиялық тұрғыдан әлемдік су көздеріне шыға алмайды. Жерасты байлығы қанша мол делінгенімен, оны сыртқа саудалауда тысқа тәуелдіміз. Соның салдарынан тасымалға да қыруар қаржы жоғалтып отырмыз. Әйтсе де, өткен жылы дүниежүзілік додада мұнай бағасы әр барреліне шаққанда әжептәуір көтеріліп, қазынаны толтырып алуға жағдай жасалды. Әттең, тіке қатынас жоқтығынан зардап шектік.
Рас, Әзірбайжан арқылы Грузияның Қара теңіздегі портына шығуға да болады. Әйтсе де, соның екеуін қосқанда да КТК жүйесінің сегіз пайызына ғана тең. Дегенмен, әзірге мұны да қанағат тұтуға тура келеді. Сыртпен сенімді серіктестік елдегі инвесторларға да тиімді. Шыны керек, Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақ өнімінің дені экспортқа шығарылып жатыр. О бастағы келісім солай. Демек, бұл жобаларға қаржы құйған шетелдіктер қайтарымды қалайды. Ел бюджеті солардан түскен түсіммен толығады. Осы кеніштерде «қара алтын» өндіруді көбейтуге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асып жатыр. Соған кеткен шығын да еселеп оралуы шарт. Нарық заңы солай. Егер мемлекет соған жағдай жасамаса, онда келешекте инвесторлар мұнда аяғын аңдап басады. Қыруар қорымыз жер астында жаратусыз жатады. Бұл кімге керек? Сайып келгенде, әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқатылуы да мұнай саудасынан құйылып жатқан қаржыға қатысты.
Жасыратыны жоқ, бұл жақта да геосаяси ахуал ауыр. Армения-Әзірбайжан араздығы басылған жоқ. Бұл қақтығыста Ресей біріншісін қолдап, екіншісінің ренішіне қалды. Қазақстан Таудағы Қарабах оқиғасында арағайындық танытқанымен, солтүстік көршімізбен байланысын үзген жоқ. Шекаралық шептегі қарулы жанжал салдарынан Грузия да Ресейге қырын қарайды. Әлі солай. Міне, осындай геосаяси тұрақсыздық Қап тауында да орын алып отыр. Бұл осындағы мемлекеттердің тұрмысына да, экономикасына да кері әсер етеді. Ал, осындай өңірге белді бекем байлап құны қымбат «қара алтын» шығару Қазақстанға қолайлы ма? Бірақ, басқа мүмкіндік жоқ. «Тәуекел түбі желқайық» дегендей, мұны да байқап көру керек. Әзірге бірінші қадам оңға бастады, бастапқы мұнай Түркия арқылы Румынияға бет түзеді. Жерорта теңізінің толқынын жарып өтіп, таяу уақыта межелі жеріне де жетеді.
Ал, КТК ше? Мұндағы мәселе күрделі күйінде қалып отыр. Себебі не, салдары қандай?
КТК ҚҰРДЫМҒА КЕТЕ МЕ?
Каспий құбыр консорциумы, турасын айтқанда, жалғыз Ресейдің меншігі емес. Ол Қазақстанға да тиесілі. О баста Оман республикасының да аз-кем үлесі болған. Алайда, кейін сатылып кетті. Оның үстіне, әлемдік салмағы бар бірнеше компания инвестиция салған. Демек, бірлесіп пайдалану қажет еді. Бұл экономикалық тұрғыдан бәріне де тиімді-тін.
Әйтсе де, оның басым бөлігі Ресей территориясында. Соңғы нүкте де сонда. Новороссийскіге жеткен мұнай одан әрі әлемнің әр тарапына кетеді. Күллі Еуропа, соның ішінде Еуродақ елдері, көмірсутегі шикізатына деген сұранысын солай қанағаттандырады. Солтүстік көршінің басымдығы осында. Демек, қазіргі Украинамен қақтығыста ол осы артықшылығын пайдаланып отыр. Он шақты мемлекетті отынсыз қалдыру, әрине, оңай емес. Дегенмен, Ресей осындай қадамға барар еді, бірақ батыс бұрын қимылдады.
Солтүстік көршіге салынған санкция одан әрі үдеп барады. АҚШ қолдаған Еуродақ талабын қатайтуда. Қазір Ресей, тура мағынасында, оқшауланып қалды. Әрине, өзін асырауға байлығы жетер-ау, бірақ сыртпен саудасыз түсімді қайдан түсіреді? Қаржылық қорын қалай толтырады? Міне, осы мәселе Ресейді тығырыққа тіреді.
Солтүстік көршіге салынған санкциялар қатарында мұнай-газ экспортына тыйым да бар. Кейбір елге рұхсат дегеннің өзінде бағаны шектеу енгізілді. Осы тұста сыртқы саудада Ресейдің орнын жабуға ұмтылушылар табылары кәміл. Оның үстіне, Еуропа елдері көмірсутегі шикізатына қатты мұқтаж. Украинада әскери қимылдар басталғалы олар қыс кезінде көп қиындық көруде. Демек, алыстағы Араб мемлекеттерінен тасымалдағаннан гөрі, іргедегі Қазақстанмен байланысқан тиімді. Тіпті сонау жылдары Еуропаның республикадағы жиырма шақты елшісі Атырауға ат басын бұрып, осы мәселе жөнінде алқалы басқосу өткізген. Тіпті бірлесіп жаңа құбыр тарту жәйін ойластырған. Бірақ, ол кезде Ресейдегі жағдай тұрақты болғандықтан, қосымша құрылыс жүргізуге мұқтаждық жоқ еді. Енді жағдай басқаша. Ертеңнің қамын бүгін ойлайтын кез келді.
КТК маңызы осы тұста артты. Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Ресей арқылы өтеді. Соның ішінде Қара теңіз бағытының орны ерекше. Новороссийскіге жеткен «қара алтын» осында танкерлерге тиеліп, әлемнің әр бұрышына таралады. Шындығы сол, ел қоржынын толтырып жатқан да сол байлық. Демек, нағыз табыс түсіретін кез-ді. Әрі мұнай бағасы көтерілген болатын. Әйтсе де …
Ия, құбырға қатысты түйткілдер көбейді. Алдымен, қатты дауыл салдарынан терминалдың тірегі тайып кетті. Теңізде бұған дейін де қатты жел соққан шығар-ау, бірақ сол кезде қондырғы сыр бермеген-ді. Осы жолы не болды екен? Одан әрі, айдын төсінде екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналар табылды. Ау, ұрыс қимылдарының аяқталғанына сексен жылға жуықтады. Жарылғыш заттар содан бері қалқып жүргені ме? Күмәнді-ақ. Содан соң, Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты экологиялық талапты көлденең тартып, құбыр қызметін 30 күнге тоқтатып тастады. Көп көлемде айыппұл арқалатты. Бұрын-соңды мұндай тыйымды естімеген тәріздіміз. Енді қайдан шықты? Бұл да қалпына келіп еді, енді тағы бір себеппен кідіріске ұшырады. Тым көп емес пе? Соның бәрі қолдан жасалып жатқан жоқ па? Қасақана қысастыққа ұқсамай ма?
Жалпы, сарапшылардың бағалауынша, осындай оралымсыздықтан Қазақстан мен акционерлер 500 миллион доллардан аса қаржы жоғалтады. Жарты миллиард аз ақша емес. КТК жұмысын түбі жандандырады дегенде де қайта тоқтамасына кім кепілдік береді? Мұнда акционерлер қатарында «Транснефть» 24, «ҚазМұнайГаз» 19 пайыз үлеске ие. Демек, ресейлік компания да шығын шегіп отыр. Бірақ, ол оның орнын басқаша толтыруда. Ал, Қазақстан жағы тура түсетін табыстан қағылды.
Әрине, ұзындығы 1511 шақырымдық құбырды бір-ақ күнде істен шығарып тастау мүмкін емес. Әйтсе де, проблемасы көбейіп кетті. Бұл жерде Еуропаны энергетикалық дағдарысқа ұрындырып, өздеріне бас идіруге тырысқан Ресей саясаты алға шығады. Расында да, Украинадағы ұрыс қимылдары әлемде мұнай тапшылығын тудырды. Оның өнімдеріне сұраныс күрт артты. Көптеген мемлекетте жанармай тапшылығы пайда болып, бағасы өсті. Бұл солардағы жұртшылықтың наразылығына соқтырды.
Құбырдың дені Ресей арқылы өтеді және соңғы нүкте де сонда. Міне, осы жағдай көршіміздің басымдығын білдіреді. Бірақ, дос ел өзгеге тізесін батыра ма? Есіме сонау жылы осында жүргізілген жөндеу жұмыстарының аяқталу салтанаты түседі. Нұрлан Балғымбаев ол кезде Үкімет басшысы еді, өзі келді. Оман мемлекетінің елшісі де осында табылды. Ал, Ресей жағы энергетика министрінің орынбасарын жіберіпті. Тең дәреже ме? Тұтас елдің Премьер-министрімен иық тіресетін тұлға ма? Сонда-ақ іш тартып қалғанбыз. «Түбі бізге тәуелді боласың» дегендей ниет байқалған. Расында да, солай болды. Сыртқа шығу мұңға айналды.
Бұрын Араб елдеріндегі дағдарыс, Ирак пен Иран арасындағы қақтығыс Қазақстан экономикасына айтарлықтай кері әсер етпеген. Қашықта болғасын, сыртпен өтіп кеткендей еді. Ал, іргедегі кикілжің қалыпты тірлікті бұзды. Ресей мұнайы шектелген соң Қазақ мұнайы Австрия сұранысының 38,9 пайызын жаба бастаған. Бұл Ирак пен Ливияға қарағанда едәуір көп. Енді бұл тасымал келешегі де күңгірт тартты.
КТК бас штабы Мәскеуде. Құбыр бойымен Қазақстандағы ТШО, НКОК, Шелл, т.б. компаниялар сыртқа өнім шығарады. Демек, Ресей жағы солардың қызметіне қысастық танытып отыр. Бұлар шетелдік кәсіпорындар болғандықтан, өздерінше АҚШ пен Еуродақ елдеріне қыр көрсеткені. Бұдан Қазақстан жағы мол түсімнен қағылды. Ұлттық қорды барынша толтырып алатын мұмкіндік еді ғой. Әттең …
КТК бойымен жылына 60 млн. тонна мұнай айдалады. Бұл – Еуропа тұтынуының он пайызы. Едәуір көлем ғой. Содан қағылған еуропалықтардың дабыл қағуы да орынды. Өзінде көмірсутегі шикізаты жоқ болған соң басқаларға жалтақтайды. Сайып келгенде, Ресей-Украина қақтығысы бұларға қолайлы емес. Кейбірінің Ресеймен байланысын сақтап, соған телміріп отырғаны да содан. Қазақстанға да алыстан көз сүзеді.
ТҮЙІН
Енді бұдан Атырауға төнетін қандай қауіп бар? Еліміздегі үш ірі кеніштің екеуі бізде орналасқан. Теңіз бен Қашағаннан өндірілетін өнім әлемде жоғары бағаланады. Соңғысы әлі күнге 40 жылда ашылған ең ірі кен орны саналады. Содан бері игеріліп, қатарға қосылған ешқандай алып алаң жоқ. Бұл – біздің мақтанышымыз.
Рас, кеніштер инвесторлар иелігінде. Әйтсе де, солардың қатарында өзіндік үлесімен «ҚазМұнайГаз» да бар. Ал, ол – мемлекет меншігіндегі кәсіпорын. Демек, ел игілігіне қызмет етеді. Қазір бұларда жаңа жобалар жүзеге асуда. Соларға мыңдаған қазақстан қатысуда. Түрлі мердігер ұйымдар құрамында атыраулықтар да жұмыс жасайды. Былтыр Теңіздегі қызмет аясы қысқарғанда көбі іссіз қалды. Оларды басқа нысандарға ауыстыруға тура келді. Міне, сонда облыс әкімі Серік Шәпкенов бірінші кезекте жергілікті жігіттер мен қыздарды қамтуды тапсырған-ды. Демек, егер осындағы компаниялардың қызметі ырғақты болса, онда алдымен, аймақта жұмыссыздық мәселесі оң шешіледі. Байқап жүрміз, соңғы жылдары атыраулық жастар түрлі мамандықты жете меңгеріп, шетелдік әріптестерімен иық тіресіп қалған. Бүгінде бірқатары сырт мемлекеттерде жүрген көрінеді.
Одан әрі, мұнай-газ өндіруші компаниялар жүйелі жұмыс жасап, толымды табыс түсірсе, әлеуметтік бағдарламаларға бөлінер қаражаты да қомақты болмақ. Жасыратыны жоқ, ТШО мен НКОК аймақта бірнеше мектеп пен аурухана, балабақша мен емхана, спорт және мәдени нысандарды салды. Соңғысы іргелес Маңғыстау облысын да қамтып отыр. Осы объектілердің бәрі бүгінде қызмет істеп тұр. Егер сыртқа шикізатын шығары алмаса, бұл бағыттағы шараларды да шектеуге тура келеді.
Ақырында, Теңіз бен Қашаған Атыраудағы соңғы кеніштер емес. Тым терең Еуразия жобасы кезегін күтіп тұр. Сәтті күні бұрғы салынады. Орасан зор қаржыны қажет ететін оған инвестор тарту аса қажет. Өз күшімізбен игеруге қаражатымыз жетпейді. Егер алынған «қара алтын» сыртқы саудаға еш іркіліссіз шығарылып жатқанын инвестор көрсе, ақша салуға да тайынбайды. Өйткені, жетіқат жер асты — құпиясы көп әлем. Оның тәуекелі баршаны жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кесуге мәжбүр етеді.
Міне, бәрін айтпағанда осындай екі-үш себептің өзі КТК құбырындағы оқиғалардың Атырауға тура әсерін көрсетеді. Байқап отырсыз ба, сонау Ресей-Украина соғысының жаңғырығы бізге де жетіп жатыр. Энергетика министрлігі былтыр мұнай өндіру көлемі екі миллион тоннаға кемитінін хабарлаған-ды. Бұл, турасын айтқанда, көп шығын.
P.S. Қазір баламалы энергетика көздері туралы қаншама айтылып жатқанымен, мұнай-газға сұраныс кеміген жоқ. Қанша дегенмен, табиғи тәсілмен көп көлемде жанармай шығару, электр энергиясын өндіру, т.б. тәжірибеге енгізу мүмкін емес. Сондықтан, өзінде көмірсутегі шикізаты бар мемлекеттер басқалардың назарында болмақ. Қазақстан да солардың сапында. Ал, сыртқы байланысты жолға қойсақ, Атырау аймағы да одан әрі дамымақ. Әлеуметтік әлеуетіміз артып, экономикамыз ілгері баспақ. Меңдібай СҮМЕСІНОВ
👍👍👍
👏👏👏👏👏
👍👍👍👍👍👍